САПАРБАЙДЫҢ СЫРЛЫ САПАРЛАРЫ

Әріптес әлемі

SONY DSC

«Ақшамның» ақберені

Қазір «Ақшам» деген атауды иеленген басылымдар баршылық. Алатау баурайындағы ару қаланың халқына рухани нәр беретін «Алматы ақшамы», бас қаланың тынымсыз тыныс-тіршілігінен хабар тарататын «Астана ақшамы», Сыр бойын жай­лаған жұрттың орталық шаһарының жаңалық-өзгерістерін баяндап отыратын «Ақмешіт ақшамы» сынды газеттер бүгінде өз оқырманының көз қуанышына айналып отыр. Ал бір кезде бүкіл Қазақ елінде жалғыз-ақ «Ақшам» бар еді. Оның өзі жұрт­шылықпен күнде қауышатын «Ле­нин­шіл жастың» («Жас алаш») сенбі­лік қосымшасы ретінде шыға­тын.

Әдетте қай басылымның журналистері де соңғы беттің жұтынып шығуы үшін барын салады. Өйткені, газетті қолына алған адам негізінен соңынан бастап оқиды деген пікір орныққан. Расында да, оқыр­манның сірескен саяси мақалалар мен санаңды сапырылыстыратын экономика­лық сипаттағы жарияланымдардан гөрі миыңды аз-кем дамылдататын, ұғымға жеңіл әрі тартымды дүниелерді іздейтіні рас. Сондықтан «Лениншіл жас» та «дема­лыс беті» деп айдар таққан «Ақшамға» барынша көңіл бөлетін. Ең жақсы деген мақалалар содан орын тебетін.

Сенбілік бет шынында да қызығы таусылмайтын базарды көзге елестететін. Өзі бар жоғы бір-ақ бет. Оның өзі толық бет деуге келмейді. Жоғарғы жағында газет суретшісі Владимир Черданцевтің қыл­қа­ла­мымен әдіптелген «Ақшам» деген атау­дың өзі бірталай орынды алып тұрар еді. Төменгі тұсында басылымның баспахана­лық мәліметтері, редакцияның мекен-жайы көрсетіледі. Бірақ, соған қарамастан, осы «Ақшамнан» бәрін де табуға болады. Табиғаттың тылсым құбылыстары, ел-жұртқа беймәлім оқиғалар, белгілі адамның белгісіз қырлары хақындағы елең еткізерлік мақалалар осында жарық көреді. Қазақ жеріне табаны тиген танымал тұлғалармен болған сұхбатты да сол беттен табасың. Қол­ға оңайлықпен түспейтін сирек сурет­тер де  басылады. Оған қоса түрлі ойын-сау­ық үлгілері ұсынылады. Бірінен бірі қызық. Ал енді осы «Ақшамды» алаш жұр­ты асыға күтеді. «Ақшам» деген жазуының өзі сиқырлы әлемнің кілті секілді көрінеді. «Ақшамды» олпы-солпы етіп шығаруға ешкімнің құқы жоқ. Себебі, бұл бетті газеттің басшысы, қазақ көсемсөзінің хас шебері Сейдахмет Бердіқұловтың өзі қадағалап отырады.

Осы «Ақшамның» жауапты шығару­шы­сы, яғни газет ішіндегі газеттің редак­торы кім болғанын білесіз бе? Ол сол кездегі жас журналист Сапарбай Парманқұлов еді. Бұл беттің мазмұны қызығып жазатын тақырыбына сай келді ме, әлде ол өзі соны та­қырыбына бейімдеді  ме, ол жағы белгісіз, бірақ, «Ақшамның» әр санынан оның қолтаңбасы анық көрініп тұратын. Әр нөмірде кемінде бір мақаласы жарияла­нады. Басқа дүниелер де үтір-нүктесіне дейін оқылады.

«Жас алаштың» «Ақшамы» тек оқырма­нына татымды дүние ұсынып қана қойған жоқ. Өзінен кейін өмірге келген түрлі «Ақшамдарға» кеңінен жол ашты. «Қазақ­стан» телеарнасының кешкі жаңалықтар бағдарламасы бір кезде осылай аталғаны есімізде. Кейін «Алматы ақшамы» атауы үшін айқасқандардың жастар басылымы­ның сенбілік бетінің тақырыбын үлгі етіп ұсынғанын да ел-жұрт ұмыта қоймаған шығар. Олар «Міне, осындай атау кеңес дәуірінде де болды ғой, сондықтан үркетін ештеңе жоқ», – деп табандылық таны­тыпты.

Сапарбай Парманқұлов екі астананың «Ақшамының» да шынайы тілеулесі болғаны белгілі. Ал 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласында шыға бастаған «Ақмешіт ақшамы» газетіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл тұста «Жас алашта» қызмет істейтін Сәкең әріптесі Бақыт Қайрақбаев екеуі Сыр бойына қала басшыларының шақыруымен арнайы келіп, газет макетінің үздік үлгісін жасап берді. Бірнеше күн осында болып, жаңа басылымның жас қызметкерлеріне шеберлік сабақтарын жүргізді. Газет шығару ісінің қыр-сырын жалықпай үйретті. Оның осы еңбегін ақмешіттік «ақшамдықтар» әлі күнге дейін ілтипатпен еске алады.

 

Секретариаттың серкесі

Сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы «Лениншіл жастың» журналистерін шартты түрде әр қырынан екі топқа бөліп қарасты­руға болар еді. Бөлім меңгерушілері мен тілшілер. Лифтінің бер жағында орналасқандар мен ар жағындағы­лар. Журфак бітіргендер мен жур­фак бітірмегендер. Журфакты күн­діз оқығандар мен сырттай оқыған­дар. Ақындар мен ақын еместер. Та­ғы бір жіктелісті ерекше атар едік. Секретариатта қызмет істеген­дер және макет дегеннің не екенін білмей бөлімге бірден аттап кеткендер…

 

О, бұл енді өте елеулі айырмашылық. Өйткені, секретариатта қызмет істегендер­дің басқалардан бір бағы артықтау болады. Ол өз мақаласын газетке әрлеп-әспеттеп ұсы­на алады. Сол күнгі нөмірдің макетін ықы­лас­танып отырып өзі сызады. Өз дүниесін айшықтап, бар өнерін салып, өзгеше кө­рінетіндей етіп орналастырады. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деп, бояу-сояуды қалыңырақ жағады. Газетші­лер ғана түсінетін «шмуцы» мен «воздухты» мо­лынан пайдаланады. Яғни, «қазаншы­ның еркі бар қайдан құлақ шығарса…». Бұл кезде макет сыза білмейтіндер оған тек қы­зыға қарап отырады. Олар мақаласы жа­рия­ланатын күні макетшілерге жалынады.

Секретариаттың мектебінен өткендер редакцияда сондай қадірлі. Ал өмірі секретариат көрмегендер олардың қасында әскерге бармаған бозбаладай қымсынып тұрады. Сөйте тұра шеберлік мектебі, көркемдік көрігі – секратариатқа өз еркі­мен баратындар аса сирек. Әдетте ол бөлім­ге еркіңнен тыс жібереді. Қынжыла-қын­жыла кетесің. Себебі, оның жұмысы қиын. Басқа бөлімдегілер кешке әндетіп үйіне қайтып бара жатқанда сенің жұмы­сың енді қызады. Түн ұйқыңды төрт бөліп, үнемі кезекшілікте жүресің. Бірақ, кейін соның рахатын көресің.

«Лениншіл жастың» секретариатында әбден шыңдалған Ерғали Сағат, Жарылқап Бейсенбайұлы, Қуаныш Жиенбай, Қасым Әзімхан, Ертай Айғалиұлы, Әнуар Тарақ сынды ағаларымыз таңертең қолға тиген жаңа газеттің түр-түсіне өзгеше көзбен зер салар еді. Осы берекелі буынның ішінде Сапарбай Парманқұловтың болмысы бөлек-ті. Оның макет сызуының өзі табиғи қабілетін танытып тұрады. Қолы тиген жер құлпырып сала береді. Ертеңіне газет бетіне шыққанда одан әрі жасанып тұрады. Сәкеңнің сызбалары мақаланың мазмұны­мен үйлесе кетеді.

Жоғарыда аты аталған ағаларымыз секілді Сапарбай баспасөз қызметінде секретариаттан алыстаған жоқ. Талай жыл «Жас алаштың» жауапты хатшысы болды. Осы басылым бас редакторының бірінші орынбасары, «Дала мен қала» газетінің бас редакторы болған кезде секретариаттағы талай жылғы тәжірибесі пайдаға асты. Газетінің әр нөмірін ұзатылатын қыздай әспеттеді.

Біраз уақыт Алматы жарнама қызметі­нің бағын жандырды. Қаламгерлердің кітаптарын әрлеп-әсемдеді. Қысқасы, ол баспасөз дизайнының теңдессіз шеберіне айналды. Мұны мойындамайтындар табыла қоймас.

 

Табиғаттың тамыршысы

Қазақта журналист жеткілікті болғанымен, белгілі бір салаға маманданған баспасөз өкілдері көп емес. Әр тақырыпты бір жазатын әмбебаптық қаламгердің қабілетін қожыратады. Сапарбай Парманқұл­ов – өз тақырыбын тапқан журна­лист. Ол табиғатпен тілдесе алады. Табиғаттың тынысын тыңдайды. Тамырын басады. Табиғат құбылыс­тарын зерлеп-зерделеп, ой толғау үшін бармаған жері, баспаған тауы жоқ.

Дүниенің түкпір-түкпірін шарлап шық­қан Сапарбайдың сиқырлы саяхат­тары әдемі эссе, әсерлі жолжазба, ойлы очерк болып өріліп, оқырмандарына жол тартты. Жазған дүниелерінің тосын тақырыпта­рының өзі тылсымның тереңіне иіріп әкетеді. «Айқайқұм», «Айға шағылған мұздықтар», «Аспанға шаншылған құйын­дар», «Ата тас пен Ана тас», «Мыңжылдық темір діңгек», «Көккөлдегі аждаһа», «Айдың қозғалыс белдеуі», «Сақиналы таудың сыры», «Құпия құдықтың қасиеті», «Қар адамының» жұмбақ іздері», «Қара­қиядағы қазаншұңқыр», «Кайназойдан үріккен динозаврлар»… Ал енді оқымай кө­ріңіз. Бұл дүниелердің бәрі кәсіби ше­берлікпен жазылған. Дерегі мол, жаңалығы жеткілікті. Автор көбісін өз көзімен көрген, тынысын өз түйсігімен сезген тылсым құбылыстар. Сапарбайдың осы жазбала­рының бәрі жинақталған «Жыландар көші» және «Жұмбақ сарқырама» атты кітаптары талай құпияның сырын ашады. Бүгінде аға жасы – алпысқа толған журналист бір сәтке де қаламын қаңтарып қоймайды. Тәжірибесі артқан сайын ізденеді, жаңаша үрдіспен жазуға тырысады.

Осыдан отыз жыл бұрын «Жас алашқа» келген мен көп ұзамай газеттің алғашқы кезекшілігіне бардым. Ол кездегі дәстүр бойынша сені мұндай жауапты істі атқаруға тәжірибелі бір журналист ертіп барады. Мені ертіп бару Сапарбай Парман­құловтың үлесіне тиіпті. Алғашқы кезек­шілігім болған соң бұл күннің әрбір сәті зердемде жатталып қалды. Ол баспаха­наның әр мүйісін аралатып көрсетті. Газет­тің корректорлар бюросының қызметкер­лерімен таныстырды. Нөмірдің қатесін қалай оқу керектігін асықпай үйретті. Түрі түксиіп тұрған соң бірдеңе бүлдірсем, ұрса жөнелетін шығар деп ойлағам. Жоқ, олай емес, аса мейірбан екен. Осының бәрі маған қатты әсер етті. Кейін талай бірге жүрсек те, сан рет дәмдес болсақ та, оның бай тәжірибесі мысымды басып тұрады.

Осы күні ойлап қарасаң, Сәкең сол кезде отыздағы жас жігіт екен. Міне, бүгін ол алпыстың қақпасын қақты.

Алпысыңыз асқар асуларға, биік белестерге бастасын! Сырлы сапарларыңыз ұзақ болсын!

Секретариаттың мектебінен өткендер редакцияда сондай қадірлі. Ал өмірі секретариат көрмегендер олардың қасында әскерге бармаған бозбаладай қымсынып тұрады. Сөйте тұра шеберлік мектебі, көркемдік көрігі – секратариатқа өз еркі­мен баратындар аса сирек. Әдетте ол бөлім­ге еркіңнен тыс жібереді. Қынжыла-қын­жыла кетесің. Себебі, оның жұмысы қиын. Басқа бөлімдегілер кешке әндетіп үйіне қайтып бара жатқанда сенің жұмы­сың енді қызады. Түн ұйқыңды төрт бөліп, үнемі кезекшілікте жүресің. Бірақ, кейін соның рахатын көресің.

     Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close