Сапалы  аударма – сауатты оқулық кепілі

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сындағы ауқымды жобаның бірі – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдары. Бұл бағытта бүгінде елімізде тағылымды шаралар жүзеге асырылуда.

«100 жаңа оқулық» жобасы аясында әйгілі Француз философы Реми Хесстің «Филосо­фия­ның таңдаулы 25 кітабы» атты оқулығын әріптестеріммен бірге француз тілінен қазақшаға аударуға атсалыстым. Әлемнің ең үздік жүз оқулығын аударуға қатысу – мен үшін үлкен жауапкершілік, зор мәртебе және теңдессіз мектеп. «100 жаңа оқулық» қазақ жастарын кемел білімге жетелеумен қатар, жер жүзіне әйгілі ғалымдарға Қазақстан деген ғажайып әлемді ашты.

Біз аударған кітаптың авторы Реми Хесс қазақша оқулықтың алғысөзін өзі жазып берді.

«Өзге мәдениетке бойлап, оны ана тіліңде сөйлету – ерекше күрделі процесс. Осыған дейін менің еңбектерім 12 тілге аударылды. Мен үшін енді қазақ тілі тағы бір жаңа мәдениетке жол ашқан қақпаға айналып отыр», – дейді алғысөз авторы.

Қоғамды жоғары мәдениетке, биік мұрат­тарға оның биік шыңына көтерілген, кәсібіне адал адамдар ғана жетелей алады. Әсіресе, шығармашыл тұлғалардың интеллек­туалды-рухани қайратын халық игілігіне пайдалану маңызды. Идеясы мол, құндылық­тар қалыптас­тырушы адамдарға халық сенеді. Өйткені, ұлы шығармаларды жазған, аса ауқымды ғылыми жаңалықтарды ашқан, спортта болсын, еңбекте болсын керемет көрсеткіштерге қол жеткізген тұлғалардың еңбегі – қоғам  үшін мақтаныш.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында жаңа буын азаматтарын, тәуелсіз еліміздің дүниета­нымы озық жастарын тәрбиелеудің түйінді мәселелері негізге алынып, мазмұнды қағидаттары мен кешенді негіздері жетекшілікке алынған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» еңбегінде «Мәселе жаңа тарих толқынында жаңа ұлттық мәдениетті қалыптастыру… Дәстүр­лікті ту еткен қоғамнан қазіргі заманғы қоғамға бет бұрдық. Сол себепті, біз үшін әр түрлі мәдениеттердің өзара қақтығысына жол бермей, ұлттық дәстүрлер мен модерни­зациялық қағидалардың үйлесім табуын қамтамасыз етудің маңызы зор» екенін атап көрсеткен еді. Иә, бізге ағартушылықтың жаңа ғасырының қажеттігі туындап отырғанын көріп отырмыз. ХХІ ғасырда Қазақстан таңдайтын және айналысатын болашақтағы жетістік әр түрлі тәртіптегі екі жағдаймен сабақтасса, оның негізгісі – ішкі ресурстардың ұтқырлығы, заманның техноло­гиялық, мәдени, әлеуметтік,  әсіресе білім беру талаптарына сай Қазақстан қоғамының жаңғыруға деген тәуекелге бел байлауы мен қабілеті.

«Рухани жаңғыруда»  бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет егендігі айтылған. Тарих пен саясат­тану, әлеуметтану мен философия, психоло­гия, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасау керектігі тұжырым­далған. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде бір жыл бұрын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынған еді. Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білім­нің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдердегі түпнұсқасынан тікелей қазақ тіліне аударылып, студент­терімізге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалмақ. Бүгін осы тұрғыда атқарылған біршама жұмыстардың, яғни әлемнің ең үздік 18 оқулығының қазақ тіліне аударылып, жарық көргенінің де куәгері болып отырмыз.

Аудармалардың дүниенің жаңа есігін ашатындығы, қоғамдық ортаны білім нәрімен сусындататындығы, сонымен қатар, соған қарап, зиялы қауымның өзінің ішкі әлеуетін одан әрі дамытып, жаңа бір сапаға көтере­тіндігі тарихтан мәлім. Кезінде грек дүниетанымының алғашқылардың бірі болып ғылым мен философияның алтын діңгегіне айналуы, Ислам өркениеті мен ренессан­сының дүниеге келуінде де жергілікті мәде­ниеттің сырттан келген дүниелерді қорытып, дамытып алып кетуінің  себеп болғаны белгілі. Батыс дүниесінің мыңжылдық түнектен қайта көтеріліп, ғылымға ден қоюында да аудармашылық қозғалыс үлкен рөл атқарды.

Аударма ұшы-қиыры жоқ шаруа. Бұл шексіз таусылмас жұмыс. Бір аударып тастап іс тынды деуге келмейді. Бұл іске жаны ашитын адамдар, білікті мамандар керек екені белгілі. Аударма ісін дұрыс жолға қою керек. Кәсіби аудармашы­лар тобын құру керек екендігі де айқын. Елбасы ұсынысымен бүгінгі таңда «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл елімізде аударма ісіне жоғары деңгейде айрықша мән беріліп отырғандығын көрсетеді. Қазіргі таңда мұны қолға алып, тыңғылықты жұмыс атқарып жатқан жауапты топ құрылды. Осы орайда, «Ұлттық Аударма Бюросы» қоғамдық қорының, ондағы әріптестеріміздің атқарып жатқан ауқымды жұмыстары мен ерен еңбектерін атап өткен абзал.

Әлемдік білім беру кеңістігінде жаһан­дану және интеграция үдерістерінің белсенділігінің артуы ұлттық мәдениеттің рухани құндылықтарының сақталуы мен дамуына жауапты, ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениетіне ие, ұлттық өзіндік сананың стереотиптерін еңсеріп, өзге мәдениеттердің өкілдерімен конструктивті сұхбат құруға қабілетті зияткерлік әлеуеті жоғары деңгейдегі қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелері – мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу мәселесін күшейте түсті. Қазіргі кезде қазақстандық жоғары оқу орындарында ұлттық өзіндік санасы биік жаңа буындағы мамандарды даярлау мен тиімді ғылыми дүниетанымды қалыптас­тыруға мүмкіндік туғызатын кәсіби-педаго­гикалық білім берудің модельдерін әзірлеу өзекті мәселе екенін байыптап отырмыз.

Осы ретте аударма жұмысымен ғана тоқталып қалмай, тәржімаланған  еңбектерді университеттердің оқу процесіне енгізуге де атсалысудамыз. Ашық университет жүйесін қалыптастыру, онлайн-курстар заманауи жоғары білім беру жүйесіндегі жаңа тренд. Қазіргі кезде аударылған еңбектер бойынша онлайн- курстарды әзірлеу ісімен айналысу­дамыз. Биылғы жылдың соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстарымыз да өз мәресіне жетіп, студенттер әлемнің үздік оқулықтарын қолдарына алумен қатар, соның негізінде дайындалған онлайн- курстарды тыңдауға да қол жеткізетін болады.

Өткен 2017 жылдың 20 қазанында Астана қаласында Еуразиялық интеграция инсти­туты мен Ұлттық аударма бюросы бірлесіп, «Жаңғыру 3.0: Рухани Жаңғыру» тақыры­бында сарапшылар кездесулері сериясынан Халықаралық ғылыми-практикалық конфе­ренция жұмысын ұйымдастырды. Конфе­ренция жұмысына 100-ден астам мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, БАҚ өкілдері, сарапшылар қатысты. Айта кетерлігі, конференцияға қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың бірінің авторы, философ Реми Хесс те Франциядан арнайы шақырылды. Осылайша әріптестерімізбен бірге өзіміз аударған кітаптың авторымен тікелей сұхбаттасуға, ой бөлісуге мүмкіндік алдық.

Реми Хесс осы сапарынан кейін бізге жіберген хатында былай деп көрсетіпті: «Астанаға жиналған сапарымда Қазақстанды ғұндар дәуірінде өмір сүріп жатқандай көз алдыма елестетіп келдім. Франция Сыртқы істер министрлігі берген ақпараттар да мені мазасыз күйге түсірді. Терроризм, бандитизм жайында да сөздер болды. Ал Астананы алғаш рет көріп, атқарылып жатқан жұмыс­тармен танысып, жастармен сұхбаттасқа­нымда, айрықша әсер қалдыратын, мәдени революцияның қазанында қайнап жатқан гиперзаманауи қалаға тап болғанымды түсіндім. Бұл  сапарым мен үшін айтулы тарихи сәт болды. Осынау тарихи сәтте өзімнің осы мәдени революцияның басты қатысушы тұлғаларының бірі екенімді сезіндім. Осы бір өзгеше сезім мені кенеттен жасартып жібергендей болды. Ал Астанадан Францияға қайтарда өзімді мүлдем қария кісі секілді сезіндім. Кезінде Абайдың басынан кешкен сынақтар тізбегін басымнан кеш­кендей болдым. Астанада өзімді тарих кейіпкері, менің де тарихыма айналған Сіздің тарихыңыздың кейіпкері ретінде сезіндім», – деп жазыпты өзінің  хатында француз философы.

«Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты еңбегін француз тілінен қазақ тіліне аударғаны­мыз, Қазақстан топырағына, Астанамызға табанының тиюі, Францияның қазіргі кездегі танымал философтарының бірі Реми Хессті ерекше тебіреніске бөлегені бізді де бей-жай қалдырмады. Астананың бүгінгі көрікті келбеті, жас ғалымдардың оның кітабын қазақ тіліне тікелей аударып жатқаны, жалпы қазақ жастарының білімі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды іс-шаралар француз философын ерекше таңғалдырды. Егемен елімізге сүйсініп, тәнті болғаны соншалық, Астанадағы сапарынан соң француз ғалымы Қазақстанның заманауи мәдениеті мен Ұлы ойшылымыз Абай хақында кітап жазамын деп уәде беріп аттанды. Елбасының бастамасымен қазақ әліпбиінің кириллицадан латын әліпбиіне көшетініне қуанып, шынайы тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, ол өзінің қазақ тілінде жарық көретін кітабын оқу арқылы қазақ тілін үйренетінін айтты.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған әлемнің ең үздік жүз оқулығын қазақ тіліне аударудың бірінші жылы да, бірінші кезеңі де артта қалды. Жеке өз басым және әріптестерім үшін де бұл аса бір жауапкершілікті қадам болды деп есептеймін. Бұған дейін өзге тілдерді білудің, басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнатуда, өзге мәдениетті тануда, ғылымды игеруде маңызды екенін білсем, аударманың халық пен халықты, әр  түрлі мәдениеттерді жақындататынын өз тәжірибем арқылы терең түсіне түстім. Кәсіби мамандарымыздың шет тілдерін меңгеруі, шет тілдерін меңгергендердің белгілі бір мамандықты игеруі сол салалардағы аударма ісін жандан­дыруға аса қажетті негіз. Алғашқы он сегіз кі­тап­ты аударуға жүзге жуық мамандар тартылды, тұтас аудармашылар тобы аянбай атсалысты. Жұмыс барысында аударма ісі бойынша үлкен тәжірибе жинадық. Аударма жұмысы бізге үлкен мектеп болды. Осынау дүбірлі доданың өз жалғасын табатындығына, аудармашылардың тұтас бір буынының қалыптасатындығына өз басым қатты қуанамын. Әрі осы бір іргелі істің ішінде менің де кішкентай үлесім бар болғандығы үшін өзімді бақытты сезінемін.

 

Айымжан РЫСКИЕВА,

«Ұлттық аударма бюросының» редакторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *