Санкт-Петербургтің белгілі театр режиссері Давид БУРМАН: ТЕАТРҒА КЕЛЕТІН БАЛАДА ЖАМАНДЫҚҚА ҚАРСЫ АНТИГЕН БОЛАДЫ

Осымен биыл сексен бесінші маусым бүлдіршіндердің көз қуанышына айналып, олардың балалық қиялына қанат бітіріп, рухани демалыс сыйлап қана қоймай, көркем мінезге тәрбиелеп жүрген бірден-бір театр – қаладағы Мемлекеттік қуыршақ театры дер едік.

Әсел ДАҒЖАН

Көрермен сұранысына қарай қазақ және орыс тілдерінде қойылым қойып, «театр без отпуска» аталған қуыршақ театры биылғы маусымда кішкентай бүлдіршіндер үшін екінші су жаңа қойылымның тұсауын кесті.

«Аққұтан мен қарақшы» ертегісінің желісімен сахналанған «Айко мен Страш­ко» спектаклі залдағы бүлдіршіндер ғана емес, өзіміздің де езуімізді жиғызбай, жан-дүниеміз демалып шықтық.

Бұл жолғы қойылымның жөні бөлек. Спектакльдің тілі, мазмұны мен әртістер орындаған әндердің бәрі қазақша болса да, оны Санкт-Петербург қаласының белгілі театр режиссері, «КукАРТ» Халықаралық қуыршақ театры фестивалінің Президенті Давид Бурман театрға арнайы келіп, өзі қойды.

Өзгенің адал еңбегін пайдаланбау және мейірімділікті жоғалтпауға үндейтін кішкентай құтан мен егістікті күзететін қарақ­шының оқиғасы кез- келген бүлдір­шінге жағымды әсер сыйлайды.

Айта кетейік, театр ұжымы ағымдағы жыл­дың маусым айында Ресей Федера­циясы, Санкт-Петербург қаласында өткен «КУКART» Халықаралық театр фестива­ліне («Ана жүрегі» (авт: Е.Ионов, реж:А.Зайцев) спектаклімен) шақырту алып, өнер көрсеткен болатын. Аталмыш өнер бәйгесінде екі бірдей номинацияны қанжығасына байлаған ұжымға фестиваль президенті Давид мырза ерекше ықылас танытып, театрға арнайы ат басын бұрды.

Қазақ және орыс тілдерінде болған қойылымның тұсаукесеріне біз де қатысып, соңында режиссермен тілдесіп, біраз сауал қойған едік. Давид мырза қойылыммен кімдер жұмыс істегенін, театрдың табалды­рығын аттаған баланың кім болатындығын және алматылық көрермендердің ерекше­лігін айтып берді. «Қазақша аздап түсіне­мін, сөйлеймін» деген режиссер Шоқан Уәлихановты, Абайды оқығанын да айтты.

–       Менің отбасымның Қазақстанға алғысы шексіз. Ұлы Отан соғысы жылдары олардың жартысы Балқашқа жер ауда­рылған. Мен оны 80-жылдары Жезқазғанға жұмыс істеуге келгенде ғана білдім. Алматы – менің сүйікті қалам. Бұл қаланы қазақтардың Питері деуге болады. Өйткені, атмосферасы сондай. Бұл – мәдени дұға ететін қала. Көшеде жүріп жастардың айғайласып, жаман сөз айтқандарын естіме­дім. Алматы – бұл аура. Бұл қала – алманың атасы. Менің аздап венгр тілін түсінетінім бар. Бір күні әңгіме үстінде алма жайлы сөз болып кетті. Сөйтсек, венгр тілінде алманы олмо дейді екен. Ал әкені венгрліктер отто дейді. Олмо отто – Алма-ата, Алматы. Түсінген шығарсыздар.

Менің бір атаумен шығатын бес спек­таклім бар. Олардың бесеуі де ұлттық қойылым. Басты талап – әр ұлттың өз тілінде қойылуы керек. Қазақстанда орыс тілі мен қазақ тілі де қатар қолданыла­тындықтан, мен екі тілде бірге спектакль қоюға ұсыныс білдірдім. Мұнда адамдар қазақша сөйлеп отырып, орысша сөз қоса салуы мүмкін немесе керісінше. Мен оны сахнада қолдандым. Тілді үйретуге мотива­ция тек қана өнер арқылы болу керек.

Театрдың басшысы Талғат Есенәлиев­пен спектакль жайлы біз ұзақ сөйлестік. Спектакльдің инфрақұрылысы осында жасалды. Суретшісі – Алтынай. Менің режиссерлік көзқарасымды ол өте дәл жеткізе білді. Актерлер пьесаны аударуға түгелдей өздері қатысты десем болады. Олар бәрін қолмен жазып, біз тексердік. Әдеби тіл мен ауызекі тілдің қатар жүруіне баса мән бердік. Өйткені, күнделікті тұрмыстық әңгімеге түскіміз келмеді.

Көрермендер қай елде болмасын бір-бірінен ерекшеленбейді. Қазақ аудито­риясы өте тәрбиелі, ұстамдырақ. Эмоцио­нал­ды тұрғыда олар спектакльдің ішінде отыруы мүмкін, бірақ бәрібір тәртіпті. Мен өте көп қалаларға спектакль қоюға бара­мын. Байқағаным, 90-жылдардағы эконо­микалық жағдай көп адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына әсер етіп, этикалық мәдениетті босаңсытып алған секілді. Құрмет жүйесі осы Қазақстанда жоғарырақ. Ол Ресейде де жоқ емес. Бірақ бізде еркіндік көбірек. Қазақстанның кішкентай көрермендері болсын, ересек көрермендер болсын «не корректный» болуды қаламайды. Бұл – қазақстандық көрермендердің ерекшелігі.

Қуыршақ театрының табалдырығын аттаған бала ертең кім болып өседі деп сұра­дыңыз.  Біз бұл жайлы зерттеу жүргізіп, нақты бір формуласын таптық. Бала кішкен­тайынан театрда, әсіресе қуыршақ театрында болса немесе театрда өссе, оның бойында өзге адамдарға жаман қарым-қатынас жасамау жайлы антиген пайда болады. 25 кадр принципін біз осы спек­такльде де пайда­ландық. Байқадыңыздар ма, біз соңында үйлену тойын айтамыз. Неге? Қойылым аққұтан мен қарақшы жайлы еді ғой. Негізгі ой – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы. Басты миссия – ол махаб­бат пен мейірім, – деді режиссер Д.Бурман.

Сөз соңында айта кетейік, «Айко мен Страшкодан» бөлек, биылғы маусымның тұсауын кескен алғашқы қойылымның қата­рында «Ауыл иті Ақбай» бар. Ол туған жерің мен өскен ортаның қадірін білуге, қанағат етуге үндейтін жарқын әуенді қойылым. Дәл қазір қуыршақ театры жаңа жылдық қойы­лымдарға қызу дайындық үстінде.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *