САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАҒА ЕСКЕРТКІШ АШЫЛАДЫ

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молда­ғұлованың еңселі ескерткішінің ашылуы Жеңіс күні мерекесі қарсаңына орай мамыр айының басына жоспарланған.

Бұл игі бастама Қазақстанның Ресейдегі елшілігі тарапынан өткен жылы қараша айында бастау алған. Ұлы Отан соғысында елін сүюдің өшпес өнегесін көрсеткен Әлия Молдағұлованың есімін ел есінде мәңгі сақтау мақсатында ескерткіш орнату туралы ұсынысқа Нева бойында орналасқан қала билігі  қолдау білдірген.

Кеңес Одағы Батырының қоладан жасалған мүсінінің биіктігі 3 метрді құрайды. Ескерткіштің естелік белгісінде батырдың есімі мен жапсырма жұлдызы көрсетіліп, соғыстағы ерлігі жазылған. Композицияның авторы – алматылық мүсінші Едіге Рахма­диев. Ескерткіш Красногвардейск ауданын­дағы, Молдағұлова көшесіндегі қалалық саябақ­тар­дың  біріне орналастырылады. Жақында Санкт-Петербург қаласының вице-губер­наторы Николай Линченко Санкт-Петербург­тегі Қазақстан Республикасының Бас консу­лы Болат Иманбаевпен кездесті. Кездесуде ынтымақтастық қарым-қатынас аясында  бірқатар мәселелер талқыланды. Басқосу барысында Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнату туралы да ой қозғалды.

– Кеңес Одағының Батыр қызының құрметіне еңселі ескерткіш орнату туралы шешіміміз Әлия Молдағұлованың Ленинград қаласында тұлға болып қалыптасқандығына негізделген болатын. Ол соғыс майданында елімізді қорғап, ерлікпен қаза тапты, – деді кездесу барысында Санкт-Петербургтегі Қазақстан Республикасының Бас консулы Болат Иманбаев.

«Ақшамның» анықтамасы

Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 қазанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1933 жылы бала кезінде анасынан айырылып, кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған. 1935 жылдан бастап Ленинград қаласы, Красно­гвар­дейск ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. 1943 жылы «Мергендер дайын­дау орталығы»  әйелдер мекте­бін аяқтайды. Аталған мектеп­те мерген­дігі үшін өзінің есімі жазылған винтов­камен марапатталған. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальо­нының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы майданы). Мерген қыз жау әскерінің 78 сарбазы мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген Әлия Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының  Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *