САНДЫҚ ЖҮЙЕ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН АЛМАТЫ

Жұмыс сапарымен Алматыға келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мегаполистегі ІІД жедел басқару орталығы және Көлік холдингінің жұмысымен танысты.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Көлеңкелі бизнестің жолын кесу мақсатында енгізілген «Оңай» жүйесі, шаһардың сандық тех­нологияға көшудің нақты қадамдары көрсетілді.

Бүгінде сандық жүйеге негізделген барлық жобалар үш тетік бойынша жүзеге асырылуда. Біріншіден, ашықтық және  жемқор­лық пен сыбайластыққа жол бермеу болса, екіншісі тиімділік және еңбек өнімділігінің артуына ықпал ету. Үшіншісі, мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсету. Яғни мемлекеттік қызметші әрдайым халыққа жақын болуы керек.

Алматының барлық қоғамдық көліктері электронды билеттендіру жүйесіне көшіп, жолақы төлеу «Оңай» бірыңғай көлік кар­точкасы арқылы жүзеге асырыла бас­таға­нына біраз жыл болды. Ол көлеңкелі биз­нестің алдын алу мақ­сатында, сосын түсім­нің тікелей автобус паркіне түсуіне және салықтың базалық кірісті арттыру мақ­сатында енгізілген еді. Бұл жүйе біраз ши­кі­ліктерді әшкерелеп берді. Бүгінде қалада электронды есеп айырысу жүйесін пайда­лану 98 пайызға жеткен. Бұл дегеніміз, күні­не 1 млн.-нан астам транзакция жаса­лы­на­ды. Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын қалада 634 бірлік жаңа автобус алын­­са, биыл 716 қоғамдық көлік сатып алынды.

Алматы ІІД-нің Жедел басқару орта­лығы да жұртшылықпен жұмыс істеу сапасын арттыру үшін кешенді жұмыстар атқаруда. Мәселен, абоненттерге қызмет көрсететін «102» арнайы желісінің сапасын арттыру бойынша бірқатар істер қолға алынды.  Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету­де қала аумағында бейнебақылау каме­раларының көбеюі және оның жетілді­рілуіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Қалада тәртіп қатаң. Бұл ретте жылдамдықты анықтауға арналған «RoadScanSpeed» және «Жолақ» сынды жобалар полицей қызмет­керлерінің жұмысын біраз жеңілдетіп отырғаны анық. Бұл шаралар жүргізушілер ара­сындағы көлік тәртібін сақтау, жол-көлік апаттарының санын азайту, сондай-ақ, жол ережесін бұзудың алдын алу мақсатында енгізілуде. Көптеген тосын оқиғалар мен қылмыстардың алдын алуға, қала аудандарындағы көпқабатты үйлер­дің тазалығы мен жай-күйін жақсартуға ықпал ететін «Қауіпсіз аула» бағдарламасы да белсенділікпен жүзеге асырылуда.

– Бүгінде біздің операторлар ауысым бойынша жұмыс істеуде. Абоненттерге қызмет көрсететін «102» арнайы желінің сапасын арттыру үшін ІІД Жедел басқару орталығының операторлар санын екі есеге, жалақыларын үш есе көтердік. Оның үстіне, 2 ауыспалы жұмыс кестесі ен­гізілді. Яғни әр оператор 24 сағат емес, 12 сағат жұмыс істейді. Бұл жедел әрекет етуге және абоненттерге уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізеді, – дейді полиция басқармасының басшысы Серік Күдебаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *