САНАСЫ СЕРГЕК СЕРГЕЙ

%d1%81%d0%b5%d1%80%d0%b3%d0%b5%d0%b9

Нұржамал ӘЛІШЕВА

«ӨЗГЕ ЕЛДЕ СҰЛТАН бол­ғанша, өз жеріңде ұлтан бол!». Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сергей Васильевтің ұстанымы осындай. Иә, ол – орыс жігіті. Бірақ қазақ тілін жақсы біледі. Үш баланың әкесі, 34 жастағы жігіт жоға­рыдағы мақалдың түп төркінін жүрегімен түйсіне алады. Ол үшін туған жері – жұмақ мекен.

Қазаққа күйеубала Сергей Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша білім алды. Кезінде елдік деңгейдегі энергия көздерін өндіру бойынша ауқым­ды бір жобаның тізгінін де ұста­ған. Бірнеше шет мемлекетте болды, оқыды, тоқыды, үйренді, үйретті. Еліміздегі бір ұлттық компанияның департамент дирек­торы лауазымына тізгін салып тұрған жерінен, мансап пен жоғары мөлшердегі жалақы өзі үшін аса маңызды емес екенін ұққан Сергей  Васильев атының басын өзі туған «Қарасуға» қарай бұрды. Өзінің жаны қалаған іспен шұғылданғысы келді. Өзін қорша­ған ортаны әл-қадерінше жақсы жағынан өзгертуге тал­пынды. Кіндігі кесілген «Қарасу» шағын­ауданын көрікті жерлер қатарын­да көргісі келді.

Сөйтіп, ең алғаш «қарасулық­тар» Жеңіс күні қарсаңында Сергейдің бастамасымен сенбі­лік­ке шықты. Жергілікті атқару­шы билік өкілдері белсенді топты айналаны тазартатын күрек-тырма, сыпыртқы сынды құрал-саймандармен қаруландырып, қоқыс төгетін көлік те тауып берді. Нәтижесінде сенбілікке шыққан ағайын 1,5 гектар аумақты тазалап, бақандай екі «КамАЗ» қоқыс шығарылды. Олардың тыр­баңдап жүргенін көрген жергі­лікті кәсіпкерлер де бейжай қарап отырмай, дереу көмекке келді. Сөйтіп, бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып, талай істі тындырып тастады.

 

***

АЛМАТЫ ШАҺАРЫНЫҢ солтүстік-батысынан орын тепкен, 15 мыңға шамалас тұр­ғыны бар, Алатау ауданына қарасты «Қарасу» мөлтек ауданында 15-тей ғана көше бар. «Осы көшелерді доста­рыммен, өзіммен пікірлес, тілеу­лес ағайынмен ой, күш біріктіре жүріп көркейте аламын ғой. Қыдыру, демалу үшін міндетті түрде қала орталығына бару керек пе?! Өзіміздің үйдің, есіктің алдында тұрған ақбас таулардың етегінде жат­қан көлдің жаға­сында,  қызықтап отырып дема­луға, серуендеуге болады емес пе. Жер­лестерімді «маған үкімет жасап беруі тиіс, мемлекет беруі керек» деген масылдық көзқарас­тан арыл­туым қажет. Кез-келген проб­лемадан басымды ауыртады деп қашқаннан гөрі, оны шешуге ұмтылу керек», – деген санасы сергек Сергей «Қарасуды» көр­кейту жұмыстарына білек сыбана іске кірісіп те кетті.

Ең алғашқы жұмысын мектеп оқушыларынан, яғни ойын балаларынан бастады.  Балаларды қорғау күні мерекесінде оларға «Квест» деп аталатын спорттық ойын ойнауды ұсынды. Бір қы­зығы, ойын көл жағасында ұйым­дастырылды. Бұл кездейсоқтық емес еді. Балалар үш командаға бөлінді. Сергей оларға сол көлге қатысты жұмбақтар ойлап тауып, сосын оның шешуін бірге іздеді. Балалардың әдеттегіден өзгешелеу ойынға қызыққандары соншалық, барлық ынта-жігерлерімен қатыс­ты. Олар жұмбақтың жауабын іздей жүріп, кішкентай жүректе­рімен туғалы көз алдыларында жатқан көлдің тарихына қанықты, көл табиғаттың бізге берген ерекше сыйы екендігін ұғынды, оны көздің қарашығындай сақтай білу, ластамай таза ұстау керекті­гін түйсінді. Бұл шараға балақай­лардың ата-аналары да шақырыл­ды. Сергей олармен де сөйлесіп, пікірлесіп, мақсат-мүддесімен бөлісті. Көз алдарында құлды­раңдап жүгіріп жүрген балалары­ның мектеп пен үйдің ауласынан өзге асыр салып ойнайтын қолай­лы да таза ойын алаңының жоқты­ғын тілге тиек етті. Үлкендер Сер­гейді бірден түсінді, ниеттестік­терін де білдірді.

 

***

МҰНДА МӘДЕНИЕТ үйі де, Ұлы Отан соғысы ардагерлері құрметіне арналған ескерткіш те бар. Бірақ өкінішке қарай, сонау 2000 жылдары жаппай жүргізілген құрылыс жұмыстарының салда­ры­нан тәрбиелік мәнге ие сол орындар қоршаулардың ішінде «тұншығып» қалған. Бүгінде сұрықсыз күйге түскен.

 

Мөлтек аудан тұрғындарының 60 пайызы ауылдық жерден келіп қоныстанғандар. Көбі жұмыс көзін «Барахолкадан» тауып отыр. Олардың Алматыда, яғни қалада тұрып жатырмыз дегенімен, айна­ласында сол баяғы ауылдағыдай жер үйлер, қарапайым ғана тар көшелер. Спорт алаңдары да, мәдени түрлі іс-шаралар өткізетін орындар да жоқ. Сондықтан Сергей билік өкілдерінің назарын қаланың шет аймағына аударуды мақсат тұтты.

 

– Менен көп адам сұрайды, «неге сен шаһардың айтулы деген бір шағынауданының ортасынан ойып тұрып үй алмайсың, неге сонда тұрмайсың, мүмкіндігің бар ғой» деп. Мен үшін мәселе мүлдем онда емес. Туған жер деген қазақ­тың бір ауыз сөзінің түп тамырын жақсы сезінемін. Мен шетелде ұзақ жүріп оқыған кездерімде, елімді, туған үйімді қатты сағы­нып, жүрегімді қолыма алып жеткенше асығушы едім. Өзіңнің кіндігің кесілген туған жерің тұрған­да, жұмақты ешқашан өзге елден іздеп көрмеген екенмін, – дейді Сергей.

 

***

«ҚАРАСУ» ШАҒЫН­АУДА­НЫНЫҢ қоңыр тіршілігіне жан бітіріп тұрған көл айналасын қоқыстан Сергей баста­ған белсенді топ, жанашыр жандар үнемі тазартып отырады. Көл кезінде күтімсіз қалғандықтан таязданып кеткен. Жасыратыны жоқ, маскүнемдер де, нашақорлар да осы маңға үйір. Сондықтан Сергей «Қарасудың» еңсесін тіктеу үшін болашақта бұл маңға шағын қорық жасағысы келеді. Ал балалар мен мұғалімдер мұнда келіп биология және география сабақтарында тәрбие, ашық сабақтарын өткізсе деген арманы да жоқ емес. Саябақ бен балаларға арналған спорт алаңын тұрғызу мәселесін де шындап қолға алды. Жобасын да сызып қойған.

 

Жуырда Алматы қалалық Қоғамдық кеңес отырысында Сергей Васильевтің осы жобасы кең талқыға түсті. Нәтижесінде қалалық әкімдікке қарасты іргелі басқармалардың лауазымды өкілдерінен тұратын комиссия құрылып, олар бұл мәселені егжей-тегжейлі елеп-екшеп, зерт­теп, таразы басына тартып, қайта қарайтын болды. Демек, сең қозғалды. Арманға бір адым болса да қадам жасалды. Сергей болашақта көл жағасында асыр салып ойнап жүрген алаңсыз балақайларды, ал жасыл желекке оранған саябақта бір-бірімен шүйіркелесіп отырған қарттарды, қол ұстаса сырласқан әдемі жастарды көргісі келеді.

 

– Ауланы сәндеу, ағаш отыр­ғызу, айналаны жасыл желекпен көмкеру соншалықты қиын шаруа емес қой. Осының бәрін жүрек­пен, шын ынтамен, сүйіспенші­лікпен қолға алар болсақ, біздің «Қарасу» да көркейіп шыға келеді. Мен бір ұпай жинау немесе әлдебір жобаларға қатысып, қаражат табу үшін жүрген адам емеспін.  Бұл — менің жанымның қалауы. Мұнда өзім туып-өстім, енді балаларым жетіліп келеді, – деп ағынан жарылды Сергей.

ЖАҚСЫ ІСТІ ҚОЛҒА АЛҒАН ЖАЙСАҢ ЖІГІТКЕ БІЗ ДЕ ТІЛЕУЛЕСПІЗ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *