Санамды серпілткен саяхат

Роза Әрен,

арнайы «Алматы ақшамы» үшін

 

Қытайлық құрбым Хелен екеуміз көктемгі демалыс кезінде бірге саяхаттаймыз деп көптен жоспарлап жүргенбіз. Мен Англияның Лондон, Лидс қалаларын, ал ол Шотландияның ең шетінде орналасқан Инвернесс қаласын көргісі келді. Оған қоса, біздің қазіргі визамыз Ирландияға баруға жарайтын болып шықты. Сонымен, үш ұшақ, бір пойыз, екі автобустың билеті мен 4 қаладағы қонақүй бөлмесіне алдын-ала тапсырыс беріп, екеуміз жолға шықтық.

 

Лондондағы тұманды күндер

 

Лондон бізді жатырқай қарсы алды. Арзан бағасына қызығып таңдаған қонақүйіміз қаланың алыс бір ауданында орналасқан болып шықты. Алдымен, метроға, одан соң автобусқа отырып, қонақүйге әзер дегенде жеттік. Бұл қаладағы алғашқы күнімізді әйгілі «London eye» аттракционына баруға арнадық. Сол күні ауа-райының қандай суық болғанын еске алсам, қазірдің өзінде дір ете түсемін. Адамның көңіл-күйіне ауа-райы тікелей әсер етеді емес пе? Екі күн бойы қабағы ашылмаған қаланың ығына жығылып, біз де тұнжырап жүрдік. Оның үстіне, осында келген туристің бәрі мәз болып суретке түсетін «Биг Бен» сағатына ұзақ мерзімді жөндеу жасалып жатыр екен. Ел сияқты суретке түсе алмадық. Бұл – бір. Екінші нәрсе – «London eye» біз күткендей ғажап дүние болмай шықты. Үлкен-үлкен кабиналарына 15–20 шақты адамды бірден кіргізеді екен. Солармен бірге улап-шулап, жоғарыдан Лондонның көрінісін тамашалаған боласың. Егер қала тұманға оранып тұрса, онда уақытыңыз текке кетті деген сөз. Осы тұста бір лайфхак айта кетейін. Біз осы аттракционға алдын-ала 29 паундқа (екі адам) онлайн-билет сатып алдық. Ал егер билетті сол жерге барып, кассадан алсаңыз, онда бір билеттің өзі 29 паунд тұрады.

Осы жерден шыққаннан кейін құрбым «әкем маған Nottіng Hіll ауданындағы жайма базарға бар деген» деп қоймады. Жарайды деп екеуміз алдымен метроға, одан автобусқа мініп, әлгі көшеге кеш бата әзер жеттік. Келсек, көше базары тарап кетіпті. Тек заттарын жинастырып жатқан бірді-екілі саудагерді көзіміз шалды. Базардың тарап кеткенін, жайма базар тек сенбі-жексенбі күндері істейтінін бізге бір әзербай­жандық кісі айтты. «Сен қыз, Қазақстаннан келдің бе? Көзің айтып тұр ғой, қазақпын деп» дейді маған.

Күні бойы дірдек қағып жүріп, бір ғана жерге барып үлгергенімізге іштей қынжылдым, әрине. Құрбымның тоңғаны сондай, Nottіng Hіll аумағындағы бір дүкеннен «London» деген жазуы бар қалпақ пен қолғап сатып алды. Ал мен болсам, тоңазытқышқа жапсыратын магниттер алдым. Осы тұста тағы бір лайфхак: тоңазытқышқа жапсыратын магнит не кілтке тағатын бау сияқты майда-шүйделерді қала орталығынан сатып алсаңыз, қымбатқа түсесіз. Шеттеу аудандарда олардың 6,7, кейде тіпті 10 данасын 5 паундқа (шамамен 2300 теңге) ала аласыз.

Қарнымыз ашқанын сезген сәтте Хеленге осындағы өзбек асханасына баруды ұсындым. Бұл жерді бұрынырақта «инстаграм» желісі арқылы тапқан едім. Абырой болғанда, асхана сол маңға жақын болып шықты. Мен палауға, құрбым манты мен лағманға тапсырыс берді. Екеуміз бірге «Ташкент» шайын іштік. Бұрын бұл жерді көз алдыма ресторан ретінде елестеткен едім. Шын мәнінде, ол 15 адам сыятын шағын асхана болып шықты. Қожайынның «Ташкент» шайына бал не лимон қоспай бергені, үстіне кішкене қайнаған су қосқаны үшін бақандай 1 паунд алғанына кішкене қынжылып қалдым. Мұның бәрін көңіліме алмас та едім. Егер «сен «бұлар – біздің көршіміз әрі туысқанымыз» деп едің ғой. Ендеше, неге олар бізді салқын қарсы алды?» деп қоймай сұраған Хелен болмағанда…

Ертесіне біз географиялық бойлықтың есебі жүргізілетін нөлдік меридиан – Гринвич меридианы сызылған жерге бардық. Белдеу­лер Гринвич меридианынан бастап шығысқа қарай әрбір 150 бойлық бойынша саналады. Ал Гринвич арқылы өтетін нөлдік меридиан нөлінші белдеудің орта меридианы деп есептеледі. Қысқасы, тарихи орында суретке түсіп, қонақүйімізге қайттық.

Шынымды айтсам, мен күткен Лондон мұндай емес еді. Ауа-райына байланысты адамның көңіл-күйі де құбылып сала береді екен ғой, шіркін! Екі күн бойы еңсемізді басып тұрған тұман мен тоқтамай жауған қар бізді барам деген жерімізге барғызбай, жоспарымыздың күл-талқанын шығарды. «Көктемнің соңында, күн жылығанда қайта келерміз» деп, Шотландияға қарай жол тарттық.

 

Инвернестегі құбыжықты көру бұйырмады

 

Инвернесс – Шотландияның солтүстігінде орналасқан портты қала. Бұл қалаға біз тек бір ғана мақсатпен келген болатынбыз. Хелен әйгілі Лох-Несс көліндегі құбыжықты өз көзімен көргісі келді! Мен оған «ол құбыжық шын өмірде жоқ. Жәй ғана ел арасында айтылатын аңыз ғой» деп қанша айтсам да, сендіре алмадым. Содан мейлі, шынымен бар болса, оны да көзбен көрелік деп келген бетіміз еді. Қырсық шалғанда, сол күні туристерді көлдің қақ ортасына дейін жеткізетін қайықтар «демалыста» екен. Құрбымның көңіл-күйі түсіп кетті. Мен де «құбыжықты» көре алмайтыным үшін аздап мұңайып қалдым. Содан соң, шағын қаланың орталық көшелерін аралап-аралап, автобуспен Глазгоға жолға шықтық.

 

Глазгоның екі университетін араладық

 

Лондонда қатты тоңғанымыз естен кетпей, Глазгода бізді одан да қатал ауа-райы күтіп тұрған болар деп қорқақтап келгенбіз. Өйткені, мұндағы климат Ұлыбританияның басқа аймақтарына қарағанда әлдеқайда салқын әрі ылғалды екенін осыған дейін талай естігенбіз. Қуанышымызға орай, Глазго бізді жайдары қарсы алды. Алдымен, Глазго университетіне бардық. Бұл – тарихы жағынан Ұлыбрита­ниядағы Оксфорд, Кембридж, Сент-Эндрюс университеттерінен кейін төртінші орында тұрған оқу ордасы. Бір жақсысы, Глазго университетін кез-келген адам емін-еркін аралай алады. Бірақ біз мұнда кешкі уақытта барғандықтан, дәріс залдарына, кітапханасына кіріп үлгермедік. Дегенмен, оқу ғимаратының маңайын айнал­шықтап, сәулет өнерінің осы бір тамаша үлгісіне таңдай қағып біраз жүрдік. 1451 жылы іргетасы қаланған университет күні кеше ашылғандай қалыпта тұр екен.

Бұл университетті қалай мақтаса да жарасады. Осы оқу ордасының 7 түлегі Нобель сыйлығының иегері атанғанын, кезінде мұнда Эйнштейн дәріс оқып, экономика теориясының атасы Адам Смит білім алғанын айтып, таңдай қағуға болады. Қазірдің өзінде мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 25 мыңға жуық студент оқиды.

Әу бастағы мақсатымыз Глазгоның универ­ситеттерін аралау болғандықтан, ертесіне Стратклайд университетіне бардық. Бұл – Шотландиядағы үлкендігі жағынан үшінші орында тұрған жоғары оқу орны. Қазір мұнда әлемнің жүзге жуық елінен келген студенттер білім алып жүр. Университетке бас сұққандағы негізгі ойымыз осындағы «Медиа және коммуникация» департаментін аралау болатын. Ол ойымыз да жүзеге асты. Қысқасы, Глазгодағы уақытымызды пайдалы нәрселерге жұмсадық деп ойлаймын.

Егер, менен «алдағы уақытта Шотландияда оқығың келе ме?» деп сұрасаңыз, мен бірден «иә» деп жауап беруге асықпас едім. Неге? Өйткені, жыл он екі ай бойы жауатын жаңбыр мен тұманды ауа-райына әлі дайын емес секілдімін. Шотландықтар ағылшындарға қарағанда әлдеқайда ашық-жарқын, frіendly екенін мойындаймын. Бір нәрсе сұрасаң, жол көрсетуге, жауап беруге дайын тұратыны ұнайды. Дегенмен, Инвернесте де, Глазгода да бізге жергілікті тұрғындардың акцентін түсіну қиынға соқты. Тіпті, анықтама қызметіндегі қызға қоңырау шалғанда да, «кешіріңіз, қайтадан айтыңызшы» деумен болдық. Мұндағы тұрғындардың диалектісіне үйренісу үшін де бірталай уақыт қажет сияқты.

 

Мейірбан тұрғындар мекені

 

Ирландияға бару алғашында Хелен екеумізге қол жетпес арман болып көрінді. Біздің қазіргі визамыз онда баруға жарамды екенін естігенде, қалпағымызды аспанға атып қуандық. Дереу ғаламторды ашып жіберіп, қаланың қақ ортасынан қонақүй таңдадық. Глазгодан Дублинге ұшатын ұшақ билетін де алдын-ала алып қойдық. «Бізді мұнда тамаша саяхат күтіп тұр» деп алақанымызды ысып қоямыз.

Ирландия мен Солтүстік Ирландия екеуі екі бөлек мемлекет екенін барлық оқырман біледі деп ойлаймын. Солтүстік Ирландия – Ұлыбри­танияның әкімшілік-саяси бөлігі. Ирландия 1949 жылы өз тәуелсіздігін жариялағанда, Солтүстік Ирландия Біріккен корольдіктің құрамында қала берді. Мұны жазып отырған себебім, Ұлыбри­танияға келген туристер оның кез-келген бөлігін (Англия, Уэльс, Солтүстік Ирландия, Шотландия) еркін аралай алады. Ал Ирландияға бару үшін арнайы виза аштыруы қажет.

Сонымен, ұшағымыз Дублинге келіп қонды. Неше күндік жүрістен аздап шаршасақ та, сыр білдірмейміз. Мәзбіз. Әуежайдан шығып, екі қабатты автобусқа отырдық. Терезеден қаланың көрінісіне көз салғанда, мұндағы көшелердің өзі Ұлыбританиядағы көшелерден ерекшеленетінін байқадық. Дублин көшелерін асықпай аралап келеміз. Анау жерде – субұрқақ, мына жерде әйгілі О’Коннелл көпірі тұр. Айтпақшы, бұл көпір несімен атақты екенін білесіздер ме? Көпірдің енінің көлемі оның ұзындығынан асып түседі. Еркелей ағып жатқан Лиффи өзенінің жанында ұзақ тұрдық. Дублин кеш қарайғанда одан сайын сұлулана түсетіндей көрінді. Біз көруге асық болған бірінші нәрсе – ирландықтардың атақты «step» биі еді. Сол биді қай жерден тамашалай аламыз деп, кафе, пабтарды аралай бастадық. Бір жақсысы, мұндағы пабтардың бәрі «Темпл бар» деп аталатын ескі ауданда орналасқан. Бірінен шығып, біріне кіріп жүре бересің. Рахат!

Алдымен «Church bar»-ға кірдік. Бұл – аты айтып тұрғандай, XVІІ ғасырда салынған шіркеудің қазір барға айналған түрі. Ұзақ жылдар бойы бос тұрған ғибадатхананы әлдебір кәсіпкер сатып алып, паб ашқан екен. Қазір мұнда жыл сайын шамамен 600 мыңдай турист келеді. Біз бұл пабқа келген кезде ирландық­тардың дәстүрлі биі аяқталып қалыпты. Дәл сол биді іздеп осы аудандағы ең атақты бар – «Темпл барға» кірдік. Паб іші толған адам, ине шаншар жер жоқ. Іздегеніміз бұл жерден де табылмады. Дегенмен, дәл осы жерде біз нағыз ирландықтардың қалай демалатынына куә болдық. Олар пабқа тек сыра үшін емес, жанды дауыста ән тыңдап, достарымен әңгіме-дүкен құру үшін келеді. Қанша бөтелке сыраны тауысып жатса да, бір-біріне қоқиланып, төбелес шығарып жатқан біреуін көрмейсің. Бұлар  тіпті билік өкілдерімен де мамыражай атмосферада сұхбат құра алатын халық. Сондықтан ел арасында «ирландық басшылар – Еуропадағы ең сабырлы басшылар» деген сөз кең тараған. Тек оларды ешқашан «британдықтар» деп атай көрмеңіз! Ирландықтар бұған төзе алмайды.

«Темпл барда» ирландықтардың дәстүрлі музыкасын тыңдап, тамақтану үшін «O’Neіl’s» пабына бардық. Ең қызығы, бұл мемлекет аралда орналасқанымен, жергілікті халық балық емес, ет жегенді жақсы көреді екен. Біз де аспаздардың кеңесі бойынша, сиыр және қой етінен жасалған тамаққа тапсырыс бердік. Ойламаған жерден осы пабта ирландықтардың дәстүрлі биін тамашаладық. Бір қатарда тұрып, өкшелерін тақылдатып билейтін өнерпаздарды бұдан бұрын теледидардан талай көрдік қой. Алайда, оны сол өнердің отанында өз көзіңмен тамашалағанның жөні бөлек екен.

Ертесіне біз Дублиндегі Килмэнхем түрме-музейін араладық. Бұл – кезінде британ билігі Ирландияның азаттығы үшін күрескен жандарды қамап, өлім жазасына кескен жер. Бұрынғы түрме, оның үстіне, талай жанның қаны төгілген жердің аурасы қандай ауыр болатынын өзіңіз де сезіп отырған боларсыз? Әсіресе, «мына бөлмеде жас офицер өзінің өлім жазасын күтіп отырып, жарына соңғы хатын жазған» дегенді естігенде, біреу төбемнен сұп-суық су құйып жібергендей болды. Ол-ол ма, елді аштық жайлаған жылдары бір үзім нан, бір уыс бидай ұрлаған балалардың бәрі осы түрмеге қамалған екен.

Бұдан кейін сапарымызды Ирландияның ұлттық галереясы мен антропология музейінде жалғастырған біз қаланы толық аралауға бір күн жетпейтінін түсіндік. Дублиндегі әйгілі әдеби орталықтар мен кітапханаларға барып үлгермегенімізге аздап қынжылып қалдық. Мұнда кезінде Оскар Уайльд, Бернард Шоу, Брэм Стокер сияқты ғажайып жазушылар өмір сүрген. Сондай-ақ, ЮНЕСКО «әдеби қала» деп таныған әлемдегі алты қаланың бірі – осы Дублин. Шынымды айтсам, Ирландия осы сапарда маған ерекше ұнаған ел болды.

Бұдан кейін Англияның Лидс қаласына бағыт алдық. Ондағы жарты күнімізді Лидс университетін аралауға арнап, содан соң, Эксетерге баратын автобусқа жайғастық. Алда – 8 сағаттық жол. Шаршағанымызды неше күнгі жолдың эйфориясы жеңіп кетті. Бастысы, бұл сапар бізге шыдамды болу керектігін ұғындырды. Тек өз дегеніңмен жүре бермей, жаныңдағы саяхатшының тілегін, ұсынысын ескеруді үйретті. Сондай-ақ, кей жерде ойлаған нәрсең орындалмай жатса (ауа-райы күрт бұзылса, барған музейің жабық тұрса) оған қатты қайғырудың қажеті жоқ екенін түсіндік. Хелен құрбым екеуміз жоспар құрғанда да, қонақүй, асхана таңдағанда да қазақ пен қытай халқының арасындағы ынтымақтастықты сақтай отырып, бар мәселеде ортақ мәмілеге келе алдық деп ойлаймын (әзіл-шыны аралас сөйлем). Ұлыбританиядағы алғашқы шетелдік досымның дәл осы Хелен болғанына өте қуаныштымын. Хелен қазір оқуын аяқтап, еліне қайтып кетті. Кетпес бұрын маған Эксетерде пошта және банк қызметін қалай пайдалануды, пойызға жеңілдік билетін қалай алуды, тіпті қытай асханасында тамаққа тапсырыс беруді де үйретіп кетті. Мен сыйлаған «Қазақстан» шоколадын жеп болған соң, оның қағазын мұқият орап, «мұнда менің қазақ досымның Отанының Туы бейнеленген» деп, кітабының бетіне жапсырып қойғанын қалай ұмытайын?! Қысқасы, бұл қыз менің санамдағы аспан асты елінің халқына қатысты стереотиптің күл-талқанын шығарды.

…Осылайша, үш ел, бес қаланы аралаған апталық сапарымызға әдемі нүкте қойылды. Түнделетіп Эксетерге жетсек, мұнда жаңбыр жауып тұр екен. Алты күн бойы сөмкемнен шықпаған қолшатырым Эксетерге қайтып келгенде ғана кәдеге жарады. Не болса да, босқа арқаламаған екенмін.

 

Эксетер, Ұлыбритания.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close