Санадағы «татуировка»

Cерік Жанболат

 

Таяуда талантты жас режиссердің бірін көріп едім. Жазға салым болған соң қысқа жең футболка киіп алыпты. Бір иығы тұтасымен татуировка екен. Қытайша иероглифтер.

– Мынауың не?

– Баяғыда жаздырып едім. Енді кетірудің жолын іздеп жүрмін.

– Бала кезіңде ұлттық педагогикадан өтпегенсің ғой, – дедім.

– Ол қандай болады?

– Ол қаталдық деп аталады. Сосын оған ұлттық тәрбиенің ерекшелігін айтып бердім. Ойланып қалды.

Біздің ұлттық педагогикадан аларымыз көп-ау, көп. Қазақ, баланы еркелетумен қатар, қатаң жазалап отырған емес пе? Сол қаталдықтан «жаман болдым» деген адам көрмеппін. Соның бірін баяндап берсем деп отырмын. Мен үлкен шешемнің, яғни апамның бауырында өскен баламын. Ол кісі мені аялап шексіз еркелетумен қатар, кейде өте қатты жазалайтын да еді.

Екінші класта оқимын-ау деймін. Мектепте балаларға елігіп, білегіме көк сиямен сурет салып келдім. Өзімізше татурировка ғой. Әдемі боп шықты. Жолай, үйге жеткенше елге көрсетуге тырысып-ақ келгем. Шешем бірден байқады. Алдымен қолжуғышқа суды толтырды. Кір сабынды дайындап қойды. Мені шап беріп ұстады да, қолжуғыштың алдына сүйреп алып барды. Білекті түріп, татуриовканы жөкемен ысқылады. Терім қанталап, жаным шығып кете жаздады. Сиясы түскір теріге сіңіп кеткен бе, дағы толық кетер емес. Өкіріп-бақырып жылап жатырмын. Оған қарайтын шешем жоқ. Тас қып бүріп ұстап алған. Үйде бір жүзі майырылған пышақ бар еді. Шешем енді соны қолға алсын. Енді пышақты жатқызып қырнай бастады. Әбден бозарған теріден шым-шымдап қан шыққанда, сияның дағы да кетті-ау. Мен де қанталаған білегіме қарап, солығымды баса алмай біраз жыладым. Сонда шешемнің бар айтқаны:

– Енді денеңе сурет салып, анау мас орыстар құсап бүлдіретін болсаң, мына пышақпен ойып аламын!

Бітті. Ойын баласымыз ғой, бір күннен кейін ұмытылды. Бірақ қолына, білегіне сурет салған бала көрсем, шешемнің ызбары ойыма оралады. Содан қайтып денеме сурет салдырған емеспін. Тіпті, әп-әдемі денеден жарбиған тату көрсем, жиіркенетінді шығардым.

Жоғары класта оқып жүргем. Әке-шешемнің үйіндегі екі інім бірдей қолдарына сурет салып келіпті. Жұмысбасты әке мен шешенің оларға қарайтын уақыты жоқ. Алты-жеті жыл бұрын менің басымнан өткен жағдайды інілеріме айнытпай қайталадым-ау. Аяған жоқпын. Үлкен шешеме қарағанда мен жігітпін ғой, бір-екі шапалақ та қосылып кетті. Олар да ағаның тәрбиесін ұмытқан жоқ. Татуировка көрсе, айнала қашатын болды.

Әскерде жүрміз. Сарбаздар еріккенде не істемейді? Ротадағы екі орыс жігіті татуировка жасаудың кәнігі шеберіне айналды. Қолмен бұрайтын сақалқырғышқа ине қойып, кәдімгідей құрал жасап алды. Екі айдың ішінде ротаның жартысы әр түрлі сурет галереясы болды да шықты. Енді, денеден қан шығарып, оған туш қосып сурет салу оңай болсын ба, ауырсынып, есінен танып, дәу сурет жараға айналып кеткендері де бар. Мен қанша зерігіп жүрсем де, өзгелерді еліктірген сол дүниеге зер салып қарамаппын. Менікі – бала күннен қалыптасқан жиіркеніш қана. Бір күні, байқаймын, ротадағы қазақ бауырларым да әлгі суретшілерді жағалап жүр. Резинаға салынған суреттерін әзірлеп, кезек күтіп отыр. Сол суреттің штрихтарын бойлап ине сұққылайды, иненің ұшына туш жағады, сосын денеге періп қалғанда, суреттің бедері пайда болады.  Одан әрі денеге ине сұққылап бояйды дерсің! Қара туш қанға араласып, жара жазылған соң, көгілдір сурет пайда болады. Ол қайтып кетпейді сосын. Бауырларымды оңаша шақырып алдым.

– Жай ма сендердікі?

– Татуировка жасатайық деп.

– Ол не, мақтан ба? Ертең ағайын-туыстың алдында көйлегіңді шеше алмай қаласың ғой. Бала-шағаңа не деп түсін­діресің? Түрмеден шыққан құсап, масқара болайын деп жүрсіңдер ме? Қойыңдар! Ол пәле өмір бойы денеңде қалады ғой. Жуып кетіре салатын нәрсе емес.

Бауырларым естерін жиып алды. Ешқайсы да татуировка жасатқан жоқ. Міне, бала кезімде шешемнің бір қаталдығынан осындай сабақ алғанмын. Шешемнің қаттылығы – өте дұрыс болды. Қазіргі жастардың біразы, құдайым онсыз да сұлу етіп жаратқан денесін бүлдіргенше асығады. Кейін, сол жастық желіктің салдарынан құтыла алмай азап шегеді. Сол татуировканы өшіре алмай жүрген талай адамды білемін қазір. Оларды, бала кезінде ата-анасы аяусыз бір жазалап алса, мұндай болмас еді. Яғни денені бүлдірмес үшін, баланы, кішкентай кезінде қатты қорқытып қою керек, не болмаса, жасөспірім шағында құлағына құя беру қажет. Әрине, оның жастық желігін баса алсаң, ол кезде. Бірақ зиянға тоқтау салатын ұлттық тәрбиенің бір сабағы «татуировка» болып санаға сіңгені – артық болмайды екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *