САН ҒАСЫРЛЫҚ САБАҚТАСТЫҚ

(Қазақ және түрікмен әдебиеттеріне ортақ құндылықтар хақында)

10-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5

Белгілі бір халықтың әдебиетінің тарихы сол елдің төл тарихымен сабақтас дамитыны ақиқат. Түркітілдес ұлыстардың бірі – түрік­мендердің тарихы да әріден бастау алады. Әр ұлттың даму жолының өзіндік ерекшелігі болады. Бұл тұрғыдан алғанда, түрікмендер де – өзге елдер сияқты бірнеше ғасырлар бедерін­де түрлі факторлардың ықпалымен түзіліп, қалыптасқан іргелі халық.

Әрине, тәуелсіздікке ұмтылған жылдарда әр халық өз тарихына жаңаша көзқарас таныт­қаны, өздерінің бастауларын ілгергі замандар­дан іздеуге тырысқаны белгілі. Түрікмен халқы да өз тарихының ақтаңдақ сәттерін қалпына келтіріп, жаңа жылнамасын түзгені анық. Олар адамзат тарихының барлық кезеңінде «түрік­мен» атауын қолданады. Түркі халықтарына ортақ тарихтың өзінде «түрікмен» ұғымы қоса жүреді. Мұны елдік рухтың биіктігі деп бағалаған жөн шығар. Басқа елдер сияқты түрікмен халқы да өз тарихында түзілуді, іргеленуді, ыдырауды, отарлануды бастан кешті. Осы жағынан алғанда, оның тағдыры кеңестік жүйенің құрамында болған өзге республикалардың тағдырымен сабақтас. Ал әдебиетке сол халықтың басынан өткен тарихи оқиғалардың ықпалы болмай қалмайды. Әсіресе, түркітілдес елдердің әдебиет тарихын­дағы ортақтық бұл елдердің өз тарихының да бір-біріне ұқсас жағдайда дамығанын көрсетеді.

Түрікмен әдебиеті тарихының бастау көздері тым әріде жатыр. Бұл елдің ежелгі әдеби және фольклорлық мұралары билеу­шілер ықпалының негізінде сол топырақта орныққан халықтардың тілінде туындады. Түрікмен жерінде арғы дәуірде қоныс тепкен иран тілдес парфия, сақ, массагет, аландар, қорасандар, хорезмиліктер, түркітілдес оғыз­дар сөз өнерін өркендетті. Кейінірек бұл тай­палар қазір іргелі ел болып отырған халық­тардың құрамына кіргені белгілі. Мәселен, парфиялықтар, сақтар, қорасандар иран мен тәжіктерге, хорезмиліктер өзбектерге, оғыздар түрікмен, әзірбайжан және түріктерге, аландар Кавказ халықтарының қатарына қосылды.

Ежелгі түрікмен жерін мекен еткен бұл халық­тардың бәрінің де өзіндік әдебиет үлгілері болды. Сақтар мен массагеттердің көсемі Томиристің Парсы патшасы Кирді жеңгені туралы қаһармандық эпос және сақ­тарға шабуыл жасаған парсы патшасы Дарий біріншінің масқара болып жеңілуі туралы эпос – біздің дәуірімізге дейінгі 500 жылдардың жемісі. Көне дәуірдегі осындай ілкі әдебиет нұсқалары кейінгі түрікмен әдебиетіне соны соқпақ салды.

Түрікмен әдебиетінің бұдан кейінгі даму жолы елдің аумағына түркілердің келуімен тікелей байланысты. Бұл тұстағы шығарма­лардың біразы түркі тілдерінде жазылды. Түрік­мендер оғыздарға жатады десек, бұл тайпа­ның атауы ежелгі түркі руникасымен таңбаланған жазба ескеркіштерінде аталды. Х ғасырда Солтүстік Түрікменстан мен Қазақ­станның оңтүстік-батысын оғыздар жайлады. Түркі тілдерінің оғыз тобы орнықты. Бұл қазір­гі түрікмен тіліне негіз болды.

Өзге елдердегі әріптестері сияқты түрікмен ғалымдары да тасқа жазылған жазба ескерт­кіштерін тек әдеби жәдігерліктер емес, жазу­дың алғашқы үлгілерін көрсеткен рухани құндылық ретінде таниды. Түрікменнің жазу тарихын зерттеген Бегмұрат Уәйісовтің тұжы­рымдауы бойынша, «Түрік қағанаты тұсында (VІ – VІІІ ғасырлар) жазылған, табылған жерлері бойынша «Орхон-Енисей жазулары» аталған тас жазулар бізге мәлім болған түркі жазба жәдігерліктерінің ең көнесі».

Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, түрік­мен халқы бірнеше тайпалық құрылымды бірік­­тірген ұлт болып қалыптасқан. Қазақ Кеңес Энциклопедиясындағы «20-ғасырға дейін түрікмен Теке, Жаумұт, Ерсары, Салыр, Са­рық, Гоклен, Чоудор аталатын ірі-ірі тайпа­ларға бөлініп келді», – деген дерек осыны айғақтайды.

Түрікмен әдебиеті – тереңнен тамыр тарта­тын тарихы бай іргелі әдебиет. Бұл елдің фольк­лорлық мұрасы өте бай. Халықтың еркін­дік пен азаттық туралы арман-тілектері олардың баға жетпес рухани құндылықтарын дүниеге әкелді. Ол үнемі халықтың өзімен бірге жасасып келеді. Бұл шығармаларда елдің тарихы, ұлттың ерекшелігі көрініс тапқан. Түрікмен фольклоры ізгілікке үндейді, жақсы­лыққа жетелейді, татулыққа шақырады. Сол арқылы адами қарым-қатынастарды жетіл­діреді, рухани сананы тазартады. Кері­сінше, қоғамның кертартпа құбылыстарынан жирен­діреді, еңбеккерлікке баулиды. Бүкіл түркі халықтарына ортақ рухани мұралар түрікмен жұртына да тиесілі.

Түрікмен фольклорында аңыздар, хикая­лар, анекдоттар, ертегілер сияқты прозалық үлгілер басты орын алады. Барлық елдердің фольклорын қамтитын хайуанаттар, тұрмыс­тық, қиял-ғажайып, сатиралық сарындағы ертегілер түрікмен әдебиетіне де тиесілі. Бұл халықтың ең ежелгі ертегілері – хайуанаттар туралы ертегілер. Адамдар арасындағы түрлі құбылыстарды тұспалдаған «Алданған қасқыр» және басқа ертегілерде түрікмен халқының әлеуметтік қатынастары бейнеленеді. Сол арқылы халықтың басындағы ахуал астарлап айтылады. Ертегілер адами құндылықтарды баға­лауға үндейді. Тұрмыстық ертегілерде нақты тіршілік суреттеледі, қаталдық пен қатігездікке қарсылық білдіріледі, жақсылық пен жамандық салыстырылады, ізгі мұраттар­дың жеңіске жетуі насихатталады. Ал «Мамед­жан» сияқты қиял-ғажайып ертегілерде түрік­мен халқының ой-арманы, эстетикалық идеал­дары дәріптеледі. Сатиралық сарындағы ерте­гілерде қарапайым халыққа тізесін батырған билік өкілдері күлкілі кейіпте танытылады. Олар әжуа мен келемеждің нақты нысанасына айналады. Сонымен қатар салт-дәстүр өлең­дері, аңыз өлеңдер, оның ішінде түрікмен әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы әңгіме­лер, Кемине туралы анекдоттар, түрікмен халқының тұрмысы мен әдет-ғұрпы туралы мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен әзілдер, санамақтар мен жаңылтпаштар түрікмен фольклорын байыта түседі. Арғы дәуірден келе жатқан халық фольклоры бергі дәуірді де қамтиды. Оның үлгілері жазба әдебиеті толық қалыптасқан кейін уақытта да қабаттаса жүруі мүмкін. Әдебиет тарихын кезеңдеуде бұл ерекшелікті де ескермеуге болмайды.

Түрікмендердің фольклорлық мұрасында эпостық шығармалар жеткілікті. Барша түркі халықтарына ортақ көне түркі жазба ескерт­кіштері, «Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы» жәді­герліктері түрікмен әдебиетінің де шоқ­тығы биік шығармалары болып саналады.

Түрікмен әдебиеті үшін ХІ ғасырда өмір сүрген «Мяне баба» деп аталған ғұлама Әбу-Саид Әбіл-Хайыр Мехнеидің орны ерекше. Халықтың айрықша ықыласын иеленген ол сопылық ілімнің сұлтаны саналады. Қазақ әдебиетіндегі сопылық ілімнің басында Қожа Ахмет Иассауидің тұратыны сияқты Мяне бабаның шығармашылығы осы тақырыппен тығыз байланыстырыла бағаланады. Түрік­меннің ұлы ойшылы сопылық ілімге негіздел­ген тұтас бір мектептің негізін қалаған.

Қазақ әдебиеті мен түрікмен әдебиетін сабақтастыратын ортақ жәдігер –  – «Оғыз­нама». Бұл – бүкіл түрік халықтарына тиесілі шоқтығы биік шығарма, теңдессіз әдеби-тарихи ескерткіш. Түрікмен халқы оны өз рухының баламасы ретінде бағалайды, төл тарихының орта ғасырдағы шежіресі деп санайды. Оғыздар тарихы – түрікмен ғана емес, қазақ тарихының да бөлінбес бөлшегі. Олардың қазақ жерінде қоныстанып, тіршілік кешкені, қос халықтың мәдениеті мен тұрмысы, рухани құнды­лық­тары біркелкі дамығаны баршаға белгілі. Мұны оғыздар тарихын зерттеуші ғалым С.Г.Агад­жановтың:  «ІХ – ХІ ғасырларда оғыздардың көпшілігі жартылай көшпелі және көшпелі өмір салтын ұстанды. Олар Каспийдің Солтүс­тік жағалауына, Сырдарияның төменгі сағасына және Арал теңізі маңындағы далалық жерлерге тығыз қоныстанды»,  – деген мәлі­меті айғақтай түседі. Сонымен қатар оғыздар қаласы жөніндегі мәселеге арнайы тоқталған академик К.Байпақов «археологиялық мате­риалдарды талдау және керамиканы зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, оғыздардың Қазақ­станның орта ғасырлық қалаларда мекенде­генін нақтылай түсуге болатынын» айтады.

Рухани дамуымызда қазақ пен түрікменді байланыстыратын мысалдар баршылық. Тіпті, «Бір шежіре аңызда Қазақ пен түрікменді бір атадан таратады. Ағайынды екі ұлдың аты Сейілхан мен Жайылхан болып келеді. Сейілханнан түрікмен, Жайылханнан қазақ туады. Аңыз бен шындық арасы қаншалықты бірлестік табатыны өз алдына бір мәселе. Екі халықты осылайша жақындатып көрсететін шежіренің туу сыры да тегін болмаса керек. Әсіресе, халық пен халықты бауырластыратын белгілерді көбірек іздейтін біздің дәуірімізде әлгіндей аңызды сөз етпеске, ілтипат жаса­масқа болмайды. Ал әрбір аңызда да ақиқаттың елесі жатқаны ежелден аян. Түрікмен шайырлары өз елін «Сейілхан» деп атап келгені де мәлім», – дейді академик Р.Бердібай.

Қазақ пен түрікменге ортақ, тасқа қашап жазылған көне түркі ескерткіштері, Қорқыт ата кітабы, Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігі, «Көрұғлы», «Оғызнама» эпостары – қос халықтың мұрасын биік деңгейге көтеріп тұрған шығармалар. Олар біздің әдебиетте қандай орын алса, түрікмен әдебиетінің тарихын кезеңдеу барысында да соншалықты деңгейде болуға тиіс. Себебі, бұл шығармалардың қай дәуірде туғаны, дамып, жетілуіне, бүгінге дейін желісін үзбеуіне біркелкі факторлар әсер еткені анық.

Екі елдің әдеби мұрасын дәуірлеуде ортақ тиянақ болатын шығарма – ХVІ ғасырдың соңғы жартысында шыққан көне эпос – «Көрұғлы». Бұл эпоста өмірге келуінің өзі адам сенгісіз аңызбен байланыстырылатын Көр­ұғлы батырдың қаһармандық істері, елін қорғаудағы ерлігі, дұшпандарымен шайқастағы табандылығы, халыққа қамқорлығы жан-жақты баяндалған. Шығармада қиял-ғажайып ертегілерге тән сюжеттер молынан қамтылған. Зерттеулерде «Көрұғлының» әзербайжан, армян, грузин, курд, түрік, өзбек, түрікмен, тәжік және қазақ нұсқалары бар екені, барлық версиялар бойынша Көрұғлының түрікмен халқының теке-жәуміт руынан шыққандығы айтылады. Осыған орай Р.Бердібай «Қазақ пен түрікмен қатар жырлап келген «Көрұғлы» тура­лы да ұзақ тоқталуға болар еді. «Көрұғлы» тек осы екі халыққа ғана емес, Орта Азияның өзге жерлеріне де кең таралған. Ауыз әдебие­тінің эпостан өзге салаларында да қазақ пен түрікмен халықтарына ортақ сарын толып жатыр», – деп тұжырым жасай келіп, ХV – ХVІІІ ғасырлар туындысы деп есептелетін осынау «Көрұғлы» эпосында түрікмен халқы­ның бостандықсүйгіш батыр сипаты көрін­генін айтады.

Ә.Қоңыратбаев «Көрұғлы» эпосының қазақ тілінде туған жиырма сегіз нұсқасы бар екенін айта келіп, қазақ жырларында түрікмен нұсқасымен ұқсастық көп екенін баяндайды. Ол «Жырды кім қайдан алды дегеннен гөрі сюжет қашан, қалай туды, оның ортақтығы неде деген мәселе шындыққа жақындау. «Көр­ұғлы» сюжеті көптеген елдерге ортақ. Бірақ ол бір ғана ХVІ –   ХVІІ ғасырларды емес, көп заманның оқиғаларын қамтыған кәрі сюжет болса керек», – деп тұжырым жасайды.

Түрікмен әдебиетінде айрықша орны бар бұл эпостың тарихы мен табиғатын зерттеу­шілер оның қазақ халқына қатыстылығы жөнінде мысалдарды көбірек келтіреді. Қазақ пен түрікмен халықтарының арасында ежелден әдеби байланыс дәстүрі орныққан. Бастау-көзіміз саналатын көне дәуірлерге зер салсақ, ортақ құндылықтардың аз емес екенін аңғара­мыз.

«Орхон-Енисей ескеркіштері», «Қорқыт ата кітабы», «Көрұғлы»,  «Диуани лұғат ат-түрік» сияқты тұтас рухани қазынаның ортақ­тығын былай қойғанда екі елдің әдебиетінде кейбір шығармалардың жекелеген сюжеттер ұқсастығының мысалдары да жетіп артылады. Мұның бәрі елдердің ортақ тарих ауқымында дамығанын, біркелкі ахуалды бастан өткерге­нін, халықтың өсіп-өркендеуіне өзара үйлесімді факторлар ықпал еткенін, соған орай мәдениеті мен әдебиетінің сабақтаса ілгерілегенін айғақтайды. Сондықтан болса керек, Р.Бер­дібай айтқандай, «Туысқан түрікмен халқының асыл дастандарының бірі – «Шахсәнәм мен Ғаріп» кей тұстарында қазақтың эпостық туындысы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» еске салады»

Түрікмен әдебиетінің орта ғасырлық дәуірінде бірнеше халыққа ортақ мұра қалдырған шайырлардың тобы қалыптасты. Олардың ішінде түрікмен мен иранға, түрікмен мен түрікке, түрікмен мен өзбекке ортақ рухани құндылық қалдырған ақындар бар.

Шығармаларын түрік және парсы тілінде жазатын ақындар – түрікмен жеріндегі орта ғасырдағы ахуалдың жемісі. Олар бір-бірімен сабақтас осы  екі арнаны да қатар дамытты. Бұл кезеңде ауыз әдебиетінен желі тартып келе жатқан эпикалық дастан жанрында жазу кең тараған үрдіс болды. Олар парсы тілінде жазылғанымен негізгі кейіпкерлері ретінде оғыздар мен түрікмендер алынып отырды. Ежелгі аңыздар мен ертегінің нұсқалары қайта өңделіп, сюжеттері басқаша жырланып, бірте-бірте түркі тақырыбына бейімделді.

Әдебиет тарихын әдебиеттің даму эволю­циясы тұрғысынан дәуірлеу кезінде назарға алынатын мәселенің бірі – әдеби байланыс пен сабақтастықтың бір-біріне ықпалы. Тарихи қоғамдық ахуалға байланысты түрікмен әдебиеті де ұзақ уақыт көршілес елдердің әдебиетінен нәр алды. Бұл елдің әдебиеті де белгілі бір деңгейде сол іргелі әдебиеттердің ілге­рілеуіне жол ашты. Осыған орай Х.Кор­ұғлы «Түрікменнің классикалық әдебиеті халық шығармашылығы сияқты формальды ғана емес, тақырыптық жағынан да парсы, тәжік және әзербайжан әдебиеті мен фольк­лорының әсерін сезінді және олардың дамуына да ықпал етті», – деп тұжырымдайды. Кері­сінше, түрікмен әдебиеті ғасырлар бедеріндегі рухани құндылықтардың дамуында негізгі роль атқарған кезі болды. Түрікмендер өз тарихында билік құрылымдарын орнықтыруға да, оның мәдениетін ілгерілетуге де үнемі үлес қосты. Олардың белсенді әрі ықпалды халық ретіндегі ролі осындай әрекетке мүмкіндік берді.

ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түрікменнің ұлы ғұламасы,  ойшыл ақыны Мақтымқұлы Фра­гидің әдебиеттегі орны ерекше. Мақ­тымқұлы – түрікмен әдебиеті үшін тегеурінді тұлға, әрі қайталанбас құбылыс. Оның шығармалары Ғ.Орманов, Ғ.Қайырбеков, Д.Қанатбаев, С.Нұр­жан аудармалары арқылы қазақ топы­рағына жақсы таныс Фрагидің ұлт рухына айналған классикалық туындылары түрікмен әдебиетін биік белеске шығарған тұтастай бір дәуірдің табиғатын танытады.

Қазақ-түрікмен әдеби байланыстары кеңес дәуірінде де жүйелі жалғасты. Соңғы жылдарда едәуір бәсеңсіп қалған үдеріс қазір қайта жандана бастады. Ендеше, ежелден тамыр тартатын төркіндес тұлғалар мен сабақтас сарындарды зерттеу мәселесі енді толастамауға тиіс.

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *