«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚОРЫ жылдық жоспарды 78% орындады

«СамұрықҚазына» қорында барлық негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша өсім тіркелген. Жалпы, «СамұрықҚазына» холдингінің негізгі қызметінен түскен кіріс 3,339 трлн. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда, 27% артық. Сонымен қатар, жарты жыл­да операциялық қызмет бойынша жылдық жоспар 78%-ға орындалып, табыс көлемі 428 млрд. теңгеге жетті (2017 жылғы  бірінші жарты­жылдық­тағы көрсеткіштен 43,1%-ға артық). Бұл туралы «Самұ­рықҚазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі теңбасқарушы директоры Ернар Жанәділ «СамұрықҚазына» ҰӘҚ» АҚ 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды нәти­желері туралы ҚР Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Серік ЖҰМАБАЙ

Жоғарыда аталған көрсеткіштерге бірнеше фактор арқасында қол жеткі­зілді: аталған кезеңде мұнай өңдеу көлемі 13%-ға, электр энергиясының өнді­рісі 28%-ға,  теміржол жүк тасыма­лының көлемі 9%-ға артты, сонымен қатар, көмірсутектер бағасы көтерілді.

Қор мен оның алдыңғы қатарлы қор­жындық компанияларының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағытындағы жұмыс нәтижесін атап өту маңызды: 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Қор сыртқы қарыз көлемін $900 миллионға азайтты. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның $1,6 млрд. халықаралық обли­гациялары өтелді. «Самұрық-Энерго» АҚ 39 млрд. теңгеге жуық қарызын мерзімінен бұрын төледі.

Бұған қоса, Қор «Қазкоммерцбанк» АҚ-да көлемі 117 млрд. теңгені құрай­тын бұғатталған депозиттегі қаржысын мер­­зі­мінен бұрын алды, сондай-ақ ке­зек­ті екінші деңгейлі банкпен 220 млрд. теңге көлеміндегі депозитті қайтару туралы келісім-шартқа қол қойылды. Босатыл­ған қаражат нарықтағы көрсет­кіштерден төмен ставкамен «Самұрық-Қазына» Қорының қоржындық компа­нияларына қарызға беріледі. Анықтап айтқанда, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ – 75 млрд. теңге, «Қазақтелеком» АҚ – 75 млрд. теңге және «Қазатом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ — $200 млн. алады. «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернар Жанәділдің айтуынша, орташа мерзімде бұл қадам 50 млрд. теңге көлемінде оң нәтижесін береді.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты кезінде «Самұрық-Қазына» АҚ Страте­гиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал бірінші жарты­жылдықта аталған нәтижелерге жаңа Даму стратегиясының  аясында Қорда жүзеге асырылған құрылымдық өзгерістердің арқасында қол жеткізіл­генін атап өтті.

Нақтылап айтқанда, Холдингтің еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқартылды. Құны 28,5 млрд. теңге болатын 15 актив сатылды.  Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қоры тағы 51 активті сатып, 102 стратегиялық маңызы жоқ активтен шығуды жоспар­лауда. Аталған жұмыс жекешелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асыры­лады.

Негізгі жобалармен қатар екінші жартыжылдықта «Химпарк Тараз» және Атырау облысындағы «Ұлттық индус­триалдық мұнай-газ технопаркі» арнайы экономикалық аймақтарын дамыту бойынша міндеттер анықталды.

Атап өткен жөн, биылғы жылдың сәуір айында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқару кеңесінің отырысында Бас­қарма төрағасы Ахметжан Есімов Елба­сына Қордың жаңа даму стратегиясын таныстырған болатын. Президент Нұр­сұлтан Назарбаев стратегиядағы баста­ма­ларды қолдап, Қордың дамуына бағыт­талған іс-шараларға оң бағасын берді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *