САЛЫНЫП ЖАТҚАН ӘРБІР НЫСАН МАҢЫЗДЫ

77Шаһар басшысы Алатау ауданын аралап, кемшіліктерді түзетуге екі апта уақыт берді

Нұрлан СҮЙІН

Елбасының «Алматы Алатау ауданы арқылы дамиды» деген сөзі бар. Расында да мегаполистің индустриалды-инновация­лық даму алаңы, «Қолжетімді баспана» бағ­дарламасы тұрғын үй нысандары, «Уни­версиада-2017. Алматы» нысан­дары, басқа да әлеуметтік және стратегиялық нысан­дар­дың негізі Алатау ауданында бой кө­теру­де.

Экономикалық күрделі кезеңде оң­түстік астананы басқаруға келген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қандай жағдайда да балабақша, емхана, мектеп, тұрғын үй сияқты әлеуметтік нысан­дардың, коммуналдық шаруашылық­тардың құрылыстарын тоқтатпау қажет­тігін айтып жүр. Кішігірім қала тұрғындары сыйып кететін көпқабатты тұрғын үй кешендерін салуда балабақша, әлеуметтік нысандардың болуын міндеттеп отыр, мердігерлер алдында. Әлеуметтік-ағарту нысандарын салуға бизнестің бетін бұруды қолға алды жаңа әкім. Елбасының тап­сырмасымен мүмкіндігінше үнемдеу мен бюджетті оңтайландыру жағдайында да Алматы әкімі әлеуметтік құрылыс саласын ерекше назарда ұстап, Қазақстан­ның айнасы – Алматының келбетінің заманауи, айрықша болуын қолға алған.

Осындай ұстанымдағы Б.Байбек өткен сенбі күні Алматының Алатау ауданын аралады. Жетінші аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, инспекциялық тексеру жүргізді.

Алматыда соңғы 10 жылда бой көтерген мәдени нысан «Алатау» киноконцерт залында болған шаһар басшысы «Алатау­дың» техникалық жағдайына баға беріп, әлі де жетілдіре түсу қажеттігін айтты. Нысанның инженерлік желілері бір жарым жыл бұрын пайдалануға берілгенімен, әлі қалалық коммуналдық қызметке өтпеген. Әкім осындай, басқа да олқылықтарды қысқа мерзімде жөндеуді тапсырды. Жалпы, 790 орындық «Алатау» ғимараты заманауи технологиямен салынған, бүгінгі уақыт талабына сай.

Алматы қаласының әкімі тәулігіне 500 адам қабылдайтын емханада да болды. Медициналық орталықтың ашылғанына үш ай бол­ғаны­мен, мекеме күні бүгінге дейін рұқсат құжаттарының жоқтығынан жұмыс істемей тұр. Бауыржан Байбек құжаттарды рәсімдеу мерзімін тезірек аяқтап, орын алған олқылықтарды қараша айының соңына дейін жоюды тапсырды.

Қала әкімі үстіміздегі жылдың 20 қарашасында пайдалануға берілуі тиіс 320 орынды типтік балабақша құрылысында да болды. Оны аралап көрген әкім эргономия принциптерін ескере отырып, мектеп жасы­на дейінгі балалар кеңістігін ұйымдас­тыруды қайта қарауды тапсырды.

Б.Байбек «Саялы» ықшамауданында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешенін аралады. Құрылыс белгіленген мерзімге сай жүруде, бірақ, абаттандыру, инженерлік желілерді жүргізуде шешімін күткен мәселелер баршылық. Әкім орын алған кемшіліктерді тез арада жоюды, нысанды дәл уақытында пайдалануға беруді қадап тұрып айтты.

Сондай-ақ,  шаһар басшысы жемқор­лық нышандары байқалатын Халыққа қызмет көрсету   орталығында тәртіп орна­тып, басшылығын ауыстыруды тапсырды.

Алматының стратегиялық даму ауданы – Алатауда пайдалануға берілген, салынып жатқан нысандардың барлығы да маңызды. Олардың барлығы дерлік халық қажеттілі­гінен қолға алынған. Нысандар олқылық­сыз салынып, халыққа мінсіз қызмет етуі керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *