САЛАУАТТЫЛЫҚТЫ НАСИХАТТАҒАН ВЕЛОШЕРУ

8Алматыда 60-мерейлi велошеру өттi

Сенбi күнi Алматыда салауатты өмiр салтын насихаттайтын мерейлi 60-веложарыс өттi. Қала әкiмiнiң орынбасары З.Аманжолова велошеруге қатысып, жеңiмпаздарды марапаттады.

Бұл спорттық шараға велоқоғамдастық өкiлдерi, студенттер, 2015 жылы Оңтүстiк Кореяның Кванджу қаласында өткен жазғы 28-Бүкiләлемдiк Универсиаданың жеңiмпаздары, қызығушылық бiлдерген көптеген қала тұрғындары қатысты. Жалпы, мерейлi веложарысқа екi мыңдай адам шықты.

Шерудiң ұзындығы 9 шақырым сөре Республика алаңынан басталып, ҚР Тұңғыш Президентiнiң саябағында мәреге жеттi. Жарыс қорытындысы бойынша үздiк шыққандарға түрлi номинациялар бойынша сыйлықтар берiлдi.

Естерiңiзге сала кетейiк, Алматыда алғашқы бұқаралық веложарыс 2009 жылы басталды. Бұл шерулерге 180 мың адам қатысты, ал биыл велошерудiң жетiншi маусымы өтуде.

2015 жылы қалада велосипед тiзгiндеген 90 мың тұрғын бар. Егер өткен жылы 15 мың велосипед сатылса, биылғы жылдың жазында ғана сатылғаны 12 мың.

Веломагазиндер қатары 26 бiрлiкке ұлғайды, жалға беру 7 есе өстi. Егер 2009 жылы велосипедтi жалға беретiн 3 нүкте болса, қазiр олардың саны – 23. Ал бұл жұмыс орындарының өсуiне де оң ықпал етуде. Қазiргi кезде велосипед сататын дүкендерде – 70, велошеберханалар мен қызмет көрсету орындарында 84 жұмыс орны ашылған.

Даттық урбанист Ян Гейлмен бiрiгiп жұмыс жасау арқасында қалада тұрғындар демалатын мини-аймақтар әр ауданда пайда болуда. Аумағында урналар, орындықтар, кiшi сәулет пiшiндерi бар «Жасыл жерлер» спорт және балалар ойнайтын алаңдарды да қамтыған.

Алматыда болашақта жаңа веложол түрi де пайда болмақ. Велобағыт Тимирязев көшесiн қиып өтiп, Розыбакиев көшесiнен Байтұрсынов көшесiне дейiн созылады, соңыра метроның «Байқоңыр» бекетiн айналып өтедi. Бұл бағыт студенттерге қолайлы болу үшiн жасалған. Қазiргi кезде нидерландық сарапшылар барлық құжаттаманы аяқтап, оны қазақстандық инженерлерге тапсырды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *