«САЙРАНДАҒЫ» СПОРТ САЛТАНАТЫ

Құттыбек АЙМАХАН

Осы өткен сенбі-жексенбі күн­дері Алматыдағы «Сайран» көлінде алғаш рет халықаралық ірі жарыс – үш сайыстан (триатлон) ашық құрылықтық Азия кубогы жолын­дағы жарыс болып өтті. Оған әлем­нің 16 елінен, соның ішінде Австра­лияның, Бельгияның, Оңтүстік Корея мен Жапо­нияның 60-тан астам спортшысы қатысты. Атап өтетіні, бұл бір кездері азып-тозып кеткен «Сайран» көлінде өткен халық­аралық бірінші ірі жарыс болды.

Жалпы, бұл халықаралық жарыстың басты ерекшелігі — екі күнге созылатын оның бірінші күні кәнігі кәсіпқой спорт­шылар жүгіруден, жүзу мен велосипед тебуден жарыс көрігін қыздырса, ал екінші күні жарысқа 150 арнайы тіркелген әр түрлі жастардағы 150-ден астам әуесқой бақ сынасатын болады.

Әрине, «Жарыстың болғанынан, бола­дысы қызық» дегендей, бұрын азып-тозып жататын «Сайран» көлінде халықаралық ірі жарыс өтеді дегенде алғашында кәдімгідей таңданып қалдық. Сол себепті, алдымен көлге үлкен қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді.

Негізі, ірі жарыстарға қала басшыла­рының да қатысатыны бұрыннан бар дәстүр. Осы орайда, додалы жарысқа арнайы келген қала әкімі Бауыржан Байбек өз құттықтау сөзінде: «Біз бүгін қала­мыз­дың тұрғындары үшін белсенді демалуға және денсаулығын жақсартуға, яғни велосипед тебуге, жүгіруге және жаяу серуендеуге мол мүмкіндіктер жасап отыр­мыз. Бұл ретте қалада 68 шақырым вело­жолдар жасалды. Сөйтіп, жақын жылдары біз олардың ұзындығын 100 шақырымға дейін жетізбекпіз. Сонымен қатар, қазіргі таңда қала аулаларында спорт алаңқай­ларын салу мен жаяу жүргіншілер үшін басым мәнге ие болатын көшелерді қайта жөндеп жатырмыз. Сосын бүгінгі күні біз әлемнің 24 елінен спортшылар қатысатын футзалдан студенттер арасында өтетін Әлем біріншілігіне де дайындық жұмыс­тарына кірісіп кеткенбіз. Бұл жарыс біздің қалада биылғы жылдың тамыз айы аяғында өтетін болады», – деп атап көрсетті.

Осыған байланысты дүбірлі жарысты өткізу үшін атап өткеніміздей, «Сайран» көлі жағалауына көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде «Таза қалада өмір сүр!» акциясы аясында су қоймасы таба­нын тазалау жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде одан 6 мыңнан астам қоқыс шығарылған. Оған қоса, бөлінген қаражат есебінен балалар және спорт алаңқайлары салынып, футбол алаңқайы, стрит-воркаут аймағы және ұзындығы 5 шақырымдай болатын жүгіру жолы пайдалануға берілді. Осы ретте, «Қауіпсіз қала» бағдарламасы шеңберінде «Сайран» көлінің жағалауында 220-дан астам жаңа сыртқы жарықтандыру бағаналары мен шамдары орнатылды.

Жалпы алғанда, үстіміздегі жылдың басынан бері шаһарда барлығы 250 мың адамды және соның ішінде 2,5 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтыған 2,5 мыңнан аса спорттық және денешы­нықтыру мен шыңдау-сауықтыру шара­лары өткізілген екен. Ағымдағы жылы шаһар­дың барлық аудандарында қазақ күресі секциялары ашылып, «Белдесу» аталатын ұлттық күрес түрі қайта жандан­ды. Басты атап айтатыны, жуырда қалаға қайта қайтарылған Алматы ипподромында жөндеу жұмыстары қайта бастау алды.

Әрине, шаһардағы спортты дамыту бойынша жасалып жатқан жұмыстарды мұнымен шектей алмасымыз анық. Мыса­лы, жоғарыда келтіргенімізден басқа «Менің ауламдағы спорт» жобасы шеңбе­рінде 18 мыңдай спортпен тұрақты айна­лысатын балалар күнделікті жаттығатын спорт алаңқайларының саны өсті. Соны­мен, бір кезде мегаполисте әлеуметтік жағынан төмен қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру мәдениеті мен спортқа тарту мақсатындағы «Батыл бол» жобасы да іске аса бастады.

Міне, осылай спорты өркендей бастаған мегаполистегі «Сайран» су қоймасында жексенбі күні алғаш рет триатлон жарысы бойынша Elіte дәрежесінде әйелдер мен ерлер арасында тартысты өткен Азия Кубогы жолындағы чемпионаттың жүлде­герлері анықталды. Онда әйелдер ара­сындағы жарыс қорытындысы бойынша, жүлдегерлер қатарына негізінен Жапония мен Корея спортшылары енді. Атап айтқанда, жапондық Ниина Кишимото алтыннан алқа тағынса, оның отандасы Хикару Фукуока күміспен күптеліп, ал корей спортшысы Джи Йеон Ким қола медальды қанағат тұтты. Бұл ретте қазақстандық үш сайысшылар бар болғаны 11-16 орындар арасынан ғана көріне алды.

Ал ерлер арасында үздіктер арасында гонконгтік Оскар Коггинс тұғыр биігінен көрі­ніп, екінші орынға украиндық триа­тлоншы Иван Иванов ие болды және үшінші жүлдеге Гонконг спортшысы Джейсон Тай Лонг Нг қол жеткізді. Біздің жігіттер мұнда тіпті қыздардан да төмен өнер көрсеткенін атап өткен жөн.

Қысқасы, «Сайран» көлінің жағасын­дағы жарыс қиын жағдайда аса тартысты өтті. Дегенмен, үш сайыс қорытындысында жақсы өнер көрсеткен спортшылар бір-біріне шампан атып, бар қиындықты тез-ақ ұмытып кеткендей болды. Спорт дегеніміз осынысымен де қызық қой!

Жалпы алғанда, үстіміздегі жылдың басынан бері шаһарда барлығы 250 мың адамды және соның ішінде 2,5 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтыған 2,5 мыңнан аса спорттық және денешынықтыру мен шыңдау-сауықтыру шаралары өткізілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *