Сахнаның сәні де, мәні де кетіп барады

Өзін Жетісу ауданында бір дәріханада фармацевт болып істеймін деп таныстырған С.Әбішева «Алматы ақшамының» нағыз оқырманы екен. Бұл кісіні мынадай жағдай толғандырып, тіпті маза бермейтін көрінеді.

– Қазір теледидарды қараған  сайын, концерттерге барған сайын жаным түңіліп кетеді. Біз білгенде сахна деген үлкен мәдениет орны еді. Одан зиялылықтың, бекзаттықтың исі аңқып тұратын. Қазір не болып кетті өзі? Әнші бір жақта, ел бір жақта. Бекболат Тілеухан айтпақшы, «аузы бардың бәрі әнші». Өткенде Қ.Сәрсен­байдың Мейрамбекке жазған хатын оқып, қатты тұшынып, көп нәрседен үміттеніп едім. Бұл бүгінгі күннің рухани дертін тап басқан, қоғам талқысына түсетін мәселе еді. Фейсбукте, әлеуметтік желілерде тал­қыланғаны болмаса, оған ресми орын­дардан мойын бұрған ешкім де болмады. Селт етпедік. Етіміз өліп кеткен бе, немене. Телеарналар әншілердің жүрген-тұрғанын, қымбат көлігін, зәулім сарай үйлерін көрсетіп, бір-бірін жамандап, өсек-аяң айтқандарын айтып айқайлай бергенше, осындай ел көкейіндегі мәселелерді неге талқыға салмайды? Әлде оған ой-өрісіміз, деңгейіміз жетпей ме? Шынымды айтсам, қоғамды дүр сілкіндірген осы хатты оқып, қатты қуанып едім. Бірақ ол қуанышым ұзаққа созылмады. Ендігі айтпағым, киелі сахнаның мәні, сәні кетіп қалды ғой. Қазіргі сахнаға әншілер өте жауапсыз шығады, былайша айтқанда 90 пайызы солай. Өткенде Сәкен Майғазиев осы мәселені шетпұшпақтап айтты. Баяғыда деймін-ау, Роза, Бибігүл апаларымыз, Ермек ағаларымыз сахнаға шыққанда шаттанып отыратын едік. Қазір бір жын көргендейсің. Не дұрыс киім, не дұрыс би жоқ. Тіпті, сахнада тұрып біреулерді туған күнімен құттықтап, елде шаруасы болмай кетеді. Бұрынғының әртістері қандай еді. Өзінен де, сөзінен де, жүріс-тұрысынан да бекзаттықтың, тектіліктің белгісі қылаң беріп, көрерменнің көңіл күйі, рухы көтеріліп қайтатын. Сахна тәрбиенің төріне айналатын. Ал қазір ішің удай ашып, шаршап қайтасың. Тіпті жүйкеңе тиіп, ұсақ-түйек ауруларың қозып кетеді. Қайсыбірін айтайын, бұл сұмдықтың бетін қайтаратын күш бар ма? Үлкен өнер, текті өнерден қасиет қалмай барады ғой.

Р.S. Оқырманның жан айқайын әбден түсінуге болады. Бұл мәселе «Алматы ақшамында» әлденеше рет көтеріліп, телеарнаның тойхана деңгейіне дейін түсіп кеткенін де зар илеп жазғанбыз. Дейтұрғанмен де, ұлы мәртебелі уақыт бәрін ек­шеп, өз орнына қояр деген үміттеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *