«Сахнагер-2018» ұлттық театр жүлдесін табыстау рәсімі өтті

Балнұр АХМЕТ

 

М.Лермонтов атындағы Мемлекет­тік академиялық орыс драма теа­трында «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Театрлары Ассоциациясы ұйымдастырған бұл жүлде биыл екінші рет 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай республикамыздағы театр ұжымдарынан іріктелген ең үздік кәсіби мамандарға шығармашылық жетістіктері үшін табыс етілді.

«Сахнагер» жүлдесі еліміздің мәдени кеңістігін біріктіріп қана қоймай, шығармашылық тәжірибемен тұрақты алмасу үшін жағдай жасайды және ұлттық өнерге деген махаббатты арттырып, патриотизмді нығайтуды мақсат етеді. Ұлттық сыйлық аясында жас дарындарды  қолдауға ерекше назар аударылып, кәсіби жетістік­терге ынталандыру мен Отанына деген рухты идеяларды ояту мақсатын көздейді.

Мерекелік кеште «Astana Musіcal» Мемлекеттік театрының ұжымы, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі және басқа шығармашылық  ұжымдар өнер көрсетті. Республикамыздың әр аймағынан келген сахнагерлердің басын қосқан салтанатты жиында М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театры ұжымының өнерпаздары да марапат­талды. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевқа «Сахналық ғұмыр» аталымы, қоюшы-режиссер, дирек­тор­дың кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаевқа «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» аталы­мымы берілді.  «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Бөпежанова «Үздік сыншы» атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» орденде­рінің иегері Төлеубек Аралбайға «Үздік екінші план актері» аталымы бұйырды. Зарина Карменова мен Ажарлым Бақытжанова «Үміт» аталымына қол жеткізді.

Салтанатты жиында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері де марапатталды. Қазақстанның халық әртісі Роза Әшір­бекова «Сахналық ғұмыр» аталымын иеленсе, театрдың көркем­дік жетекшісі, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек «Үздік театртанушы» атанды.

Толқын Нұрбекова «Үздік екінші план актрисасы» болса, «Үміт» аталы­мында Мақсат Сәбитов пен Динара Нұрболат топ жарды.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *