САХНАДАҒЫ саңлақтар

12 желтоқсанда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері – Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа және шығармашылық өнерлеріне 40 жыл толуына арналған мерейтойлық кеш өтеді. Мерекелік кеште ақын, драматург Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы» қойылым-дастаны сахналанады. Ғұмыр бойы таза, адал да пәк ғашықтық сезімдерін аялай білген қос ғашық жайлы махаббат-нама Өмір мен Өнерде 40 жыл бойы қатар самғап келе жатқан жарасымды жұп, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахна майталмандары Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толған мерейтойларына орай сахналанған.

Театр мен киноны қатар алып  жүрген хас шебер

Театр төрінде сахналанған А.Бектің «Волоколам тас жолындағы» – Бауыржан Момышұлы (1985 ж.), Ш.Мұрта­заның «Сталинге хат» драмасында – Т.Рысқұлов (1988 ж.), І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбетінде» – Махамбет (1995 ж.) бейнесі арқылы жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан актер Сағат Жылгелдиев әлі күнге дейін көрермен қауымды талантына тәнті етіп келеді. Талантты актер Сыр елі – жыр елі атанып,  кешегі Тұрмағанбет, Базар жырау, Әбубәкір Кердері, Кете Жүсіптей жыр сүлейлері өткен  көне де киелі мекен – Қызылорда топырағының Жалағаш ауданы, Аққыр кең­шарында  1954 жылдың  12 желтоқсанында  дүниеге  келген.

1970 жылы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияны тәмәмдап, 1972-1973 жылдар аралығында туған ауылына барып еңбекке араласады.

1974 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік  консерваторияның актерлар дайындайтын бөлімін КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Хадиша Бөкеева мен  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың шеберлік сыныбын  бітіріп, 1977-1997 жылдар аралығында Талдықорған облыстық драма  театрында жиырма жыл бойы табан аудармай сахнагерлік қызметін  атқарды.

Ол осынау өнер жолында көптеген қиын да күрделі образдар сомдады. Талантты актер бейнелеген М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» – Сырым, «Абайындағы» – Айдар, «Хан Кенесіндегі» – Нысанбай (1978 ж.), Ғ.Мүсіреповтің  «Ақан  сері – Ақтоқты» трагедия­сындағы – Ақан (1979 ж.), Б.Майлиннің «Шұғасындағы» – Әбіш (1980 ж.), Қ.Ысқақтың «Таңғы  жаңғырығындағы» – Бақтығұл (1982 ж.), Ш.Айт­матовтың «Жәмиласында» – Данияр, Т.Қали­лахановтың «Ақын Сарасындағы» – Біржан сал (1990 ж.),  В.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Петручио (1991 ж.), т.б. образдары табиғилығымен ерекшеленеді.

Сахна майталманы С.Жылгелдиев  1997 жылдан  бастап,  Ғ.Мүсірепов  атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер  театрында  еңбек  етіп келеді. Ол театрымызға келген алғашқы жылдары О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында» – Қожа Ахмет бейнесі (1998 ж. ), С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» лирикалық мұңындағы – Абдолла, С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді…» тарихи драмасында – Оразқұл, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясында – Шеге, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қарабай рөлдерін ойнады.

Сағат Жылгелдиев соңғы жылдар көлемінде сахналанған театр қойылымдарында Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» атты екі бөлімді драмасында – Аманжолов, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Қоңқай, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қарабай, Т.Теменовтің «Шығыс  сазы» музыкалық хикаясындағы – Ертегіші, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббат-намасында – Естай, т.б.  бейнелерін сомдады.

1978 жылы  шығармашылық еңбегінің жемісі ретінде С.Жылгелдиевке ҚазКСР Мәдениет министрлігі,  Қазақстан ЛКЖО ОК,  Қазақстан  Театр  қайраткерлері одағы бірігіп белгілеген ІІІ дәрежелі диплом төсбелгісімен  қоса берілді. 1985 жылы ҚазКСР мемлекеттік комитеті тағайындаған  «Телевидение  мен  радиохабарлар»  жүйесі  бойынша  «Айтыс»  жарысының  жеңімпазы болғаны үшін И.Байзақов атындағы құрметті диплом мен  төсбелгі табыс етілді. С.Жылгелдиев Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баевтың 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына, 2006 жылы  «Ерен  еңбегі  үшін»  медаліне  ие  болды.

Театр сахнасындағы актерлік өнерімен қатар, соңғы кездері отандық бірнеше фильмдерге түскен Сағат Жылгелдиев телекөрермендер көзайымына айналып үлгерді.  2012 жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жобасы аясында түсірілген «Әке  серті»  телехикаясындағы  Әке  бейнесі – Досымбек  және 2014 жылы көрермен назарына ұсынылған «Сырғалым»  телехикаясындағы Ұлықбек бейнесі – актер  Сағат  Жылгелдиев  сомдаған  ерекше  образ  ретінде көрермен қауымның ыстық ықы­ласына бөленді.

Бүгінде  ол  Ғ.Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік академиялық  балалар мен жасөспірімдер театрында шығарма­шылығын одан әрі шыңдап,  өнер мен өмірде түйген-білгенін ұжымдағы соңынан ерген талантты жастарға  үйретіп, белді де беделді аға буын әртістеріміздің қатарында жемісті еңбек  етуде.

Осы орайда М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде – Сырым,  Ш.Айтматовтың «Жәмила» драмасында – Данияр, Т.Қали­лахановтың «Ақын Сарасында» – Біржан секілді рөлдерімен  қазақ  театр  тарихының  «Алтын  қорына»  кірген  өнер  шебері Сағат  Жылгелдиев, міне,  осындай табысты жолдармен асқаралы 60 жасқа келсе,  театр  сахнасындағы  шығарма­шылығына  бүгінде 40 жыл  толып  отыр.

Жаны жарқын дарын иесі

Балдай тәтті балалық шақтан актриса болуды армандаған Жібек Лебаева қазақ өнерін өркендетуге бар ғұмырын арнаған. Бүгінде театрсыз өз өмірін көз алдына елестете алмайтын актриса 1953 жылдың 5 тамызында Жер жәннаты – Жетісу өлкесінің Қарасай, Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды ақындар мен батырлардың ауылында, яғни, Алматы облысының Жамбыл ауданы,  Қарақастек  ауылында  дүниеге  келген. Жібек Лебаева  1970-1975 жылдар аралығында  Құр­манғазы  атындағы  Алматы мемлекеттік консерваториясын актерлік мамандық бойынша,  КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ш.Жандар­бекованың шеберлік курсынан бітіріп шыққан. Ол актерлік кәсіби  мамандық алысымен сол жылы-ақ, Талдықорған облыстық драма театрына қабылданып, аталған театр сахнасында 1997 жылға  дейін  жемісті еңбек  еткен.

Ж.Лебаева аталған  театрда  жиырма  жылдан  астам  уақытта  Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» траге­диясында – Баян, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселімінде» – Қадиша, «Жәмилә» драмасында – Жәмилә, М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында – Қарагөз, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, Н.Чеховтың «Дядя Ваня» спектаклінде – Елена Андреевна, М.Әуезовтің «Абайында» – Ажар, Б.Майлиннің «Шұға» қойылымында – Шұға, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында – Айгүл, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Ақтоқты, «Ұлпан» қойылымында – Ұлпан, Д.Исабековтің «Әпке» драмасында – әпке, В.Шекс­пирдің «Асауға  тұсауында» – Катарина,  Ш.Айтма­товтың «Ақ кеме» трагедиясында – Бұғы-Ана, Бекей, тағы  да  басқа 40-қа тарта қазақ театр тарихының  алтын  қорына  енген  қойылым­дарда ең  басты  рөлдерді  сомдаған.

Өнерсүйер қауымды талантымен тамсандырған дарынды актриса жанры әртүрлі спектакльдердегі сан-қилы мінез-құлықты кейіпкерлер  бейнесіне  сахна  төрінде  жан  бітірді. Сыншылар  тарапынан  жоғары  баға  алған ол бейнелеген образ­дары арқылы өзінің  нағыз шынайы  талант  иесі  екендігіне  көрерменнің  көзін  жеткізді.

Ж.Лебаеваның  бұл  шығармашылық  кезеңі  жастық  жалы­нын аямай бойдағы әртістік талантын паш етіп көрсеткен нағыз жарқын  шақ болғаны  анық. 1991 жылы Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» құрметті  атағы  берілді.

Жібек  Лебаева  1997 жылы  Ғ.Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  балалар  мен  жасөспірімдер театрына  ауысып  келгеннен  күні  бүгінге  дейін  осы  театрда  үзбей  қызмет  етіп,  сахна  төрінде  өзінің  өресі жоғары, шоқтығы биік етіп көрсете алған рөлдері арқылы жұртшылықтың ілтипатына бөленіп келеді. Өнер иесі бұл театрда Д.Исабековтің «Ескерткіш «операциясы» комедиясындағы – Әштеннің әйелі, Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» драмасындағы – Бурыл, С.Асылбекұлының  «Желтоқсан желі» спектакліндегі – Талшын, И.Вовнянконың «Стриптизердің  өлімі» қылмыстық хроникасындағы – Прокурор, Т.Ахметжанның «Екі жүрек» драмасындағы – З.Зулхановна, М.Ахмановтың «Наурыз думан» музыкалы-танымдық ертегісінде – Әже, М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз…» трагедиясында – Мөржан, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» трагикомедиясындағы – Нұрия, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» спектакліндегі – Қорлан, т.б. рөлдерін ойнаған. Актрисаның сомдаған бұл бейнелері ерекше атауға тұрарлық өзіндік орны бар, шығармашылық жолындағы үлкен жетістігі болып  саналады.

Өнер  иесінің  театрымыздың  биыл  сахналанған жаңа қойы­лымы «Естайдың Қорланы»  махаббат-намасындағы  Қорлан  бейнесін  баса  атап  өткеніміз  жөн.  Аталған  қойы­лым – Өнер  мен  Өмірде  40 жыл  жұп жазбай  келе жатқан ерлі-зайыптылар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері – Жібек Лебаева мен Сағат Жылгелдиевтің 60 жылдық мерейтойларына арнап  сахналанып, көрермен көзі мен сыншылар сөзінің жылы лебі мен лебізін сезініп үлгерген туынды.

Жібек Лебаева ойнаған әрбір рөл өзіндік ерекшелігімен, қайталанбас иірімдерімен, шынайылығымен құнды. Оның сахнада сомдаған ірі образдары  көрермен жүрегінен өшпес орын алған, ал, театр өнеріне сіңірген ұзақ жылғы  еңбегі орасан екені айқын.

 Ағзия  КӨЛБАЕВА, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *