Сахнада – Ұлы дала данагөйі

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Сүйінбай»  драмалық эпосы сахналанды

Балнұр АХМЕТ

 

Қазақ халқында ұлт деген ұлы ұғымды бәрінен биік қойған талай тұлғалар болған. Алма­ғайып замандарда ұлттың тарихи тағдырын, тамыры мен танымын, ұлттық мұраты мен қасиетін ұлықтаған Ұлы дала данышпандарының бірі – қазақ­тың айтыс өнерінің атасы, жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлы еді. Күнтізбедегі керуен жыл­дар көші алға жылжыған сайын ұлтымызды ұлықтаудың үлкен үлгісін танытқан тарихи тұлға­ның ұлт көгіндегі бейнесі биік­тей береді. Халқымен жүрегі бірге соққан асқақ рухты ақын­ның ұлтымыздың рухани бол­мыс-бітімінен бастау алатын жалынды жырлары әлі талай ғасырларға барады. 

«Сүйінбай» драмалық эпосы ұлы дала кемеңгерінің ғибратты ғұмырынан бір үзік сыр шертеді. Ежелден тамыр жайған тарихқа үңілдіретін қойылым ықылым заманнан ынтымағы жарасқан қазақ пен қырғыз елінің бірлігін бейнелеп, достығын дәріптейді. Тату-тәтті тіршілік кешкен екі елдің ынтымағы ыдырап, қайтадан бауырласқандығы жайлы баяндайтын қойылым жауқазын жастарға ақындық өнерімен талайды тамсандырған тарих тарланбозының өнегелі өмірін паш етеді, таудай тұлғаның шығармашылық әлемін тереңдей тануға жетелейді.

Қазақ айтыс өнерінің атасы – Сүйінбай Аронұлының 1847 жылы қырғыздың ақыны Қатағанмен айтысы тарихта хаттаулы. Кенесары ханның өлімінен кейін қазақ-қырғыз арасы бітіспес дауға ұласып, қырғи-қабақ болып тұрған кезде қырғыздың бай-манабы – Орман хан анасының асына қазақтарды қонаққа шақырады. Жетісу жерін мекендеген қазақ руларының билеушісі – Тезек Төре бұл асқа Сүйінбайды ертіп барады. Жиын соңы айтысқа ұласады. Ұзаққа созылған аламан айтыс Сүйінбайдың жеңісімен аяқталады.

ХІХ ғасырдағы қазақ пен қырғыз халқының қарым-қатынасын суреттейтін спектакльдің қоюшы-режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Қойылымдағы бас кейіп­кер – Сүйінбайдың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс сомдады. Талантты актер тарихи тұлғаның жарқын бейнесін биіктен көрсетіп, ақындық өнерін, адамгершілік асыл қасиетін, ақыл-парасатын көрерменге паш етті.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров тарихи қойылымның құндылығын, рухани маңыздылығын атап өтті.

– Егемен ел атанғалы ақтаңдақ жылдарды шаң басқан архивтерден жарыққа шығарып, тарихи деректерді драматургия тіліне айналдырып, көркем туынды жасау үрдісі туды. Белгілі драматург Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпосын таңдаған сәтте қазақтың рухани әлеміндегі ұлы тұлға Сүйінбай бабамыздың отты жырларымен, оның біртуар бейнесімен, әсіресе жас ұрпақты тілдестіргіміз келді. Себебі, Сүйінбай Аронұлы – халқымыздың рухани кеңістігіндегі ұлы тұлғалардың бірі, ақиық ақын, қайраткер, дала кемеңгері. Сүйінбай бабамыздың жырларында біздің ұлтымыздың болмыс бітімі жатыр. Өміршең өлеңдерінде ұлтымыздың «рухани коды» жатыр. Сүйінбай біртуар болмысымен бүгінгі ұрпаққа не бе­реді десеңіз, әрине, ең бірінші кезекте ұлттық рухтың биіктігін көрсетеді. Намыстың жар­қылдаған наркескені іспеттес жампоз жыр­ларымен жас ұрпақты елдік пен бірлікті ту етуге бастайды. Тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолын арқау еткен туынды­да ақынның күрескерлік келбеті, адамгер­шілік болмысы бейнеленген. Қойылымнан көрермен тарихи тағылым мен таным, тәрбие мен өнеге, рухани эстетикалық әсер алады.

Біздің халқымыздың болмыс-бітімін айтыс өнерінсіз елестету қиын. Қазақ ауыз әдебиетіндегі шоқтығы биік айтыстың бірі – Сүйінбай бабамыз бен Қатағанның арасындағы жыр жарысы. Ғасырдан ғасырға, бабадан балаға мирас болып келе жатқан осы айтыстың сахналық нұсқасы көрермендерге керемет көркемдік эстетикалық әсер сыйлады. «Қазақ-қырғыз бір туған» деген байырғы бабаларымыздан бүгінгі күнге дейін жеткен халық даналығы бар. Драматург пен режиссер қойылым арқылы осы ұғымның астарын ашып, халық даналығын ту еткен. Екі елдің арасындағы тамыры тереңде жатқан достық пен бірлікті дәріптеуді өздерінің басты мақсаттарына айналдырған олар көздеген мұратына жете білген. «Сүйінбай» қойылымы арқылы біз көрермендерге «Ұлы Дала театрының» заңдылықтарына негіздел­ген, рухани құндылықтарды дәріптейтін ұлттық қойылымды ұсына аламыз деген сенімдемін, – дейді Асхат Маемиров.

Спектакльдің қоюшы-режиссері – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов тарихта қырғыз манаптарының қолынан қаза болған Хан Кененің тағдыры жанына батқан  Сүйінбай бейнесі драмалық эпоста халықты біріктіру жолында көрініс тапқандығын айтты. Режиссер бұл спектакльді Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық драма театрында да сахналаған. 

Қойылымда Тезек Төренің бейнесін сом­да­ған Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Болат Әбділманов бұл тарихи қойы­лым­да кейіпкер келбетін кескіндеу үшін актерға үлкен дайындық керектігін тілге тиек етті.  

– Жасынан жыраулығымен елге таныл­ған Сүйінбай Аронұлы – өнер жолындағы талай ақынның ұлағатты ұстазына айналған қазақтың асқақ тұлғасы, ірі қоғам қайраткері болған. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл бабамыз: «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп кемеңгер рухына тағзым еткен. Жаугершілік қиын-қыстау замандарда ақылы дариядай даналарымыз, қазыналы қарияларымыз, аузы дуалы абыройлы ақындарымыз ақыл-парасатымен, салиқалы сөздерімен, өздерінің өнерімен соғыс өртін өршітпей, еліміздің тыныштығын сақтап қалған. Иран-Ғайып – ерекше сүйіп оқитын ақыным. Оның жазған пьесасын  да екінің бірі ойнай алмайды. Ол үшін актерға үлкен дайындық керек, үлкен диапазон керек, терең тыныс керек, үн керек. Ақынның әр сөзінің астарын ашу үшін терең білім керек. Жас кезімде Иран-Ғайыптың «Шыңғыс ханында» Жошының бейнесін сомдаған едім. Сол кезден бастап оның шығармашылығымен жақын таныспын. Қойылымды жылы қабылдаған көрермен­дердің қошеметі бізге үлкен шабыт берді, – дейді Болат Әбділманов.

Тамыры терең тарихқа зер салдыратын спектакльдегі сахна декорациясындағы балбал тастар бейнесі көрерменнің көз алдына өткен дәуірлердің дидарын елестетсе, қойылымдағы бірқатар оқиғалар желісі қазіргі заманауи техникалық құралдармен проекция арқылы көрсетілді.  Спектакльді қоюшы-суретші – Ерлан Тұяқовтың айтуын­ша, сахна төріндегі қойылым декорациясын­да ақ маталы шеңбер пішіні шаңырақтың, ашық аспанның символы, Ыстық көлдің бейнесі ретінде қолданылған. Жас суретші спектакльдегі аспанмен астас­қан Алатау ажары арқылы екі елдің асқақтаған рухын, асыл арманын көрсеткісі келгендігін жеткізді.

Айта кетерлігі, спектакль барысында сахнадағы сырлы саз тарихи оқиғаға негіз­делген қойылымдағы оқиға желісімен жара­сымды үйлесім тапқан. Қойылымның ком­позиторы Бауыржан Ақтаевтың «Сүйін­байға арнау» атты шығармасы сахналанған тарихи туындының ажарын аша түскен.   

– «Сүйінбай» спектаклін әрлеген әуеннің өзіндік тарихы бар. Осыдан бірнеше жылдар бұрын Жамбыл, Сүйінбай, Кенен аталары­мыздың ізгі ізі қалған Жетісу жерінде қызмет етіп жүргенде «Сүйінбайға арнау» атты шығарма жазған едім. Жамбыл ауданында, Ұзынағаш елді-мекенінде Сүйінбай бабамыздың құрметіне «Сүйінбай сазы» атты ансамбль құрылған болатын. Мен сол ансамбльдің жетекшісі болдым. Алдымызда ансамбльге арнайы шығарма жазу туралы үлкен тапсырма тұрды. Бұл тарихи музыка­лық туынды міне осылай дүниеге келген еді. Алғашында «Сүйінбай сазы» деп аталған бұл тарихи туынды «Сүйінбайға арнау» атауымен кейіннен кеңінен таралып, еліміздегі көп­теген облыстық ансамбльдердің репертуары­на енді.

Жалпы, Жетісу өлкесі айтыс өнерінің қайнаған өңірі ғой. Музыкалық туындыдан Жетісудан тамыры тараған тарихи тұлғаның бейнесі бедерленіп тұруы тиіс болды. Негізі, бұл шығармада батыстың қағысын, Жетісу­дың әуенін, айтыстың мақамын алып, пай­даландым. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегерлері «Sarмаd» этно-фольклорлық ансамблінің репертуарындағы музыкалық шығармалары қойылымды құнарландырып, спектакльдегі соғыс көрі­нісі­нің мазмұнын аша түсті, – дейді Бауыржан Ақтаев.

Театр ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы және Астана қаласының 20 жылдығы аясында 15–21 маусым аралығында «Алатау­дан Сарыарқаға сәлем» атты гастрольдік сапармен Астана қаласында өнер көрсетеді. Әкемтеатр Елорда көрермен­дерін «Қыз Жібек», «Актерді өлтірген кім?», «Жау­жүрек», «Қоштасқым келмейді», «Сыған серенадасы» қойылымдарымен  қуантпақ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close