Сахна сыртындағы САҢЛАҚТАР…

1124Театрда көрінбейтін шеберлер бар. Шымылдықтың ар жағында жүріп тер төгеді олар    

Құдай қосқан қосағы Салиха көз тоятын көрікті, ақылды, адал және ержүрек жан еді

Ия… Бұзылған дүниені сапалы етіп жөндеген шеберге өзгелердің рахметі мол болғанмен, ауыртпа­лығы мен азабы да аз емес. Мұқат сымбатты жігіт болатын. Кейін білдік, сүйген жары Салиха да көрсе көз тоятын көрікті екен… Дүниеге Қайрат есімді ұл бала келгенде, аяқ астынан ауруға ұшырапты. Медици­на­ның заңы бойынша, босанған ана ұйықтамау керек екен. Әлсірегенде ұйықтаймын десе де, ұйықтатпау керек көрінеді. Бақылап тұратын медбике өзге ауруға қарап жатқанда, Салиха ұйықтап кетіп, соның салдарынан сол қолы мен сол аяғы жансызданып, жүре алмай қалады. Осылайша аттай шауып жүрген келіншек қасқағым сәтте аяқ-қолынан айрылып, қор болады да қалады.

Дәрігерлер болса, «Келесі перзенттен кейін айығып кетесің» деп жұбатады. «Басқа түссе баспақшы» деген осы. «Тағдырдың салғаны сол болса, амалым қанша, оны да көріп алайын» деген ержүрек ана Салиха тұңғыш баласы Қайраттан кейін Болат, Нұрхан, Дархан деген үш ұлды және екі қыз баланы дүниеге әкеледі. Дәрігерлердің сөзінде шындық жоқ болып, «Алдамшы үміт жетелер сездірмеген салмағын, әркім өзі көтерер тәңірдің басқа салғанын» дегендей, өрімдей боп өсіп келе жатқан ұл-қыздарына қарап отырып, «Артымда қалып бара жатқан бақытым да, байлығым — осылар аман болсын» деген ақ тілеумен ақторғын жамылып, сүйікті ана Салиха дүниеден өткен екен.

Қып-қызыл шымылдықтың ар жағынде көзге көрінбей-ақ, күндіз демей, түн демей сахнаның сәнді өнері үшін адал қызмет етсе де, азын-аулақ марапат та көрмеген атпал азамат, өнерді жан-тәнімен, жүрек-қанымен сүйген шебер Мұқат Жолтаев 55 жасында, өмірінің соңғы сағатын театрда, бутафория (қойылымдарға қажетті құрал-саймандар жасайтын) цехында көз жұмады. Құдайдың берген жасы сол шығар десек те, өкініштісі – тым ерте кетті. «Орнында бар, оңалар» деген осы шығар, ұлдары ержетіп, шаңырақ көтерді. Қыздары тұрмысқа шығып, нәресте сүюде. Құдайым көп көрмесін…

 

«Қыз-Жібектің» мыңыншы қойылымын фильмге түсірген 

1954 жылы Мұхтар Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрына Мәскеудің актер дайындайтын ГИТИС оқу орнын бітірген бір топ талантты жас келді. Соның ішінде бір-екі жылдан кейін актерлікті қойып, өнердің басқа саласын игерген Тұраш Ыбыраев «Қазақтеле­фильм» студиясында «Сенім», «Құрман­ғазы», «Ақ автомобиль», «Жаз да аяқталып келеді» деген деректі фильмдер түсіріп, абыройлы еңбек етті. Басқасын айтпағанда, киелі қара шаңырақтың 40 жылдық мерекесіне орай Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтың «Беу қыздар-ай», Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебек» қойылымдарын фильм-спектакль етіп жасады. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын алды. Бір қызығы, осы Тұраш Ыбыраев 1968 жылы 28 қаңтарда «Қыз-Жібектің» 1000 қойылымын (режисері — Байғали Досымжанов, либереттосы — Ғабит Мүсіреповтікі, операсы — Е. Бруси­лов­скийдікі) кино пленкасына түсіріпті. Мыңыншы «Қыз-Жібек» операсындағы кейіпкерлерді алғаш орындаушылар: Төлегенді – Қанабек Байсейітов, Жібекті – Шабал Бейсекова, Бекежанды — Құрманбек Жандарбеков, Шегені – Ғарифолла Құрманғалиев болатын.

Қазақ музыка өнерінің асыл мұрасына айналған қойылым «Қыз-Жібек» халық қазынасы екені айтпаса да түсінікті. Сондағы көрермендердің қуанышында шек жоқ еді. Жастық шағы еске түскеннен бе, көздеріне жас алғандар да болды. Ғабаңды құттықтаған жазушы қауымы, өнер майталмандары, академик ғұламалар шат-шадыман болып, бір-бірімен құшақтасып жатты.

Осы бір тамаша кештегі сән салтанатты кейінгі ұрпақтар көрсін деген ниетпен, мақтанышпен жасалған деректі фильмді жоғары жақтан «дұрыс емес» деп режиссері Тұраш Ыбыраевқа қатал сөгіс жариялады. Не үшін екенін ешкім білмейді. Өзінен сұрағандарға «Сен сұрама, мен айтпайын» депті.

 

Күндей күліп тұратын Болат аға

Театрда В. Шекспирдің «Асауға тұсау» атты қойылымында кішігірім күлкілі сахна бар. Көріністі қалғып-мүлгіп қарап отырған Слай «Жақсы екен (есінеп болып)… Бірақ, тез бітсе екен» деген сөзге «Олай болса, ұйықтамаңыз, Сэр!» деген эпизодтан кейін, орындаушы Болат Маусымбаев «Слайға (рөлді атқаратын — Сүртібаев Мүлік) атқосшы болғанша, Әуе­зов театрының бас администраторы болайын» деп қызметін өзгертті. Бірінші болып құттықтаған Сәбира апамыз әзіл-шыны аралас: «Қайным, астыңда мәшине, болашақты ойлағаның жөн екен, ертең зам, сонан соң сам болуың да ғажап емес… Қызметің құтты болсын! Зырылдап жүйтки бермей, біздерді үйге апарып, әкеліп дегендей.., көп жерлерде жүресің, әлгі үнді шайы кездессе ала кел, айналайын», – депті. Бұл әзіл болса да аз шаруа емес еді. Болат тік тұрып «Болды, жеңеше! Айтсаңыз болды!» – дейді.

Болат өте сыпайы, мәдениетті, еңбекқор жігіт еді. Директорымыз Вайсман жұмысты тек кабинетте отырып тындыратын. Ал, зыр жүгіртіп жұмсайтыны Болат болып шықты.

Әлі есімде, театр Қарақалпақстанға, Жұмабай Медетбаевтың еліне гастрольге жүрер алдында директор Вайсман қатардағы режиссер қызметінде жүрген Жақып Омаровты кабинетіне шақырып алып, «Анау бас администратордың екі жаққа бірдей жүгіруге уақыты жоқ. Сен қарап жүргенше ақша тап, Нүкіске барғанда қатарынан екі спектакль жүреді. Бірі — қалада, екіншісі — ауылда. Белгіленген шарт бойынша тапқан табысыңа қарай пайызбен ақша аласың» деп Жақып­тың келісімін алып, Нүкіске ертерек жібереді. Бір апта­дан кейін бүкіл ұжым болып Әзірбайжан Мәди­ұлының бастауымен барған біздерді Қарақалпақ­станның астанасы Нүкістің әуежайында кернейлетіп, сырнайлатып қарсы алды. Күннің ыстықтығы кырық градустан аспаса, кем емес. Ақ­құбаша Жақыбым күнге күйген, қап-қара. Шүйкедей болып ол тұр. Баяғыда бір жігіт ағасы таныс баланың атын ұмытып, «айналайын, Эпиопия» десе, «Аға, совсем қап-қара негір ғып жібердіңіз ғой, менің атым Алжирбек» деген екен. Сонымен Нүкістегі гастроль салтанатты басталып, зор табыспен өтіп жатты. Жақып та орталықтың айналасын, алыс-жақын елді мекенін түгелдей қамтып, Халқабат деген елді мекенде, үлкен клубта соңғы қойылымды көрсетеді. Жақыптың басқаруындағы әртістер көңілді, табыс қомақты. Сонан соң банкет… Қалжырап шаршаған Жақып та қашанғы шыдасын, ол да біраз сілтесе керек… Қонақ үйге таңға жуық жетеді. Көмекші жігіттер тым болмаса көз шырымын алсын деп, бөлмесіне кіргізеді де, кетіп қалады. Сол күні таңғы жетіде дәлізде темекі шегіп тұрған Таңат Жайлыбе­ковтен директор Вайсман: «Как сосед, нормальный или поддатый?» деп сұраса Таңат: «Не знаю, храпит, значить поддатый» деп әзілге бұрып жауап береді. Директор: «Говорили, что он не пьющий» десе, Таңат иығын көтереді. Күмәнданған директор есікті тартса, ішінен жабылмаған екен. Жақып киімін шешпестен, етбетінен сілесі қатып ұйықтап жатыр. Күндегі таныс қара портфель жоқ. Ары қарайды, бері қарайды, кереуеттің асты-үстін көзімен түгел шарлайды. Көрінбейді. Күдігі қоюлана түскен директор Жақыпты сілкіп-сілкіп оятпақ болады. Ұйқысын аша алмай мең-зең болған Жақып «Дайте поспать, потом поговорим» десе, «Ты что пьяный,.. кошмар! Где деньги?..Я говорю, где деньги?» деп үстіне төне түседі. Жақып: «Там оста­лась..» деп түсініксіз міңгірлейді. Вайсманның қыли­ланған көзі атызданып, Жақыпты одан сайын сілкілейді: «Где оставил? Говори!». Ол қолымен кереуеттің астын көрсетеді. «Там нету! Тысячу раз смотрел!». Жақып ақырын басын көтеріп, есіне түсірген адамдай, өзінің астында дөңкиіп жатқан матрасты қапсыра құшақтап, бергісі келмеген адамдай қайтадан жата қалады. «Ты меня достал…», –дейді де, Жақып жатқан матрасты көтеріп жіберіп, астынан бұрынғыдан да қомақты қара портфельді жұлып алып, Вайсман өз бөлмесіне кетеді…

Кейін «Одноразовый администратор болғаныңда Вайсманның үрейін алыпсың, бастық болу қалай екен?», — деп сұрағандарға: «Істеген ісің көзге көрінбейтін, рахметі жоқ ауыр жұмыс екен» депті иманды болғыр Жақып.

Шындығына келгенде, Болат Маусымбаев театрда­ғы қызметтің ауыр саласына келді. Күнделікті көрерменді жақсы спектакльге келтірудің өзі неғайбыл, қазіргідей телеарнадан күндіз-түні тынбай зарлайтын жарнама жоқ. Сол кездің өзінде қала мен даланың арасын жалғастыратын өнер құдыреті күшті еді. Жыл сайын жаз мезгілінде елді мекендерге баратын бағдарламаны дайындау, келісім-шарттарды тап-тұйнақтай ету оңай шаруа емес. Облыс орталықтарын­дағы іс-шаралар одан да қиын. Жататын қонақ үй, спектакльдердің жүретін сахнасы, театр ұжымының тамақтанатын орны — бітпейтін шаруа.

Басы-қасында жүретін кім дейсіз ғой? Күндей күліп тұратын Болат аға. Қашан көрсең ат үстінде жүретін, тынбай еңбек ететін асыл азамат еді. Облыс орталықтарында атағынан ат үркетін құдыреттердің кірпияздануын жақсы білетін көркемдік жетекшіміз ұлы режисер Әзірбайжан Мәдиұлының жиі айтатыны — «Әй, айналайындар, атақтарыңды ойнатпаңдар! Бостан босқа сызданып, күшеніп, шаршамаңдар» деп әзілдеуші еді.

 

Мәскеу Мәмбетов қойған спектакльдерге зор қызығушылық танытатын

1954 жылдан бастап театрға алдыңғы ағалар дәстүрін жалғастырып, театрдың ауыр жүгін көтеретін, арнайы оқу орнын бітірген жастар тобы шоғырланды. Олар: Ташкенттен — Нұрмұхан Жантөрин, Ғабдош Сүлейменов, Мәскеуден — Ыдырыс Ноғайбаев, Таңат Жайлыбеков, Рәбиға Мұқайқызы, Сара Жорабаева, Тұраш Ыбыраев, Қажығұмар Қуандықов. Осылардың ішінен шыққан администратор иманды болғыр Болат Маусымбаев еді.1959 жылдан Фәрида Шәріпова, Райымбек Сейтіметов, Нүкетай Мышпаева, Раушан Әуезбаева, Мен – Сәбит Оразбаев. Бізден кейін Асанәлі Әшімов, Торғын Тасыбекова, Есболған Жайсаңбаев, Әнуар Молдабеков, Жұмабай Медетбаев, тағысын- тағылар. Соңғы топты қызметке алған директор Құрманбек Жандарбеков еді. Алпысыншы жылдардан бастап театр деңгейі көтеріліп, Мәмбетов қойылымдары аталған жастардың қатысумен дүркірей бастады. Театр тарихын зертеушілердің ғасырдың алтын кезеңі деп айтып та, жазып та жүргендері тегін емес. Сол кезде Мәскеудің кеудесі керілген, республика ұлттық театрларын менсінбей қарайтын сыншылары Мәмбетовтің қойған спектакліне зор қызығушылық танытатын.

Театрды сиқыр десе де, құдырет десе де актерлердің мақсаты – халық үшін қойылған спектакльге қызмет ету. Соның бел ортасында жүрген Болат Маусымбаев ағамыз еді. Театр – дерт, бос болып бір күн бармаған әртіс сахна серіктестерімен сырласып, сөйлеспесе, ауырады. 1956 жылы бастаған қызметінен Болат театр директорының орынбасарына дейін көтерілді. Кейінгі кездері оның жүрегі сыр бере бастады. 1976 жылы театр Абай елі – Семейге гастрольге баратын болды. Ауы­рып жүрсе де театрдың гастрольдік іс-шаруаларымен Семейге барып, әдеттегідей келісім-шарттарын тастай ғып жасады. Ол бүкіл ұжымның қамқоршы әкесіндей тиянақты еді. Өзі ауруханаға түсіп қалды да, Семейге бара алмады. Гастроль тамаша қуанышпен басталды. Театрдың іргетасын қалаушы, Қазақстанның халық әртісі Серке Қожамқұловқа Социалистік Еңбек Ері деген атақ берілгенін сол сапарда жүріп естідік.

Ал, Болат болса денсаулығы нашарлап, жүріп-тұрудың өзі қиындай бастаса да театрға деген махаббаты сөнбеген. Адам айтса сенгісіз, төсекте жатып құдайдың құтты күні қанша билет сатылғанын біліп жатқан. Соңғы демі шығарда «театрдың билеті түгел сатылды ма?» – деп сұраған…

Өмір осы. Қаншама асылдарым жерді құшты. Қаншама қасіреттер басқа түсті.Тағдырдың ісі екенін сезіп тұрмыз. Дейді екен, «біз әлсізбіз, бәрінен де көктегі Тәңір күшті.!».

(Соңы. Басы өткен санда).

Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның халық әртісі Өнер қайраткері қазақ театры мен кино тарландарының сахна сыртындағы әзіл-оспағын, театрдан тыс тіршілігін, өнер мен ұлттық дәстүріміз туралы ой-толғамын әңгімесіне арқау етеді

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *