Сахна сазын сыйлаған ұстаз еді

Саналы өмірін қазақ сахна педагогикасына арнаған аса дарынды да, білімді ұлағатты ұстаздар қатарынан ойып орын алатын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, доцент Татьяна Қасымқызы Наурызбаева­ны осылай ауыз толтырып айтуға тұрарлық жан еді…

Естеліктің елесі сонау алпысыншы жылдардың ортасынан басталғанда Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы өнер институтының жанындағы «Актерлік өнер» мамандығының ұстаздар мен студент­тер қауымы көз алдыңа келуі бек ақиқат. Өнер қуған еліміздің түкпір-түкпірі­нен жиналған қазақтың қаракөз ұлдары мен қыздары шағын ғана екі дәрісханада үш ауысымды сабақ кестесі­мен актер шеберлігінің әліппесінен  құра­ла­тын теория мен тәжірибені таңғы 8.30-дан 22.00-ге дейін аласұрып бойға сіңіруге тырысушы ек. Иә, ол кезде ұстаздар қауы­мы қазақ сахна өнерінің қаймақтары екенін еске алсақ, жауапкершіліктің арта түсуіне күмән келтіре қоймассыз құрметті оқырман.

Олар: КСРО Халық әртістері Ә.Мәмбе­тов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Ы.Но­ғай­баев, Е.Диордиев, Қазақстанның Халық әртістері: А.Тоқпанов, Н.Жантурин, Ли Хам Дек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Р.Қаныбаева, Г.Рутковская, В.Жезмер, А.Мадиевский, т.б. Міне, осындай қазақ өнерінің тау тұлғалы дарабоздары сахна өнеріне жаңа буын актерлерді жарыса баулыды.

…Солардың қатарында әкімшілік-партия қызметкері отбасында туып-өскен Аршагүл (Татьяна) Қасымқызы студенттер қатарында оқып, тәлім-тәрбие алды.

 

Тарихқа сәл шегінсек…

 

Оның өнерге талпынысы мектеп жасы­нан басталғаны кездейсоқтық деп айтуға болмас-ты. Өткен ғасырдағы қоғамның бағыт-бағдар беруші күші – Кеңестер Одағының Партия басшылығы екені келмеске кеткен заман. Әкесі партия қызметкері Қасым Наурызбаевты қазіргі Ақмола бұрынғы (Целиноградқа) қызметке ауыстырады. Ал Қазақстанда қаншама өнер саңлақтары, ғалымдар мен саясаткер­лер жер аударылып, қазақтың дархан, қонақжайлығы мен  иманды мейірімінен жандарына жайлы орын тапты. Сондай бір сәтті кездесу жастардың шығармашылық үйірмелерге жаппай жұмылдыру, мектептен тыс сабақ алу кезеңі міндетті еді. Сондай талпыныстың бірінде Санкт-Петербургтен жер аударылып келген әлемге әйгілі сахна өнерінің кәсіби кірпішін қалаған В.Э.Ме­йер­­хольдтың шәкірті Евгений Алексан­дрович Штейнбрехттің сахна үйірмесіне мектеп оқушыларын қабылдап, сахна өнерінің қыр-сырларымен таныс­тыруы жас жеткіншектердің бүкіл өмірінің өзегіне айналғандығы бек ақиқат. Ағасы Михаил Қасымұлы бұл оқиғаны әркез үлкен сүйіспеншілікпен еске алып отырады.

Өнер институтын үздік бітіргендер арасынан Татьяна Қасымқызын ұстаздық еңбекке лайық деп танып, 1969 жылы Мәс­кеу қаласындағы Театр институтына аспи­рантура-стажировкаға актер шеберлігі пәнінің мұғалімін дайындауға екі жылдық оқуға жолдама беріледі. Бұл да оңай шаруа емес.

КСРО-ның барлық өнер ордасынан келгендер таңдаған мамандығына емтихан тапсырып, конкурс арқылы қабылдана­тыны және бар. Дегенмен, зерек те зерделі Татьяна бұл сынақтан сүрінбей өтеді. ГИТИС-тің одаққа танымал ұстаздар қатарындағы профессорлар Ресей халық әртісі Г.Г.Конский мен Ресейдің өнерге еңбегі сіңген қайраткері О.В.Андровская­лардың таңдауы Татьяна Қасымқызына түседі. Ресей мектебінен де дәріс алып, білімі мен біліктілігін шыңдаған Т.Қ.Нау­рыз­баева 1971 жылы Алматыға оралып, өзінің бітірген оқу орнына «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының ұстаздар ұжымы  қатарына жас маман ретінде ұстаздық қызметке кіріседі. Сол 1970 жылдардан бастап аталмыш кафедра меңгерушісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева ұстаздар қатарын жастармен толықтыруға ұстаздық күш-қайратын көп жұмсады. Сондай игі шаралардың нәтижесінде кафедраға жастар легі болып қосылғандар Т.Наурыз­баева, Д.Арынғазиева, Ә.Сығай, Д.Тұран­құлова, П.Ильдаров, М.Омарбаева, А.Құлбаевтар болды. Аталған жастар Мәскеу, Санкт-Петербург мектептерінен дәріс алып, атақты өнер ұстаханаларынан шеберліктерін шыңдады. Жастарды тәрбиелеудегі кафедра ұжымының үлкен даналығы – білім мен тәжірибені ұштас­тыра алып жүруге қазақ сахна өнеріндегі жаңа қойылымдарды көріп, талдап, сту­денттерге үйретіп қана қоймай, өздерінің де кәсіби сахна өнеріндегі репертуар­ларындағы қойылымдарға қатысып тұруын басты назарда ұстады.

Т.Қ.Наурызбаева отыз жылға тарта ұстаздық қызметте көптеген дипломдық қойылымдар қойып, облыстық театр режиссурасына, актерлік ойын-иірімдеріне жаңа леп алып келген хас шебердің бірі, әрі бірегейі бола білді.

1975 жылы курс жетекшісі КСРО Халық әртісі профессор Ш.Жандар­бекова­мен бірге, қойған дипломдық қойылым­дары Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» еліміздегі сахна өнеріндегі үлкен табыс ретінде бағаланып, театртану ғылымының докторы, профессор Л.Багатенкованың өнерлі жастар мен ұстаздардың еңбегіне арналған талдау еңбегі республикалық басылымдарда жарық көрді. Сол жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерва­ториясының «Актерлік өнер» мамандығын бітіруші студенттер Талдықорған облысы­ның драма театрының алғашқы шымыл­дығын ашты. Репертуарында Ғ.Мүсірепов­тің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектак­лін сахнаға шығарған жастардың арасында бүгінгі күнгі Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Кендебай Темірбаев, Әлімбек Оразбеков, Азат Базарқұлов, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсен­бек, Тілек Әбжалиев, Райхан Қалиолдина, М.Оспанов, Болат Ыбыраев, Гүлнәр Аманжанова, т.б. бар.

Дегенмен, ұстаздықтың толассыз ой толқыны шығармашылық мектептің қозғаушы қызыл шоғы нәтижелі еңбекке жетелеуі бек анық. Әрбір жылдардан соң келесі шығармашылық курстың бір-біріне ұқсамайтын даралығы мен жастықтың асау толқыны әркез білгеннің үстіне үстемелеп қабылдауы һәм шығармашылықтағы ұмтылыс күші ұстаздың еңбектен білім мен біліктілікті, талап пен талғам таразысына түсіп отыруы үлкен заңдылық теоремасы. Бірде сахнада шәкірттерімен қазақ, орыс, Европа, Азия халықтарының классикалық шығармаларымен көрерменіне жол тартса, бірде бүгінгі күн жастар өмірімен де көрерменін қауыштырып жүрді. Мысалы, атақты Мольердің «Сараң», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», А.Арбузовтың «Жестокие игры», Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», т.б.

Келесі бітіруші топ Қазақстанның Солтүстік өлкесі Қызылжар қаласының облыстық қазақ драма театрының шымыл­дығын ашып, жаңа шаңырақ көтеруіне себепкер болды. 1959–1970 жылдардың қысқы бет қаратпайтын аязды күндері театрдың шымылдығы ашылып, көрермен­дерінің ыстық ықыласына бөленгендер де осы Татьяна Қасымқызы Наурызбаеваның өнердегі еселі еңбегінің арқасында іске асқан еді.

Міне, осындай репертуарлар топтама­сында қаншама актерлер халқына таны­мал, көрермендердің көзайымы болып атақтарға ие болды. Олар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері И.Лебсак, Бақыт Аитова, Кеңес Нұрланов, Бақытжан Әлпейісов, Төлеген Жангельдинов, Гүлнәр Ералиева, Жанат Чайкина, Көңбай Төлеубек, т.б. Иә, өткінші өмірдің  өкініші мен өксігі, жақсы­лығы мен қуанышты сәттері табиғаттың төрт амалындай бірге жүрген соң жер басып жүрген жұмыр басты адамзаттың шарасыз­дығындағы тағдырдың тауқыметіне бас ию шығар. Қамшының қысқа сабындай аз да болса, қазақ сахна педагогикасының дамып-өркендеуіне өзінің салмақты үлесін қосып үлгерген, шәкірттерін сахнаның шыңына шығарып салған Татьяна (Арша­гүл) Қасымқызының атқарған еңбегін әлі де зерттеп, зерделеу керек-ақ.

Татьяна Қасымқызының кафедра меңге­рушісі, факультет деканы, партия ұйы­мының хатшысы, т.б. еңбектері өз алдына үлкен әңгіме. Мен бүгінгі естелігімде Т.Қ.Наурызбаеваның ұстаздық еңбекке адал, шәкірттерін балаларындай жақсы көре отырып атқарар іске келгенде қатал өр мінезділігімен бірге инабатты, мәдениетті де байсалдылығы Театр өнері факультетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқандығын айтып, әруағына бас иіп, жатқан жері жайлы болсын дегім келеді.

 

Аман ҚҰЛБАЕВ ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясы  Театр өнері

факультетінің деканы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *