«Сахараның ботагөзі» келе жатыр

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 

Бұл амалды бір өңірде «киіктің лақ өргізері» десе, екінші аймақта «Құралайдың салқыны» деп атайды. Он күнге созылатын селді жауыны, дүлей дауылы бар…

Өткен жолы жазғанымыздай, Алматыда күнде жаңбыр көрініс беріп тұр. Көбінесе түс ауа, екіндінің кезінде басталып, соңы түнге, кейде ертеңгі таңға дейін ұласып, толассыз жауады. «Саратан-зауза» амалы әлі жалғасуда. Аса қауіпті  кез екенін, Асанқайғы бабамыздың осы амал туралы: «отамалы – ойылған қыс, сәуір – сәнді қыс, саратан-зауза сенен де қорқам»  дегенін айтқанбыз. Амалдың қауіптілігі сондай, түйені күзеуге болмайды, әйтпесе түйе малы суыққа ұрынып, үсіп өлуі өте ықтимал көрінеді. Бұрынғылар сиырларын жабулап, қораларын бүтіндеп қоятын болған. Тосыннан күн суытып, қар жауып, сабадағы іркіт қатып қалады екен.

…13 мамыр, жексенбі  күні  Алматы ақ нөсердің  астында қалды (Zakon.kz.).

Бет қаратпай төпелеген  жаңбыр суына алып қала лезде шомылып шыға келді. Тұрғындар әлеуметтік желілерге  аласапыран сәт бейнеленген суреттері мен видеоларын жіберіп жатты. Кадрлардан су басқан көшелер мен  жаяужолдардың  және жерасты өткел­дерінің  келеңсіз көріністері анық көрініп тұр.

Енді бір-екі күнде «Күйек» амалы басталады. Бұл түз аңдарының күйек­тен шығуына орай болатын құбылыс. Қарайтын иесі, жылы орны жоқ дала аңдары ат көзінен келетін көк майсаны паналап төлдейді. Амал кезінде бірнеше күнге созылған сылбыр жаңбыр жауа­ды. Осы амал мамыр айының аяғында соғатын суық жел – «Құралайдың салқынына» ұласады. Өйткені, осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтан­дырып, жүгіртіп, өргізеді. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. Аналық киіктер кез-келген құра­лайды емізіп, бауырына ала беретін көрінеді. Түз аңдарының тез төлдеуінің және киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмайтынының сыры осында болса керек.

«Құралайдың салқыны» – мамыр­дың соңында аяқталатын, 9-10 күнге созылатын амал. Екпіні қараша үйді жыққандай қатты жел тұрып, ерекше салқындық орын алады. Күн нөсер­летіп, кей жерлерде қар аралас жаңбыр жауады. Он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады.

Мамырдың соңына қарай болатын «сахараның ботагөзі»  алып келетін суық желден, салқыннан сақтанайық!  Жеміс ағаштарын қиратып, түйнек­терді жапырып кеткенін білеміз. Биыл Алма­тының жеміс ағаштары жемісті үйіп-төгіп салды. Жаратқан Иеміз жар болып, соларды аман-есен бұйыртып жеуге жазсын.

«Саратан-зауза» амалы өтуде. Алда жауыны мол, дауылы зор «Саха­раның ботагөзі», яғни «Құралайдың салқыны» келе жатыр…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close