Саф алтындай интеллект иесі

Ғалым, қоғам қайраткері, туабіткен тектілікті орта қалыптастырған Кенже­кеңді ірі экономист, ғалым ретінде талай тыңдадым, жиналыс­тарды басқар­ғанын көрдім. Сырттай қарағанда, жұмбақ тәрізді тұлға. Түсі суық, өзін-өзі билей алатын, өзіне-өзі жауапты қарайтын, қасын­дағы жолдастарына да солай қа­райтын азамат. Көп азаматтар дәрежесі өскен соң үлкен өзгеріске түседі. Істеген ісі, көзқарасы, кісі бағалауы мүлдем өзгереді. Сырттай қарағанда, солай болып көрінетін азамат- ғалымды өзінің айнала­сындағы бұрынғы жолдас­тары,  сол сияқты кішігірім оның дәрежесіне жетпеген адамға мүлдем басқаша көзқараспен қарап тани саласың. Сондай жұмсақ, қайырымды, елгезек, аза­маттарды күліп, бауырына тартатын мінезді азамат.

 

Өзі қатарлас, өзімен  тең түсетін адамдарға көрсететін мінезі мүлдем өзгеше. Ол жаңашыл ректор есебінде елімізде кеңінен танылған. Цели­ноград ауыл шаруашылық инсти­тутын түгелдей қайта құрғанын, білім берудің жаңа әдістерін кіргізіп, ғылым мен өндірісті кіріктіріп жібергенін, сөйтіп оқытудың шет елдің стандарттарына жол тапқанын ел біледі. Ол Алматы халық шаруашылық институтын Қазақ Басқару академиясы етіп жаңа мазмұнда, жаңа атпен қайта құрды. 1996–2001 жылдары Алматы ауыл шаруашылығы институты мен зоотехникалық мал дәрігерлік институтын біріктіріп Қазақ Аграрлық университеті етіп іске қосты. К.Сағадиевтің жаңа идеялары оның өзі құрған Қазақ бизнес университетінің құрылысы мен білімдік жоғарғы дәрежесінен анық көрінеді.

К.Ә.Сағадиев – сирек эрудиция­лы, үлкен әкімшілік, ұйымдастыру­шылық және ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар, саф алтындай инте­лект иесі. «Ол еліміздің интел­лектуалдары алдында да, студент­тер арасында да өзін еркін сезінетін сирек те батыл, шешен. Ол әрбір адамның жүрегіне жол таба біледі», – дегенді кезінде еліміздің тағы да бір үлкен білімпазы Салық Зиманов айтқан еді. Дәл тауып айтқан.

Қазақта «текті туған жігіттің жары өзіне лайық» деген сөз бар.  Бұл – Кенжештің отбасын көрген сайын еске түседі. Оны шалқытып, берекелі күйде ұстап отырған – оның жары Нағытай. Нағыштың  балалары мен жарына көрсеткен тәрбиесі соншалықты кісі таңқаларлықтай.

Мен оның отбасындағы мінезіне соншалықты қызығып қараймын. Оның себебі, Нағытай жасынан әкеден ерте  қалып, бүкіл азаматтық тәрбиені Кенжеш­тің отбасынан алды. Нағытай сол айтуға тұратын жас болса да, елін, ағайындарын Кенже­ғалидың айналасын түгелдей бауыр тартып, жақсы мінездерімен бәріне де еркелей жүріп, сол азаматтардың әйел­дерінің көшбасшысы болды.

Кейде өмірде қанша дәрежеге жетсе де жоқшылықтың табы кетпей, кейбіреулер баяғы қалып­тасқан әдетін ұмыта алмайды. Ал Нағытай бүкіл байлықтың ортасында өскендей дүниеге кең қарайтын ұлағатты бәйбіше.

Әйелдік ұсақ-түйек әңгімеден бойын аулақ ұстайтын дағдыны, кейде ойлаймын Кенжеғалидың парасатты мінезіне лайықты алды ма екен деп?!

Осы Кенжеғалидың ортасы арқылы атақты ғалым, мәдениет қайраткері, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы қаласындағы үлкен құрылыстардың архи­тек­торы, үлкен сәулетші азаматпен таныс­тым. Ол Қазақстан құрылыс Академия­сының президенті, бұрыннан  аза­матты сырттай сыйлап, құрметтеп, оның білгір­лігін талай жиындарда көріп мойын­дағанбыз.

Ісіне берік, жолдасына ақылшы, жолдастарына сыйлы, сол ортада болып жатқан жиынның басты рөлін атқаратын рухани бай, рухы биік ұлы тұлға!

Осы ортадағы жігіттердің барлы­ғы да қазақ халқының рухани байлығын игерген А.Байтұрсынов сияқты ұлылардың жалғасындай көрінетін.

«Тақыр жерге шөп шықпайды» деп айтады ғой қазақта, осы орта қазақ мәдениетін де, адамгершіліктің де көрнекті бейнесін танытатын жиынтығы ретінде көрінеді.

Торғай түлегі, Кенжеғалидың аса  сый­лайтын інісі Қоғабай Сәр­се­кеевтің  есімі елге белгілі. Ол – елшіл патриот, кешегі Әлихан, Ахмет, Міржақыптан қалған «Қазақ» газетін жалғастырып шығарған еді.

Жас кезімізден бірге өскен, қазақтың үлкен  тарихшы ғалымына айналған Манаш Қозыбаев та осы қатарды толықтырады.

Манаш пен  Сара екеуі  өмірде кең­пейілді, үлкенге аға-жеңге, кішіге іні-келін бола білді. Ғылымда Манаш тек тарихшы емес, жан-жақты аза­мат ретінде де жолдастар ортасында қадірлі, сыйлы тұлға еді. Ол қазақ тарихының үлкен  бағдарла­масын жасап, өскелең елдің өткір ойы жайлы көптеген қайталанбас мақалалар, монографиялар қал­дырған адам. Езуінен күлкісі кетпейтін, «Ақ жеңеше» деп ерке­лейтін, маған еркін сөйлейтін, Серағаның туған інісіндей қам­қорлық көрсететін үлкен тұлға еді.

Өмір шіркін қиын да қызық қой, осылар да жетер жеріне жетпей кетті. Осылардың ішінде азамат­ты­ғымен де, ғалымдығымен де, қара­пайымдылығымен де Кенжеға­лидың жерлесі ретінде Сұлтан­ғазиннің орны бөлек еді. Ол Кенжеғали орта­сының ақсақалы сияқты көрінуші еді. Райхан аңқыл­дақ, ашық мінезді осы ортаның гүлі сықылды еді. Бұның барлы­ғын айтып жатқан себебім, Кенжеға­лидың 80 жасқа толғанында осы орта түгелдей отырса, қалай болар еді деген ой!

Бір-біріне серік, біріне-бірі қолдау­шы, дос бола білген азаматтар болатын. Кенжеғали мен Нағытай осылардың махаббатына бөленіп, өздерінің  озық өнегесімен бала­ларын тәрбиелеуде. Кенжеғалидың қоғамдық, ғылымдық, азаматтық жолын жалғастырып келе жатқан ұлдары Нұрлан, Ерлан, Ербол қазақ елінің іргетасын бекіту жолында еңбек етіп жүрген азаматтар. Әке-шешесі осы­лардың қызығын көрсін!

 

С.ҚИРАБАЕВ,

Ә.БЕЙСЕНОВА,

академиктер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *