«… САДАҚА БЕРІП НАШАРҒА, ЖАҚСЫ МАЛ ШАЛҒЫН ҚҰРБАНҒА!»

«Раббың үшін намаз оқы  және құрбан шал»

 («Кәусар» сүресі,2-аят).

 

43Зүлхиджа айының қасиетті он күндігінің 10-жұлдызы мұсылман қауымы үшін торқалы той, мерейлі мереке — Құрбан айт екендігі белгілі. Ежелгі заманнан бері қазіргі күнге дейін мұсылмандар үшін қос діни мейрамның ең шоқтығы биігі де – Құрбан айт.

Бұл мереке – ағайын арасын жақындата түсетін ұйытқы. Араз­дасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге себепші ұлық мейрам. Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор.

Еліміздің Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық мерекелердің мәртебесі мен мерейін көтеру бастамасының нәтижесінде Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мерекеге ұласып, алғашқы күнінде демалыс жарияланып отыр. Олай болса,  қабылданған бұл шешім Құрбан айт мерекесіне деген жоғары құрметті көрсетеді емес пе? Құранда:

«Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» — делінген («Хаж» сүресі, 32-аят).

Мұсылманның өзге үмбеттерден айрықша ерекшелігі – Алла Тағаланың мұсылман үмбетінің көңіл көтеретін мерекесінің өзін ғибадатқа айналдыруы. Демек, Құрбан айт – мұсылмандар үшін ерекше елеулі мейрам болуымен қатар Жаратқанға жақындататын құлшылық-ғибадат болып табылады.  Құрбан айт мерекесі құрбан малдарын шалумен ерекшеленетіні анық. Негізінде, құрбан шалудың шежіресі сонау Адам ата (а.с.) заманынан бастау алып, Ибраһимнің (а.с.) жолы болып қалыптасып, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) жалғасын тапқан ұлық ғибадат. Сондықтан да аталмыш ұлы ғибадатты ынта ықыласпен жүзеге асыру өте маңызды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», яғни, жолы деп айтқан. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет». Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалық көрсетуінде.

Құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылықтың түріне айналғандығы айдан-анық. Құрбан шалу Алла елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да міндет­телді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:«Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын». «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» – деп әмір еткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге  жақындамасын!» – деп ескерту жасаған. Жоғары­дағы аят-хадисті зерттеп-зерделеген ғұламалар зекет ғибадаты парыз болған жандарға құрбандық шалу уәжіп болады деген.

Зор сүйінші айтайын,

Мұсылман болып туғанға.

Ислам дінін қуғанға,

Намаз оқып зекет бер,

Айналмаңыз құр малға.

Садақа беріп нашарға,

Жақсы мал шалғын құрбанға! – деп ақын Майлықожа бабамыз жырлағандай, қазақ қашаннан Исламның негіздерін жүректеріне гүл етіп еккен.

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ,

Алматы қалалық Орталық мешітінің бас имамы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *