САҒЫНЫШ

Уақыт шіркінде бір сәт аялдау жоқ, күн артынан күн, сынапша сырғып, зымырап өтіп жатыр…

Міне, біздің аяулы Құман ағамыздың қайта оралмас сапарға аттанып, ортамызды ойсыратып кеткеніне бір жылдың жүзі болып қалыпты.

 Сонау өткен ғасырдың 60-жылдары мен бастауыш сынып оқушысы болатынмын. Алматы облысы, Сарқанд ауданының Алмалы ауылы ол кезде Новопокровка деп аталатын. Құман аға Семей қаласындағы музыка училищесін тәмамдаған соң, біздің ауылдағы орта мектепте ән сабағының мұға­лімі болды. Менің анам Әйнеп Смаханқызы Құман ағаның әпкесі, әкем Жұмағали Рахымбайұлы жездесі болып келеді. Құман дегенде екеуінің де шығарда жандары бөлек еді. Қазір ойласам, біздің үйде өткен уақыты ағаның нағыз жалын­даған жастық кезіне тап келген екен. Қандай керемет уақыт еді, сол кездер!..

Кешкі астан соң Құман аға үлкен дөңгелек үстелге ноталарын жайып салып жаңа әндер үйренуге отырған кезде, біз де анамыздың жанына жайғасып алып, аға­ның концертін тамашалап, әнін тыңдауға құмар болатынбыз. Кей кезде анам інісінен қазақтың халық әндерін ойнауды өтінетін. «Жездеңнің сүйікті әні ғой, «Сәулем-айды» айтшы» дейтіні есімде. Қай әнді айтса да күмбірлеген қоңыр дауысымен құлағы­мыздың құрышын қандыратын, айта берсе екен деп ынтыға тыңдаушы едік. Біраздан кейін: «Болды, бүгінгі концерт осымен аяқталды», – дейді. Бізге «ұйықтайтын уақыттарың болды, барыңдар» дегенді ескерткенін түсінеміз де, бөлмемізге қарай ұйықтауға кетеміз. Ол болса көпке дейін (көбінесе жарық сөніп қалатын), сонда да шамның жарығымен баянын ойнауды жалғастыра беретін. Құман аға домбырада да, мандолинде де тәуір ойнайтын, алайда оның ең сүйікті аспабы сырнай мен баян болатын. Біздің ауылдық клуб пен мектеп­тегі маңызды мәдени шаралардың бірде-бірі Құман ағасыз, оның баянмен, сыр­наймен салған әнінсіз өтпейтін.

Сол кездің адамдарының өнерге деген құрметі ерекше болушы еді, теледидардың әлі ауылға жетпеген уақыты ғой, ауыл халқы қандай да бір көпшілікке арналған мәдени шараларға тайлы-таяғы қалмай жиналып, клубтың іші аузы-мұрнынан шыққанша лық толатын. Құман аға көзі оттай жанып, бұйраланған қою шашы маңдайына төгіліп, сырнайлатып шыға келгенде, ауыл клубы гуілдеп кететін. Сахнаның сәні болған ағатайым, Ақан мен Біржандардың сарқытындай нағыз серінің өзі еді. Аудан, облыс көлемінде ұйымдас­тырылатын түрлі шараларға да жиі шығып тұратын. Сондай сапарларынан бізге тәттілер, кәмпит алып келуді ұмытпайтын. Сол кездегі қуанышымызды айтып жеткізе алмаймын, алдынан таласып-тармасып бірінші болып жүгіріп шығуға асығатын­быз! Кәмпит – біз үшін ең қымбат сыйлық.

Қазір есіме алсам, күлкім келеді: пио­нер галстугінің ұшын тістелеп умаждайтын әдетім бар. Сол себепті, мектепте мен мұғалімімнен қатаң ескерту алдым. Осы пионерге «лайықсыз» тәртібім жайында мұғалімім Құман ағаға айтып қойыпты. Мен үшін бұл өте ұят жағдай болып санал­ды. Ал егер бұл туралы ата-анам білсе, нағыз ұяттың көкесі сонда болары түсінік­ті. Аға болса, бар болғаны: «Пионер қыздар ұқыпты және әдемі болып жүруі керек», – деген бір ауыз ескертумен шектелді, бірақ менің бақытыма орай, анама естігені жайында ештеңе айтпады. Таңертең мен ұйқыдан тұрғанша, Құман аға үтікті жанып тұрған плитаға қойып қыздырып алып, галстугім мен аппақ жаға-жеңімді үтіктеп қойыпты. Үйдің қат-қабат шаруасынан қолы босамай жататын тәтесіне жаны ашыған болуы керек. Біздің кішкентай кезімізде ол анамызға жиі көмектесіп, қолғабыс ететін. Сол оқиғадан кейін аға мені «пионерка» деп атап кетті. Өмірінің соңғы сәтіне дейін «хал-жағдайың қалай, пионерка қарындасым?» деп тұрушы еді. Ағалық жүрегінің жылуын өзімен бірге алып кетті. Қанша ел құрметіне бөленіп, халықтың ұлына айналып кетсе де, біз үшін баладай пәк жүректі, аңқылдаған ақкөңіл, жанашыр аға қалпында қалды. Қайран ағатайымнан сол күні қапияда айырылып қалатынымды білсемші…

Сол күні… Ақтау қаласына сіңлім Құндыздың қызының тойына Құман аға мен Меруерт жеңгеміз бастап бір топ туыстар барғанбыз. Маған той төрінде отырған ағаның жанынан орын тиді. Құдалардың сый-құрметінде шек жоқ, той дүркіреп өтіп жатса да, неге екені белгісіз, ағаның ойына сол алыста қалған жылдар туралы естеліктер орала берді. Өзінің әпкесі – марқұм анамды және жездесін – біздің әкемізді сағынышпен есіне алып еді. Аңшылықты жақсы көретін жездесінің өз қолымен тіккен қасқыр ішігін қалай алып кеткенін де сол кеште күліп есіне алған. Жездесімен екеуі жарасымды қалжыңда­сатын. Осы тұлыппен кейін Ғани Мұрат­баевтың рөлінде киноға да түскен. Туған жеріміздің керемет табиғаты туралы да ерекше тебіреніспен есіне алды. Аға та­биғатты ерекше сүйетін, ауыл жастарымен сырнайын құшақтап кешкілік колхоз бағына жиі барушы еді, ол үшін тәтесінен ұрыс естісе де, албырт жастық­тың жалыны қойсын ба, баққа баруын қоймайтын. «Әй, тәтешім, қайран тәтем-ай, менің есейіп, зіңгіттей жігіт болып қалға­нымды мойын­дағысы келмей, мені әлі бала көріп өбектеп жүруші еді», – деп, күліп есіне жиі алатын. Расында да, марқұм анам­ның бауырына деген махаббаты бөлек болатын. Жиналған жұмыртқаны бізге бермей шикідей ішсін деп бауырына сақтап қоятын. Бізге: «Жұмыртқа ішкілерің келсе, менің бауырым сияқты сырнаймен ән айтуды үйреніп алыңдар», – дейтін мақтанышпен.

Ағаның ата-анасы Нұрмағамбет (Нұрмаған) ата мен Айша апаның келуі біз үшін мерекеден ешбір кем емес, төбеміз көкке жеткендей қуанып, мәз-мәйрам болып қалатынбыз. Олар Покатиловка деген ауылда тұратын. Қазіргі аты – Екіаша: үлкен Басқан мен кіші Басқан екі өзеннің қосылған жерінде орналасқан шағын ауыл. Басқан – Жетісу өзендерінің негізгілерінің біреуі болып саналады. Жан-жағы таулы, сулы, нулы табиғаты жомарт жер – менің Құман ағатайымның кіндік қаны тамған ауыл!

Қадірлі қонақтарға арналып дастарқан жайылатын. Барлығымыз дөңгелек үстел басына жиналатынбыз, мамам бар тәтті-дәмділерін шығарады.Маған отбасындағы ұл-қыздардың ішіндегі үлкені ретінде қонақ­тардың қолына су құю міндеті жүк­телетін. «Үлкеннің батасын алғаннан жаман болмайсың» дейтін әке-шешем. Мен иығыма таза сүлгіні іліп алып, қонақтардың қолдарына су құямын. Әрине, ол кісілер менің қолғанатқа жарап қалғаныма мақтау айтып, баталарын беруді ұмытпайды. Сон­дай жауапты міндетті атқаруға жарағаным үшін менің де абыройым бір көтеріліп қалатын. Дастарқан басында үлкендер Құман ағадан сырнаймен ән айтып беруін сұрайтын. Күндегі әдетінше асығып тұрса да, өйткені оны мектепте де, клубта да күтіп отыратын, ата-анасының өтініштерін жерге қалдырмай қалаған әндерін нәшіне келтіріп орындап беретін. «Ет піскенше келемін» деп, сорпаны асығыс ішіп, жүгіріп кететін. Қайран ағатайымның сол күнгі «әке-шешем мені көру үшін бар шаруа­ларын тастап сағынып келгенде неге сонша асығып жүрдім екен, неге жанда­рында бола тұрмадым екен» деп біртүрлі қимастықпен айтқан дауысы құлағымнан кетпейді. Мүмкін бір құдіреттің күші түрткі болды ма, әлде аруақтардың рухтары аян берді ме, кім білсін, дәл сол той күні, қуаныш үстін­де олардың аруағын қозғауға не себепші болғанынәлі түсіне де, түсіндіре де алмай­мын. Менің де жүрегім қатты толқыды.

Әттең, сол күні Алланың Сізге аманат­таған өлшеулі өмірі санаулы сағаттардан соң Ақтау жерінде үзілерін, өзіңіз сағы­нышпен, қимастықпен есіңізге алатын жақындарыңыздың соңынан әдеттегідей асығыс аттанып, біз үшін сағынышқа айналып кетеріңізді білдіңіз бе екен?.. Сұм ажал тіпті жап-жақын қалған екен ғой.

Біз үшін тым қымбат, аяулы бейнеңіз жақын жандардың жүрегінде, әрине, сіздің «пионерка» қарындасыңыз, менің де есімде мәңгі сақталмақ.

Осыдан тура бір жыл бұрын, біз ойда-жоқта Құман ағадан айырылып, аяқ астынан ауыр қайғыға ұшырап, есімізді жинай алмай қалған кезімізде Ақтау қаласының азаматтарының елдік танытып, қазақтың салт-дәстүрі бойынша көңіл айтып, қайғымызға ортақтасып, Құман ағамен Ақтау жұртшылығының қоштасуын шұғыл ұйымдастырып, марқұмның мәйітін тойға барған барша туған-туыстарымен Алматыға жеткізуге көмектескен адамгер­шілік қасиеттерін неге ұмытайық. Ол үшін ризашылығымызды білдіруге сол қаралы күнде мұршамыз болмағаны рас. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов бастап бүкіл Ақтау қаласының әкімдігі елдің жөн білетін үлкендерін, халықты жинап, үлкен қаралы жиын өткізіп, жүрек тебірентерлік қоштасу сөздерін арнаған еді: «Махаббаттың символы болған қос аққу Төлеген мен Қыз Жібек Жайыққа жұптасып келген еді, енді міне, сыңарынан айырылған Қыз Жібек Төлегенсіз кетіп барады. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ киносының жауһары «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлі арқылы әр қазақтың жүрегінің төрінен орын алып, туған халқының махаббатына бөленген елінің еркесі, өнердің серкесі Құмандай асыл азаматтан айырылу – бәрімізге де оңай болып тұрған жоқ. Құман сіздердің ғана емес, барша қазақ халқының ұлы. Мезгілсіз келген төтенше қайғы барлығымыздың қабырғамызды қайыс­тырып тұр. Бақұл болыңыз, Құман аға, Сіз біздің жүрегіміздесіз, жаныңыз жаннатта болсын! Барша қазақ халқына, өмірлік жары Меруерт Қаратайқызына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», – деген сөздеріне бүкіл қаралы жұрт егіліп тұрды.

Өз атымнан және Құман ағаның бүкіл туған-туыстары мен отбасының атынан Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының әкімдігіне, Ералы Тоғжанов пен көмекші­леріне, Ақтау қаласының азаматтарына, жұртшылығына зор ризашылықпен рахмет айтамыз. Қазақтың ізгі жолымен көңіл айтып, қоштасу үшін әуежайға арнайы келіп шығарып салған Маңғыстау жерінің ақсақалдарына басымызды иіп рахмет айтамыз. Құман аға мен Меруерт жеңге­міздің отбасын, қыздары Томирис пен туыстарын қолдап, қайғымызға ортақ­тасып, қаралы көңілімізді демеген Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанұлы мен театр ұжымына шынайы ризашылы­ғымызды білдіреміз. Құман ағаның жер­леуіне Ақтау жерінің бір уыс топырағын алып келген Нұрекеңнің азаматтығына басымызды иеміз. Баршаңызға Алладан рахым, пайғамбардан шапағат, бақытты ұзақ ғұмыр тілейміз.

 Желтоқсанның ызғарлы суығына, уақыттың кештігіне қарамай Алматы әуе­жайында күтіп алған Асанәлі аға бастаған өнердегі әріптестеріне де ризашылығымыз шексіз. Сізге де, Асанәлі аға, өнердегі қанаттас, үзеңгілес ініңізден айырылу оңай болмағанын сезіндік. Ауыр қазаға қабыр­ғаңыз қайысып, Меруерт жеңгеміз бен қызы Томириске, туған-туыстарына, барша қазақ халқына көңіл айттыңыз. Сізге де Алла ұзақ ғұмыр, денсаулық берсін.

Алматыға келген соң барлық туған-туыстарға арнайы көлік бөлген Алматы қаласының әкімдігіне, Бауыржан Қыдыр­ғалиұлына да үлкен рахмет. Әрине, мұның барлығы қазақ өнерінің тарихында өшпес із қалдырған Құман Тастанбековтей хал­қының арда туған перзентіне көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Қазақтай халық барда, елі-жұрты барда Құман ағамыздың аты өшпейтіні ақиқат.

 

Жұлдыз ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *