«Сағындым Алматымды» деп, көңілі бостар көзіне жас алып жатады

Зиялының сөзі

скачанные файлы

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі, әнші, сазгер:

«Сағындым Алматымды» деп, көңілі бостар көзіне жас алып жатады

– Мен үшін Алматының орны бөлек. Сонау 1961 жылы Алматы қаласына студент болып келіп, осында алғашқы махаббатымызды тауып, қайнап тұрған нағыз жастық шағымыз осы шаһарда өтті. 1973 жылы Құрманғазы атындағы консер­ваторияны тәмәмдап, Жамбыл облысына кеттім. Таразда бір жылдай жүріп, 1974 жы­лы «Сағындым Алматымды» әнін жаздым. Мен айтар едім, тектен-текке ән шықпай­ды. Ол жүректен шықпаса, жүрек­ке жет­пейді. Нағыз жастық дәурен, сту­денттік қызықты кездерімнің бәрі Алматыда өтті. Сондықтан, Алматыны жақсы көргеннен кейін, бұл қалаға етене бауыр басқан соң, осы туындыда айтылатын Көктөбе мен Ал­матының саябақтарында қыдырған күнде­рімді шын сағынып, әннің алғашқы шу­мақ­тарын ептеп құрастыра бастадым. «Са­ғындым Алматымды» әні осылай дүниеге келді. Оның сөзін қостанайлық ақын бауы­рымыз Серікбай Оспанов жазып шықты. Қазір, міне, Құдайға шүкір, жазылғанына 40 жылдан асса да, бұл ән жұрт жатқа ай­татын хитқа айналды. Алматыда оқу бітіріп жатқан азаматтар болсын, Алматыдан Астанаға немесе басқа қалаға қоныс аударғандар болсын, бәрі барған жерінде «Сағындым Алматымды» деп, тіпті, кейбір көңілі бостары көзіне жас алып жатады. «Сағындым  Алматымды» әні тағдыры Ал­ма­тыны жанап өткен жастың да, жасамыс­тың да жүрегінен жол тапқан әнұран іспетті. Сол ән «шыр етіп» дүниеге келген «нәресте» шағынан әлі күнге дейін елдің аузынан түскен емес. Бұл әннің алғашқы ноталары ойнай бастағаннан-ақ тыңдаушы қауым қосылып ала жөнеледі немесе дөңгеленіп, еріксіз биге қосылады. Бұл мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін.

Ал қазір еркіндігімізді алып, дербес ел болғаннан кейін, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш, берекелі заман келіп, Алматымыз одан әрі гүлдене түсті, өркендей бастады. Қала басшылығы, бұл ретте жалғыз әкімдік қана емес, Алматы жұртшылығы қаланың өсуіне, өркендеуіне үлкен үлес қосып жатыр. Қазір Алматыда небір зәулім ғимараттар бой көтерді. Биік те әсем жоғары оқу орындары салынды. Көшелер жақсарып, айналма жолдар салынып, небір көпірлер пайда болды. Соның бәрі осы алматылықтардың маңдай терінің арқасы деуге болады.

Кеңес үкіметі кезінде қаражаттың бәрі Мәскеуге ауда­рылатын. Бір ғимарат салу үшін сол жақтан рұқсат алу керек еді. Сөз жоқ, ол тұста Алматы баяу өсті. Ал қазір өз қара­жатымыз өзімізде, өз байлығымызды өзіміз пайдалана алатын жағдайға жеткендіктен, Алматы қарқынды дамыды. Бұрындары «Шаңырақ» жақты қалың қамыс пен арамшөп басып жататын. Ол жерлер ел тұрағы болмайтындай иен дала секілді еді. Соңғы алты-жеті жылдың ішінде онда үлкен Алатау ауданы бой көтерді. Онда қазір  спорт ке­шендері, ұлттық мәдениет сарайы салынып, жолдары кеңейіп, көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бір сөзбен айтқанда, Алматы адам танымастай өзгерді. Алатау ауданында қазақтың фольклорлық-этнографиялық, музыка­лық театры ашылды. Оның ашылуына зиялы қауым өкілдері қатысты. Өнерпаздар өз өнерлерін паш етті.

Алматының келешегі, болашағы өте зор. Алматы – оңтүстік астана деп бекер айтылмайды. Алматыда Құдай бере салған төрт мезгілдің төртеуі де бар. Күз – күздей өтеді, жаз – жаздай өтеді, көктем келсе, айнала көкке оранып, тал-дарақтардың барлығы гүлдеп шыға келеді. Қыстың өзі қытымырланып, 30 градусқа дейін аяз болады. Бұл бір Құдайдың берген пейіші. Алматының сылдырлап аққан өзендері, көк майса шөбі, жасыл жапырақ, қызылды-жа­сылды гүлдері, жайқалған әсем табиғат келбеті жаныңды рахатқа бөлейді. Ерекше сезімге бой алдырасың. Тіпті, көшеден алманы жұлып алып жей беретін заман да болған кезінде. Қазір сол Алматының апортын өсіруді қайта қолға алсақ екен деймін. Керек десеңіз, апорт – Алматының символы. Оны өсіру жергілікті әкімдіктің де, қала тұрғын­дарының да басты міндеті болуы тиіс. Сонымен қатар, өкінішке орай, Алматының таулы аймағына үлкен-үлкен зәулім үйлер қаптап бара жатыр. Менің бір өтінішім, Алматының тау баурайын сақтап қалсақ екен. Әкімдік бұған жіті назар аударса жақсы болар еді. Кезінде бәзбіреулер тау етегінің бәрін саяжайға айналдырмақшы болғанда, Асанбай Асқарұлы ағамыз бұған қарсы болып, саяжайларды төмен жаққа ығыстырған болатын. Егер таудың бөктеріне саяжайлар, зәулім үйлер қаптап кететін болса, онда таудан есетін саф ауамен тыныстай алмай қаламыз. Мұны жергілікті әкімдік қатаң қадағалауға алса екен деймін. Бір сөзбен айтқанда, тау алқабын, тау баурайын көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек. Ал енді Алматының мың жылдығына қатысты айтарым, әсем қала өсе берсін, өне берсін! Қанатын кеңге жайып, ауыз толтырып айтатындай, әлемдегі ең үлкен қалалардың қатарына қосылсын дегім келеді. Алматы өзінің әсемдігімен, көркемдігімен, өзінің алмасымен әлемге таныла берсе екен деймін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *