САҚТА АРЫҢДЫ ЖАСЫҢНАН, ТАЙМАСЫН БАҚ БАСЫҢНАН…

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Кем көрмеймін әкем менен анамнан,

Соған ұқсап қудық біз де сан арман.

Мен ұстазға басымды ием әрқашан,

Адамзаттың бақыты үшін жаралған.

 

***

Ойлама досқа жамандық,

Тіле саулық, амандық.

Өркенің кетер жайылып,

Болады сонда қадам нық!

 

***

Көппен бірге жүргенде,

Сезін соның біріндей.

Бақытың тайса кетеді,

Қолдың жуған кіріндей.

 

***

Кеуде керіп тасыма,

Қиналсаң да жасыма.

Өмірдің мәнін білесің,

Іс түскенде басыңа.

 

***

Сақта арыңды жасыңнан,

Таймасын бақ басыңнан.

Береке тауып жарытпас,

Адамды көп басынған.

 

***

Адамға тисін ұшпағың,

Азаяр сонда дұшпаның.

Өмірге қадам басқанда,

Басыңнан не құшпадың!

 

***

Береке берсін басыңа,

Қосылсын жас жасыңа.

Сыпайы жүр әрдайым,

Жөнсіз асып, тасыма.

 

***

Болмаса сөздің тұрағы,

Төбеден құдай ұрады.

Тұрлауы жоқ нәрсенің,

Сірә да жанбас шырағы.

 

***

Байлықтың түбі өте құз,

Мызғымайды, қатқан мұз.

Жылдар бойы жиналып,

Ериді тек сепсең тұз.

 

***

Тап оңтайлы амалын,

Бірліктің бұзба қамалын.

Терең ойла, түбінде,

Болатын сұмдық жаманын.

 

***

Бәріне ортақ шаңырақ,

Бос қалмасын қаңырап.

Татулық кетсе, қалады,

Бала-шаға аңырап.

 

***

Болсаң дәйім салмақты,

Аласың көп аумақты.

Бекерге көзді алартып,

Сала берме қармақты!

 

***

Білесің өмір тапшысын,

Қашыра берме апшысын.

Құр бекерге қудалап,

Қуырма тұщы, ащысын.

 

***

Түбіне жетті талайдың,

Ағарды шашы самайдың.

Қым-қиғаш мына өмірде,

Мен тыныштық қалаймын.

 

***

Жатса өнбей жұмысың,

Абыржып, босқа күйінбе.

Сабырлы болсаң әрдайым,

Жүзіңнен кетпес күйің де.

 

***

Көзде елдің бірлігін,

Бассын алға тірлігің.

Жүзің жайнап, қуанып,

Енесің түрге сен бүгін.

 

***

Үлкен үміт күтемін,

Бүгінгі жас ұл-қыздан.

Айналайын ата-ана,

Алғыр бала туғызған.

 

***

Арқасында білімнің,

Биіктесін мәртебең.

Зор абырой әперсін,

Шығып жүрген әр төбең.

 

***

Елге еңбек сіңірген,

Аса ірі ғалым бол.

Көз майыңды тауысып,

Бар әлемге мәлім бол.

 

***

Жаңалық көп ғылымда,

Құлашыңды ұр әріге.

Таңдайыңнан кетпейді,

Ішкен астың дәмі де.

 

***

Елге пайда әкелген,

Ғалымдарды қорғайық.

Бас пайдасын ойлайтын,

Ұсақ-түйек болмайық.

 

***

Күшті болып білімің,

Алға қарай бас қадам.

Даңқың кетіп жайылып,

Озық жүрсін басқадан.

 

***

Бар ғаламға танытар,

Білім, ғылым негізі.

Арық сөйлеп, семіз шық,

Айтар ойдың лебізі.

 

***

Үлкен ғылым негізі,

Көп ізденіс жемісі.

Өз ісінен көрінер,

Ердің еңбек жеңісі.

 

***

Болашаққа жол ашып,

Жүрсе қазақ жастары,

Гүлдей жайнап жүздері,

Қуанады жас-кәрі.

 

***

Білім, ғылым жастардың,

Болсын мерей айлағы.

Қатары да көбейсін,

Атанып ел қаймағы.

 

***

Өс, өркенде, жас ұлан,

Болар бала жасынан.

Қолына алып  кітапты,

Тастамайды қасынан.

 

***

Бізде солай болғанбыз,

Аса қиын заманда.

Қолы жетпей жатады,

Арман көп қой адамда.

 

***

Міне, осылай өмірім,

Өтіп кетті қарамай.

Жас күнгідей пайдаға,

Қалып қойдық жарамай.

 

***

Шет ел асқан баланың,

Қалай болар тағдыры?

Туған жер, өз елінің,

Жетпей жатса таң нұры.

 

***

Өсеміз, алға басамыз,

Баладан неге қашамыз?

Болған істі баяндап,

Кімге сырды ашамыз?

 

***

Нәпсінің түбі жоқ,

Түссең бойламайсың.

Дүниеде бұдан басқа,

Ештеңені ойламайсың.

 

***

Ұшырған соң биікке,

Қақ қанатты, биікте.

Жігерсіз жігіт жарытпас,

Сұлу қызды сүйіп те.

 

***

Ойлаған адамға,

Ғұмыр тым қысқа.

Таза жүр, бойыңды,

Әрдайым тік ұста.

 

***

Бар болса жаның,

Қызбай ма қаның?

Енді жас емессің,

Ойла ел қамын.

 

***

Жазушыны ардақтап,

Ықыласпен қарайық.

Бабын жасап әр кезде,

Биік тұлға санайық.

 

***

Тіліңді неге сұғасың,

Өмірге күлме, ығасың.

Ойсыз сөйлеп, опық жеп,

Білесің қайдан шығасың.

 

***

Қалмас үшін ұтылып,

Тойымсыз жүрер жұтынып.

Көбірек пайда түскенде,

Есі шығар құтырып.

 

***

Әйелінің алдында,

Қалтырап, дір-дір етеді.

Барғанда кеңсесіне,

Гүрілдеп кетеді.

 

***

Сақталған сары майдай,

Ар-намысым.

Мақсатты іске асырам,

Қалса күшім.

 

***

Өткірдің жүзі,

Қиып түсер қылыштай.

Арамдықты бойдағы,

Ашытады бұрыштай.

 

***

Кетіп есі ғаламторға,

Үңіледі жан сала.

Шегіп залал,

Жүйке тозар қаншама.

 

***

Жылжымай істері,

Ақшиып тістері,

Не істерін білмей,

Жүр күйіп іштері.

 

***

Озсын, мейлі озбасын,

Жарылқасын өз басын.

Көңілдегі көрікті ой,

Үгітіліп тозбасын.

 

***

Төгіп тер қаншама,

Салсаң да күш мейлі.

Болмаса жер құнары,

Аузыңа түк түспейді.

 

***

Болмай пайдасы дәрістің,

Басын шалды әр істің.

Қолын сұғып байлыққа,

Тұтатты отын намыстың.

 

***

Бай болу үшін малынып,

Күш-жігер жұмса салынып.

Оясын тап әр істің,

Жүрме әсте жалынып.

 

***

Жоқ өтірік, өсегі,

Тәуір жігіт кешегі.

Қызды көрсе қылжақтап,

Алжыған күй кешеді.

 

***

Ескі жаман әдеті,

Жүр бойында әлі де.

Аяққа басса әдепті,

Бәрі күлер кәріге.

 

***

Жетпей жатса санаға,

Кетсе ағып далаға,

Көрсеқызар, озбырды,

Жақсы адамға санама.

 

***

Жек көрсек те,

Үндемей құп аламыз.

Жерден жеті қоян,

Тапқандай қуанамыз.

 

***

Жағымпаздық һәм

қолпаштаумен,

Жәйіміз болды күйкі,

сұрамаңыз.

 

***

Өзіңе де обал жоқ,

Баспайтын жерді басасың.

Өз әліңе қарамай,

Соншама асып-тасасың.

 

***

Сұрағанда мәнісін,

Басыңды алып қашасың.

Жоғалтсайшы қараңды,

Алмай адам мазасын.

 

***

Болатын бала ешқашан,

Адамның жолын кеспейді.

Біреуге ойласа жамандық,

Желі оңынан еспейді.

 

***

Жастар қалаға,

Ығып кетті жаппай.

Бірен-сараң ауылда,

Жүр жұмыс таппай.

 

***

Сатқан мал-пұлы,

Көже-қатық болмады.

Тірлігіне ауылдың,

Көңілі де толмады.

 

***

Тұрса басып желкені,

Жатып ішер жалқаулық.

Мал-мүлікті талайтын,

Жолы ашылар қорқаулық.

 

***

Қаңғыра берме қалада,

Қаларсың мәңгіп далада.

Мықтымын деп өзіңді,

Жеңетін батыр санама.

 

***

Басылғанша жүрек қыжылы,

Таусылмас сөздің ызыңы.

Қайнап жатса сақырлап,

Бұл да өмірдің қызығы.

 

***

Болжай алмас еш пенде,

Сиқыры көп өмірдің.

Алып беріп құтылды,

Қалағанын көңілдің.

 

***

Бірдеме сезіп қалса,

Сұрайды көз ақысын.

Білдірер емеурінмен,

Жүретін жол ақысын.

 

***

Жарасар ер адамға,

Болса көп достары.

Жатады орындалып,

Алға қойған жоспары.

 

***

Аңдап басып аяғын,

Таңдап алар адамды.

Жақтырмаса мінезін,

Тынар қуып жаманды.

 

***

Оята білсе сезімін,

Жатса ақтап сенімін.

Іс қамы үшін әрқашан,

Талғағанның несі мін.

 

***

Сайдың сақа тасындай,

Бойда қуат басылмай,

Көпшілікке ұнаса,

Көрінеді асылдай.

 

***

Қол-аяғы балғадай,

Сымбатты түр-түсі де.

Көңіліңді тасытар,

Бойдағы қуат-күші де.

 

***

Ішкенде қышқыл асты,

Құрғақсиды тамағың.

Кетер қашып берекең,

Ашылмайды қабағың.

 

***

Жібергенде суды жығып,

Жер жаһанды көлдетеді.

Тұрған қайнап ыстық күнде,

Ауыз құрғап шөлдетеді.

 

***

Көршінің жақсысы,

Көңіліңді тасытады.

Жүзі суық, болса жаман,

Өміріңді жасытады.

 

***

Болашаққа жол ашып,

Жүрсе қазақ жастары,

Гүл-гүл жайнап жүздері,

Қуанады жас-кәрі.

 

***

Осылайша тағы осы қызметте,

Қаларсың, мүмкін қалмассың.

Жүрегің тұр қазір лүпілдеп,

Жүзіндей өткір алмастың.

 

***

Кім, қалай ұғады,

Боларын қалай затының?

Өзіңе жау боп шығады,

Төсекте жатқан қатының.

 

***

Біреуге мың күн,

Жақсылық жасап,

Бір рет теріс сөйлесең,

Бар еңбегің зая кетеді.

 

***

Болса судың сағасы,

Еңбектің артар бағасы.

Пайданың көзін көргенде,

Қолын созар нағашы.

 

***

Көз тартады жиені,

Пайдасы қашан тиеді?

Байқап олақ істерін,

Іші отқа күйеді.

 

***

Тату, тірлік, туыстық,

Бір-біріне жуыстық,

Сырт қараған адамға,

Көрінеді тым ыстық.

 

***

Ұлың, қызың өскенде,

Көкейіңді тескенде,

Өсіп, өніп жатсаңдар,

Қызғанбайды еш пенде.

 

***

Бойда барда күш-қайрат,

Жігеріңді жүр қайрап.

Көзін таппай әр істің,

Жүрме бекер тіл сайрап.

 

***

Күледі құлап жатып сүрінгенге,

Осылай танытады сырын елге.

Күнбе-күн қатар жүрген кей азамат,

Көрінер көзге күйкі, маңыз берме!

 

***

Осылай, жаным, хал-жайың,

Ашылар қашан маңдайың.

Ашық айтып отырмын,

Болған істің мән-жайын.

 

АЛМАТЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *