Саңлақтардың тағдырын «сары қағаз» шешті

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Апта ортасындағы ойындар кісінің ойына келмеген керемет сенсацияға ұласты. Осыдан төрт жыл бұрын әлем чем­пионы атанған, «биыл сол атақты қорғау үшін сақадай саймыз» деп келген Германия құрамасы топтан шыға алмай қалды. Бұл – неміс футболының тарихында бұрын-соңды болмаған сәтсіздік. Олимпиялық жүйе бойынша өткізілген сонау 30-жыл­дардағы қос доданы қоспағанда, топтық турнир үлгісінде ұйымдастырыла бастаған 1954 жылдан бері Германия командасы кем дегенде ширек финалға шығып келген еді. Содан бергі 16 чемпионатта «неміс машинасы» төрт рет чемпион атанып, төрт рет күміс медаль алып, төрт рет жартылай финалда тоқтап, төрт рет ширек финалда сүрінген екен. Осындай керемет көрсет­кіштер сериясының сәнін биылғы масқара бұзып-ақ кетті.

Оңтүстік Корея футболшыларының екінші орын алудан үміті болды. Бұл үшін олар немістерді екі доп айырмасымен жеңіп, Мексиканың шведтерден кез келген есеп­пен басым түскенін күтуге тиіс еді. Корей­лер төреші қосқан ақырғы минут­тарда болса да өз міндеттерін орындады, олар тіпті қатар өтіп жатқан матчта не болып жатқанына назар аударған да жоқ. Бірақ бұл уақытта «ацтектер» Швециядан талқа­ны шығып, жеңіліп жатыр еді. Мексика өкіметі өздеріне «көмектескен» азия­лық­тарға алғысын жаудырып, Мехико­дан Сеулге ұшатын рейстердің бәрінің баға­сын арзандатты, алайда бұдан Оңтүстік Корея құрамасына келіп-кетер пайда жоқ-ты.

«Н» тобындағы Сенегал және Жапония құрамалары алғашқы кезеңді бірдей көрсеткіштермен аяқтады: әрқайсысында 4 ұпайдан, доп айырмасы да 4:4, өзара кездесу нәтижесі 2:2. Амал жоқ, ФИФА енгізген жаңа ережеге сүйеніп, «фэйр плей» ұпайын есептеуге тура келді. Яғни, «қайсы­сы азырақ, қайсысы көбірек тәртіп бұзды?» деген мәселе сарапқа салынды. Футбол­шылары 6 сары қағаз алған Сенегал коман­дасы үшінші орынға сырғыды да, 4-ақ ескертуі бар Жапония құрамасы 1/8 фи­нал­ға жолдама алды.

Плей-офф кестесіне назар салған адам бір тарапқа Франция – Аргентина, Уругвай – Португалия, Бразилия – Мексика жұптары топтасып, екінші жаққа Испания – Ресей, Хорватия – Дания, Швеция – Швейцария жұптарының жиыл­ғанын байқары анық. Соңғы турда бәрінен кейін ойнаған Англия мен Бельгия ұтқан­нан ұтылған тиімдірек саналатын жағдайға тап болды. Себебі, қай ұтқаны алғашқы, жолы қиындау тарапқа, ұтылғаны кейінгі, көзге жеңілдеу көрінетін топқа қосылатын еді. Қос команда да жеңіске аса ұмтыла қойған жоқ, екеуі де қосалқы құрамымен шықты. Екінші таймның басында Аднан Янузай соққан жалғыз гол Бельгияны – «қиын жаққа», Англияны – «оңай жаққа» жіберді.

Осы топтағы Панама – Тунис матчы­ның 51-минутында африкалықтардың шабуылшысы Фахреддин Бен Юссеф әлем чемпионаттары тарихындағы 2500-голды соқты.

 

 

«Е» тобы

Сербия – Бразилия – 0:2 (Паулиньо, 36, Тиаго Силва, 68).

Швейцария – Коста-Рика – 2:2 (Дже­маили, 31, Дрмич, 88 – Уостон, 56, Зоммер, 90+3, өз қақпасына).

«Ғ» тобы

Оңт.Корея – Германия – 2:0 (Ким Йон Гвон, 90+3, Сон Хын Мин, 90+6).

Мексика – Швеция – 0:3 (Аугус­тинссон, 50, Гранквист, 62, пенальтиден, Альварес, 74, өз қақпасына).

«G» тобы

Англия – Бельгия – 0:1 (Янузай, 51).

Панама – Тунис – 1:2 (Мерия, 33, өз қақпасына – Ф.Бен Юссеф, 51, Хазри, 66).

«Н» тобы

Жапония – Польша – 0:1 (Беднарек, 59).

Сенегал – Колумбия – 0:1 (Мина, 74).

 

Енді кімдер ойнайды?

 

1/8 ФИНАЛ

 

30.06            Франция – Аргентина           20.00* (1-жұп)

                     Уругвай – Португалия           00.00 (2-жұп)

01.07            Испания – Ресей                     20.00 (3-жұп)

                     Хорватия – Дания                  00.00 (4-жұп)

02.07            Бразилия – Мексика             20.00 (5-жұп)

                     Бельгия – Жапония              00.00 (6-жұп)

03.07            Швеция – Швейцария           20.00 (7-жұп)

                     Колумбия – Англия               00.00 (8-жұп)

 

ШИРЕК ФИНАЛ

 

06.07          2-жұп – 1 жұп (І ш/ф)                20.00

                   5-жұп – 6-жұп (ІІ ш/ф)              00.00

07.07          7-жұп – 8-жұп (ІІІ ш/ф)          20.00

                   3-жұп – 4-жұп (ІV ш/ф)          00.00

 

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

 

10.07         І ш/финал – ІІ ш/финал         00.00

11.07         ІV ш/финал – ІІІ ш/финал     00.00

 

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

14.07                Ж/финалда жеңілгендер  20.00

 

ФИНАЛ

15.07                Ж/финалда жеңгендер      21.00

* — Астана уақытымен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *