САҒАТ 14:00 -ГЕ ДЕЙІН САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ 52 ПАЙЫЗЫ ДАУЫС БЕРІП ҮЛГЕРДІ

Елімізде Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы жалғасуда. Саяси науқанда республика бойынша 10 мыңға жуық дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде.
Ел Президентін таңдауда барлық сайлаушылардың 52 пайызы дауыс беріп үлгерген. Орталық сайлау комиссиясы таратқан соңғы статистика осындай. Жалпы республиканың барлық өңірінде сайлау учаскесіне барып жатқан азаматтардың белсенділігі жоғары.
— Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 14:00 -ге дейін сайлаушылардың 52 пайызы дауыс беріп үлгерген. Мамандардың айтуынша, сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Өзінің азаматтық позициясын білдірем деушілердің қатары қалың. Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов № 57 сайлау учаскесіне жұбайымен келіп дауыс берді. Сондай-ақ сайлау учаскесіне Аманкелді Таспихов та жарымен, ал ҚКХП атынан кандидат Жамбыл Ахметбеков 91 жастағы анасымен бірге келді. «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысынан ҚР Президенттіген үміткер Сәдібек Түгел елордадағы дарын лицейінде орналасқан сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Сонымен қатар үміткерлер Төлеутай Рақымбеков пен Дания Еспаева да дауыс берді, — деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан Республикасының саяси өміріндегі ең маңызды оқиғаға өнер жұлдыздары да белсене қатысып, өз таңдауын жасауда. Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев жұбайы Дарикомен бірге өз үйінде көшпелі дауыс беру жәшігі арқылы таңдауын жасады. Танымал композитор бұл сайлаудың ел үшін маңызы ерекше екендігін атап өтті.
-Кемел келешегіміз үшін өте қажетті шарадан тыс қалмау — әрбір қазақстандықтың парызы, — дейді ол. — Бұл сайлау жасы үлкені бар, жастарымыз бар, бәрімізге ортақ. Ең бастысы, өзіміз қалаған кандидатымызға дауыс беріп, шын жүрегімізбен өз таңдауымызды жасағанымыз жөн. Еліміздің болашағы баянды болуы үшін ортақ іске бәріміз бір кісідей жұмылғанымыз абзал.
Бұл бөлімшеде дауыс беріп жатқан өнер жұлдыздарының арасында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева да бар.
— Біз болашағымызға сенімдіміз. Өзіміздің таңдауымызды жасау – азаматтық борышымыз. Осындай кезде бәріміз бірге талпынбасақ, сол жарқын болашағымызға бірге ұмтылмасақ қандай нәтиже болмақ? Сондықтан ортақ іске енжарлықпен қарамайық дегім келеді, белсенділік қажет. Тек сонда ғана халқымыздың әл-ауқаты одан әрі артып, еліміздің ертеңі жарқын болмақ,- деді Роза Рымбаева.

Бақытжамал ОСПАНОВА,
Алматы қаласындағы № 254 сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы:

ТӘРТІП БҰЗУШЫЛЫҚТАР ПЕН ЕСКЕРТПЕЛЕР ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ
№ 254 сайлау учаскесінде тәртіп бұзушылық пен ескертпелер тіркелген жоқ. Бөлімшеде сайлаудың өту барысын халықаралық бақылаушылар мен жергілікті мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері және партия мүшелері қатаң қадағалауда. Зағиптарға, көзі нашар көретіндерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Дауыс беруге деген сайлаушылар белсенділігі жоғары.

 

САЙЛАУҒА КЕЛУШІЛЕР КӨРСЕТКІШІ
(сағат 14:00 дейінгі жағдай)

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, күндізгі сағат 14:00 — ге дейін, тізімге енгізілген сайлаушылардың 51,8 %-ы сайлау бюллетеньдерін алған. Айта кетейік, сайлауға қатысуға нақты 11 миллион 947 мың 995 азаматтың құқығы бар.
Әзірге республика бойынша дауыс беруде ең белсенді өңір — Ақтөбе облысы. Мұнда халықтың 69,4 %-ы дауыс берген. Одан кейін Қызылорда мен Алматы облыстарының көрсеткіштері жоғары: 63 %-дың айналасында. Шығыс Қазақстан жұршылығы әзірге үштікті қорытындылап тұр.
САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ ЖАЛПЫ САНЫ-11 947 995
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 56,7 %
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 69,4 %
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 63,0 %
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 45,4 %
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 59,8 %
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 56,3 %
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 40,9 %
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 49,7 %
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 63,1 %
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 55,8 %
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 52,4 %
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 45,9 %
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 53,6 %
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША — 49,3 %
НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БОЙЫНША — 37,6 %
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША — 37,0 %
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША — 40,5 %

Поляк бақылаушысы Виолетта ПОРОВСКА:
«МЕН ҚАЗАҚСТАНДА САЙЛАУДЫҢ ТӘУЕЛСІЗ ӘРІ ЕРКІН ӨТІП ЖАТҚАНЫН АЙТА АЛАМЫН»
Бүгін Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінде ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына бақылаушы болып Польшадан келген Виолетта Поровска брифинг өткізді. Таң атқалы 4 сайлау учаскесінде болып үлгерген ол Қазақстанда сайлаудың ашық әрі әділ өтіп жатқанын айтты.
— Шынымды айтсам, өмірімде бірінші рет бақылаушы боп отырмын. Таңнан бері 3 сайлау учаскесінде және №4 ауруханада болдым. Әр сайлау учаскесі өте жақсы әзірленген, адамдар өте белсенді. Мен үшін маңызды болғаны, мұнда тәуелсіз бақылаушыға ешқандай шектеу қойылмағаны, бізге еркіндік жасалғаны», — деді польшалық бақылаушы. Виолетта Поровсканың айтуынша, бір учаскеде тіпті өзі 47-ші бақылаушы болыпты. Бұл тәуелсіз бақылаушының көптігін көрсетеді дейді ол.
— Тағы бір ұнағаны, әр учаскеде мүгедектерге де жағдай жасалыпты. Оларға арнайы адамдар дауыс беруге, кабиналарға өтуге, жалпы қимылдауға көмектесіп жатты. Әсіресе, ауруханада, жүре алмайтындарға жақсы жағдай жасалыпты. Бұл әр азаматтың дауыс беруіне мүмкіндік жасалғанын дәлелдейді, — деді халықаралық бақылаушы.
Халықаралық бақылаушы барған сайлау учаскесінің бірінде тіпті таңғы 10-да дауыс берушілердің 25 пайызы қамтылса керек. Ол адамдар көп болса да, өзінің ешқандай құқық бұзыушылықты байқамағанын, әр учаскеде бақылаушыларға арналған орын жасақталғанына сүйсінді.
— Мен әдейі, басқа тәуелсіз бақылаушылардан «оғаш бір нәрсе байқадыңыздар ма» деп сұрап көрдім. Ешқайсысы ештеңе болмағанын айтты. Осындай ақпараттар мен деректерге сүйене отырып, мен әзірге Қазақстанда сайлаудың тәуелсіз әрі еркін өтіп жатқанын айта аламын», — деді Виолетта Поровска.
Польшадан келген халықаралық бақылаушы әзірге Алматының көрікті жерлерін аралап үлгермепті, әйтсе де оны Алматының табиғаты таң қалдырмай қоймаса керек. «Менің мақсатым – барынша көп учаскені бақылап, көп мағлұмат алу. Енді дауыс санауға да қатысқым келіп отыр. Бізге ондай мүмкіндік береді деген ойдамын», — дейді Польшадан келген халықаралық бақылаушы Виолетта Поровска.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close