САҒАН АРНАЛҒАН КЕШ

60Қаламыздағы қайырымды жандардың өнегелі істері жайында

 

Мөлдір НҰРТАЙ

Өмір керуенінің жолында көбіміз алға ұмтылып, биікке көтерілуді көздейміз. Және бар уақытымызды сол үшін күресу­мен өткіземіз. Бірақ, сәл де болса аялдап, маңайға қарай­ласақ, керемет дүниелердің өтіп кетіп жатқанын байқар едік. Әйгілі «Форрест Гамп» кино­сындағы Форрестің анасы: «Өмір дегеніңіз шоколадты кәмпиттердің қорабы іспетті. Уысыңа қандай түрі түсерін ешқашан біле алмайсың», – дейді. Расымен. Өмірдің кейбір сәттері асығыңды алшысынан түсірсе, кей кездері, тіпті, кері­сінше, қырсығы шыр айнал­дыратыны тағы бар. Сонда да, бір мезет өткенге салауат айтып, қолда барға қанағат қылып, бүгінімізге шүкір деуді ұмытып жатамыз. Пенденің пешенесіне не кесілсе, сол болмақ. Таңертең көзіңізді ашқан сәттен Аллаға мадақ етіңіз. Себебі, сізді оятуды ол ұмытқан жоқ. Төрт құбылаңыз теңелмесе де, он екі мүшеңіз­дің саулығы бар байлығыңыз емес пе? Әр тәулігіңізде там­шыдай ғана бақытқа бөленіп жатсаңыз, қуаныңыз, шүкір етейік, одан жаманшылық көр­мейсіз. Керісінше, қолыңызда бар дүниеге қанағат етуді үйренесіз, жүрегіңіз нәзіктікке толып, жаныңыз тазара түседі.

Бұл әңгімені мен бекер қозғап отырғаным жоқ. Осы­дан бір апта бұрын қара шаңырағымыз ҚазҰУ-де бірге оқыған құрбым хабарласқан еді. Студенттер са­райында танымал ән­шілердің қатысуымен қайырым­дылық ән кеші өтеді екен. Кештен жиналған қаражат Семей қаласын­дағы ауыр науқас екі бүлдіршіннің операциясы­на беріл­мек. Маған да осы балаларға көмектесуіме мүм­кіндік берілді. Құрбыма алғы­сымды білдіріп, асығып концертке бардым. Жүрегім алып-ұшып, қалашыққа да жет­тім. Сту­дент­тер сарайының ал­дында жиылған халықты көрсеңіз ғой… Еліміздің бір бұрышындағы екі баланың болашақ тағдыры қала тұрғын­дарының назары­нан тыс қалмаса керек.

Қайырымдылық шара 6 жа­сар  Бақытжан мен 11 жастағы Данияр үшін. Күлімдеп атқан әрбір таң қыл үстіндегі тағдыр ие­лері үшін үмітке толы, күдігі ба­сым. Асыр салып, алаң­ғасар­ла­нып ойын ойнауды аңсайтын қос бүлдіршіннің ертеңгі күні аяқ басып, сауығып кетуі операция мен оған төленетін қаржының тездетіп жинал­ғанына байла­нысты. Жанын шүберекке түйген семейлік отбасылар көмек сұрап, Алматыдағы «Studіo One» продю­серлік орталығына хабар­ласады. Продюсерлік орталық мән-жайды толық сұрастырып, Серікқазы Бақытжанға денесінің оң жағы салдануынан, Сәрсекенов Да­нияр­дың жамбас сүйектерінің зақымдануынан пайда болған рак ауруларына қарсы жедел түрде емнің қажеттігін анық­тайды. Өте ауыр бұл  операция шет елде ға­на жасалады екен. Артқа шегінуді ойларына да алмаған «Studіo One» продюсерлік орта­лығы еліміздің түкпір-түкпірінен келген әншілердің көмегімен «Саған арналған кеш» концерттік бағдар­ламасын ұйым­дас­тырып, қайы­рым­дылық кештің афи­шасын Алматы тұрғындарына және әлеуметтік желілер арқылы тарата бастады. Жанна Абуова, Жанар Дәукеева сынды өнерлі қыздары­мыздың ұйымдастыр­уымен өткен кеште Саят Ме­деуов, Бүркіт, Ғаділбек Жанай, Еркін Нұржанов, Абай Бегей, Асқар Жүнісбеков, Төреғали Төреәлі, Қанат Үмбетов, Серікбол Сайлаубек, «Заман», «Кемел», «Индиго» сынды жастар тобы өздерінің жүрекжарды әуендерін арнады. Қайырым­дылық шарасын ағайынды Артур және Асылхан Төлеповтер жүр­гізді. Кеш соңын­да әншілердің ара­сына еніп, қос бүлдіршінге деген ыстық ықы­ластары мен ниеттеріне алғы­сымды білдіріп, осындай оқи­ғадан құлағдар болдым. Бақыт­жан мен Данияр­дың операция­сына арнал­ған кештен түскен қа­ра­жат  3 млн. теңге көле­мінде.

Қос бүлдіршіннің алдағы сы­нақ­тан аман-есен өту­леріне шын жүре­гімізбен тілектеспіз. Көрер жа­рықтары алда болғай! Осы орай­да, көкейіме келіп тұрып ал­ған бір ойды тар­қатпасқа бол­мас.

Мейірім. Ықылас. Жүрек­жарды пейіл…

Қазіргі қоғамда адамдардың мейірімсіз көздерінен қорқасыз. Бет-алысы үрейлендіретін әре­кеттерінен шошынасыз. Қолдағы барына қанағат деуге тырыспай, маңайында жүрген адамның бойындағы ақыл-параса­тына қарап емес, қалтасындағы тиы­нына қарап баға­лайтындар кө­бейді. Бейбіт күннің қадірін түсінбейтін береке­сіздерден қор­қасыз. Бірақ, көз айнасы таза, жү­рек төрінен мейірім мен махаб­бат орын алған жандар да аз емес  елімізде. Міне, осындай бет­пер­десіз шынайы адамдар әлемді дұрыс бағытқа бұрып, бақытқа бөлейді.

Әлемді өзгертуге болатынын бі­летін мына біздер көп нәрседен тар­тыншақтап, жүрексінетініміз рас. Алайда, әлем, біз ойла­ған­дай, құй­тыр­қы істерге толы, был­ғанышты емес. Әлемді былға­нышты ететіндер –  қолдарынан іс келмейтін, өзін жақсы жағына өзгертуге тырыспай, сол қалыпқа үйренгендер. Олар мейі­рімнен жырақ қалып, әр істе  табан­ды­лық көрсете алмай, өмірге деген күрес жолында  жеңіліс таппақ.

Біздер маңайымыздағы адам­дарға аса назар аудар­маймыз. Оларға қол­дау көрсетіп, қорғауға тырысуымыз керек. Себебі, жа­нымыздағы жақсы адамдар таң­дау жасауда, алға қадам басар­да қандай шешім қабыл­дай­тындарын білмеуі де мүмкін. Бұл, аса ауыр кезеңде дұрыс жол көр­сетудегі бізге берілген мүмкіндік тәрізді. Қалай десек те, бұл адам­ға жасалған жөндеу жұмыстары секілді. Кейбір сәттері құдыреті күшті Алла сізді өмір жолыңызда кейбіреулердің қуаны­шының себепкері етіп жатады. Сіздің көмегіңіз арқылы мейірімді жан­дардың бар екенін білген бір адам­ның саны бір­нешеге ұла­сады. Бүкіл әлем жақ­сылыққа құштар, өзгеге қамқор болуға ұм­тылады. Яғни, адамдар бір-біріне көмектесу арқылы әлемді мейі­рімге бөлеп, был­ғаныштан тазартады.

Міне, менің «өмірдегі басты мақ­сатымыз – Алланың берген несібесіне қанағат етіп, өзгелерге шынайы пейіл­мен көмек қолын созып, адамшылық қалпымыздан таймау» деген өмірлік қағидам жүрегімді мейірімге толты­рып, жүзімді нұрландыра түседі. Бұл менің өз ойым, өз пайымдауым. Бұл жалғанда жақсылыққа жаны жақын, мерейі үстем жандардың жүрегі махаббатқа толы болады.

Кімнің болсын өз мекені, тұрағы, бар дегенмен –

Бүкіл әлем махаббаттан тұрады…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close