СӨЗІНЕН ҚУАТ, ЖҮЗІНЕН ШУАҚ КЕТПЕГЕН

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым-жазушы

Қаламгер Итен Қарымсақұлының «Жақсының жарығы» атты жаңа туындысы қолыма тигенде көңілім көтеріліп қалды, өткен жылдар ойыма оралды. Өйткені, мен белгілі журналист-жазушы Итен Қарымсақұлы досымды сонау студент шақтан ҚазМУ-де журналист мамандығының жалынан ұстап, үзеңгісіне аяқ салған кезінен жақсы білемін. Ол кезде журналистика бөлімі филология факультетінің ішінде. Курстаспыз. Қатар  оқыдық. Содан бері, міне, қаншама уақыт зымырап өте  шықты. Журналистика әлемінде бірге тер төктік.

 

Еңсегей бойлы ер досым

Мен Торғай облыстық телерадио­ко­ми­тетінде редактор болып жүр­генімде, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» га­зе­тінде әдеби қызметкер болып жүрген еңсегей бойлы ер досым  Торғай облыстық «Тор­ғай таңы» газетіне қызмет ауыс­тырып келді.  Тарихы тым әріде жат­қан­мен,  «ұлт ұясы» атанған Торғай облысының жаңадан ашылған кезі еді ол. Жайдары да жұмсақ мінезімен бұл  ортаға тез сіңісіп кетті.

Осылай тарихи киелі өлкенің суығына тоңып, ыстығына күйді. Сырдың суына шомылып, құмына күйіп өскен қара торы жігіт Арқаның бет бақтырмас бораны мен ақшұнақ аязында шыңдалды.  Мұның өзі бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Одан кейін Жезқазған облыстық «Жез­қазған туы» газетіне қызмет ауыстырып, жалпы Арқада он жылдай  жемісті еңбек етті. Талай курстастарымыз, бізден кейінгі көптеген інілеріміз таңдаған киелі кәсібіне байланысты орта жолдан кері қайырылса, Иекең алған бетінен қайтпады. Қайсарлық танытты.

Иекең  алпыс жылдан аса журналист ретінде көп асудан асты, талай жердің дәмін татты. Журналистік жазу-сызуына  келсем, қаламы әу бастан тайпалған жорға екенін бәріміз мойындағанбыз. Құқық тақырыбын  өмір бойы қаламының өзегі етті. Қаламды осы салада бұл биікке көтерсе, қаламы мұны биіктетті.

Иекеңнің ақындық қыры, кейінгі кезде ғана жарқырап көрінгенмен, ол өзі бой­ында жас кезінен бар еді. Өлеңді ерте бастан жазған. Бірақ келе-келе көркем сөзді кө­сем­сөзі жеңіп кеткен. Алайда, Құдайдың бер­ген ақындық қасиетін ешкім тартып ала алмайды екен, кеш те болса жұрт қо­лына тигізіп, Иекең поэзия сала­сында да өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан қарымын танытты. Бұрнағы жылы «Жаса, жарық күн!» атты жыр жинағы жарық көріп, оқыр­­­мандар тарапынан жоғары бағасын алды.

Енді, міне, байырғы досым мені шығар­машылығымен тағы да зор қуа­нышқа бөледі. Алматыдағы «Аrna-b» баспасынан «Жақсының жарығы» атты ғұмырнамалық кітабы (редакторы Қ.Сәрсенбай) жарыққа шығып, қолыма тиіп отыр.  Онда сыр-сұхбаттары, тағы­лымдық жазбалары, ой-толғаулары бар. Алдымен маған кітаптың аты ұнады. Құры­лымы да өзгеше екен. Кітап шымылдығы үш арқалы ақынның  Иекеңе арнаған  иі­рімі бөлек өлеңдерімен ашылған. Өлеңдер қамшыдый жымдасқан өзгеше өрімімен, ең бастысы, ыстық ықы­лас, ақ-адал ниеттен  туғандығымен ұнады өзіме. Ақын, Қазақ­станның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы М.Әміреұлы «Бірде жақын болсақ та, бірде қашық, Қызық шақтар кеткен жоқ қырдан асып. Арамызда күн сайын жүрмегенмен, Алматыда бір жан бар Сырға ғашық» деп бастап, Сыр өңірімен  жаны мен қаны біте-қайнасып кеткен асыл аға­сына арнаған жан сырын алғаусыз ақтар­са, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сый­лы­ғының иегері  Ғ.Жайлыбай сексеннің сеңгіріне сергек шыққан ағасына арнаған өлең шумақтарындаарда туған азаматтың ірілігіне сүйсініп былай дейді:

 

…Сырластың аңызбен де, абызбен де,

Тасыңды асау толқын ағызды өрге.

Қол соқты қошеметтеп қара орман жұрт,

Баласы Қарымсақтың қара үзгенде…

Бәйгесін берер-бермес ұмсындырып,

Бәріне бүгін аға, тұрсың күліп.

…Толқынын сұлу Сырдың енді бүгін

Өріне Алатаудың жүрсің бұрып.

 

Ақын, танымал журналист Т.Тәшенов інім «Қарымсақұлы қағидасы» атты өлеңін былай төгілтіпті:

 

Қоп-қою, қара қасы жалбыраған,

Көрінер көп ішінде кең бір адам.

Сексенде де сыр бермес сексеуілдей,

Қаратаудай қайырылып хал сұраған…

Алыс, аулақ жүреді мақтан істен,

Сырдың суын өзіне шақтап ішкен.

Қарапайым қалыбы, жылы жүзі,

Құмғандай көрінеді отқа піскен…

 

Иірсе асығының алшысы көп,

Не жазса да тиеді қамшысы дөп.

Қайдан болсын қаламы тауып алып,

Жақсы адамның келеді жаршысы боп..,

 

дей келе, құқық бұзған талайларды қалам­мен құрықтаған, ірілік, ізеттілік, икем­ділікті қағида тұтынған Иекеңнің кемдігі жоқ кеңдігіне сізді де тәнті етеді.

 

Жақсы адамдардың жаршысы

 

Ғылым докторы, белгілі жазушы Н.Ақыш ініміз «Үзілмейтін ізденістер ізімен» атты осы кітапқа жазған алғы сөзінде былай депті:

«…Иекең, негізінен, қалың оқырманға қылмыстық-атқару жүйесінің барлық қыр-сырына қанық қаламгер ретінде, кез-келген журналистің азуы бата бермейтін өткір тақырыптарды жеріне жеткізе білетіндігімен танымал болды десек, қателеспейміз. Жур­налистік міндетін қоғамның өзекті мәсе­лесін барынша терең ашып көрсетіп, шын­дық пен әділдіктің жаршысы болу деп түсінеді. Сондықтан мәселені жан-жақты әрі терең қозғап, жеріне жеткізе жазып жүр.

Мен Иекеңді жақсы істердің ғана емес, жақсы адамдардың да жаршысы дер едім. Адамның адамдығын айтудан асқан парыз бар ма?! Бар күш-жігерін, жүрек жалыны мен қуатты қызуын өзінен бұрын өзге за­мандастарының елге танылуына, жан са­рай­ына үңілуге, жолын ашуға жұмсаған журналистің қаламгерлік бақыты да осын­да. Жан-дүниесі бай мұндай азаматтардың тоқтаусыз қызметін қоғам байлығы деп санауымыз керек».  Осымен Иекеңнің жеке басына қа­тысты жай-күйлерді бір түйіп тастап, енді бұл туындыда не айтылды,   тікелей соған көшейік.

«Қырандар биікте самғайды» атты бірінші бөлім Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен «Сырға толы сыр елі» атты сұхбатпен ашылады. Қырым­бек Елеуұлының білікті ұйымдастырушы, қа­білетті де қарымды басшы екендігі, топты бас­тап, жол көрсеткен тұлғалық бейнесі, атқарған сан салалы қызметі кітапта жан-жақты көрсетілген. Өңір өніміне  дем бе­руші негізгі өндіріс орындары мен халыққа қажетті жол-көлік қатынаста­рының дені  осы Көшербаевтың тұсында кең тыныс алды.

Марқұм З.Жарқынбаевпен қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті Бас редакторы­ның бірінші орынбасары кезінен аралас­тым. Адамгершілік, тазалық, тектілік, кісілік қасиеттері мол адам еді. Кейін Қы­зылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің Бас редакторы қыз­метіне ауысты. Кітапта Иекең «Өмірге жол­даманы Жүргеновтен алған…» атты жаз­басында Зекеңнің өнегелі үлгісінен, ұс­таздық тағылымынан, биік рухынан  та­маша сыр түйіпті. 1958 жылы Зекең осы га­зетке Иекеңді 18 жасында хат тіркеуші етіп қызметке қабылдаған, арада көп уақыт өтпей әдеби қызметкерлікке жоғарылатқан. Одан әскер қатарына алынған. Елге қайтып оралған соң  осы газет редакциясында ең­бек етіп, жаңа редактор Ұзақ Бағаевтың мек­тебінен өткен, ол жайлы да талай есте­ліктер жазды. Мұны  Иекең екі редактор­дың  бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі деп біледі.

И.Қарымсақұлы жасынан осындай  жақсы адамдардың шарапатын көріп, жанында көп жүрген, тағылым жиған. Осыдан-ақ оның   бойындағы қасиеттердің түп-тамыры тереңде жатқанын оқырман өзі де шамалап отырған болар деген ойдамыз. Қысқасы, автордың Зекең образын  әр қырынан әдемі аша білгенін аңғару қиын емес.

 

Кейіпкерлерге кӨз салғанда

«Тектіден текті туады» атты жазба қолынан қаламын тастамай жүріп ел басқарған, Сыр өңіріндегі алғашқы қаламгер-хатшы Е.Көшербаев тұлғасын тануға арналған. Кезінде Қорқыт бабаның кешенін тұрғызғанда, үстінен Кремльге дейін арыз жазылса да, қыңқ етпеген қайсар Елеу ағаның елеулі еңбегі елдің есінде.

Бірнеше ауданның бірінші хатшысы болған, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты, СОКП съездерінің әлденеше рет делегаты болып сайланған  Елеу Көшер­баевтың халқы үшін атқарған ісі, қалдыр­ған өнегесі ұрпаққа үлгі. Жалпы, Көшер­баевтар әулеті Сыр өңірінде еңбекшілдер династиясы ретінде бұрыннан белгілі. Ат үстінен түспеген әулет. Әкесі К.Дәрібаев ақсақал Социалистік Еңбек Ері атанған  ерен еңбегі бар жылқышы болған. Оның ұлдары да әке жолын абыроймен жалғас­тырды. Бір ұлы Қырымбек Көшер­баев облысты басқарып отырса, тағы бір ұлы Айтбай аудан әкімі болды, қазір өндірісте басшы. Елеу ағаның  ұлдары жүлде алған айтулы спортшылар. Сондықтан соңында жарқын да өшпейтін із қалдырған Елеу аға жайлы Иекеңнің мақаласы  елді, жерді көркейткен тұлғаға деген тағылымды жазба ретінде оқыған жанның есінде сақталады.

Жалпы, Иекеңнің осы кітапқа топтас­тырылған кейіпкерлерінің бәрі де осал емес. Шетінен мықты. Оларға жеке-жеке тоқтал­май-ақ, оқырман өзі іздеп тауып оқыр деген ой туады. Олар кімдер: мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Шау­хаманов, У.Бишімбаев, Қ.Бисенов, Т.Маханов, А.Би­сенов, Н.Табынбаев, Р.Әміреұлы, Ж.Шә­ріпов, М.Әміреұлы, Т.Тәшенов,  Ә.Ра­хымбекұлы, Б.Ойса…

Екінші бӨлім «Өнегеге толы өмір» деп аталады. Олар: «Ардагерлерді алға ұмсын­дырған ақсақал» (М.Кәркенов), «Қоғам ілгерілеу үшін ізгіленуі керек» (аудандық сот төрағасы Е.Үстелбаев), «Биіктен бақыт іздеген» (сәулетші А.Жұрынова), «Даулар­ды шешудің баламалы жолдары бар» (сот төрағасы И.Сматов), «Мұратына адал мұрағатшы» (Ж.Шал­ғынбаева), «Қармақ­шы­ның қаһарманы» (Қ.Есдәулетұлы), «Арнайы прокурор» (Ж.Қадырұлы), «Жү­регінде ізгілік оты жанған» (Қ.Түй­мебайұлы), «Жұрт жүрегіндегі Жұмабек» (Ж.Абаев), «Өмірі еңбекте сыналған» (С.Әбдіқұлов), «Дарба­задан шыққан дарабоз» (майдангер, еңбек ардагері С. Байғозыұлы)…

Үшінші бӨлім «Қаламы жүйрік қалғы­майды» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай, бәрі шетінен қалам ұстаған  мықты жазармандар: «Жыр жайсаңы» (М.Әміреұлы), «Әдепке шақырған Әдетов» (жазушы-журналист Б.Әдетов), «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» (жазушы К.Сегіз­баев), «Ұлт басылымының жанашыры-жанкүйері» (марқұм Ж.Кенжалин), «…нағыз батыр екенсің ғой» (жазушы Б.Ұзақбаев), «Қайраткер. Ақын. Азамат» (С.Құттыбайұлы), «Нұртөренің мың құмырс­қасы» (Н.Жүсіп), «Ақиқатын енді сіз айтыңыз!» (журналист Г.Бектас)…

«Алматы ақшамы» газеті (Бас редак­торы, жазушы-публицист Қали Сәрсенбай) және газеттің 1996 жылдан бері тұрақты авторы, әріптесім Итен Қарымсақұлы  жас журналистерге айрықша қамқорлықпен қарайды. Газет биылғы жылдың 5 қаңта­рында «Әріптес әлемі» деген айдармен Иекеңнің «Сарыарқадан жеткен самал» деген естелігін жариялады. Онда бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің 1973 жылдың 13 сәуірдегі ал­ғашқы нөмірін тәжірибелі корректор болмағандықтан өзі оқып һәм кезекші редактор ретінде тұңғыш газеттің жарыққа шығуына қол қойған. Енді сол газеттің заңды мұрагері, аймақтық «Сарыарқа» газетінің Бас редакторы Д.Мұханның іскерлік қабылетіне сүйсініп, шығарма­шылық жолда сәттілік тілеп жазған есте­лігін кітаптан қызыға оқыдық. Сүйсіндік.

ТӨртінші БӨЛІМ «Тәуелсіздік және туған ел» бөлімінен оқырман Итен Қарымсақұлының тәуелсіздікке арналған өлең-жырларын, сондай-ақ «Алматы ақшамы» газетінің 2017  жылғы 24 тамыз­дағы нөмірінде  ықшам­далып жария­ланған «Әке мен бала»  деген Көшербаевтар әулеті жайлы жазған көлемді сыр-толғауының толық мәтінін оқи алады. Мұның ұлтжанды, ержүрек Елеу ағаның 90 жылдығы алдында жарық көруінің тәрбиелік әрі тағылымдық зор маңызы бар. Осы бөлімде бір әулеттің қос қарлығашы, бірі ғалым, екіншісі ақын Рақыш пен Махмұтбай Әміреұлы жайлы жазылған «Өмірде қатар өсіп, болдық сырлас» деген арнау өлең де оқығанда жақсы әсер қалдырады.

Кітаптың бесінші және алтыншы бӨлімдерінде сұхбаттары, туындылары жайында жазылған пікірлер,  авторлардың талдау мақалалары топтас­тырылған. Одан әрі жыр-шашулар, мара­паттар, құттық­таулар болып жалғасады. Әрине, әулеті, ұрпақтарына да орын бе­рілген. Кітап беттері арасы көрнекі фото­лармен көмкерілген. Көрдіңіз бе, сан салалы, нағыз ғұмырнамалық тамаша кітап болып шыққаны көзге әдемі көрінеді. Бұл жағынан сексеннің сеңгірін бағындырған досымның еңбегі  бәрінен ұтып тұр.

Сөзінен қуат, жүзінен шуақ кетпеген  белгілі қаламгер Итен Қарымсақұлының «Жақсының жарығы» атты жаңа шығар­масына көз жүгірткенде туған қысқаша ой-пікірлер осындай.

АСТАНА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *