СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕР КЕЗ КЕЛДІ

Дональд Трамп пен Ким Чен Ын тағы да кездеспекші

Қазіргі күні саясаттанушылар ерекше мән беріп, жұрт елеңдеп күтіп отырған оқиғаның бірі – алда болатын Трамп пен Кимнің екінші рет кездесуі.   Расында да, АҚШ пен КХДР (Корей Халық демократиялық республикасының)  арақатынасы  екі елдің шеңберімен шектеліп қалатын нәрсе емес. Бұл  әлемдік геосаясатқа, халықаралық қатынасқа елеулі түрде әсер ететін, соңғы алпыс жылдан астам уақыт шиеленісіп, қақтығыс жағдайында болып келген  Корей түбегіндегі тыныштық пен бейбітшілікке бастайтын,  қос  Кореяның  ынтымақтастығына, оқшауланып қалған КХДР-ның әлемдік қауымдастыққа  қосылуына  жол ашатын мәселе. 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Көпшіліктің есінен шыға қоймаған болар, 2018 жылдың 12 маусымында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Корей Халық Демократиялық Республи­касының төрағасы  Ким Чен  Ын Син­гапурде кездесіп, бірлескен декла­рация  қабылдаған болатын.  Ол декла­рацияда  былай делінген:

– АҚШ пен КХДР өз мемлекеттері халықтарының ықыласына орай бейбіт­шілік пен дамып-гүлденуге  жету мақса­тында өзара байланыс орнатуға  міндет­тенеді;

– Екі  тарап та Корей түбегінде тұ­рақты  тыныштық пен бейбітшілік орна­туға күш салады;

– КХДР 2018 жылғы 27 сәуірде қол қойылған Пханмунджом декларация­сының орындалатынын  және Корей түбегін  ядролық қарудан  толықтай тазартуға бет бұратынын растайды;

– АҚШ пен КХДР Корей соғысы кезінде  із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді іздестіру,  қаза тапқан солдаттардың сүйек­терін тексеріп, аты-жөндерін анық­тауды өз  міндеттеріне алады.

Мұнымен бірге, Құрама Штаттар  Солтүстік Корея  ядролық сынақтардан бас тартқан жағдайда  Ким Чен Ынның  жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  кепілдік береді.

Екі мемлекеттің басшылары ресми түрде қол қойған осынау декларацияны әлемнің бейбітшіл жұртшылығы қана­ғаттана қабылдап,  онда айтылған талап­тардың іске асып, орындалатынына  үлкен үміт артты.

Жақсылықтың бастамасындай, Син­гапур саммитінде қабылданған құжаттың шарапат-шапағатымен ұзақ жылдар тоң-теріс, тіпті қырғиқабақ болып келген туыстас екі Корея бір-біріне жылы қабақ таны­тып, жақындаса бастады. Шекара­дағы  қатаң бақылау босаңсып, күзеттер саны қысқарды. Темір  және автокөлік жолдарын  жалғастыру  жайы күн тәртібіне қойылды.

2018 жылдың 18 қыркүйегінде Оңтүс­тік Корея президенті  Мун Чже Ин зайы­бымен  Пхеньянға ұшып келіп, оны әуе­жайда КХДР төрағасы Ким Чен Ын  туысқан ағасындай қарсы алып, құша­ғына қысты. Ашық лимузин көлігінің үстінде Пхеньянның көшелерімен жүріп өткен ол екеуіне  жол бойында тұрған   ха­лық  қуана қол бұлғап,  айрықша қошемет көрсетті.

Корея Республикасы мен КХДР басшыларының  екі күндік саммитінде Корей түбегінің ядролық қарудан тазар­тылуы және  қос тараптың бір-біріне әске­ри-қарулы қауіп төндіруден бас тартуы,  денуклеаризацияны одан әрі қарай жал­ғастыру, қарым-қатынасты толықтай қалпына келтіру мәселелері қаралып, қазірше мүмкін салалардағы ынтымақтас­тықты дамыту туралы декларацияға қол қойылды.

Сондай-ақ, алдағы 2020 жылғы Олим­пиадаға  бір команда болып қатынасып, 2032 жылғы Олимпиаданы Кореяда бірлесіп өткізу жайы  құпталды.

Ағайын жұрттың татуласуының  ізгілікті жоралғысындай, Ким Чен Ын мен Мун Чже Ин  күллі корей халқы үшін  қасиетті тау саналатын Пэктусан шоқы­сына бірігіп шықты.

Қорытынды отырыста Мун Чже Иннің сапарына жауап ретінде  жыл аяғына дейін  Сеулге  Ким Чен Ынның баратыны айтылды. Бауыр ел басшысының мұндай ықылас-ниеті оңтүстік кореялықтар тарапынан  зор ықыласпен  қабылданды.

«Барғызбасың – барғызбас» дейтіндей,  сәл өкініштісі Кимнің  Сеулге сапарының 2018 жылы сәті түспеді. Бұл орайда КХДР басшысы Корея Республикасының  прези­дентіне арнайы хат жолдап, берген сөзінен айнымайтынын, алдағы уақытта міндетті түрде барып-қайтатынына сендірді.

Ал ақиқатында, бұл кезеңде Ким Чен Ынның мұнан да маңызды міндет – АҚШ пен КХДР арасындағы түйткілді мәселе­лерді шешу үшін  Д.Трамппен екінші рет кездесу жайын  ойластырумен басы қатып жатты.

Себебі, Сингапур саммитінен кейін жұртшылық күткендей Вашингтон мен Пхеньян қатынасындағы келіспеушіліктер мен қайшылықтарды шешуде   айтарлық­тай өзгеріс бола қоймады. АҚШ жағы – Солтүстік Кореядағы  ядролық сынақ  пен  зымырандар ұшыру нысандарды түгелдей жоюды талап етсе, Солтүстік Корея – КХДР-дың толықтай  қауіпсіздігі кепіл болатындай  бейбіт келімге қол қоюды алғышарт етіп қойды. Басқаша айтқанда, екі жақтың да сенімнен гөрі күмәндары  басым болды.

Бұған қоса, Оңтүстік  Корея жерінде 28,5 мың американдық жауынгерлердің болуы, АҚШ пен Корея Республикасының Корей түбегіне жақын  маңда  бірігіп әскери жаттығулар  өткізуі  Пхеньянның көңіліндегі күдікті сейілте қоймады, әрі оңтүстіктегі бауырларымен емен-жарқын  араласуына кедергі болып тұрды. Өйткені, Сеулдің сыртқы саясатта,  әсіресе Пхеньян­мен қарым-қатынаста  Вашингтонның қас-қабағына қарайлап әрекет ететіні  белгілі.

Мына жәйтті де айта кеткен жөн.  Құрама Штаттардың сыртқы саясатында  барлық мәселені Д.Трамптың өзі шеше алмайды. Оның сыртында азулы  қос палаталы  конгресс, әрбір әрекетін бақы­лап, сын садағымен түйреп отыратын оппозициялық демократиялық партия әрқандай ақыл қосып, кеңес беретін  ақылшылары мен көмекшілері тұр. Ақ үй әкімшілігінде КХДР  бейбіт келісім жасассақ,  Пхеньян  Оңтүстік Кореядағы  американ әскерлерін  шұғыл әкетуді талап етуі мүмкін деп қауіптенетіндер де бар.

Сондықтан болса керек, кейбір амери­каншыл саясаткерлер мен сарапшылар: «Трамп пен Кимнің Сингапурдегі саммиті  алғашқы танысу  мақсатында және декла­ративтік сипатта  өткізілді. Мәселенің негіз­­гі түйіні алда болатын екінші кездесуде шешіледі», – деп Вашингтонның саясатын ақтап, жуып-шайғансиды.

Ақ үй әкімшілігі де әлем алдында, геосаясатта жақсыатты көріну үшін  Сол­түстік Кореямен  бейбіт келісім жасасуға біз де мүдделіміз дегендей  өткен жылдың күзінен бері  Трамп пен Ким «жылдың аяғына дейін әне, кездеседі, міне кездеседі» деумен келеді.

Солай  созбалақтаумен  АҚШ—КХДР саммиті 2019 жылдың еншісіне көшіріліп, алдағы ақпан айының аяғында  Вьетнам­ның Ханой, Дананг және  Хошимин  қала­ларының бірінде өткізіледі деп жобалануда.

Билікті  атасы Ким Ир Сен  мен әкесі Ким Чен Ирден мұраға  алған  35 жастағы Ким Чен Ынның   кейінгі кездегі белсенді іс-әрекеттері оның  АҚШ-пен келісімге келуге мүдделі екенін аңғартады. Ондай келісімге қол жеткізген жағдайда саяси-экономикалық, әлеуметтік тығырықтан шығатынына  сенімді.  Ақиқатын айтқанда, бүгінгі таңда  КХДР Құрама Штаттар және оның  ықпалымен  БҰҰ, Еуроодақ елдері, Оңтүстік Корея мен Жапония, ең аяғы Австралия жариялаған санкциялардан аз зиян-залал шегіп отырған жоқ.

Ең алғаш БҰҰ-ның  Қауіпсіздік кеңесі 2006 жылы  Солтүстік Корея ядролық жарылыс жасағанда мұндай сынақтарды дереу тоқтатуды талап етіп, КХДР  кейбір әскери техникалар мен бірқатар тауарларды  экспорттауға тыйым салды.

2009 жылы екінші рет  сынақ өткізгенде  тағы да арнайы қарар қабылдап, Пхеньянға сатылатын  қару-жарақтардың шектеуін өсірді.

Сонда да  ядролық  қару сынағы  жал­ға­са бергендіктен  эмбарго енді халық­аралық қаржылық ұйымдардан  Солтүстік Кореяға аударылатын  ақша-қаражаттарға, сыртқа шығарылып сатылатын  алтын, ванадий, титан, басқа да сирек  кездесетін бағалы  металдарға, сонан соң көмір мен темірге де жарияланды.

Керек десеңіз, кешегі 2017 жылдың 11 қыркүйегінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі  бұл халықаралық ұйым мүше елдердің бәріне  КХДР-на  мұнай мен мұнай өнімдерін сатпау жөнінде 2375 нөмірлі  қарар қабылдады.

АҚШ әкімшілігі де қарап қалмай  2016 жылы  ақпанда «Солтүстік Кореяға  қатыс­ты АҚШ саясаты және санкцияны күшейту туралы» заң қабылдап, ол заңда ядролық  және басқа да қарулар сату ісіне, адам құқығына, қаржы-қаражаттық опера­цияларға, компьютерлік қауіпсіздікке,  т.б. мәселелерге қатысты  санкциялық шаралар қолдану қарастырылды.

2017 жылғы 27 қыркүйекте президент Дональд Трамп солтүстіккореялық   аза­мат­тардың  АҚШ-қа келіп-кетуіне  тыйым салған жарлық шығарды.

Ал Еуроодақтың  Солтүстік Кореяға салған санкциясында: авиациялық және зымырандық  отынды шығармау, алтын мен басқа да қымбат металдарды, алмазды,  жерасты қазба байлықтарын сатып алмау, оған тұрмыстық бұйымдарды  сатпау, сауда-саттықта қаржылық қолдауды, инвестициялық және қаражаттық қызмет­терді шектеу секілді мәселелер қамтылды.  Ол елге  тасымалданатын және әкелінетін жүктерді қатаң тексеру міндеттелді. Азаматтардың онда баруына және олардың  келуіне  рұқсат етілмейтін болды.

2017 жылдың 21 қыркүйегінде ЕО  КХДР-на мұнайды экспорттауға және инвестициялар салуға  тыйым салған шешім шығарды.

2018 жылғы 12 маусымда  екі басшы­лары кездесіп,  бірлескен декларация қабыл­дағанына қарамастан  22 маусымда  Д.Трамп  Солтүстік Кореяға  қарсы санк­ция­лардың тағы бір жылға  ұзартылатынын хабарлады. 21 тамызда  АҚШ-тың  Қаржы министрлігі  КХДР қатысты санкциялық тізімінің көбейтілетінін, сондай-ақ,  олар­мен кибер кеңістікте бірлесе жұмыс істей­тін  жеке адамдар мен компаниялардың  қызметіне шектеу қойылатынын  мәлімдеді.

Осылайша Солтүстік Корея жан-жақты қыспаққа алынып, онымен негізінен сауда-экономикалық қатынас жасайтын әріптес болып Қытай Халық Республикасы ғана қалды. Сондықтан ҚХР-ның экспорт­тағы үлесі 60 пайызды, импорттағы үлесі  81 пайызды құрады. Сонан соңғы аздаған пайыз  Бразилия, Голландия, Египет, Үндіс­тан, Доминикан Республикасы және Ресейдің үлестеріне  тиді.

Пхеньянның қазірше сыртқы саясатта да  арқа сүйеп отырған бірден-бір елі Қытай. Осының айғағындай, шет елдерге  некен-саяқ шығатын Ким Чен Ын 2018 жылдың өзінде  Пекинге төрт рет ресми сапар жасап қайтты. Мұндай жиі сапардың  жәйдан-жәй жасалмағаны   белгілі.

Осыған қарап, оңтүстіккореялық саясат­танушы Мэн Чу Сок  Солтүстік Корея  басшысы Ким Чен Ын  ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен алда болатын АҚШ-КХДР келіссөзінің  стратегиялық бағыт-бағдарын  ақылдасып қайтқан сыңайлы деген болжам жасайды.

Айтпақшы, осыдан бір-екі жыл бұрын базбір сәуегей сарапшылар: «АҚШ-ты бейбітшіліктен гөрі Корей түбегінің солтүстігіндегі  алтын, уран, монацит, никель секілді бағалы қазба байлықтар қызықтырады. Олар  қазіргі заманғы электроника өндірісіне, авиация мен ғарыштық техника мен нанотехнологияға аса қажет шикізат» деген болатын. Бәлкім, бұл пікір де қисынды болар. Оны да түгелдей теріске шығару қиын-ақ. Өйткені, алыстан орағытқан  Ақ үйдің  айлалы саясатына  ақыл жетіп,  қулығына  құрықтың  бойламайтыны айдан анық.

Әзірше білгеніміз, жоғары дәрежедегі Трамп—Ким кездесуін  ұйымдастыру үшін екі жақтың да әкімшілік қызмет­керлері мен жауапты мамандары  қызу жұмыстар жүргізу үстінде. Осындай мақ­сатта  Вашингтон мен Пхеньян арасында әрі-бері шапқылап жүрген АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысы  Майкл Пампео­ның  айтуына қарағанда, осы жолғы келіссөздер нәтижелі болып, Корей түбегін толықтай денуклеаризациялау, яғни  ядролық қару­дан түбегейлі тазартуға қол жеткізіледі.

Бір секем алатыны, жуырда ғана «Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық  орталықтың мамандары  ғарыштық биіктіктен  «Сино-Ри» әскери базасында жасырылған  Сеул мен Жапо­нияға, АҚШ-тың «Гуам» әскери базасына соққы бере алатындай  орташа қашық­тықтағы   «Нодонг-1» зымыранының түсі­рілімі мен фотосуретін мұқият зерттепті-мыс» дегендей қауесет таралды.

Осыған  байланысты Майкл Пампео: «Американ халқы Құрама Штаттардың барлау қызметі Солтүстік Кореяда не болып жатқанын   бақылап біліп отыруға  қауқарлы екенін  білуі тиіс» деген пікір білдірді.

Жалпы,  Трамп пен Кимнің  екінші рет кездесуі туралы  әрқилы пікір айтып,  әралуан топшылау мен болжам жасап жатқандар баршылық.  Мәселен, аме­ри­кандық әйгілі «Tіme» журналы:  «алғаш­­қы саммит достық ниеттегі  байланыс  орнату үшін  өткізілген болса,  ендігісі  сөзден нақты іске көшу мақсатында өткізілмек»  деп жазады.

Осы сияқты,  Ресей Ғылым академия­сына қарасты  Қиыр Шығыс институ­тының  жетекші ғылыми қызметкері  Константин  Асмоловтың  пайым­дауын­ша  АҚШ  пен КХДР  келіссөздері нәти­желі болуы үшін екі жақ та ерегес пен текетіресті қойып, консенсусқа ымыраға келуі керек. Американдықтардың көпші­лігі  ойлап жүргендей,  біржақты шегініс  (Солтүстік Кореяның  ядролық-зымы­рандық  қарудан біржолата  бас тартуы)  еш нәтиже бермейді.  КХДР басшысы Ким Чен Ын елінің және өзінің қауіп­сіздігіне   көз жеткізуі қажет. Ол Ирактағы Саддам Хусейн мен  Ливиядағы Муаммар Каддафидің  бастан кешкен тағдыр-талайына жақсы қанық.

БАҚ пен кейбір интернеттік сайттарда  жазылып жатқанындай, Құрама Штаттар үкіметіндегі жағдай мәз емес.  Өткен жылдың аяғынан бері АҚШ үкіметі «шатдаун» дағдарысын (ішінара жұмысты тоқтатуды) бастан кешуде. Трамп пен конгрестің өкілдер палатасындағы басым­дыққа ие демократтардың келіспеуінен қаржы бөлінбей 800 мың қызметкерге 2018 жылдың 22 желтоқсаннан бері  жалақы төленбей, 350 мың қызметкер  еңбекақысыз демалысқа жіберілген.  Мұн­дай қайшылыққа  президенттің  Мекси­камен арадағы шекараға  биік қабырға орнату үшін 5,7 млрд. доллар қаржы сұрауы, оны демократтардың  орынсыз шығын деп келіспеуі себеп болған.

Әйтеуір «Шатдаун» шатағының талайлар үміт артып отырған биік деңгейдегі  АҚШ-КХДР саммитінің өтуіне  кесірі тимесе болғаны.

Соңғы хабарға қарағанда қарсыласу­шы екі жақ мәселені үш аптаға соза тұруға келіскен.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *