СӨЗ ҚҰДІРЕТІ

Зиябек Қабылдинов, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің даму бағытындағы ұлттық бірегейлікті негізге ала отырып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында заман ағымына лайықты, бәсекеге қабілетті ел болудың басты шарттарын айқындап берді. Қазақстанның қарқынды дамуы мен рухани жаңғыруында ұлттық кодтың рөліне басты назар аударды. Соның ішінде, ұлттық дәстүр – рухани қалыптасудың түп тамыры екендігін нақтылай келе «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деп ұлттық мүдделерімізді қайта жаңғырып кемелденуіне мән берді.

Ұлттық мәдениетіміздің қалыпта­суында шешендік сөз өнерінің алар орны бөлек. Қазақ халқының шешендік сөз өнері – халық ауыз әдебиетінің асыл мұрасы, бай қазынасы ретінде құн­дылығын жоғалтқан емес. Осындай терең де озық ойлы шешендік сөздердің жас ұрпақтың санасының толықты­руында рухани азық болары анық.

Дала халқы – тумысынан шешен жандар. Дәстүрлі қазақ қоғамында шешен, әрі ұйқаспен сөйлей білетін жандар зор құрметке бөленгені баршаға белгілі. Сөздің құдіреті – ақпаратты ауызша жеткізу дәстүрі күшті болған­дығына байланысты әсіре құнды еді. Кітапхана, радио, теледидар, заманауи ғаламтор болмағанда, көшпелілер оның орнын сөз сайыстары мен айтыстармен толтырған, сөйтіп ақпараттарды ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізетін. Қазақ тілінде 2,5 млн. сөздің болуы, оның әлем тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің біріне жататындығы кездейсоқ емес. Айталық, ағылшын сөздігінде 240 мың, қытайдікінде 400 мың екен. Мысалы, қазақтардағы су туралы бір ұғымның өзінің 420 атау бар.

Қазақтарда сөзге жүйріктік басқа­ларына қарағанда басты әрі ең маңызды өнерге саналды: «Өнер алды – қызыл тіл». Даланың әрбір тұрғыны сұхбаттасы кім болмасын, сөзін тыңдамай, аузын жауып тастауға хақы жоқ екендігін жақсы білетін. Бұл турасында қазақтар «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – дейді.

Қазақ билері сөз қадірін жете білді. Олар өздерінің шешендігі мен тапқыр­лығының арқасында бәсекелестік, әділеттілік пен шындық қағидаттарына сүйене отырып, жұрт алдында адам­дардың тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен. Дала шешендері жауласқан рулар мен тайпаларды бір ауыз сөзбен бітістіріп, көршілес мемлекеттердің өкілдерімен мәмілелік келіссөздерді шебер жүргізген. Тауып айту өнері – билер сайлауында міндетті шарт.

Тарихтың бетбұрысты кезеңдерінде сөздің салмағы, сөз арқылы мәмілеге келудің маңызы зор болды. Мысалға, 1710 жылы жалпықазақ Құрылтайында біртұтас қазақ қолына бас қолбасшы болып тағайындалған батыр Бөкенбай қандастарына сөздің қаншалықты әсері боларын біліп: «Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның бейшара бақылаушысы болып отырман. Қыпшақ даласы сарбаздарының жал­тарған кезі болды ма?.. Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорам­сақ қаңырап бос қалып па?!», – деген жалынды сөздерінен соң жауынгерлер рухтанып, қаптарына мінген сарбаздар жаудың күл-талқанын шығарған.

Белгілі зерттеушілер қазақтардың шешендік шеберлігі туралы.  Қазақ тілін зерттеген ғалым В.Радлов: «…сұлтан да, қарапайым қара да құдды бір князь тәрізді әдемі, жатық, мәнерлі дауыспен, байтақ тілмен сөйлейді», – деп, атап көрсетті. Ол өзінің «Далалық түркі көшпенділері» атты әйгілі еңбегінде еуразиялық малшы тайпалардың осы қасиетін одан әрі нақтылайды: «Қазақ­тар көршілері арасында өзінің шешендік дарынымен ерекшеленеді. Әрбір қыр­ғыздың (қазақтың – авт.) сөзі байыпты әрі еркін. Қазақтың сөз өнерін жете меңгергені соншалықты, ол суырып салып тақпақтата сөйлеп қана қоймай­ды, оның кәдімгі сөзінің өзі ұйқастары мен сөз орамдары белгілі бір ырғақпен, өлең сияқты төгіліп тұратын. Ол бейнелі, айқын әрі нақты, сондықтан қазақ­тарды Батыс Азияның француздары деп толық негізбен айтуға болады. Осындай халықтың айрықша бай халық әдебиетінің пайда болуына таңданбай-ақ қоюға болады».

Ал доктор А.Брем ғылыми ортада танымал «Батыс Сібірге саяхат» атты еңбегінде Қазақстанның байырғы тұрғындарының шешендік қасиетін: «Қазақтар сондай-ақ шебер де, шешен», – деп растайды. Жер аударылған поляк Б.Залесский: «Қазақтар ділмәр келеді және өздері мұны жақсы тәрбиенің немесе тектіліктің белгісі деп санайды», – деп жазған екен. Оның жерлесі, жергілікті халықтың тілін біліп, түсіне алған А.Янушкевич бір-бірімен қызу пікір таластары, дауласып жатқан екі рудың өкілдерінің сөз таласына: «Бірнеше күн бұрын мен бір-біріне қарсы партиялардың қақтығысына куә болдым және ешқашан Демосфен мен Цицерон туралы естімеген шешендерге таң-тамаша қалып, қол соқтым», – деп, таңданысын жасырмаған.

Далалықтардың осы бір ғажайып қасиетін Б.Куфтин де елемей қала алмаған.Ол ХХ ғасырдың басында жазған «Қырғыз-қайсақтар» деген еңбе­гінде: «Сөйлеген кезде қазақтар тумы­сынан шешен, өз ойларын тамаша әрі бейнелі түрлендіріп білдіреді, басқаның да көркем сөзін мұқият тыңдай алады. Жай ғана қарапайым әңгіменің өзінде сөз орамдары үйлесімді болатыны соншалық, бір әуезді ырғақ пайда болатындай», – дейді.

Ал кеңестік дәуірдегі ресейлік зерттеуші Н.Малицкий: «Қазақтар сөзге шешен, тапқыр ойлы және ақжарқын», – деп, далалықтардың қызыл тілдің иелері екендігін аңғарған. ХХ ғасырдың басындағы қазақ халық әндері мен музыкасын жинақтаушы А.В.Затаевич те «қызу әңгіме үстінде қазақтар туабітті нәзік сұлу сөзді және шешендікті бағалайтындығы анық байқалады», – деп атап көрсеткен.

Далалықтардың берген уәдесінде тұратын ерекшеліктері. Ұлы Дала елінің тұрғындары көркем, әрі жатық сөйлеп қана қойған жоқ, сонымен бірге өздерінің сөзі мен уәдесіне берік жандар болатын. Бұл қасиеттері де мақал-мәтелдерден көрініс тапқан. Мысалы, «Ердің сөзінде тұрмағаны – өлгені». Қазақтардың рухани өміріне елеулі ықпал еткен Шыңғыс ханның «Ұлы Жасағында (Яса)» бірегей бір бап бар: «Еркек деген атқа ең лайықтысы – өзінің сөзінде тұра алғаны».

Дәстүрлі қоғамды зерттеушілердің басым бөлігі – жаңа заманға қатысты бірауыздан қазақтардың өз сөзінде тұра алғандықтарын жазады. Бұл турасында қазақтар «Айтылған сөз – атқан оқпен тең» дейді. Біреуге бірдеңе жасаймын деп уәде бергенде мұны міндетті түрде орындалуы тиіс  аманатдеп санаған. Тіпті, жерлеу ғұрпында жаназада, жерлеу рәсіміне қатысушылардан молда «марқұмның сіздерге қарызы жоқ па, ол берген уәделерін орындай алды ма?» деп сұрайтын әдет әлі де бар. Туыстары марқұмның бірдеңені ұмытып кетуі мүмкін-ау деген сақтықпен, мал, пұл немесе ақша таратып, садақа жасайды. Бұдан басқа, марқұмның киім-кешегін жақындары мен туыстарына таратады. Егер тіпті мұндай жағдайда да, қайта­рылмаған қарыз я болмаса орындал­маған уәде анықталатын болса, онда жақындары мен туыстар тарапынан тез арада түзетуге тырысатын.

Мемлекеттік салықты төлеу үшін далалықтар өсімқорлардан қолхатсыз ақша алған кезде, міндетті түрде қарызын да, оның өсімін де қайтаратын. Бұл жөнінде ресейлік зерттеуші Н.Троицкий  Ішкі Орда қазақтарының мысалында: «Қазақтар – өте адал халық; берген сөзін ешқашан бұзбайды,… тыйым салғанға қарамастан көпестер оларға орасан зор сомаға сеніп қаражат береді, қазақтар егер төлегілері келмесе, оларды төлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын біле тұра, көбінесе тіпті асырып төлейді, қиналса да төлейді! Тіпті, оларға қарыз берген көпестің өзі қарыз туралы ұмытып кетсе де немесе оны жоғалды деп санаса да төлейтіндігі жиі орын алып тұрады, кейде адал қырғыздар оның мұрагерлеріне, олар тіпті білмейтін қарыздарын да төлейді».

Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев байлығы мен біркелкілігімен ерекшеле­нетін қазақ тілінің біріктіруші, шоғыр­ландырушы рөліне айрықша дән қоя отырып, «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деген баға береді.

Біз уәдесінде тұрып, сөзіне берік болу сияқты бабаларымызға тән бірегей әрі маңызды кісілік қасиетті жаңғыртуға тиіспіз. Бұл – өте маңызды. Өйткені, Қазақстан – дүние жүзі қауымдастығы мойындаған, әлемдік ықпалдастыққа ұмтылған мемлекет.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *