Сөз бостандығына жасалған ҚАСТАНДЫҚ

Саудиялық журналистің өлтірілуі дүниені дүрліктіріп отыр

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Осыған дейін жинақталған деректерге сүйенсек, саудиялық оппозицонер журналист Жамал Хашогги (Хашкаджи) биылғы жылдың 2 қазаны күні Сауд Араб Республикасының Стамбұлдағы бас консульдігіне кіріп, із-түзсіз жоғалып кеткен. Кірген із бар да, шыққан із жоқ. Бұл баяғы әккі де айлакер кәрі арыстан туралы ертегіні еске түсіргендей. Онда да арыстанның алдына кірген із бар да, шыққан із жоқ болатын.

Журналист жоғалысымен американдық және түркиялық басылымдар «Хашкаджи консульдік ғимаратында азаптап өлтірілді» деген хабар таратып, дабыл қақты. Түркияның арнаулы қызметі ол жөнінде аудиожазбалық айғақ бар екенін жария етті. Оқиғаға байла­нысты түріктің Yenі Safak газеті Хашогги қатты азапталып, басы кесілді десе, АҚШ-тағы әйгілі The New York Tіmes басылымы сенімді дерек­көздеріне сүйене отырып, «оған тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман ханзаданың айнала­сындағы адамдар қастандық жасады» деген болжам жасады.

Мұны Түркия президенті Ережеп Ердо­ғанның кеңесшісі Ясин Ақтайдың, полиция өкілдерінің және Еуроодақ істері жөніндегі министрі Омер Челиктің Хашоггидің көзін жою операциясына саудиялық 15 агент қатынасқан деген дерегі дәлелдей түсті. Саудияның Стабұлдағы Бас консулы Мұхаммед әл-Отайби бас кесерлерге: «істі сыртқа апарып істеңдер, әйтпесе маған бұл бәле болып жабысады» деген көрінеді.

Кейбір дереккөздерінің мәлімдеуінше, Мұхаммед ибн Салман ханзада тиісті адам­дарына: «Хашоггидің алдап-арбап консулдық­қа шақырыңдар. Егер де ол бізбен ымыраға келіп жұмыс істейтін болса, Саудияда оны қудалаудың тоқтатылып, керісінше үлкен лауазымды қызмет берілетінін айтыңдар» деген тапсырма берген сыңайлы. Бірақ та Хашогги мұндай ұсынысты қабылдамаған.

Еуропа елдерінің кез-келген нәрсеге елең етпейтіні белгілі. Сондықтан да Англия, Германия және Францияның Сыртқы істер министрліктері дереу Саудия Корольдігіне мәселені жедел зерттеп, Хашкаджидің тағдыры туралы анық-қанық мәлімет беру туралы нота жолдады.

Саяси компасты қолында ұстап отырған АҚШ президенті Дональд Трамп та Еуропа елдерінен қалыспай мән-жайды біліп келу үшін Мемлекеттік хатшы Майк Пампеоны шұғыл түрде Эр-Рияд пен Анкараға аттандырды. Және де өз тарапынан: «егер де оппозициялық көзқа­растағы журналист Жамал Хашкаджи (Хашог­гидің) Саудия билігінің қатысуымен өлтірілген болса, қатаң шаралар қолданылады» деп қорқытқан болды. Трамптың тапсырмасымен ханзада Мұхаммедке ибн Салманға келіп жолыққан Майк Пампео оған істің мән-жайын анықтауға 72 сағат уақыт берді. Мұндай жайсыз оқиғаның әлемдік деңгейде Король­діктің беделіне нұқсан келтіретінін ескертті.

Айдың-күннің аманында прогресшіл журналистің жұмбақ жағдайда жоғалып, өлім құшуы демократияны, адам құқығын, сөз бостандығын жақтайтын халықаралық ұйым­дар мен көптеген елдердің қарсылық пен наразылық тудырды.

Бұл орайда ағылшынның «The Guardіan» апталық газеті бірнеше мемлекет басшыла­рының және Еуроодақ жетекшісінің журналис­тің өлтірілуін қатаң айыптаған және қылмыс­тық істің егжей-тегжейлі тексеріліп, кінәлілер­дің жазалануы жөніндегі пікірлерін жариялады.

Мәселен, ЕО Сыртқы істер министрі Федерико Могрени ханым тергеу амалдарның мұқият және ашық жүргізілуін талап ете отырып, «журналистің өлтірілуі – «Консулдық қатынастыр туралы» 1963 жылы қабылданған Вена конвенциясының талаптарын дөрекі түрде бұзу» деп айыптады.

Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те айрықша алаңдаушылық білдіріп, Саудия үкіметін оқиғаны әділетті түрде тергеп-тексеруге шақырды.

«Істің анық-қанығы айқындалсын» деген­дей, Мәскеу әзірше әліптің артын бағып үнсіздік танытып отыр. Бір жағынан оның «Скрипаль дауымен» әуре болып, басын арашалап ала алмай отырғаны жұртқа аян.

Ал Таяу Шығыс саяси зерттеулер орталығының директоры Шехаб әл-Макахлех: «журналист Жамал Хашоггидің өлтірілуі алдын-ала жоспарланған,– дейді. Өйткені, Хашогги АҚШ-та тұрып жат­қандықтан ол әуелі өзіне қажетті құжат-қағаз­дарды реттеу үшін Саудияның Вашингтондағы консулдығына барған. Бірақ та ондағылар мұндай мәселемен Стамбұлдағы консулдыққа баруға кеңес берген. Мұның бәрін Американың барлау орындары күні бұрын біліп отырған. Сондықтан да олар бұл Вашингтон мен Эр-Риядтың қатынасына зиянын тигізеді деген оймен журналистке қастандықтың АҚШ-та жасалуына жол бермеген. Есесіне қыл­мыстық істің Түркияда жасалып, мұның Эр-Рияд пен Анкараның қатынасына сызат түсіруіне мүдделі болған.

Ақиқатын айту керек. Басында Сауд үкіметі Хашоггидің жоғалуына байланысты өздеріне шаң жуытқан жоқ. Тіпті, ханзада Мұхаммед ибн Салман 2018 жылдың 5 қазанында Нью-Йорктан шығатын «Bloom­berg» басылымына берген сұхба­тында: «Ол бірнеше минут, не бір сағаттан кейін-ақ консулдықтан шығып кеткен»,– деп ақталды.

Алайда, көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қысымы және талап қоюларымен арада 18 күн өткен соң Саудия билігі өзіне қарасты ақпараттық агенттіктер арқылы Хашоггидің консул­дық­та өзімен кездескен адамдармен арада болған төбелесте «абайсызда қайтыс болғанын», оған қатысқан 18 қызметкердің тұтқындалғанын мойындады. Осыған байланысты Сыртқы барлау қызметінің бірқатар басшыларын жұмыстан босату және оның қызметін реформалау мен нақтылау жөнінде корольдің жарлығы шыққаны хабарланды.

Дегенмен, демократия мен сөз бостан­дығын ту еткен журналист Жамал Хашог­гидің өлімі Батыс елдерін бейтарап қалдырмады. Олар журналисті Саудия билігі өлтірген болса, оған қарсы саяси бойкот және экономикалық санкциялар жариялау қажет десті.

Кейде осындай кішігірім оқиғаның өзінде қайсыбір мемлекеттің сыртқы саясаттағы ұстанымы байқалып қалады.

Олай дейтініміз, АҚШ президентінің «қыр-сырын» біршама біліп қалған саяси сарапшылар: «Трамптың Саудияға қарсы санкция жариялаймыз деуі бос сөз. Ол мұндай мәлімдемені сенаторлардың және құқық қорғаушы ұйымдардың қысымымен айтып отыр. Себебі, Саудия Құрама Штат­тардың Таяу Шығыстағы Израильден кейінгі бірден-бір сенімді одақтасы. Бұл екеуін геосаяси және миллиардтаған сома доллармен өлшенетін сауда-экономикалық мүдделер байланыстырып жатыр» дегенді айтады.

Расында да бұл пікірдің жаны бар. Нақ­тылай түссек, 2017 жылдың мамырында Саудия королі Салман ибн Әбдел Әзиз бен Дональд Трамп арасында АҚШ-тан 110 млрд. долларға әскери техника мен басқа да қару-жарақтар сатып алу жөнінде келісімге қол қойылған. Бұл анау-мынау емес, 500 мың американдықты жұмыс орны­мен қамтамасыз ететін тапсырыс. Сондықтан мұндай қомақты келісім-шарттан Вашигтонның бас тартуы ақылға қонбайды. Стокгольмдегі бейбітшілік мәселелерін зерттейтін SІPRІ институтының зерттеулері бойынша 2012–2016 ж.ж. аралығында Сауд Арабиясы американдық қару-жарақ экспортының 13 пайызын сатып алған. Былайша айтқанда, Саудия Америка үшін әскери тауарлар жөнінен таптырмайтын және барынша уыстан шығаруға болмайтын әріптес.

Демек, АҚШ-тың Саудиядай сауда серіктестен қайдағы бір журналистке бола жүз шайысып, сырт айналуы қисынсыз. Сондай тиімді сауда-саттықтың арқасында өткен 2017 жылдың көлемінде екі елдің тауарайналымы 45,6 млрд. долларға жетті.

Осының бәрін жақсы білетін Саудия билігі өзінің қарауындағы БАҚ құралдары, Al Arabіya сияқты сайттарының көмегімен Ақ үй әкімшілігіне журналист Хашоггидің ісіне байланысты саяси қысым мен эконо­микалық санкциялар көрген жағдайда: мұнай баррелінің бағасы 100-ден 200 долларға дейін көтерілетінін, әлгі айтқан 110 млрд. долларлық қару-жарақ келісімі­нің күші жойылатынын, Америка эконо­микасына құйылатын 800 млрд. доллар көлеміндегі инвестицияның тоқтатыланын, қажетті әскер техника мен қару-жарақ­тарды Мәскеу мен Пекиннен сатып алаты­нын, өз жеріне Ресейдің әскери базасын әкеліп орналастыратынын, қажет болса тіпті Иранмен ымыраласуға баратынын тұспалдап жеткізді.

Міне, осыдан кейін АҚШ пен оның барлық нәрсеге пайдакүнемдік тұрғыдан қарайтын кәсіпкер президенті Дональд Трамптың Саудияға қарсы қандай да бір саяси және санкциялық шаралар қолдана­тынын көмескіленіп қалды. Осы тұспалы­мыздың айғағындай жақында Невада шта­тында сөйлеген сөзінде Ақ үй қожайыны: «мұндай оқиғаның болғанын тақ мұрагері Мұхаммедтің білмеуі де мүмкін» деп жақауратты.

Әлемді билеп-төстегісі келетін алпауыт АҚШ дүниенің құлы болып, осындай екіжүзді саясат ұстанып отырғанда басқа­лардан не үміт, не қайыр.

Әйтсе де, мынаны айта кеткен жөн. Құқық қорғау ұйымдарына қоса, Bloom­berg, CNN, Ford, Google, JP Morgan Chase, New York Tіmes және Uber ондаған американдық айтулы корпорациялар журналист Хашоггидің өлтірілуіне нара­зылық ретінде Эр-Риядта 23 қазанда өтетін инвестициялық форумға қатысудан бас тартты. Бұған керісінше АҚШ-тың Қаржы министрі Стивен Мнучин жиынға келіп қатысып, энергетика қатысты мәселелер бойынша екіжақты кездесулер өткізді.

Дейтұрғанмен, өз жерінде орын алған­дықтан Түркия полициясы тергеуді соңына дейін жүргізіп, қылмыстық істің жай-жапсарын ашуға бар күштерін салуда. Стамбұлдың төңірегіндегі орман-тоғай, Мәрмәр теңізінің жағалауы жіті сүзгіден өткізілді, оқиға болған күні консулдықтан шыққан автокөліктердің жүрген бағыты, тоқтаған жерлері зерттелді.

Бұл оқиғаның тергеп-зерттелуін Түркия президенті Ережеп Ердоғанның өзі бақылауға алған. Оның айтуынша: «әзірге әрқилы болжам мен топшылау айтылуда, сондықтан іс жан-жақты зерттеліп, анықталған соң ортақ түйін жасалады». Ол, сондай-ақ, кешегі сейсенбіде парламентте депутаттар алдында сөз сөйлеп, бұл қас­тандықтың алдын-ала мұқият жоспарлан­ған болуы ықтималдығын айтты. Бұған дәлел ретінде Хашогги өлтірілуден бір күн бұрын үш топтан тұратын құрамында күштік құрылым өкілдері, барлаушылар және сот медициналық сарапшылар бар саудиялық азаматтардың Стамбұлға ұшып келгенін алға тартты. Оның талабы бойынша қылмыстық іс түрік жерінде жасалғандықтан қылмыскерлер Түркияда сотталуы тиіс.

Соңғы түскен мәліметке қарағанда, қаскөйлер журналисті жеті минут бойы азаптап, әуелі саусақтарын кескілеген, кейіннен басын шауған. Сонан соң із жасыру үшін консулдық территория­сындағы құдыққа көміп тастаған.

Американдық Washіngton Post газеті Жамал Хашоггидің өлерінен бір күн бұрын жолдаған мақаласын жариялаған. Онымен жұмыстас болған журналистер оның бар арманы: «араб әлемінде сөз бостандығының салтанат құрып, белең алуы еді. Сол жолда өмірін қиып, опат болды»,– деседі.

Жуырда интернетте Freedom House қорының «Әлемдегі бостандық» деген есебі жарияланып, онда араб елдерінің ішінен тек Тунисте сөз бостандығы бар екені жазылыпты. «Иордания, Марокко және Кувейтте ішінара, ал қалғандарын да жоқ деуге болады» деген қорытынды жасаған.

Базыбір сарапшылар: «көптеген араб елдерінің өркениеттен артта қалып, дамы­май отырғаны демократия мен сөз бостан­дығының, еркіндіктің жоқтығынан» деген пікірде.

Қалай дегенмен де, билікке қарсы болса да сөз бостандығының өкілі журналистің айуандықпен өлтірілуі ақтауға болмайтын қылмыс! Бұл барлық тұрғыдан айыпталуы керек.

«Ақшамның» анықтамасы

Жамал Ахмет Хамза Хашогги – 1958 жылдың 13 қазанында Сауд Арабиясының Медина қаласында туылған. Саудиялық атақты кәсіпкер Аднан Хашоггидің немере інісі. 1982 жылы АҚШ-тағы Индиана университетін бітірген. Корольдіктегі бірнеше басымдарда жұмыс істеген. Екі рет «әл-Ватан» апта­лығын басқарған. АҚШ пен Сауд Арабиясы билігін, әсіресе тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салманды сынауымен көзге түсткен. Билікке қарсы шыққан белсенділерді қорғап, сауд әскерлерінің Йемендегі соғысқа қатысуын, сондай-ақ, Саудияның Катар­ға қатысты саясатын батыл айыптап сөз сөйлеп, мақалалар жазған. 2016 жылы Дональд Трампты сынағаны үшін Король­дік Хашоггиге өз Отанында журналис­тика­мен айналысуға тыйым салған. 2017 жылы қыркүйекте ол АҚШ-қа кетіп, Washіngton Post газетімен шығармашылық байланыс орнатып, Саудиядағы жағдай және Мұхаммед ибн Салманның саясаты туралы сыни материалдар жазып отырған.

2018 жылғы 2 қазанда Стамбұлдағы Саудияның Бас консульдігіне екінші рет үйленуге қажетті құжаттарға алуға кіріп қайта шықпаған. Үйленгелі жүрген қалың­дығы Хатидже Женгиз Жамалды түннің бір уағына дейін күтіп, амалсыз үйіне қайтқан. Түрік полициясының болжамынша, «Хашогги консульдықтың ішінде сұрақ-жауап алы­нып, қатты азапталып, өлтірілген, сонан соң денесі бөлшектелген. Оның қолында дыбыс жазғыш сағаты болған. Сол сағатта Хашоггидің қалай азапталғаны ап-анық жазылып қалған.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *