Сәулет өнерінің сұлуы

Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет органдарына 20 жыл толып отыр. Елбасы  Н.Назарбаев мемлекеттік қызметшіге тән негізгі қасиеттерді атап көрсеткен болатын. Бұл — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып, өз елінің патриоты болуы тиіс.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жоғарыдағы  талаптар үдесінен шығатын қарапайым мемлекеттік қызметкер. Еліміздегі мықты ғимараттардың сұлбасын сызып, сәулет өнеріне өзіндік үлесін қосып жүрген қазақ қыздары айтарлықтай көп емес. Осы орайда біз бүгін аудан көлемінде осы саланы басқарып жүрген талантты жан туралы әңгімелейміз.

 

Айнұр Мұхамедқалиқызы Жұрынова – 1978 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ынты­мақ ауылында көпбалалы өнегелі отбасында өмірге келген. Әкесі Мұхамедқали кеңес заманында ұзақ жыл бөлімше бастығы болып жауапты қызмет атқарған, кейін өз алдына  құрған жеке шаруа қожалығында еңбек етеді. Анасы Бүбігүл он бір баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері. Батыр ана болумен  қатар,  Ынты­мақ ауылының орта мектебінде отыз үш жыл абыроймен ұстаз­дық қызмет атқарған жан.  Әріптестері өз мамандығына адалдық танытқан анасын әлі күнге үлгі тұтады.

1995 жылы мектеп бітіргеннен кейін Айнұр жоғары оқу орнына түсіп, ата-анасының үмітін ақтау үшін еңбекке ерте араласады. Бүгінгі заманның талабына сай бірнеше оқу орнын бітірді.  Заң­гер, инженер-құрылысшы. Әу баста құрылыс – жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары, тек ер- азаматтарға арналған мамандық сынды көрінгенмен, ыстық-суығын сезінген соң-ақ кәсібі Айнұрды қызықтырып әкетті. Бастапқыда қыз баласына жат деп таңдаған мамандықтың бүгінде бағасы жоғары екеніне әбден көзін жеткізген. Білікті маман  ел аузында ақындар мен батырлар ауылы атанып кеткен Жамбыл ауданының «Сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында біраз жылдар тер төгіп, негізгі тәжіри­бені осыдан алды. Кәсіби маман ретінде мықты  тәжірибе жинаған соң, 2012 жылдан бері осы аудан­ның бас сәулетшісі, аудандық «сәулет және қалақұрылысы» бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.  Егер ерінбей статистикалық зерттеу жүргізер болсаңыз, еліміздегі бұл саладағы жұмыстарда қазақ қыздары некен-саяқ, тіпті жоқ екеніне, бұл міндетті тек ер кісі­лер атқарып жүргеніне көзіңіз жетер еді. Себебі, екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Ендеше бүгінгі кейіпкеріміз сәулет өнеріндегі әйелдердің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеруге өздігінен сұранып-ақ  тұр.

Айнұр мемлекеттік қызметкер ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің көк туы бұдан да биік желбіресе екен деп тілейді. Сол үшін аудан көлемінде талмай еңбек етіп келеді. Қандай жобаны қолға алса да, кәсіби мамандармен ақыл­дасып отыратын қарапайым­дылығынан шығар, бастаған ісі оң шешіліп жатады.  Ізін басқан кейінгілерге кәсіби маман ретінде мол тәжірибесін үйретіп, тәлімін қалдырып, Елбасының әлеуметтік және мәдени  бағдарламаларының ауданда жүзеге асырылу жобала­рын жасап, іске асырылуын қада­ғалап, адал қызмет етуін жалғас­тыруда.

«Қыздың жиған жүгіндей» деген әдемі тіркес бар емес пе. Сол айтқандай, инженер-құры­лыс­шылардың жобасы қыз жиған жүктей жинақы болуы тиіс, қисайтуға, қателесуге болмайды. Болмашы деген қатенің өзі үлкен шығынға ұшыратуы мүмкін. Жобадан қателік кетсе, оның жа­уапкершілік жүгі де ауыр болады әлбетте. Сондықтан болар, бекі­тілгенге дейін ол жобалар бір­неше рет тексеріледі. Ондайда ұжымдағы әріптестердің білік­тілігіне сенім артып, тәжірибесіне жүгінуге тура келеді.

Сол айтылғандай, Жамбыл ауданына, аудан орталығы Ұзынағаш  ауылының  көркеюіне қосқан Айнұрдың айрықша қолтаңбасы бар. Мәселен, ол ауданда 10-ға жуық жаңа мектеп, 20-дан астам фельдшерлік амбу­латория салып, биылғы жылы Самсы, Қарақыстақ, Үмбетәлі Кәрібаев музейлерінің жаңар­тылып ашылуына атсалыс­ты. Биылғы жылы Ұзынағаш ауылы­ның кіреберісіне жыр алы­бы – Жамбыл атаның монументі мен  үлкен сахналы саябақ салын­уына сәулет жағынан өз үлесін қосуда. Болашақта бұл жерде ашық аспан астында түрлі фестивальдар, мерекелік бағдар­ламалар өтетін болады, басқа да ойын-сауық, оңалту  орындары салынады делінуде. Сондықтан Айнұрдың иығына на артылар жүк көп. Бас сәулетші бола жүріп ауданның 24 ауылдық округіне және 61 елді- мекенге қалақұрылысы құжат­тарын 100 пайыз жаңартып жа­сатты. 38 ауылға жеңілдетілген сызба, 24 ауылға бас жоспар, Қа­зыбек  бек  бекетіндегі бір өн­діріс­тік аймаққа бас жоспар және 4 ауылға нақты жайластыру жобаларын жасады. Биылғы жылы бюджеттік тапсы­рыспен Ұзынағаш, Қасымбек, Мыңбаев ауылдарына қала­құры­лысы құжат­тарына тапсырыс берілген.

– Қалаға қатынауды жеңіл­дету міндетін алға қоя отырып, Ұзынағаш ауылына 2008 жылы бюджеттік тапсырыспен «Ур­бостиль» ЖШС-і жобалаушы мекемесі бас жоспар жасаған еді. Ол 2009 жылы 21 желтоқсандағы № 31-131 шешіммен бекітілді. Осы бас жоспарға сәйкес 2017 жылы бюджеттік тапсырыспен Ұзын­ағаш ауылының кіребері­сіне (200 га.) нақты жайғастыру жобасы жасалып, осынау аса маңызды құжат аудан әкімінің 2017 жылғы 27 наурыздағы № 31 Өкіммен бекітілді.

Ұзынағаш ауылының кіре берісіне жасалған нақты жайғас­тыру жобасындағы әлеуметтік нысандарға: «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орта­лығы» (1,5 га.), «Спорт сауықтыру кешені» (0,5 га.), «Мектепке дейінгі оқу орталығы» (2,64 га.), «Саябақ» (3,0 га.) кіреді. Және Ұзынағаш ауылына кіретін қо­сым­ша көлік жолы жобалан­ған. Әрине, бұл нысандар аудан тіршілігін көркей­тіп, инфра­құрылымын кеңейтетіні анық.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойын­ша 2017–2021 жылдар аралығында қолжетімді тұрғын үй санын арттыру мақсатында Ұзынағаш ауылының кіреберісінің нақты жайғастыру жобасына сәйкес аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысымен инженерлік-ком­муникация жүйелерін тарту жобасы да дайындалуда.

Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз аудан орталығының ұзақ жылдар­ға арналған сыртқы және техно­логиялық келбетін айқындаймыз. Сондықтан қазір «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша құрылыс пен құрылыс материал­дарын дайындау салаларына жаңа технологиялар енгізілуде.

Әрине, осы жобалар ойда­ғыдай атқарылып, жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Онда әлеуметтік әлсіз топтар сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйлермен қамтылып, ипотекалық үйлер көптеп салы­нады, тұрғын үй кезегінде тұрғандар жайлы баспанаға ие болады. Бұл міндет­терді қолға алу үшін бүгінде мем­лекет тарапынан көмек көрсетіліп, бағыт-бағдар берілуде», – дейді Айнұр Жұрынова.

Оның айтуынша, салынатын тұрғын үйлердің бірінші қабатына тұрғындарға қызмет көрсететін пошта, шаштараз, дүкен тәрізді шағын коммерциялық нысандар орналасады екен.Иә, құрылыс қарқынды дамыса, елдің әлеу­меттік жағдайы жақсарады, әл-ауқаты артады,  жұмыс орындары көбейеді. Бұл көп жағдайда осы саладағы мамандардың  білікті­лігіне тікелей байланысты бол­мақ.

Кәсіби құрылысшы Айнұр – бақытты отанасы.  Бүгінде ұл-қыздар өсіріп отыр.

Қазіргі таңда құрылыс қар­қынды жүріп тұрғанда қазақ жастарына дәл осы Айнұр секілді кәсіби құрылысшы, сәулетші болуды армандайтын кез келді. Өйткені, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «білім берудің сапасы ең жоғарғы халықаралық талаптарға сай болу керектігін» айтты ғой. Сондықтан сәулет, дизайн және құрылыс саласында сұранысқа ие болашақ маман­дарды дайындап, келешегі бар түлектерді ынталандырып, жо­ғары оқу орындарының рөлін арттырса, Айнұр секілді арманы асқақ кәсіби құрылысшы қыздар неге шықпасын?!

Баяғыда атақты ақын Сырбай Мәуленовтің «Құрылысшы қыз» деген өлеңін мектепте оқып жүргенде жаттағанымыз еріксіз еске түседі. Ол былай басталатын:

Арманшыл асқақ талабы

Биіктен бақыт іздеген.

Шарлаған құстай ауаны

Аспаннан ақ бұлт — қыз көрем.

Құмармын оның әніне

Сырласқан алыс көкпенен.

Жердегі жанның әлі де

Қолдары оған жетпеген.

Айналып таңның арайы,

Сипайды шашын кешкі бұлт.

Созғанмен қолын талайы

Сүйген жоқ оны еш жігіт.

Аударып қоныс асығыс,

Бір жерде тұрмай тұрақтап.

Киіктей ұшқыр осы қыз

Аспанды жердей жүр аттап.

Осы өлеңде Сырбай ақын айтқандай, болашақ жолы – өз мамандығын дәл тапқан Айнұрды биіктен бақыт іздеген жан деп қалай айтпассың?!

– Заманына қарай – адамы. Қазір әркім өз дәулетіне сай, сәулетті өмір сүргісі келеді. Соған сәйкес, сәулеткер мен құрылыс­шының да беделі өсуде. Қазір компьютерлік технологияның дамыған заманы емес пе, барлығы компьютерлік бағдарламалар арқы­лы жасалады. Баланың бойын­да талғампаздық, әсемдікке әуестік, шығармашылық қабілеті жоғары болып, жақсы сурет сала алса одан нағыз сәулетші немесе дизайнер шығар еді. Қазақ қыз­дарынан да кәсіби құрылысшы, сәулетші көптеп шығуы тиіс. Сөз реті келіп тұрғанда, менің жұмы­сыма үнемі қолдау көрсетіп, ақыл-кеңестер айтқаны үшін облыс әкімі А.Ба­талов пен аудан әкімі Ж.Дала­баевқа шын жүрек­тен алғыс айта­мын! – дейді Айнұрдың өзі де.

Бұл ел болашағын ойлаған кәнігі маманның жүрекжарды сөзі, адал ниеті. Осындай білікті кадрларды, қазақ қыздарының қатарын аса жауапты жұмыстарда барынша көбейте берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,  Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі.

Алматы облысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *