Сәулелі ғұмыр сырлары

Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияның директоры Атығай БИЖАНОВПЕН сұхбат

– Жас күніңізде қандай бала болдыңыз?

– Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Бес ұл, төрт қыз. Бір ұл қайтыс болып, қазір төрт қыз, төрт ұлмыз. Мен ортаншысы болдым. Еркелігім болған жоқ. Жеке-дара өскен балаға қарағанда, көпба­лалы отбасындағы балалар бауырмал келеді. Сондықтан өз ішімізде тату-тәтті болып өстік. Әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1939 жылы әскерге алынып,  фин соғысына қатысты.  Отан алдындағы боры­шын өтеп, 1946 жылы соғыстан аман қайту бұйырыпты. Оралған соң механи­затор болып жұмыс істеді. Әкем  еңбек майда­нына да қызу араласқан. Марапаттары көп еді. Жалпы, отызға тарта орден-медальдары болды. Кеудесіне таққанда бос орын болмайтын. Қызыға ұстап қарайтынбыз. Ол Алматы облысының Құрметті азаматы ретінде облыстың Құрмет Қызыл кітабына енген. Мәскеудегі ауыл шаруашылық жетіс­тік көрмесіне екі мәрте қатысқан. Екінші рет 1955 жылы қатысқан шағында мен дүниеге келіппін. Жолдастары менің есімімді «Мәскеубай» қой  дескен, сол кезде 97 жастағы Ораз атам  «Атығай»  деп қойған екен. Анам Нұрила – «Алтын алқа» медалінің  иегері, өте ақылды, әр нәрсені тез шешетін адам еді. Мен сол анама жақын өстім.

– Оқушылық кезеңде ше?

– Нарынқол ауданында кезінде орыс халқы көп болған. Сол кезеңде «Динамо», «Охотничий» ауылдары болды. Әкем мені ауылдағы мектептің орыс сыныбына берді. Сегіз жылдықты орысша бітіріп, 9-10-сыныптарды қазақ тілінде бітіріп шықтым.

– Қай пәнді сүйіп оқыдыңыз?

Мектепте математика және химия пәнде­ріне қызығушылығым мол болды, сүйіп оқитынмын.

– Бала күндегі армандарыңыз орындал­ды ма?

– Бала күнгі арманым  ұшқыш болу еді. Өкінішке орай, Алматыда оны оқытатын оқу орны болмады. Сөйтіп, тарих пәнін таңдап, Абай атындағы  Қазақ  педагоги­калық  институтына оқуға түстім.

– Еңбек жолыңыздағы баспалдақтар туралы не айтар едіңіз?

– 1976 жылы мемлекеттік Абай  атын­дағы  Қазақ педагогикалық  институтының   Тарих  факультетін бітіріп, жолдамамен Нарынқол  ауданындағы  Крупская орта мектебінде  мұғалім болдым. 1978 жылы аудандық оқу  бөлімінде инспектор, 1979-1980 жылдары аудандық  комсомол  коми­тетінде хатшы, 1981  жылы аудандық партия  комитетінің  бюро  мүшесі, аудан­дық комсомол  комитетінің І секретары, 1982–1986  жылдары аудандық халық  депутаттар кеңесінің  депутаты болдым.  1989 жылы Алматы  қаласындағы №1 педколледжінде  философия  және  саяси экономия пәнінің оқытушысы, бастауыш партия ұйымының хатшысы болып қызмет  еттім. 1995 жылдан бастап Алматы  қала­сындағы № 62 қазақ орта мектебінің дирек­торы  қызметіне тағайындалдым.

– Бір мекемені ұзақ жылдар басқару сыры неде?

– Ең алдымен, менің бойымдағы көшбасшылық қабілетке байланысты деп ойлаймын. «Ұйымдастыра білген ұтады» деген сөз бар. Істі ұйымдастыруға, маман алуға, оны тәрбиелеуге, ұжымдағы береке мен бірлік, келісімді тең дәрежеде ұстауға тырысамын. Содан кейін ұжымды бәсеке­лестікке жұмылдырамын. Содан болу керек, жылдан-жылға ұжымның жетіс­тіктері асып, 2000 жылы «гимназия» мәрте­бесін алдық. Міне, бүгінгі күні қаламыз­дағы ең мақтаулы білім мекемесі болғаны­мызды мен мақтанышпен айта аламын.

– Жетістік кілті неде деп ойлайсыз?

– «Ұжым – күрделі оркестр, онда әр адам өз аспабымен ойнайды» деп В.А.Су­хом­линский айтқандай, біздің ұжымда әр маманның өз орны бар. Сол мамандардың жағдайын біліп, үнемі көтермелеп, марапаттап отырамын. Себебі, оқушының білімді, бәсекеге қабілетті болуы тікелей ұстазға байланысты. Сондықтан ұжымның қазіргі деңгейі, беделі менің емес, сол мұғалімдердің арқасы. Мен үнемі осыны айтып отырамын. Оларға сенім артамын. Сол сенім алға жетелейді деп ойлаймын.

– Иә, 23 жыл – бір адамның саналы ғұмыры. Осы жасында асқақ арманды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғаны», Мұхтар Әуезовтің «Адамдықтың негізі – әйел» атты тұңғыш мақаласын, «Еңлік-Кебек» пьесасын дүниеге әкелгені тарихтан белгілі. Гимназияның үлкен жетістіктерімен республикаға танымал болуы Сіздің есімі­ңізбен байланысты екенін мойындаймыз. Еңбегіңіз еленді ме? Сол  кездерде қандай сезімде боласыз?

– Иә, еңбегім ескерусіз қалған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрінің, Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамоталарын алдым. «Қазақстан Республикасының білім  беру  ісінің үздігі»  белгісімен, «Ы.Алтын­сарин»  медалімен,  «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» төсбелгісімен, «Қазақстан Кон­ституциясына – 20 жыл» медалімен мара­­патталдым, Райымбек ауданы мәслихаты шешімімен «Райымбек ауда­нының Құр­метті азаматы» атағын алдым.  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерімін. Мен әр мара­паттың артында  тұрған  үлкен жауапкер­шілікті сезінемін.

– Елбасының рухани жаңғыру бастама­сына қатысты ойыңыз?

– Мәңгілік Ел идеясын іске асыру жолындағы бастама. Ол – еліміздің бас мақаласы. Сананы жаңғырту әр адамның ішкі әлеміне байланысты деп түсінемін. Ол тарихты, әдебиетті, мәдениетті, әдет-ғұрып­ты, өркениетті терең  білуден басталады.

– Осы бағыттағы жұмыстарға  ұсыныс­та­рыңыз?

– «100 жаңа оқулық» жобасы мені қуантты. Дүние жүзіндегі таңдаулы оқу­лық­тар қазақ тіліне аударылып, білім алу­шы жастар жаңаша сипаттағы кітап үлгі­лерімен таныс болады. Жалпы, әр күннің бірінші сабағының 15 минутын кітап оқу сағатына арнаса, дұрыс болады деп ойлай­мын. Кітап оқытудың жүйелі жоспары болу керек. Кітап оқырмандар конференциясы көбірек болуын ұсынамын. Биылғы оқу жылында осы мәселеге қатысты гимна­зияда үлкен екі іс-шара өткізілді. Қоғам қайраткерлері, ұлт жанашыр­лары, жазушы Зейнеп Ахметова мен Асылы Османмен болған «Ұлт пен ұрпақты табыстырған Ақ Аналар» атты кездесу мен «Наурыз – рухани жаңғыру бастауы» атты қалалық көркемсөз оқу байқауы. Бұл – тұңғыш рет ұйымдасты­рылған байқау. Осы игі іс жалғасын табады деген ойдамын.

– Латын әліпбиі туралы ойыңыз?

– Латын әліпбиі бізге жат емес. Бұрын да қолдандық. Латын әліпбиі халықаралық байланысқа тиімді, бізге де қабылдау уақыты келді. Тіл мәртебесін көтеруге де қатысы бар. Тек дайындықты ерте және жүйелі бастаған орынды.

– Дінге көзқарасыңыз қандай?

– Кеңес Одағы кезінде атеистік бағыт  басым болды. Құдайдың бар екеніне сенбеді. Әлемдегі ең көп қабылданып жатқан дін – ислам діні. Кезінде Абай атамыздың өзі де «Алланың сөзі де, өзі де рас» деп мойындаған бағытты ұстанамын. Алайда, соңғы кездері дінді бұрмалап, бұрыс бағыттағы ағымдарға көптеген адам­дарды үгіттеп жүр. Киімдері­нің өзі оғаш. Бұл – бізге жат нәрсе. Гимна­зияда осы бағыт­тағы жұмыстар дұрыс жолға қойыл­ған. Бастысы – ішкі сенім мен жүректегі иман.

– Жаңадан келген маманға қояр алғашқы талабыңыз?

– Ұстаз болу үшін бұл мамандыққа жан-тәніңмен берілу керек. Құрылысшы салған үйінде қате кетсе бұзып, қайта сала алады. Ал ұстаз  оқушы білімінің іргесін қалайды, оны талпындырады. Ұстаздан қате кетуге болмайды. Себебі, ол ұрпаққа дұрыс білім және тәрбие береді. Бұл – жауапты іс. Ұстазға қоятын басты талабым – іске жауаптылық, ұқыптылық.

– Жас ұстаздарға берер ақыл-кеңесіңіз?

– Өз ісіне мұқият болу, білімді де білікті болу, шыдамды болса екен деймін.

– Сіз үшін алға қойған мақсаттың қандай маңызы  бар?

– Мақсатсыз адам да, қоғам да, мемлекет те дамымайды. Мысалы, Прези­дент халықтың жағдайын қамтамасыз ету үшін үйлер тұрғызуды тапсырды. Түлектер тегін білім алу үшін гранттар санын көбейтіп жатыр. Елімізді дамыған  мемле­кеттер қатарына енгізуді жоспарлап, алға қадам басып келеді. Менің мақсатым – №62 гимназияны одан әрі гүлдендіру, білімді жастар санын арттыру.

– Сіз үшін не қымбат?

– Өзім іргетасын қалаған білім орда­сының әр тасы мен тақтасы, жүріп өткен жолдары, қызметкерлері, түлектері, шәкірт­тері мен үшін қымбат. Ғимараттың әр бөлшегі, оның көгалдануы, абаттануы, сапалы мамандармен қамтылуы көз алдымнан тізбек болып өтеді.

– Бойыңыздағы өзіңіз бағалайтын қасиет?

– Мен бір істі бастасам, аяғына дейін жеткіземін. Әскери тәртіпке үйренгенмін. Бауыржан Момышұлы «Қай жерде тәртіп бар, сол жерде жеңіс болады» деген. Өзімді қатал ұстаймын. Бірақ барлық жерде емес.

– Табысты басшы қасиеті неде деп ойлайсыз?

– Табысты басшыда міндетті түрде білім, тәртіп, мақсат және жоспар болу керек. Адалдық пен әділдік үлкен бедел әкеледі.  Қазақ «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді ғой. Ойланып, таразылап, қорытын­дылау да маңызды.

– Қандай кітаптарды сүйіп оқисыз?

– Тарихшы болғандықтан, тарихи есте­ліктер, шығармалар, романдар оқимын. Әсіресе, ел, мемлекет, батыр, қолбасшы­лардың жүріп өткен жолдары, іс-әрекеттері қызықтырады. Соларды оқимын.

– Соңғы оқыған кітабыңыз?

– Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш», Т.Рыскелдиевтің «Ұлы көш» романдарын оқыдым. Халқымыздың бір бөлігінің аласапыран заманда жер ауып кетуі, көрген қиыншылықтары мен қысымшылықтарын, Кеңес өкіметінің солақай саясат салдарын ашына жазған.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен –

Айдана ӘЛАЙДАРОВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *