Сүт безінің қатерлі ісігі жасарып барады

онколог-дәрігерлер алаңдаушылық білдіруде

Үлкендер біздің бала кезімізде жамандықтың атын шақырма, жамандық көбейеді деп ұрсушы еді. Қазір апат та көп, естіп-білмеген аурулар мен қатерлі дерттер де өршіп барады. Бәлкім, осылардың барлығы біз сескенбей күнделікті атын атап, түсін түстеп жатқан соң өршеленіп келе жатыр ма деп те ойлайсың кейде. Бұрынғының адамдары өлім тұрмақ, біреу қатерлі ісікке шалдығып, сырқаттанып қалғанын естісе, ауруының көп екенін айтпай, жаман ауруға шалдығып қалыпты деп оны да жәймен айтатын.

Ал қазір сол жаман ауруға шалдығу­шылар саны, оның ішінде қыз-келін­шектер арасындағы сүт безінің қатерлі ісігі көбейіп, жасарып бара жатыр, деп маман-дәрігерлер алаңдаушылық біл­діруде. Қазақ­станда онкологиялық ауру­ларға шалдығып, сол бойынша есепте тұратын адамдар саны 170 мыңды құ­райды екен. Ал оған жыл сайын жаңадан қатерлі ісік диагнозымен тіркелген 36 мың адамды қоссақ, обырыңыздың тұр­ғындар денсау­лығын оңдырмай тұрған­дығын байқауға болады.

Бұл көрсеткіштер жыл сайын артып отыратындығын айтқан онкологтар бұл дерттің өршуіне себеп болып отырған жағдайлар мен себептер де аз емес дейді. Мамандар әйелдер арасындағы сүт безінің қатерлі ісігі қазіргі кезде алдыңғы орында тұрғандығын айтып, алаң­дау­шылық білдіруде. Елімізде жыл сайын төрт мыңға жуық қыз-келіншек осы ауруға шалдықса, оның 1400-ге жуығы сүт безінің қатерлі ісігінің салдарынан көз жұмады екен.

Қатерлі дерттің алдын алудың бір-ақ жо­­лы бар. Ол онкологиялық аурулар бойынша өткізілетін скри­нингтік тек­серу, – дейді Алмалы ауданына қарасты №8 қалалық емхананың аурудың алдын алу және науқастарға қолдау бөлімінің меңгерушісі Фатима Дауыт­қызы.

Бірақ Фатима Дауытқызының айтуын­ша, тұрғындардың көпшілігі тексерудің осы тәсіліне көп мән бере қоймайды екен. Ал егер шақыруға құлақ асып, дер кезінде тек­се­рілуге келсе, скринингтік тек­серулердің оң нәтижесі көп көрінеді.

– Онколо­гиялық ауру­лардың бірінші, екінші сатысын емдеу қиын емес, аурудан айығып кетуге болады. Үшінші сатыны да ем­деуге болады, бірақ ол ұзақ уақыт емделуді және көп қара­жатты қажет етеді. Ал төртінші сатысын емдеу өте қиын, тіпті емге бой бермейді, өкінішке орай ем­делмейді. Сондықтан уақытылы онкос­кринингтен өтіп тұру өз денсау­лығыңыз үшін маңызды дейді алғашқы медици­налық көмек қыз­метінің ең жауапты саласы профи­лактикалық, яғни аурудың алдын алу және науқастарды қолдау бө­лімінің дәрігерлері мен қызмет­керлері.

Фатима Дауытқызы бүгінде тегін онкоскринингтің 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдердің сүт безінің қа­терлі ісік скринингі, 50 мен 70 жас­тағы әйелдер мен ерлер арасындағы колоректальді қатерлі ісік скринингі, 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйел­дердің жатыр мойны қатерлі ісік скринингі өткізілетіндігін айтып, осы аталған жастағы әйелдерді тегін скри­нингтік тексеруге шақырады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі жылдары сүт безінің қатерлі ісігін 80 пайызын бірінші, екінші сатысында анықтау мүмкін болып отырған жәйі бар. Бұл, сөз жоқ, дәрігерлер күнде «Дамумед» қосым­шасы арқылы сізге жолданып, шақырып жатқан скринингтің нәтижесі дейді халық денсаулығының жанашырлары.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *