«СҰЛУСАЙДА» қоңырау соғылды

Еліміздің барлық аймағындағы білім шаңырақтарында алғашқы қоңырау сыңғыр қағып, жаңа оқу жылы басталды. Табиғаты келіскен, тау қойнауына орналасқан «Сұлусай» кентінің тұрғындары да «Білім күнін» атап өтті.

 Рая ЕСКЕНДІР

«Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» деп аталатын салтанатты жиынды Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов ашты.

– Біздің елімізде оқып, білім алуға барлық жағдай жасалған. Жыл сайын білім ұяларындағы материалдық-техникалық база жаңарып отырады. Жаз бойы жақсы демалып, міне, енді сабақ оқуға асығып отырғандарыңыз байқалады, – деген аудан басшысы арнайы әкелген сыйлықтарды биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып бүлдіршіндеріне табыс етті.

Сонымен қатар, мектепке демеушілік танытып, әркез көмек қолын созып жүретін азамат Асхат Шілікбаев та құр қол келмей, оқушыларға аса қажетті оқу-құралдарын, техникалық құрал (принтер) табыс етті.

Мектепке алғаш келіп отырған мектепалды даярлық тобы мен 1-сынып оқушылары өздерінің өнерлі екендіктерін көрсетіп, бірі ән, бірі би, енді бірі жаттаған тақпағын айтып, таңдай қақтырды. Мектептің өнерлі өрендері Шаттық Құмарұлы, Ислам Таубай әсем әннен шашу шашты.

Алғашқы  қоңырау соғу құрметіне 8 сы­нып оқушысы Нұршат Избуллаев пен 1-сы­нып оқушысы Шарина Мұхамедова ие болды. Салтанатты жиыннан соң 1–9-сынып оқушылары «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты алғашқы сабаққа қатысты.

«Сұлусайдағы» №197 негізгі орта мектепті жас та болса ұйымдастыра білетін, ізденімпаз басшы Тұнық Шегебайқызы басқарады. Білікті басшы республика көлемінде өтіп жатқан дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын ұйымшылдықпен өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасы балаларына көмек көрсетіп, демеушілердің демеуінің арқасында оқу құрал-жабдықтарын, сөмкелер табыс еткен еді. Қайырым мен мейірімге толы акция әлі де жалғасын тауып жатыр.

«Сұлусайды» сұлу үнімен кернеген «Алғашқы қоңырау» салтанатын тама­шалауға келген ата-аналар мен ауыл тұрғындары Медеу аудандық Білім бөлімі мен №197 мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *