Сұлулық әлеміне саяхат

2819Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік орталық музейінде «Аехро» көрме компаниясының ұйымдас­тыруымен «Fasһіon Jewelry – 2014» атты бижутерия, ке­рек-жарақтар мен әшекейлер көрме-жәрмеңкесі өт­кізілді. 

«Fasһіon Jewelry» – сәнді әшекейлер индустриясы: «Әше­кей­лер әйел адамға айрықша сән береді», – деген еді әйгілі сән «пірі» Коко Шанель. Көрмеге келушілер «Fasһіon Jewelry» – сұлулық жәрмеңкесінің сауда алаңынан авторлық қолөнер туындыларына, сондай-ақ, әйгілі бренд әшекейлерге сырттай сүйсініп қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңкеге Қазақстаннан және жақын шет елдерден әр түрлі стильдік бағыттағы компаниялар, дизайнерлер, шебер-қолөнершілер қатысты. Олар бір ғана данадан тұратын қайталанбас жұмыстар ұсынды. Бұлар – авторлық бижутериялар, киізден және тоқыма маталардан жасалған аксессуарлар, таза теріден, ағаштан, жартылай асыл тас­тардан, шынылардан, сондай-ақ, алтыннан және күмістен жасалған бұйымдар.

Көрменің тамаша жарқын тартуы – Светлана Галушкинаның кестеленген картиналары, сонымен қатар бүгінгі таңда Қазақстанда өзіндік әдіспен жұмыс істейтін бірден-бір суретші-дизайнер Анастасия Никифорованың «Зергерлік өнердің ғажайыптары – бөлектегіш эмаль» туындысының тұсау­кесері келушілерді шаттық сезімге бөледі. Көрмеге келушілер қазіргі заман шеберлерінің зергерлік бұйымдарымен танысуға, курстарға жазылуға, семи­нарлар мен шеберлік-шоуына қатысуға, керек-жарақтар мен әшекейлерді дұрыс таңдау жөнінде мол мағлұмат алды. Сондай-ақ, көрмеге келушілер әсем қобдиша, асыл зат бұйымдары топтамасын ұтып алуға арналған ұтыс лотореясы ойынына белсене қатысты. Көрмеге келушілер өз­дерінің қиялдаған жауһар, зерлі бұйымдарын өз қолдарымен жасап алуды үйрететін арнайы ұйым­дастырылған шебер­лік сынып­тарына қуана қатысты. Көрмеге келген күллі көрермен сұлулық әлеміне саяхат жасады. Мұнда келген қонақтар өздеріне және өздерінің сүйіктілеріне тамаша сыйлықтар тарту етті.

«Аехро» көрме ком­паниясы Жаңа жыл қарсаңында «Ертегідей сыйлықтар», «Сүйіктілерімізге сый­лықтар» атты көрмелер мен жәрмең­келерін, сондай-ақ, «Үйлену тойы» салон-көрмесін де ұйым­дастырады.

 Гүлмайра АХАТОВА, ҚР МОМ мәдени-білім жұмысы орталығының  менеджмент секторының жетекшісі.

Суретті түсірген – Перизат СМЕТОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *