Сұлу әйел – еркектің соры

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

 

Қоқым – өмірде болып жатқан оқиғаларға әзер ілесіп жүретін шабан, анау-мынауға елең ете қой­май­тын ауыр мінезді жігіт. Үйде де, түзде де мінезі жұм­сақ, жайлы жігіт аяқ асты­нан жаралы арыстандай айбаттанып, ақырып шыға келді. Барлық пәле Қар­ғаштың әйелімен ажырас­қан сотынан соң іле-шала басталды. Сол сотта екі жақтың куәсі болып қатыс­қан бір топ адам ауылға қайтып келе жатқанда жеті әйелмен дәм-тұзы жарас­паған Түгелбай түлен түрт­кен әңгімені бықсытты.

– Әне, – деді Түгелбай түңіле сөйлеп, – әне, әйел деген – сол. Кеше ғана Қарғаштың шуаш сасыған шұлғауын жиренбей жуып, жабыса сүйіп жүрген әйелі бүгін оны керексіз қылып, туф деп түкірді де тастады. Тегінде жігіттер, әйел деген жарықтық мұхиттан да терең, құпиясы қырық қабат. Оның ішкі сырын білу мемлекеттік құпияны ашудан да қиын. Так что, әйеліңнің сырын білем деп әуреленбей-ақ қой. Беспо­лезно!

Мен сендерге өмірден көргенімді, түсінгенімді айта­мын. Әйелің сұлу бол­са, қып-қызыл пәлеге қал­ғаның. Сұлу әйел – қырдың бұлаң қаққан қырмызы қызыл түлкісі. Оны көр­генде томағасын жыртып, балақ бауын үзбейтін қыран болмайды. Сонымен қатар, ол қылықты болса, онда тіпті құрығаның. Ондай әйел ең мықтымын деген еркектің есін шыға­рып, жүрегін жадылап ала­тын тозақы тажал. Менің марқұм нағашым «Сұлу­дың ыстық қойыны тірі зындан, зынданға түсер жігіт құдай ұрған…» деп отырушы еді. Жігіттерді айыптай алмайсың. Өйтке­ні, сұлу әйел – өкпеге түскен құрт ауруынан да қауіпті, жүрегіңнің парша-паршасын шығарып, айық­пас ауыр дертке ұшырата­тын жендет. Ал сол әйел басқа біреуге құмартты бар ғой, онда оған аспанмен та­ласқан асқар тау да, тулаған теңіз де, түбіне көз жетпес шыңырау құз да, тіпті ажал да бөгет бола алмайды. Алпыс екі тамы­рын құштарлық қаны кер­неген әйел оттан да, судан да тайынбайды. Ол әзәзіл көзбен арбағанда өмірі бір әйелдің етегіне жармасып жатқан иісалмас, тоң­мойын Қоқымның өзі қораздай қоқиланып, хо-холап шыға келер. Бұл әлі ондай әйелдің поле зре­ниесіне ілікпей келе жатқан ғой. Несіне ілігеді, өзінің сұлу әйеліне… не…

Түгелбай осы тұста тілін тістей қалып, жымысқы­лана күлді.

– Әй, Қоқым, осы ғұмырыңда қанша әйелге құрық салып, бас білдірдің?

– Оттапсың, – деді Қоқым күңк етіп. – Өзімнің қыздай алған әйбат әйелім тұрғанда, басқаның қаңсы­ғына таңсық деп пе едің мені. Жылына төсек жаң­ғыр­татын сенен сақтасын. Әйелім өзіме адал, мен де адалдық жолдан тайған емеспін.

– Әне, айттым ғой, – деді Түгелбай түлен түртіп.

– Әр әйелдің бір-біріне ұқсамайтын ғажайып қы­лық­тары, әр татқан ләззәт­тің бөлекше тәтті дәмі бола­тынын бұл маубас білмейді. Бір әйелмен мәңгіріп жүре берген. Өмір екі айналып келмейді. Оның қандай рахаты бар екенін өзің білмесең, ана Жекентайдан сұра. Сен алаңғасар, аңқау кеще әйелім адал дейсің, ал мен өз әйелдеріме ешқашан сенген емеспін. Марқұм нағашым «Адалдығына олла-біллә деп қарғанған қатынның үш ашынасы болады» деп отыратын. Ол кісі өте дұрыс айтады. Үстінен аударып алсаң да мойындамайды. Бұл істе әйел партизаннан да қайсар, өлтірсең де шынын айтпайды. Ал сен «әйеліме шексіз сенемін» деп был­жырайсың. Бабаларымыз «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деп бекер айтпаған шығар. Бағанағы сотта бәріміз жабылып Қарғаш­тың қатынының ашынасы болғанын, бар екенін мойын­дата алмадық. Ақы­рында масқарамызды шы­ға­рып, өзімізді «еркек емес, өсекшіл қатын» атандырып, аузы-басымызды дым­қыл­дап жіберген жоқ па? Со­ның кермек дәмі аузымда әлі тұр.

– Рас, рас, – десті жігіт­тер. – Көзбен көргеніміз жалған, жала болып шық­ты. Қолымен ұстап алған қайнағасына қарап шап­тық­қанда соттың өзінің үрейі қалмады.

– Естеріңде болсын, – деді Түгелбай тыңдау­шыларынан тиянақты тірек тапқанына жалданып. – Сұлу әйелдің еркекжанды­лығы сұлу емес әйелге қара­ғанда он есе күшті болады. Оған да кінә қоя алмайсың. Өйткені, ол нәпсі үшін сұлу болған.

Жол-жөнекей болған осы әңгімеден кейін Қо­қымнан маза кетті. Түгел­бай сұм «сұлу әйел – еркектің соры» деп бұған қарап айтқан сияқты ма, қалай? «Ләззәттің не екенін Жекентайдан сұра» деп көзін қысқаны несі? Бар­лық әңгімесін бұған бағыш­тап айтуында не сыр бар? Әлде ол өзі білмейтін бір құпияны біле ме? Қо­қымның баяу соғатын момын жүрегі марғау­лықтан шошып оянғандай болды. Ол тұңғыш рет шай қамымен жүрген әйеліне көлденеңнен сынай көз тастады. «Т-ү-у, әкеңнің… шынында, Гүлсім қарато­ры­ның әдемісі екен ғой. Бұған күлімдеген көзқара­сы қандай шуақты, жанды жадыратқандай. Япыр-ай, көз жанары бірдеңені дәмет­кендей жәудірей қа­лыпты. Еріндері қыз кү­ніндегідей бояуы тарқамай елбіреп, үлбіреп тұр. Денесі де ту биедей мүсінді, сұлу. Қозғалыс, қимылы бишідей әдемі. Бейнебір қалықтап жүрген періште дерсің. Барлық болмысымен «кел, мені құшақтап, сүйіп, мау­қыңды бас» дегенді мең­зегендей. Әйеліне сұқтана, қызыға қарап отырған Қо­қымның көңіл-күйі кенет нілдей бұзылды. Оның кө­ңіл-күйінің астаң-кестеңін шығарған Түгел­байдың: «Сұлу әйелдің құштарлығы он есе күшті… Әйелі сұлу еркек сорлы…» деген сөздері еді. Жаңа ғана таңданып, тамсанып, тамашалап отыр­ған әйелін табан ас­тын­да сұмдық жек көріп кетті.

Мынаны көрген Же­кен­тай сияқты еркек атаулы шыдап тұра алмас. Өзі бел­беуі босап, емеурін білдірсе.. Бұл алты ай жаз үй бетін көрмей, шабашкалап жүр­генде… Күдікті ойлар Қо­қымның басын анаша тарт­қаннан бетер шыр айнал­дырып жіберді.

– Әй, шошаңдамай ор­нығып отыр, – деді әйеліне дөрекілеу дауыспен. – Кө­белек сияқты неғып ұшып-қонып жүрсің?

– Көріп тұрсың ғой, шай жасап жүрмін, – деді Гүлсім самауыр қасына отыра беріп. Өзі әлденеге жымың-жымың етеді. Қо­қым оны күнәлі пенденің жымысқы жымиысы деп бағалады.

– Сот Қарғашты қаты­нымен ажырастырды, – деп, әйелінен көзін алмай ана­ның реакциясын байқамақ болды. – Ол әйелдің бір емес, бірнеше ашынасы болғанын елдің бәрі, сен де, мен де, құлағы керең Кердеңкүл кемпір де біледі. Қарғашқа обал болды. Ашынасы барын ешкім мойнына қоя алмады.

– Е, мойындамаса, адал болғаны да, – деді Гүлсім күліп.

– Ал сен, мойындар ма едің? – деді Қоқым төте­сінен. Әйел жаңа ғана жұ­мыртқалап шыққан қаз­дың даусындай әсем үнмен күлді.

– Жоқ нәрсені «бар» деп кім мойындайды? Әри­не, мен де мойындамаймын. Жалпы, ашынам бар деп, ешбір әйел мойындамайды.

– Тұра тұр бәлем, қолы­ма түстің бе? Білемін, сен өліп кетсең де, мойында­майсың. Түгелбай айтқан, партизан… Қарғанған қа­тын­ның… Солай екені рас. Бірақ мен Қарғаш емеспін, қаққанда қаныңды, соқ­қанда сөліңді ағызып, мойындатамын.

– Нені мойындатасың? – деді әйелі абыржып. – Өзіңе бірдеңенің шалығы тиген бе? Түрің өрт сөн­діргендей, сөздерің түйеден түскендей…

Қоқымның даусы қа­тайып барады. Күйеуінің мұндай ашулы, қаһарлы қалпын көрмеген әйел шынымен шошиын деді. Қоқым бұлтарыссыз тіке сұрақ қойды:

– Осы сенің анау жы­мың­даған жексұрын Же­кентаймен қандай байла­нысың бар? Соны көрсең, сойған түлкідей ыржақ­тайсың. Арада бір пәлең бар ма?

– Қой әрі, не болса соны айтпай! – деді әйел. – Құр­дас болған соң әр нәрсені айтып, қылжақтай береді. Сөзіне күлкім келеді. Әң­гімені қызық қып айтады.

– Мен оның жөні дұрыс әңгіме айтқанын естіген емеспін, – деді Қоқым көзі шатынап. – Соның был­шылы саған майдай жағады екен ғой. Ол әңгіме айт­қанда сенің бөксең өзінен-өзі бүлкілдеп кете ме?

– Саған не болған? Мен қатып қалған ағаш емеспін ғой. Қатты күлгенде бүл­кілдесе, бүлкілдейтін шы­ғар, соны кім байқапты?! Әйтпесе мұрнынан сорасы аққан суқит, кімге дәрі? Сенің қолыңа су құюға да жарамайды ол.

– Әне, алдайды бұлар. «Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк болған». Мені мақтап қойып, жәдігөйсіп отырсың. Енді алдай алмай­сың, білдің бе? Харам жүрісіңді бүркемелеу үшін өтірік мақтайсың.

Әңгіме осыған жеткенде Гүлсім кәдімгідей сасайын деді. Біреудің өзін өлтіре жамандағанын, жүрісті әйелдің қатарына қосқа­нын сезді.

– Осыны ұялмай маған айтып отырсың ба? Сенің көзіңе шөп салғанша өлуге дайынмын. Оны өзің біле­сің. Немен қарғанайын? Бір құдай куә, сенің алдыңда еш күнәм жоқ.

Қоқым одан сайын қыңырайып, алған бетінен қайтпады.

– «Жоқ деп қарғанған қатынның үш ашынасы болады», – деген Түгел­байдың нағашы атасы. Сенде үшеу болмаса да, біреу бар. Сендей жымың­даған қатынға құмарт­пайтын еркек болмайды… Бәсе, бұл неге бойын күтіп сылаңдап, денесінің түгі көрінетін жұқа халат киіп жүреді десем, ойың еркек­терді еліктіру екен ғой.

Енді әйел айғайға басты.

– Жағыңа жеті басты жеті жылан жұмырт­қала­сын! Босқа күйдірме адам­ды! Түгелбайдың алжыған нағашысы айтты екен деп, барлық қатынды қаралап, күнәһар болма! Кінәм болса, мойныма қой да, қара есекке теріс мінгізіп, бетіме елді түкіртіп, мас­қа­рала! «Анау айтты», «Тү­гел­бай бүй деді» деп, біреудің сөзіне күшік құсап ерме! Айыбым болса, дәлелде! Дәлелдей алмай­сың ба, қаңқу сөзге еріп отбасым­ның берекесін кетір­ме! – деп әйел жылап жіберді.

– Сенің партизанды­ғыңнан түк те шықпайды, – деді Қоқым ашуы асқына түсіп, – Түгелбайдың нағашысы алжыған болса, Шекспир алжымаған. Ол: «Қатындардың көз жасына буаз болса жер-жаһан, әр тамшыдан тумас па еді аждаһа» деген. Оны қазақ­шаға аударған – ұлы Мұх­тар. Ол сөз жалған болса, Мұқаң оны өлсе де аудар­мас еді. Значит, рас болға­ны. Жылай бер, өтірік көз жасыңмен менің жүрегімді жібітем деп ойлама! Сенің көз жасыңның әр тамшы­сынан бір-бір «жыланчик» туып, ирелеңдеп барады. Әйелдің опасыздығынан әбден мезі болған Паллад деген ғұлама: «Әйел аты залым, ол ыстық жар құ­шағы мен суық өлім құша­ғында ғана жақсы» деген. Мен оны саған оқып бер­генмін. Әлде тарс есіңнен шығып кетті ме? Көп қатын алып, «опыт» жинаған Түгелбайдың нағашы атасы…

– Түгелбайыңның да, нағашысының да аузына қара қан толсын, – деді Гүлсім күйеуінің сөзін бөліп. – Көп әйелді жыла­тып, балаларын тірі жетім қылған ол екеуінің сөзі кімге үлгі? Солар айтты деп, имандай сеніп отырған сен де ақымақсың! Алда-жалда көзіме шөп салды деп маған сенбейтін болсаң, ажырас!

Қызғаныштың уы бойы­на әбден тараған Қоқым басылар болмады.

– Ажырасам дейсің бе, Қарғаштың қатыны құсап? Әрине, сендей сылтау іздеген әйелге сол керек. Бір еркектен жалыққансың. Енді ажырасудың әдіс-айласын іздеп отырсың. Ол арамдығың жүзеге аса қоймас.

Мына жаман сөздерден қатты ширыққан Гүлсім күйеуінің қызғаныш «лава­сын» сөндіре алмайтынын сезді. Енді ол жылауын тыя қойып, «өртті қарсы қойған өрт қайтарады» деген оймен «контрударға» көшті.

– Рас, қатынға сенуге болмайды, – деді Қоқымды селк еткізіп. – Күдігің бекер емес. Еркек бір әйелден жалықса, әйел неге бір еркектен жерінбейді? Түгел­байдың нағашысы дұрыс айтады. Әйелдің кемі үш ашынасы болады. Көзіңе шел біткен бе, неғып байқа­мағансың? Ана үш бала­ның әкесі сен емес. Үлке­нін – Түгелбайдан, ортан­шысын – Жекентайдан, кенже қызды – Қарғаштан туғанмын. Көзіңді ашып қара, түрлері сойып қапта­ғандай, өз әкелерінен аумай тұрған жоқ па? Енді төртін­шісін көлденең көк аттыдан тусам деп, аңсарым ауып жүр. Әйелдің қулығына құрық бойламайды. Осы­ның бәрін сенің көз алдың­да, білдірмей істеп жүрмін.

Мына «мойындаудан» кейін ашуы алқымына тығылған Қоқымның үні өшті. Сипақтап, ыңғайсыз халге түскендегі әдетімен мұрнын шұқып, қақырына берді. Бұл – жеңілгенінің белгісі. Күйеуінің жыннан айырылған бурадай мүсәпір қалыпқа түскенін көріп, әйел іштей күліп отыр…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close