Сұлтан ЖИЕНБАЕВ: 100-бригадада қазақтың нағыз нарқасқа жiгiттерi, Мәншүктей қыздары ерлiктiң теңдессiз үлгiсiн көрсеттi

Елiмiздiң, жерiмiздiң көзi тiрi киелерi – кешегi майдан­герлер, бүгiнгi қазыналы қараттарымыз ортамызда жүр­генде бiздiң де асқар биiктерiмiздiң аласармасы, тiршлiгiмiздiң алтын арқау­ларының сетiнемейтiндiгi анық. Алматылық соғыс ардагерi Сұлтан Жиенбаев ағамызбен әңгiме­лесу бары­сында осы бiр ақиқатты тағы бiр рет айқын сезiнгендей болдық.

Бүгiнде тоқсанды толтырып отырса да, Сұлтан қария­ның еңсесi тiк, зердесi мықты. «Жылдар жылжып, ұрпақтар ауысып, өткенге деген баға да өзгередi. Әйткенмен, кешегi қанды қасап жиһангерлiк соғыстағы жеңiстiң нарқын ештеңе өзгерте алмас. Бiз онда өзiмiз үшiн емес, бүкiл әлемдi аман алып қалу үшiн шайқастық. Қолдан келместiң  қи­сынын келтiрiп, жеңiп шықтық», – дейдi майдан соқ­пақтарын Мәскеу түбiнен бастап, Берлинге дейiн жалғас­тырған соғыс ардагерi. Ол – 1941-1945 жылдары қан май­данда гитлершiлермен бетпе-бет 575 күн соғысқан қазақ­тың қаһарман перзентi. Ұлы  Жеңiстiң 50,55,60,65 жыл­дығына арналған Мәскеудегi  Жеңiс шерулерiне қатысқан бiрден-бiр жауынгер, отставкадағы полковник.

Соғыста, еңбек саласында қажымас ерен ерлiгi мен еңбектерi  үшiн 25 мәрте мемлекеттiк марапатқа бөленген. Оның кең омырауында қазiр 1, 2 дәрежелi «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы»,  «Халықтар достығы» ордендерi және Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденi мен «Ерлiгi үшiн», «Белградты алғаны үшiн» және басқа көптеген медальдар жарқырап тұр.

… 1942 жылдың 27-тамызы. Алматыда жасақталған 100-қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының соңғы бөлiмдерi Мәскеу түбiндегi Бабушкино қаласына келiп жеттi. Бес мың адамнан тұратын атқыштар бригадасы бұй­рық бойынша белгiленген жаңа орынға жайғасқан. Бiрақ Мәскеу әскери округiнiң 1942 жылғы 19-қазандағы бұй­ры­ғымен 100-бригада Калинин майданының 39-армия­сының құрамына кiрiп, 25-қарашада Молодой Туд өзенi мен деревнясы маңында басталған алғашқы ұрысқа қатысты.

… «Ржев шоқысы» үшiн айқас 100-бригаданың 1-бата­льон старшинасы Сұлтан Жиенбаев пен оның қарулас доста­рына үлкен сынақ болды. Одан «тiрi қаламыз» деп ешкiм ойламаған едi. Бұл тозақтың ортасында болған орыс жазушысы К.Симонов ол шептi «Өлiм аңғары» деп жазған едi кейiн. Дегенмен, Жеңiс үшiн жандарын пида еткендер қаншама?!.

– Алғашқы ұрыстар алғашқы батырларды да көрсеттi, – дейдi бүгiнде бригада ардагерi, отставкадағы полковник Сұлтан Жиенбаев  отты күндердi еске алып. – Қатардағы көптеген жауын­герлер күндiз-түнi тынбастан оқ атып, бөлiмдердiң алға ұмтылуына бөгет жасаған жаудың атыс ұяларына жер бауырлап барып, танк қиратқыш гранаталар лақтырып, күлiн көкке ұшырды. Мәселен, сержант Қара­бек Бұрышев өз бөлiмшесiн шабуылға тез көтерiп, немiс траншеяларына бiрiншi болып кiрдi. Оның өзi және жауынгерлерi автомат оғымен, гранатамен жаудың станокты пулеметiн және бiр  взводқа жуық әскерiн құртып жiбердi. Бұл  ұрыста қатардағы жауынгер Төребек Тоқма­ғам­бетов те қажырлы қайрат көрсеттi. Бұл екеуi де Алма­тыдағы №12 орта мектептiң шәкiртi,  талшыбықтай жас жiгiттер едi.

– Ржев iргесiндегi кескiлескен ұрыстардан соң, – деп сөзiн жалғастырды Сұлтекең. – 1942 жылдың аяғында бiздiң 100-бригада Калинин майданы әскерлерiнiң сол қана­тынан ауысып, аса жедел түрде, небәрi тәулiк iшiнде 250 ша­қырым жердегi оң қанатқа шықты. Мұның өзiнше себебi бар едi. Калинин майданының жоғарыда айтылған қарашадағы шабуылы тұсында үшiншi екпiндi армия жау қолындағы Великие Луки қаласын қоршап алып, мұнда қарсыласып, берiлмей жатқан тоғыз мыңдай адамы бар фашистермен айқасып жатқан-ды. Оның  үстiне немiс  әскери командованиесi (генерал  фон Засс) Гитлердiң бұйрығы бойынша Великие Лукидегi қоршауда қалған гарнизонын құтқарып алу мақсатымен бес әскери құрама­сының  (үш атқыштар дивизиясы, механикаландырылған екi танк дивизиясы) күшiмен қауырт шабуылға шыққан-ды. Осындай қиын жағдайда 100-атқыштар бригадасы, 360-атқыштар дивизиясы және 78-танк бригадасы III екпiндi армия құрамына келiп қосылып, Великие Луки қаласы түбiндегi қырғын ұрысқа араласты да кеттi.

Великие Луки iргесiндегi немiс-фашист жендеттерiмен кескiлескен ұрыс, әрине, бiзге де оңай түскен жоқ. Бригаданың бiрталай жауынгерi қаза болды. Әсiресе, Сұлтан Жиен­баевтың бiрiншi атқыштар батальоны көп шығынға ұшырады…

… Бурцево деревнясы үшiн табан тiрескен шайқас өрши түстi. Күнi бойы төрт  рет қолдан-қолға өттi. Шайқас бiрде әлсi­реп, бiрде жаңа күшпен қайта тұтанды. Дегенмен, кешке қарай жау деревнядан бiржола аластатылды. Жара­лылар көп болды. Мәншүк пен тағы екi санитар олардың жарасын таңып, соғыс алаңынан әрең шығарып үлгердi.

Бiр жаралыдан екiншi жаралыға жүгiрiп, ендi бiрiне еңбектеп жетiп, оларға алғашқы көмек көрсетiп  жүрген Мән­шүк бiр кезде бiздiң сол қанаттағы пулеметтiң үнсiз қалғанын байқады. Бойын жасыра еңкейiп, көбiнесе еңбектей жүгiрген ол пулеметке жеткенше асықты. Межелi жерiне жеткен кезде пулеметтiң қалқанына асылып жатқан пулеметшiнi көрдi. Денесiн аударып көрiп едi, ол тiрi екен. Мәншүк оның шинелiнiң түймелерiн ағыта бастады. Кеудесiнен жараланған екен. Бiрақ пулеметшi оған бұлдыраған көзбен қарап, әрең естiртiп сыбырлады: «Бауы­рым, «Максимдi» ал… ат…» дедi де сөзiн аяқтай алмай, пулеметтiң жанында демi үзiлдi. Мәншүктiң көзi жасқа толды. Оның төбесiнен бiрнеше оқ ысқырып өттi. Мәншүк өлген жауынгердiң әлi жылуы кетпеген  денесiн шетке  тартып шығарып, пулеметке келiп, етпетiнен жатты. «Лентада патрондар бар ма?» деген ой есiне сап ете түстi. Ол тексерiп көрiп, қуанғанынан: «Бар екен!.. Бар!» деп күбiрледi. Сөйттi де тiзiлiп келе жатқан фашистердi нысанаға алды. Нысананы дәлдеп алып, батылдана шүрiппенi басты. Пулемет сәл дiрiлдеп, оқ боратты. Мәншүк бiрнеше фашистiң баудай түскенiн, ал одан кейiн тағы да, тағы да құлағанын көрдi. Көп ұзамай фрицтер жүрудi қойып, жер бауырлап жатып қалды.

Осы кезде Мән­шүктiң жанына стар­шина Сұлтан Жиен­баев келiп жата кеттi.

– Фрицтердi iркiп тұрған сен бе едiң? Жарайсың. Ендi мен өзiм… мiне, Әлиев маған көмектеседi, ал сен жүгiр, қарында­сым… анау бұталар­дың арасындағы шұң­­қырда жара­лылар жатыр, оларға сенiң көмегiң керек.

Мәншүк  тағы да өз iсiне кiрiсiп кеттi. Қанша жаралыға кө­мек­тескенiн ол сана­ған жоқ, бiрақ ұрыс майданында тағдыр оны тағы да пуле­мет­ке кез қылды. Бұл жағдай күн батар алдында болды.

…Фашистер жыл­жып келе жатты. Мән­шүк олардың жақын келуiн күттi. Ол бiрнеше минут­тан кейiн оларды орып түсiретiн үздiксiз оқпен қарсы алды. Оның көзi­нен өшпендiлiк оты лаулап, екi бетi қызарып кеттi. Лента бiттi. Сержант жаңасын салуға көмектестi, ал Мәншүк фашистер кейiн шегiнгенше оларға қорғасын оқты жаудыра бердi.

Немiстiң талай танкiсiнiң көзiн жойған  қарт жауынгер Сұлтан Жиенбаев кезектi шайқас туралы былай деп баяндап бердi:

– 1942 жылдың желтоқсан айы болатын. Великие Луки түбiндегi айқас едi. Қанды қырғын. Немiстер осы кезде бiзге он екi рет шабуыл жасады. Қырылып жатқан солдаттар. Бораған оқ бет қаратпайды. Берiлген тапсырма бойынша Бурцево деревнясына бiз таң қылаң бере жеттiк. Бiзге рота командирi аға лейтенант Құттыбай Өскенбаев: «Оң жақтан немiс әскерлерiнiң үлкен тобы келе жатыр. Абайлау керек» дедi. Тройня деген деревняға жеткенде, олар оң жағымыздан шыға келдi. Бiз олардың алдында, олар бiздiң артымызда. Аң-таңбыз. Ал алдымыздан немiстердiң танкi­лерi бiрiнiң артынан бiрi қатты жылдамдықпен жылжып келедi. Артында қарақұрым әскерлерi бар. Бұл кезде командирiмiз батарея командирiне iстiң мән- жайын бiлуге кеткен болатын.  Мен алдыңғы танкiге командир кел­мей тұрып оқ жiбердiм. Атқан оғым танкiге жетiңкi­ремегенiн  байқап тұрмын. Жүгiрiп келе жатқан коман­дир «ат» деген бұйрық бердi. Сонда екiншi рет атқа­нымда алдыңғы танкiнiң жанармай сауытына тиген көрi­недi, танк жанып жатты. Жанымдағы солдаттар айқайлап, менiң тағы да оқ жiберуiмдi талап етiп тұр. Екiншi танкiге оқ жаудыратқанымда, ол да жанды. Қалған жау танкiлерi осыдан кейiн керi қарай шегiндi.

Немiс жаяу әскерi зеңбiректерiмен тұс-тұстан бiзге қарсы оқ жаудыртып жатты. Бұл шабуылда бiздiң адам­дардың жартысынан көбi қаза болып, оқ-дәрiнiң бәрi таусылды. Машиналарымыз тегiс қираған. Бiрақ сонда да берiспей, асқан табандылықтың арқасында сол шабуыл­дың бәрiн тойтардық.

Сұлтекең 2000 жылы «Дайк пресс» баспасынан «Қазақ­тың ұлттық 100-атқыштар бригадасы» деген кiтабын шы­ғарды. Онда Алматы қаласында жасақталған 100-қазақ атқыштар бригадасының майдан жолдары, қазақ халқы­ның даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова, майдан жолдарын Мәншүкпен бiрге жүрiп өткен көптеген полктастар туралы баяндалады. «Мәншүк қайсарлықтың, ерен ерлiктiң айрықша үлгiсiн көрсеттi. Амал қанша, өзi де 15-қазанда жау оғынан мерт болды ғой. Батыр болып жаратылған Мәншүгiмiздi кiл қазақ жiгiттерi өз қолымызбен арулап жерледiк», – дейдi ардагер аға. Сосын:

– Бригаданың тағдыры да ерекше болды. 1943-тiң жел­тоқсанында құрылықтағы  әскерлерде бригаданы диви­зияға айналдыру жұмысы аяқталды. 31 және 100-брига­даның жеке құрамы негiзiнде 1-атқыштар дивизиясы дүниеге келдi. Польшаның Сопот, немiстердiң  Висмар пор­тына жейiн жеттiк. Брест қаласын жаудан азат етке­нiмiз үшiн дивизияға «Брестiк» деген құрметтi атақ берiлдi. Польшаның Горн мен Тухель қаласын азат еткенi үшiн дивизия Қызыл ту орденiмен марапатталды. Құрамамыздан 11 Кеңестер Одағының Батыры шықты. Бригададан тәр­биеленiп шыққан халқымызға ардақты бiрнеше аза­маттың атын айта кетейiн. Олар – Әзiлхан Нұрша­йықов, Тахауи Ахтанов, Сақтаған Бәйiшев, қаржы министрi болған Рымбек Бәйсейiтов, бiлiм министрi – Қали Бiләлов, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң ректоры – Асқар Закарин,  кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов және  тағы басқа­лар. Сондай-ақ, бригаданың Қасым Шәрiпов редакторы болған «Алға», «Сталин үшiн алға» атты әскери газеттерi болды. Газет бетiнде Жекен Жұмаханов, Асқар Закарин, Амантай Байтанаев, Сағынғали Сейiтовтердiң өткiр мақа­ла­лары жарияланып тұрды. 1943 жылы наурыз айындағы санында Жамбыл атамыздың «Ұлыма хат» деген толғауы басылды. Бригаданың саяси бөлiмi артиллерист сержант Әзiлхан Нұршайықовқа қарт ақынға 100- ұлттық құрама атынан жауап хат жазуды тапсырды. Ол да газетке жарияланды. Мұның барлығы жауынгерлердiң рухын көтеруге көп көмектестi.

Қазiр республикалық Ардагерлер Кеңесiнiң мүшесiмiн. Әрi 100-қазақ атқыштар бригадасы ардагерлерi ұйымдастыру комитетiнiң төрағасымын. 1995 жылы елiмiз бойынша 127 ардагер бар едi. Олардың басын Алматыда қостық. Бүгiнгi таңда 15 қарулас досым қалды. Олардың 5-еуi Алматыда тұрады. Қатарымыз мүлдем азайды.  Бригада  ақыны атанған ержүрек артиллерист, Қазақстанның Халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықов та дүниеден озды.

– Сiз көп жылдар Дiнмұхамед Ахмет­ұлы Қонаевпен қызметтес болдыңыз. Сол кездер несiмен ерекшеленетiн едi?

– Димекеңдi алғаш рет 1958 жылы Алматы қалалық партия конференция­сында жолықтырдым. Ол кезде Фрунзе (қазiргi Медеу) аудандық партия комите­тiнiң бiрiншi хатшысы едiм. Бiр айдан кейiн Димекең шақыртты. Жұмыс бөлмесiнiң табал­дырығын аттағаным сол едi, кресло­сынан көтерiлiп, жылы жымиып қарсы алды. Өмiр тарихымды асықпай сұрады. Ол кiсi менiң әкемдi, немерелес ағамды бiлетiн болып шықты. Қоштасарда ОК аппа­ра­тының ұжымы менi қаржы, жоспар, сауда бөлiмiнiң меңгерушiлiгiне  ұсынғанын жеткiздi. Көп кешiкпей, ОК-ның бюросы менi әлгi бөлiм меңгерушiлiгiне бiрауыздан бекiттi. Осы сәттен бастап, Димекең секiлдi бiртуар  жанмен 25 жылға созылған қыз­мет­тес кезеңiм басталды. Оның екi жылын бөлiм меңгерушiлiгiне арнасам,  8 жыл – сауда министрi, 15 жыл – Министрлер кеңесi төрағасының орынба­сары қызметiн атқарыппын. Осылай бел жазбай 55 жыл бойы елiме қызмет еттiм, мiне, он жетi жыл болды, құрметтi дема­лыста, ұрпағымның қызығын көрiп отырмын. Димекең әулие адам едi ғой. Жұмысқа қатты  талап қоя­тын. Қызмет барысында әртүрлi жағдайлар болып тұрады. Сондай сәттерде, келесi күнi телефон шалып, көңiлiмiздi аулайтын. Сауда министрi кезiмде  көптеген сауда орындарының ашылуына үлкен жана­шырлық танытты. Қазiргi «Балалар әлемi», «Океан» сауда үйлерiнiң ғимараттары сол жылдары салынды. Елдi-мекендердiң барлығына дерлiк дүкендер, балабақша, мектептердiң салынуын қадағалап отырды.

1967 жылы Төлебаев пен қазiргi Қарасай батыр көшелерiнiң қиылысында 9 пәтерлiк тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Димекең «көршi болайық» деп ұсыныс жасады. Көзi тiрiсiнде шәй дескен жоқпыз. Ағалы-iнiлiдей болдық. Димекеңнiң аруағы разы болсын деп естелiк кiтап шығардым. Арамыздағы сыйластық кейiн достыққа ұласты. Халқымыздың ардақты ұлы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевпен жиырма бес жылдай бiрге жұмыс iстеген сәттердi кейiнгi ұрпаққа үлгi болсын деп жан-жақты суреттеуге тырыстым.

Майдан шебiнде де, бейбiт кезеңде де бiр-ақ ойым болды. Адал жүрiп, халқыма қызмет ету. Оны адал орындағаныма ар алдында да, Құдай алдында да сенемiн. Екi ұл, бiр қыз өсiрдiм. Немере,  жиендерiм алаңсыз өсiп келедi. Ондаған жыл отасқан аяулы жарым Нұрания Герейқызы екеумiз соларды еркелеткенiмiзге кәдiмгiдей жасап қаламыз. Халқым аман, елiм тыныш. Бұдан артық бақыттың керегi  бар ма?

Р.S. Сұлтан Жиенбаев – елiмiздiң саяси өмiрiмен бiрге жасасып келе жатқан қайраткер. Ел өмiрiндегi елеулi оқиғаларға куә ғана емес, оған белсене араласқан азамат. Былтыр Ұлы Отан соғысының 65 жыл­дығында соғыста ерлiк көрсеткен санаулы адамдардың қатарында Сұлтекең де  Мәс­кеуге барып, үлкен тойға қатысып қайтты. Алматы қалалық Мәслихатының шешiмiмен көрнектi мемлекет қайраткерi Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаевқа «Алматы қала­сының құрметтi азаматы» атағы берiлдi. Сондай-ақ, Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығы қарсаңында Алматы  қалалық Ардагерлер Кеңесi С.Жиенбаевты «Халық Қаһарманы» атағына ұсынған болатын. Жақында ҚР Министрлер кабинетiнiң ардагерлер алқасы биылғы шiлдеде 90 жасқа толатын Сұлте­кеңдi осы атаққа лайық деп Елбасының атына тағы да өтiнiш жолдады.

Тiлеу КӨЛБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор,

ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының

академигi,

ҚР Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *