СҰЛТАН САРТАЕВ

Кеше ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор Сұлтан  Сартайұлы САРТАЕВ өмірден озды. 1927 жылы 15 қазанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған ауы­лында дүниеге келген. 1949 жылы Алматы Заң институтын, 1952 жылы Мәскеу Заң институтының аспирантурасын бітірген. 1952 жылы заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Образование и становление Автономной Казахской Со­ветской Социа­листической Респуб­лики» деген тақырыпта диссертация қорғады.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекет­тік университетінде 1955 жылдан бастап доцент, мемлекеттік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, осы кафе­драның профессоры болып қызмет атқарды.

1970 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ-да «Строительство социалисти­ческой государственности и проблемы высшего органа народного представи­тель­ства в Казахстане» деген тақырыпта док­тор­­лық диссертация қорғаған. С.Сар­таевты заңгер-ғалым және қоғам қайраткері ретін­де тек Қазақстанда, ТМД мемлекет­те­рінде ғана емес, Еуропа мен Азияның көптеген елінде біледі. Ол екі Бүкіләлемдік конгреске белсенді қатысып, баяндама жасаған. Шет елдерде адам құқығының ең маңызды мәселелері бойынша дәрістер оқыған.

1955 жылдан бастап республиканың ірі заң жобаларын жасауға атсалысты. Қа­зақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ХІІ-ХІІІ шақырылымының іскер депутатта­рының бірі ретінде Тілдер туралы Заңдар­дың, Республика Президентінің қызметін тағайындау, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық За­ңын, Қазақстан Республикасының аза­маттық туралы заң жобаларын жасауға қатыс­қандардың бірі. Қазақстан тарихын­дағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Президент Кеңесі – Республика Президенті жанындағы бас Кеңес органының 9 мүше­сінің бірі болған, Президент жанындағы ҚР сотымен сотталғандарға кешірім жасау Республикалық Комиссиясының төрағасы болды.

Ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ заң факультетінің теориялық семинар жетекшісі болды. Сонымен қатар, «Парасат» және «Еуразия» журналдары редакциялық алқасына мүшелік етті. 20 жылдан астам уақыт Кеңес заңгерлері қауымдастығының, Кеңес саяси ғылымдар қауымдастығының жұмыстарына араласты. Қазақстан Республикасының тарихындағы алғашқы Қазақстан Заңгерлері одағының президенті, КСРО Заңгерлер одағы төр­ағасының орынбасары, Қазақстан заңгер­лері қауымдастығының төрағасы, Қазақ­стандағы мемлекеттік емес бірінші жоғары оқу орнының бірі – Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының (КИПМО) ректоры болды.

«Құрмет белгісі» орденімен, «Білім» Бүкілодақтық қоғамының «Белсенді еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Парасат» орденімен және өзге де награ­далармен марапатталған.

 

 

Өмірге іңкәр жан еді

 Уәлихан ҚАЛИЖАН, белгілі қаламгер, ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты:

– Сұлтан ағамыз көңілі дархан, жаны жайсаң, мінезі кең, ұлтын сүйген нағыз азамат еді. «Еді» деп сөйлеудің өзі оңай емес мен үшін. Өйткені, біраз жыл қатар қызмет істеп едік. Ол кісімен бірге Ұлттық Ғылым академиясының президиум мүшелігінде отырып, келелі мәселелерді талқылауда пікір алмасып, елдік тұрғыдағы биік ойларын естіп, жүрекке тоқыған азамат­тардың бірі едім.

Осыдан бірер жыл бұрын жұбайынан айрылып қалған кездерінде де мойымай, таяғына сүйене жүріп, жастарға дәрістерін оқыды. Заңнамаларды жетілдіру тұрғы­сында көптеген игі іс атқарды, кеңестер өткізді. Мұндай сергектік өмірге ғашық, өмірге іңкәр адамға ғана тән болса керек.

Сұлтан Сартайұлы сонау кеңестік дәуір кезінде де заңнамаларды жетілдіру тұр­ғысында көптеген оқулық жазып шығар­ды. Әр жылдары газеттерде бас редактор болып қызмет істегенімде, Сұлтан ағамызға «тағы бір дәйекті, сүбелі мақалаңыз керек болып тұр» деп телефон шалатынмын. Сондағы бірден сұрайтыны – «көлемі қанша болуы керек?» болатын. «Онда бір күн мұрсат беріңдер», – дейтін де, сол айтқан уақытында мақаланы тап-тұй­нақтай етіп жазып, бастырып, қолымызға ұстататын.

Бір жылдары Бурабайда кездесіп қалғанымыз есіме оралып отыр. Сонда Абылай ханның тасының жанында біраз әңгімелесіп тұрып қалдық. Сұлтан ағаны көріп, ол кісімен суретке түсуге келген талай адам ол кісінің қазақ тарихынан сыр шертетін тағылымды, деректі әңгімелерін, Абылай ханның қазақ қоғамындағы орны туралы ой-прікірлерін тыңдап, бір жасап қалғаны бар. Сөйтіп, ашық аспан аясында далада оқылған лекция талайды ұйытқан болатын. Ағамыздың дауыс ерекшелігі, сөйлеу мәнері қандай еді десеңізші! Көмейіне келіп қалған сөздерді түйдек-түйдегімен көркем етіп ағытқанда, бір рахаттанып қалушы едік.

Иә, Сұлтан ағамызбен болған әрбір кездесу көңілден кетпек емес.

 

 

Қош, аяулы ұстаз!

Адам жағалаудағы құмның бір түйір­шігі ғана, ал ғалам шексіз. Осы бір шексіз ғаламда өршіл мінезді өр тұлғалы адамдар бар. Біз білетін Сұлтан Сартайұлының тұлғасы тұтас, келбеті көркем, мінезі ғажап ірі қайраткер еді.

Бүгін біз сөзінің төркінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат көрінісінің тұтас жиынтығы бар, ұлы ұстаз, белгілі заңгер, ғалым ағамыздан айырылып қалдық.

Мен Сұлтан ағамызға ағалы-інілі болып бауыр басып кеттім. Қазақ Ұлттық университетінде ұзақ уақыт бірге қызмет атқарып, еліміздің болашақ құқық қорғау саласына шәкірт дайындау жолында қатар қызмет атқардық. Ол Қазақстанның Тәуел­сіздігін жариялау кезеңіндегі құқық­тық-нормативтік заңдарды дайындаудың бастауында тұрды. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде ең алғашқы Консти­туциямызды, Тәуелсіздік Декларациясын қабылдауда белсенділік танытып, негізгі дайындаушылардың бірі болды.

Адам жаны қалаған жұмысы, яғни қызметі оның жүрегіне ем. Одан ләззат алған кісінің өмірі ұзақ болады деседі. Сұлтан Сартайұлы өзі сүйіп істеген жұмы­сынан рахат тапқан адам.

Оның болмыс-бітімінен қазақ абызда­рының төрешілдігі мен бітімгершілігін, халықтың дала дипломатиясын молынан сіңіргенін байқайсың.

Сұлтан Сартайұлы тағылымды да, мәнді өмір сүрді. Қайраткер тұлға өз бо­йын­дағы барлық білімі мен ұйымдасты­рушылық қабілетін туған елінің дамуына бағыттай білді.

Адам өз заманының түлегі. Қандай қоғамда өмір сүріп, қызмет етсе де, бар күш-қайратын сол қоғамды өркендетуге жұмсаса, ел игілігіне арнаса, еңбегінің жемісін көрді деген осы. Елдің болашағына биіктен қараған адам ешқашан еңсесін түсірмейді, ілгері қарайды. Ол осы жолды абыроймен өткен қайраткер. Өзінің ұзақты өмірінде тек жақсылықты көре білумен де ол өзгелерге үлгі-өнеге таныта білді.

Қалтқысы жоқ, азаматтық парасаты жоғары, ұстанған жолына табанды, мінезі дарқан, жаны сұлу, тұлғасы биік Сұлтекең өз ортасының және оны білетін адамдардың баршасының қадірлісі болды. Біз, онымен жақын жүрген іні достары, шәкірттері оны осы мінезі үшін құрмет тұттық.

Қош, асыл текті азамат! Жаның жән­натта, алдың пейіш, артың кеніш болсын. Алланың дидарымен қауышыңыз!

Арықбай Ағыбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

заң ғылымының докторы, профессор.

 

Ұлтжанды азамат еді

Сұлтан Сартаевтың дүние салғанын естігенде,  кәдімгідей еңсем түсіп қалды. Ажал­дың уақыты келгенде ол адам таңдамас болар. Алланың әмірі солай болса, адам пенденің қолынан келер шара бар ма? Сұлтан Сартаев нағыз қазақ деген ұлт қандай болады десе көрсетуге, оның тұлғасымен мақтануға болатын ұлтжанды, елім дейтін азаматтардың бірі еді. Ұлт мәселесіне келгенде, ешнәрседен тайсал­май, алдымнан кедергі болып шығып қалады-ау деместен, өз ой-пікірін ашық айтатын, турашыл азамат болатын. Еліміз­дегі заң саласының дамуына қосқан үлесі де айтарлықтай. Ата Заңымыздың қалыпта­суына қосқан үлесі өз алдына. Біз «Жаң­ғыру» ұлттық өркендеу орталығын құру кезінде ол кісімен көп ақылдасып,  бағыт-бағдар алғандардың бірімін. Өте сыпайы, мәдениетті, салмақты, сабырлы кісі еді. Өзі жариялаған Тәуелсіздік күні қарсаңында фәниден бақилық сапарына аттанып барады.  Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын дейтін едіңіз, сол тілегіңіз қабыл  болсын. Ал өзіңізді Жаратқан ие алдыңыздан жа­рылқап, жатқан жеріңіз жәннатта, алды­ңыз пейіш, иманыңыз мәңгілік серігіңіз болсын, асыл аға!

 

Дәурен САТЫБАЛДЫҰЛЫ,

                         «Жаңғыру»  ұлттық өркендеу орталығының төрағасы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *