Сәкеннiң Сарыарқадан әулиеатаға сапары

Жеңiс ШЫНЫБЕКОВ

1919 жылы «Омбы острогi» деп аталатын түрмеден ел жiгiттерiнiң көмегiмен қашып шыққан Сәкен Сейфуллиннiң қызыл әскерлер билiгiндегi әулиеата қаласына қалай жеткендiгi туралы оқиғаны ешбiр әдебиеттен кездестiре алмадық. Осыдан бiраз жылдар бұрын Сәкенмен дос-жаран, дәмдес-тұздас болған көнекөз қарттар, атап айтқанда, «азап вагонында» бiрге азап шеккен Ақмола Совдепi төрағасының бiрiншi орынбасары қызметiн атқарған қарулас досы Бәкен Серiкбайұлының ағасы – Ынтықбай, жеңгесi – Күлiмхан, келiнi – Балық, iнiлерi – Өмiртай, Мәжiм ақсақалдар Сәкен өмiрiнiң осы бiр қысқа кезеңi туралы болған оқиғаны айтып берiп едi.

Бәкеннiң қазасын естiрту

Жаз жайлауын Сарысу өзенiнiң терiстiгiнде өткiзген ағайынды әбдiқадыр, Серiкбай ауылы Көктас бойындағы Шыбынды деген күзекте отырған. Шыбынды – Сарыарқа жайлауы мен Бетпақдаланың түйiскен жерi. Осы жерден «жалдының жалын, жалсыздың жанын аламын» дейтiн көгiнде қыран ұшпас, төсiнде құлан жортпас әйгiлi шөл – Бетпақдала басталады. Бұл малды-жанды ел жазда Сарыарқаны жайлап, туу сонау ит арқасы қияндағы төменгi Шу өңiрiне барып қыстайды. Қар қабырғасы сөгiлiп, көктем шығысымен ботасын боздатып, құлынын кiсiнетiп, қыстаудан жайлауға қайта көшедi. Күзгi, көктемгi осы екi көш – адамға да, ат пен атанға да сын ауыр көштер.

Жалпақтығы алты, жетi жүз шақырымға созылатын елсiз далада «Қарғаш қазған», «Сiргелi», «Балақандым» деп аталатын үш-ақ шыңырау құдық бар. Олардың тереңдiгi 30-40 құлаш. Суы тұзды, удай ащы, оны түйеден басқа мал татып алмайды. Сондықтан, жайлауы бiр, қыстауы көршiлес Алшын-Тама, Жағалбайлы болысының ауылдары малын шөлден қырып алмау үшiн күзгi алғашқы қар түсуiн күтiп, күзектерiнде отырады. Ал, 300 түйелi, 3 мың жылқылы Отыншы, Сушы, Өлке сияқты iрi байлар осы Шыбындының қалың сексеуiлiн қыстап қалады.

Ақбоз атын желдiрткен Сәкен тап осы кезде Шыбындыда күзекте отырған ағайынды керуенбасылар – әбдiқадыр, Серiкбай ауылына жеттi. Бұлар арғы аталарынан берi арысы – Қытай қақпасы, берiсi – Бұхара, Самарқан, Тәшкен, терiстiгi Қазанға дейiн керуен тартуды кәсiп еткен адамдар. Сондықтан, бұл ауыл Керуенбасы ауылы деп аталып кеткен. Сәкеннiң пiкiрлес, сыйлас досы Бәкен (шын аты – Байұлы) – осы Серiкбай Керуенбасының тұңғыш ұлы. Қолы ұзын керуенбасы Бәкендi жасынан Шымкент, әулиеата, Ақмола қалаларындағы орыс мектептерiнде оқытқан.

Сәкен бұл ауылға жазғы жайлауда келiп той-думанға қатысып, қыз-бозбаламен алтыбақан тепкен, ақсүйек ойнаған. Балжан, Айжан деген Арқаға әйгiлi ақын қыздармен айтысқа да түскен. Сонымен қатар, бұл ауыл Сейфолла ауылымен қыз алысып, қыз берiскен құдандал болатын. Сондықтан, керуенбасы ауылының үлкен-кiшiсi Сәкендi жақсы таниды.

Жапандағы жалғыз жолаушы атын желдiртiп жақындап келгенде бүкiл ауыл адамдары тысқа шықты. Ат құйрығы – Бетпақдала. Алғашқы қар кеше ғана түскен. Сусыз шөл далада бұл жалғыз салт атты не iстеп жүр? Жанынан безген бiреу болмаса, бұл мезгiлде безерген Бетпақта жалғыз-жарым адам жүрмесе керек едi.

Ауыл адамдары таңдана түсiп, жолаушыны тағатсыздана күтiп тұр. әудем жерге келгенде Сәкен алты қанат ақ үйдiң алдында тұрған ағайынды керуенбасыларын таныды. Ахмет тура жөн сiлтеген екен. Бәкен ауылын адаспай тапты. Анау ақсақалды, түлкi тымақты кiсi Бәкеннiң әкесi, қасында тұрған ақ жаулықты әйел – анасы. Оларды көргенде Сәкеннiң жүрегi кеудесiн тепкiлеп, дүрсiлдей жөнелдi. Сәкен салт бойынша ауылға бие бауындай жер қалғанда атынан түсiп, жаяулады. Бала жiгiт Құрман жүгiрiп келiп, жолаушының атын өреге қарай жетектеп кеттi.

– Оу, ағайын, сүйiншi, мынау Сәкен ағам ғой, – деп айғай салды оны жазбай таныған Өмiртай алабұртып.

– Иә, иә, Сәкеннiң нақ өзi.

– Құдай-ау, бұл елсiзде неге жалғыз жүр?

– Абақтыдан шыққан екен-ау, қайран ер, – деген дауыстар естiлдi.

Жастар жағы жүгiрiп келiп Сәкендi ортаға алып, жамырасып жатыр. Үлкен кiсiлер сабыр сақтап тұр. Қол алысып амандасып болған соң, үйге бастады. Сәкеннiң жалғыз жүрiсiнен секем алған үлкендердiң жүрегi күптi едi, бiр ауыз тiл қатпай, оны төрге оздырды. Етi қашып, жүдегенi болмаса, Сәкен онша өзгермеген. Кесек, аққұба жүзi, қияқ мұрты сол бұрынғы қалпында. Бала жасынан кiрпияз, сәнқой Сәкен Ахметтiң тас үңгiрiнде бiрнеше ай жалғыз жатқанда да ежелгi әдетiнен айнымаған. Жанынан тастамайтын өткiр ұстарасымен күнде қырынып, мұртын бастырады. Ұзатылатын қыз сияқты. Ахмет әкелiп берген сынық айнаға қайта-қайта қараудан жалықпайды. Тек өзi тым жақсы көретiн француздың иiссуы жоқ. Түрмеден қашқан адамда иiссу қайдан болсын.

– Сәкен-ау, қарағым-ау, егiз қозыдай жұптарың жазылмаушы едi, жан жолдасың Бәкен қайда, менiң Бәкенiм қайда? – дедi Бәкеннiң анасы даусы қалтырап.

Сәкен тас жұтқандай қылғына тынысы тарылып, үн қата алмай отыр. Мынау зар қағып отырған анаға, анау жамандықты сезсе де үмiттенiп отырған әкеге, туған-туысына Бәкен қазасын қалай естiртедi? Сәкен өмiрiнде бiрiншi рет қатты қиналды. Ақтардың тұтқыны болып тергеуге алынғанда жеген таяқ еттен өтiп, сүйекке жеткенде де, Анненковтың «азап вагонында» жан шыдатпас азап шеккенде де, «Омбы острогiндегi» көрген қорлық та мұның сағын сындыра алмаған, жiгерiн жасыта алмаған. Барлық зiл батпан ауырлықты ойсыл қызыл нардай қайыспай көтерiп келiп едi. Ендi мына жұрттың алдына бордай мүжiлiп, Бәкен өлiмiн естiртуге қайраты жетпей, ет жүрегi езiлiп отыр. Бұрын мұндайды бастан кешiрмеген жiгiт елiм деп еңiреп жүрiп, қапыда қыршынынан қиылған досының өлiмiн жақындарына, әсiресе, анасына естiртудiң сұмдық ауыр азап екенiн сезiндi. Бiрақ, естiрту керек.

– Апа, ата, мен не айтайын, қандыкөйлек қарулас досым, құрдасым Бәкен халқының азаттығы жолында жанын пида еттi. Өз қолыммен жерледiм…

Осы сөздердi айтуға шамасы әзер жеткен Сәкен булығып жылап жiбердi…

Қазан айының орта тұсы. Шу бойын қыстайтын Алшын-Тама, Жағалбайлы, Барақ, Дәулеткелдi ауылдары Көктас өзенiнiң жағасына келiп қостарын тiгiп жатқан. Ендi бiрер күнде қыстауға қарай көшудiң қамына кiрiскен. Отыншы, Сушы, Бәйтөбет – Жұмағұл қажы, Сатыбалды, Өксiкбай сияқты малы көп алпауыт байлар жiгiт жинап, асар жасап, қалың жылқыларын таңбалатып жатыр. әйелдер жағы киiз үйлерiн буып-түйiп, жүк артатын атандарды жадылап, күздiкке деп сойылған малдың етiн мүшелеп бұзып, тұздап, қаптарға салып қарбаласуда. Жасөспiрiмдер құнан, тайға мiнiп, көршi ауылдың малына қосылып кетпесiн деп қой қайтарып жүр. Осындай қам- қарекет, қарбалас үстiнде жиын отырған ауылдардың үстiнен Бәкен өлiмi туралы суық хабар құйындай ұйытқып өте шықты. Ел iстеп отырған тiршiлiгiн тастай салып, керуенбасының ауылына қарай қарақұрым болып ағылды. Арқа салты бойынша еркектер қозы көш жерден «ой, бауырымдап» ат қойып келедi. Түйеге мiнген әйелдер ауыл iргесiне келгенде көлiктерiнен түсiп, жаяулап жоқтау зарын айтып, өңiрдi тiтiркендiрiп жiбердi. Жоқтау айтуға шебер кексе қатындар Бәкеннiң жастығын, пәктiгiн, елi үшiн құрбан болғанын айтып, жүректердi шымырлатады. Бұл күн сам жамыраған шаққа дейiн Шыбынды, Көктас бойы Бәкендi жоқтап күңiренiп, өкпесiн қыса күрсiнiп тұрды…

Ықыластың қоңыр күйiмен көңiл айту

Ауыл ақсақалдары ақылдасып, елдiң осы жиын отырған кезiн пайдаланып Бәкенге ас беру керек деп шештi. Басқа ауылдардың атқамiнерлерi де бұл шешiмдi қош көрдi. (йткенi, Шуға жеткен соң, ел «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» өз қыстауларына шiлдiң боғындай шашылып кетедi. Бұл бейнеттен көзi ашылмаған, малымен ғана күнiн көрiп отырған жұрт Шудың «түкiрiк жерге түспес» сарышұнақ аязымен, бөрiдей ұлыған боранымен арпалысып кетедi. Ол кезде елдi жинау мүмкiн емес. Жас азаматтың асын келесi жылға қалдыруға болмайды. Ол елдiкке сын. Сүйекке түсетiн таңба. Ынтықбай, (мiртай, Шалабай, Мүсен, Түсен, Құрман сияқты аға-iнiлерi ертеңгi ас беру қамына кiрiстi. Үлкендердiң ұйғарымы бойынша, Бәкен асында бәйге шабылмайды, көкпар тартылмайды, палуан күреспейдi, ақындар айтыспайды. Ондай салт «асарын асаған, жасарын жасаған» кәрiге лайық. Ал, Бәкен екi мүшелге жаңа жеткен қыршын. Сондықтан, жас адамның асында қуанғандай думандатудың жөнi жоқ. Ел мұны жақсы түсiнедi.

Керуенбасына көңiл айта келген қалың жұрт бұл күнi ауылдарына қайтпай, қонып қалды. Мұңлы-Қулы тауларында отырған Ықыластың ұлы Түсiпбек жерi шалғай болса да, Бәкен өлiмiн естiп, өрен-жаранын ертiп, асыға жетiптi. әкесiнен қалған киелi қара қобызды ала келiптi. Ел ас iшiп болған соң, төрде отырып ата қобызын күңiренттi. Ықыластың терi, исi сiңген қара қобыз бабында екен, ботасын жоқтаған аруана болып боздады, сыңарынан айрылған аққудай зарлана саңқылдады. Қобыз сарынынан арманда кеткен азаматын жоқтаған ананың зары, ел- жұрттың өксiген үнi анық естiлiп тұрды. Қобыз көпшiлiктi толғандырып, жылатып барып, бiр сәт сабырға, бекем болуға шақырған қоңыр күйге ауысты.

Сәкен жараны жалап жазатын қоңыр үндi тыңдай отырып, Түсiпбекке мұңдана әрi қызыға қарап қалыпты. Мана ауылға ат қойып келген Түсiпбектi осы ауылдың бiр жiгiтiндей болып өзi қарсы алып, қолтығынан демеп, аттан түсiрдi. Ел аяғы саябырлаған кезде осыдан 3 жыл бұрын дүниеден өткен әкесiне көңiл айтты.

Түсiпбек те Сәкендi жақсы таниды. Ол Бәкенге ерiп келiп, осы ауылдарға талай рет қонақ болған. Домбыра тартып, өлең айтатын өнерiн де бiледi. Сәкендi ол елi үшiн еңiреп жүрген ерлердiң бiрi деп құрметтейдi. Алғырлығына, ақындығына бас иедi. әкесi Сейфолламен замандас. Бiрге көкпар тартысқан, дәм-тұздары жарасқан дос. Жас кездерiнде сырлас болып қызды ауылдардың иттерiн бiрге шулатқан. Сөйткен Сейфолланың ұлы, Бәкеннiң жан досы ғой бұл жiгiт. әкесiне ақындарша шебер тiлмен көңiл айтқан жас жiгiтке Түсiпбек риза болды.

– «Кебiн киген келмейдi, кебенек киген келедi» деген бабаларымыз. Абақты тамұғынан аман оралғаныңа қуанамын, қарағым, өмiрлi бол! Асқар таудай арманың бар екен, Құдай сол арманыңа жетуiңдi нәсiп етсiн, – деп қол жайып батасын бердi.

Осыдан 3 жыл бұрын осы Көктас өзенiнiң бойында керуенбасы әбдiқадыр үлкен ұлы Ынтықбайдан туған тұңғыш немересi Шыныбектiң дүниеге келген қуанышына арнап ұлан- асыр той жасаған. Ықылас құрдасының тұңғыш немерелi болғанына бiрге қуанып, елдi сiлтiдей тындырып, күн батқаннан таң атқанға дейiн қара қобызын аңыратқан. Сол күйлердiң сарыны Сәкеннiң құлағында әлi тұр. Абыздың өзiнiң орындауындағы күйлерiн Сәкеннiң өз құлағымен соңғы тыңдауы екен. Сол жылдың қаһарлы қысында Кеме деп аталатын үлкен қыраттың етегiндегi қыстауында отырғанда ұлы Абыз аяқ астынан ауырып, көп ұзамай дүние салған екен. (Қазiр үйiндiсi ғана қалған қыстау орны әлi күнге дейiн «Ықылас қыстауы» деп аталады. Қыстаудан бiр шақырымдай жерде Абыздың өзi мәңгi тыныс алып жатыр. Бұл жер «Ықылас қорымы» деп аталады. Ұлы Абыздың немере, шөберелерi, оның әйгiлi ұрпақтарының бiрi – сазгер-жазушы Iлия Жақанов сирек те болса қорым басына келiп тәу етiп, құран бағыштап қайтады. – Автор).

…Түсiпбек тартқан Ықылас күйлерi Бәкеннiң жақындарының жылаған жүрегiн жұбатып, бiр сәтке болса да қайғысын жеңiлдеткендей болды.

Бетпақдалада Сәкен салған ән

Бетпақдала жолы өзiнiң атына лайық қияметi көп, ауыр жол. Мал айдаған малшыға да, көш бастаған әйелдерге де, түйе үстiндегi қоршауда тарс бүркенiп балапандай бұғып отырған жас балаларға да оңай тиiп келе жатқан жоқ. Бетпаққа дендеп енген сайын бiресе қарлы жаңбыр жауып, бiресе ұйытқып суық жел соғып, көз аштырмай келедi. Киiмдерi малмандай су болған адамдардың беттерi мен қолдары домбығып үсiп, дiрдек қағады. Бiрақ, бұл әлi қауiптi қиындық емес. Ендi бiрер апта өтсе ықтасыны жоқ жазық даланы қалың қар басады. Оның арты қарлы боранға ұласады. Боран басылысымен бет қаратпас сарышұнақ аяз басталады. Мiне, нағыз апат сол кезде келедi. Даланың өн бойында бiрде-бiр қора, пана болар қорған жоқ. Жылқы мен қой аязға төзiмдi болса да, қарлы боранға қарсы тұра алмайды. Бiр сәт қараусыз қалса, бастарын төмен тұқыртып алып, ығып жөнеледi. Ыққан малды бетiнен қайтару – азаптың азабы. Оны қайтаруға жiгiттiң жiгiтi, аттың пырағы ғана төтеп бередi. Соншалықты мықты, төзiмдi жылқы малы бiр ығып кетсе, жолындағының бәрiн жапырып, обқа түспей тоқтамайды. Осындай алапат қауiп барын бiлетiн шаруақор жiгiттер мұрттарына мұз қатып, күндiз-түнi мал соңынан қалмайды. Бел шешiп жату қайда, кезектесiп ат үстiнде қамшысына маңдайын тiреп аз ғана көз шырымын алады. Осындай аласапыран кезде даланың ашыққан үйiрлi көкбөрiлерi малға жаудай тиедi.

Керуенбасы ауылының бiр адамындай болып сiңiсiп кеткен Сәкен де күндiз мал айдасып, түнде қой күзетiсiп, ауыр бейнеттi бiрге бөлiсiп келедi. Бұл елдiң арманы – қарлы боран күшiне енiп, шын зiкiр салмай тұрғанда Сiргелiнiң тұсындағы Сымтастың панасы, ықтасыны көп терең сайына жету. Сымтастың өн бойында қалың қандым орманы тұнып тұр. Қандым iшi неше алуан құнарлы шөпке бай. Айдау жеп ашыққан мал атаулы осы шөпке құныға бас қойып, бiр жерден көп ұзамай жайылып жата бередi. Толассыз, тоқтаусыз бiрнеше апта мал айдап қалжыраған елдiң 3-4 күн ерулеп, демалып ес жиятын жерi осы – Сымтас.

Сәкеннiң туған өлкесiнде қандым өспейдi. Түйе бойындай болып өсетiн қандым талға да, сексеуiл мен жыңғылға да ұқсамайды. Тауда өсетiн аршаға ғана келiңкiрейтiн өзiнше бiр жаратылыс. Жаз ортасында-ақ жапырақтары күнге қурап саудырап түсiп, жуандығы бiлектей бұтақтары сидаланып қалады.

Өзiн сындыру қиын. Еменнен де, сексеуiлден де қатты. Ертеде батыр бабалар найзасын, айбалтасын осы қандыммен саптаған деседi. Садақ жебесiн де жасаған.

Бiраз күн еру болатындықтан керуенбасы қоңыр кигiз үйiн тiктiрдi. Осы уақытқа дейiн тар итарқаның iшiнде ас iшiп, ұйықтап келген үлкен-кiшi бел шешiп, аяқтарын созып арқа-жарқа рақаттанып қалды. Үй ортасында от жанып, нән қара қазанда күздiкке сойылған семiз тайдың етi қайнап тұр.

Бұл ауылдың адамдарының бiр дастарқаннан ас iшпегенiне көп болған. Бәкен асынан кейiнгi бас қосып отырғаны осы. Дабырласып кетпесе де өзара сыбырласып әңгiмелесiп қояды. Бәрiнiң жүзiне жылы шырай енген. Ас iшiлiп болған соң, керуенбасы Бәкеннiң аруағына бағыштап ұзақ құран оқыды. Осы шаңырақтың үлкен келiнi Күлiмхан екi жiгiт әзер көтеретiн екi шүмектi сары самауырға су құйып, қандым шоғын сала бастады. Терiстiгi Қазан, Қараөткел, Атбасар, түстiгi Тәшкен, Бұхара, Самарқан, әндiжан жәрмеңкелерiне керуен тартып жүретiн керуенбасының үйiнде Райхан бәйбiшенiң кебежесiнде шай, қант, неше алуан тәттiлер мол болатын. Бұл да елдi көңiлдендiре түскендей. әсiресе, тәттi жеймiз деп тiсi қышыған жас балалар қуанып отыр.

Көптен қабағы ашылмаған кереуенбасы жұртты жабырқата бермейiн дегендей, бiр сәт жүзi жадырап, өткен-кеткеннен әңгiме қозғады. Кiре тартып Қытай қақпасына дейiн барған сапарлары туралы әңгiме айтты. Бұл әңгiмелердi бұрын да естiген Өмiртай, Шалабай, Мүсен сияқты жiгiттер Сәкендi бүйiрден түрткiлеп «ән айтып жiберсең қайтедi» деп сыбырлайды. Осы тiлектерiн ашық айтуға керуенбасынан қаймығып отыр. Жас келiншектер – Күлiмхан, Ұлмаусындар да осы тiлекпен Сәкенге жаутаң-жаутаң қарайды. Жаңа бiр әзiрде тысқа шыққан оңаша сәтте Күлiмхан күйеуi Ынтықбайға назданып:

– Бабай-ау (салт бойынша қазақтың көп әйелдерi өз күйеуiнiң атын тiке атамайды), қабағымыздан қашанғы қар жаудыра беремiз. Бiр сәт көңiл көтерейiк, атаға айтқын, Сәкенге ән салдырып, домбыра тартқызсын, – дедi.

Керуенбасы анау айтқан дәулескер күйшi болмаса да, ортанқол домбырашы болатын. Кiре тартып ұзақ сапарларда жүргенде түнемелiкте домбыра тартып, серiктерiнiң көңiлiн көтерiп қоятын әдетi бар-ды. Сәбденбек ұста соғып берген үкiлi домбырасын киiк терiсiнен тiгiлген қаптамаға салып алып, өзiмен бiрге алып жүретiн. Қазiр де үй төрiнде iлулi тұр. Iлкi заманда Қазан татарларының, күйшi, жыршы қырғыздардың, ән-би десе iшкен асын жерге қоятын өзбек пен ұйғырлардың өнерлерiн талай тамашалап, тамсанған кереуенбасы өз балаларын жинап алып:

– Сендер жассыңдар, той-думанда ән айтып, домбыра тартып, айтысқа түсiп өнер тапсаңдар жарасады. Ол жағынан құралақансыңдар, түге. Айтатын әңгiмелерiң алашапқын көкпар, бәйге, қасқыр қуу. Ал, өнер атаулыдан жұрдайсыңдар, – деп өкпесiн айтқан. – Түсiпбек көп балаларды домбыра, қобыз тартуға үйретiп жүр. Қане, соның қасына барып, қайсысың өнер үйренесiң? – дегенде, саусақтың саласындай жетi ұлы көздерiмен жер шұқыған.

Ешқайсысы өнер үйренуге ықыласты болмаған. Бiрi палуан, бiрi көкпаршы, бiрi атбегi атанып жүрген ұлдарына өкпелеп, қолын бiр-ақ сiлтеген де қойған.

Керуенбасының қуанышына, «қырық тоғызын» матап берiп алған келiнi қырғыз датқасы Омарханның қызы Күлiмхан күмiс көмей әншi әрi айтыскер ақын болып шықты. Талай рет той-думанда айтысқа шығып Арқаның «менмiн» деп кеудесiн соққан ақын жiгiттерiн жерқаптырып, көмейiне тас тықты. Сонысына риза болған керуенбасы Күлiмханды ерекше еркелетiп, басқа келiндерiне бермеген еркiндiктi берiп қойған. Жайлаудың жаймашуақ тыныш түндерiнде келiнiн үлкен үйге шақыртып алып, қазақша, қырғызша ән салдырып, өзi домбырамен сүйемелдеп, рахаттанып отыратын. Өнерге зерек Күлiмхан кейiн домбыраны да үйренiп кеттi.

Керуенбасы ас пен тойға Күлiмханды басқа әйелдердей түйеге мiнгiзбей, өзiнiң атақты ақжал жорғасына салт мiнгiзiп, кенже қызындай үкiлеп, алтын, күмiс, жақұт алқа, сырғасын таққызып, мөлдiрете киiндiрiп алып баратын. Атақты Атымтай жомарт Өлкен бай тоқалы ұл туған шiлдеханада ән салған Күлiмханның өнерiне риза болып, тiзгiнiн туғандарына да ұстатпайтын өзi жүйрiк, өзi жорға Құланкөк деп аталатын атын сыйға тартқан.

– Өнерiң өрге жүзсiн, қарағым. Құланкөктi өзiң ғана мiнiп, рахатын көр. Бiрақ, байқа, басы қатты, арындап кетсе, жiгiтке де бой бермейдi, – дедi бай.

Күлiмхан бұл ескертуден сескенген жоқ, күлдi де қойды. Датқаның еркiн өскен еркетотай жалғыз қызы жасынан-ақ қырғыздың Алай тауларының етегiнде жiгiттермен жарысып, ат құлағында ойнап өскен. Ол талай бас бiлмеген асаулардың «жынын» қағып алған.

Ауылда кәрi-құртаң шал-кемпiр қайтыс болса, жоқтауды тек Күлiмханға айтқызатын. Даусын мұңға батырып, қазақ, қырғыз сөздерiн араластырып жоқтау айтқанда, тебiренбейтiн жан қалмайтын.

Кейiн Күлiмханнан туған немерелерi Мырзағара мен Орақбайдың, шөбересi өмештiң шебер күйшi, Мақсаттың әншi атанып, ел аузына iлiгетiнiн өнердi мейлiнше сүйiп, қадiрлейтiн керуенбасы бiлмей кеттi.

***

…Үй iшiндегiлердiң күбiр-сыбыры көбейiп, ненi батылы жетiп айта алмай отырғанын керуенбасы сездi. Сездi де:

– Айналайын, Сәкенжан, абақтыда ұзақ отырып ән-жырды сағынған шығарсың. Мынау елдiң де сенiң әндерiңдi сағынған сыңайы бар. өзiң де көңiлiңдi көтер, бұлар да бiр серпiлiп қалсын, қысылмай әнiңдi айтып отыр, – дедi. – әй, бәйбiше, Сәкенге домбыраны әкелiп бер.

Жер ортасынан асыңқырап қалған толық денелi, қараторы сұлу жүздi Райхан бәйбiше баяу қимылдап барып кереге басында iлулi тұрған домбыраны Сәкенге әкелiп бердi. Райхан тегi араб жұртының қызы болатын. әбдiқадыр жiгiт шағында әкесi керуенбасы Саржанмен Бұхара базарына барған сапарында араб елiнен келген саудагер Мұстафаның қызымен кездейсоқ кездесiп қалған едi. Екеуiнiң кездесуi кiсi күлерлiк қызық болып басталды. Бұл келгенде өзбек шайханасында басына паранжы жамылған қыз жалғыз өзi шай iшiп отыр екен. Даланың жабайылау, тiптi, менмен тентек жiгiтi ақай жоқ, ноқай жоқ, рұқсат сұрамастан қыздың қарсы алдына барып отыра кеттi. Қыз қымсынып шай iшуiн доғарып, сәл кейiн сырғып отырды. әбдiқадыр көк шайды сораптап отырып, қарсы алдындағы қызға көзiмен iшiп-жеп қарады. «әй, өзбектер-ай, – дедi iштей, – қызының не сұлу, не ұсқынсыз екенiн көрсетпей басына қап жауып қояды. Мынау отырған қыз ба, келiншек пе? Нәзiк саусақтарына қарағанда жас адам сияқты».

Жiгiттiң қызбен танысқысы келдi. Түрiн көргенше шыдамай өлiп барады. Аз ғана бiлетiн өзбекшесiмен шатып-бұтып «бұл жерде екеумiзден басқа ешкiм жоқ, паранжаңды көтерiп жүзiңдi көрсетсең, он алтын теңге беремiн» деп үгiттедi. Қыз үнсiз басын шайқады. өзi мылқау емес пе, тырс етiп дыбыс шығармайды. Қыз құпиясын ашуға ынтыққан жiгiт қулыққа көштi. Қыз намысын оятпақ болды. Бiр көзiн қысып сұқ саусағын бұған безедi.

Бұл «сен соқыр емессiң бе» дегенi. Паранжаның екi елiдей жырығынан мұның қимылын бағып отырған қыз тағы басын шайқады. Ендiгi кезекте жiгiт мұрнының жартысын алақанымен басып «сен пұшық емессiң бе» деп ымдады. Қыз басын шайқады. Амалы таусылған жiгiт атып тұрып қылышының қынына сүйенiп белiн бүгiп кiбiртiктеп, аузы-басын қисайтып, ақсай басып арлы-берлi жүре бастады. Бұл «ұсқынсыз әрi кәрi қақпас екенсiң ғой» дегенi. Кенет қыз сақылдап күлiп жiбердi. Сөйттi де мұны сұмдық таңқалдырып паранжасын кейiн қайырып жiберiп, бетiн ашты. әбдiқадыр көз алдындағы көрiнiстен есi шығып, сең соққандай состиып тұрып қалды. Алдында қыз емес, су перiсi, жо.. жоқ… перiште отырған сиықты. Қыз нағыз хас сұлудың өзi екен. Бұған бота көздерiн қадап күлiмсiреп отыр. Жiгiттiң жүрегiне бiрден шоқ түстi. Есеңгiреп барып, жүрегiн басып отыра кеттi.

Сол күннен бастап екеуi оңаша кездесе бастады. Бiтiмi бөлек, палуан денелi, қияқ мұртты сұлу жiгiт бiрден қыз жүрегiн жаулап алған екен. Бұл Ташмат аканың керуен сарайының сол қанатын мекен еткен араб саудагерi Мұстафаның қызы болып шықты. Керуен сарайдағы барлық саудагерлер бiр-бiрiмен жақсы таныс. Кезектесiп қонаққа шақырысып қояды. Мұстафа мен Саржан да көптен берi таныс екен.

Қыз бен жiгiт бiр-бiрiн қатты ұнатып, кездесудi жиiлеттi. Райхан бұл аздап түсiнетiн өзбекшенi де бiлмейдi, екеуi «мылқау» ыммен түсiнiстi. Ыммен мәңгiлiк жар болуға серттестi. Бұл кезде Семей медресесiнде оқып жүрген бала Абай «ғашықтың тiлi – тiлсiз тiл» деген өлең жолдарын әлi жазбаған болатын. Елге қайтатын шақ туғанда әбдiқадыр әкесiн оңашалап:

– Көке, өзiң танитын Мұстафаның қызы Райханды құда түсiп, маған алып берiңiз. Мен оған, ол маған ғашық, – дедi төтесiнен.

Мына сөздi естiген Саржан шошыған шортандай шоршып түстi.

– Не дейсiң? – дедi абдырап. – Балам-ау, елде қалың малы төленiп, жасауын жасап отырған қалдыңдығың бар емес пе? Осы күз той жасаймын деген ниетiмдi құдаларыма айтып қойғанмын. Тiлi бөлек, салты бөлек айдаладағы араб қызында нең бар? Бұл қызды алып барсақ, азуы алты қарыс арғындарға не бетiмдi айтамын?

– Қалың малы төленсе, арғынның қызын iнiм Серiкбайға алып берiңiз. Мен Райханнан басқа қатын алмаймын, – дедi әбдiқадыр. Бетiнен қайтатын сыңайы байқалмайды.

Саржан шын сасайын дедi.

– Әй, сенiң есiң дұрыс па, қызды мен саған айттырамын. Серiкбайға алып берiң не? Оның өзiнiң айттырған қалыңдығы бар. Келер жылы оны да үйлендiрмекпiн. Қыз сұлу ма, сол сұлулық сенi сиқырлап алған ғой. Есiң барда оны ұмыт. Керек десең, бай араб жабайы қазаққа қызын бермейдi. әлде шауып аласың ба?

– Шауып алмаймын, Райханды алып бермесеңiз, әмударияның суына ағып өлемiн. әйтпесе, бәдәуи болып жаяу қаңғырып, солардың көшiне ерiп араб жерiне кетемiн. Бұл менiң соңғы сөзiм, көке, – дедi әбдiқадыр. – Өлтiрсең, мiне, қолыңдамын. өлiгiмдi атаныңызға артып алып барасыз. Ал, мен тiрi тұрғанда елге Райхансыз қайтпаймын.

Саржанның есiне ұлы атасы Оңқа түстi. Оңқа батырлығымен, алған бетiнен қайтпайтын бiрбет қайсарлығымен ел аузында осы уақытқа дейiн аңыз болып жүр. «Мiнезi атасынан аумай қалған» деп ойлады. Саржан шарасы таусылып, «айтқанынан қайтпас пәтшағар, арабтың сұлу қызы басын дуалап алған ғой. Несi бар, көп қатын алған қазақ аз ба, болсын» дегенi!..

Осыдан кейiн Саржан керуенсарай иесi Тәшмат аканы жалдап, делдалдыққа жүргiздi. Тәшмат көптi көрген айлакер, араб тiлiн жақсы бiлетiн, жылы сөзiмен жыланды да iнiнен шығаратын мыстан шал едi. Алғашқыда Мұстафа жабайы қазаққа жалғыз қызымды бермеймiн, тантымай жәйiне жүрсiн деп ертоқымын бауырына алып тулапты. Оның ашуын қыз анасы басыпты. Анасы оңашада сыр тартса, ол да осы қазаққа ғашықпын, егер оған бермесеңдер у iшiп өлемiн деп табандап отырып алыпты. Амалы таусылған Мұстафа ақыры мәмiлеге келдi. Арабтың қыз ұзату дәстүрi қазаққа ұқсайды екен. Саржан жүк артып келген алпыс атанның отызын және желдей жүйрiк ақ жал атын қалыңға бердi. өз кезегiнде Мұстафа да қарап қалған жоқ, қызын бес атанға жүк болатын жасауымен жылап- еңiреп шығарып салды.

Мұстафа қызын қимай еңкiлдеп жылап тұрып жаңа құдасына жалғыз шартын айтты. Жыл сайын осы мезгiлде, осы керуенсарайда бас қосып тұрайық. «Қызымды керуенiңнен қалдырмай алып келiп, анасының мауқын бас» деген шарт. «Бұл шартыңды сөзсiз орындаймын» деп Саржан серт бердi. Арада оншақты жыл өтiп Райханның әкесi мен анасы қайтыс болғанша, Саржан бұл сертiнен тайған жоқ. Мұстафа көзi тiрiсiнде қызынан туған тұңғыш немересi Ынтықбайды бетiнен сүйiп, батасын берiп кеттi.

***

…Домбыра бабында, күй тiлеп күмбiрлеп тұр екен. Көптен домбыра тартпаған Сәкен қолын бiраз жаттықтырып алып, өзi сүйетiн Құрманғазының «Ақбай» күйiн тарта жөнелдi. Алғашқыда баяу, мұңды сазбен күңiренiп басталатын күй осында отырғандардың көңiл-күйiн дөп басқандай, Бәкен қазасына көңiл айтқандай әсер қалдырды. Анада Түсiпбек керуенбасыға қобыз сарынымен көңiл айтып едi. Сәкен де өзiнше Бәкеннiң туыстарына домбыра үнiмен көңiл айтып отыр. Үй iшiндегiлердiң барлығы осыны түсiндi. Кезек әнге келгенде Сәкен құлаққа жағымды қоңыр даусымен Мәдидiң:

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы пана таппай,

Мен бiр жан қашып жүрген Арқадағы, – деп басталатын арманға, өкiнiшке толы атақты әнiн созды. Бұл ән Сәкеннiң тап қазiргi халiне тура келетiн ән едi.

Сәкен де Мәди сияқты адымын аңдыған қаскөй жауларынан қашып, туған өлкесiнен, кең жазира Арқасынан пана таппай, Қаратау асып барады. әншiнiң көңiл-күйiн дөп басып таныған үлкендер күрсiндi. Ақ кимешектi апалар мен Күлiмхан сияқты желектi келiншектер Сәкен мұңына ортақтасып көз жастарын бiр-бiр сығып алысты.

Осыдан кейiн Сәкен Бiржан сал мен Ақан Серiнiң, Үкiлi Ыбырай мен Балуан Шолақтың, Сегiзсерi мен Абайдың әндерiн әуелеттi. Ана жылдары сайын далада көшiп жүретiн осы ауылдарға Абай әндерiн тұңғыш Сәкен әкелген болатын. Қарадан шығып аға сұлтан болған Құнанбай атын бұл ел бiледi. Бiрақ, Абай деген ақын барын естiмеген. Қазiр оларға Абай есiмi де жақсы таныс. Оның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсiз түнде жарық ай», «Сегiз аяқ» деген әндерiн бiлмейтiн жан кемде-кем. Бұл әндердi бесiк тербеткен әжелер де, алтыбақан тепкен қыз-бозбала да, құрық сүйреткен жылқышы да, айлы түнде қой күзеткен қойшы да айтады.

«Татьянаның хаты» деген әннiң тарихын бұл ел былай деп топшылайды. Ақын Абай өзi сияқты ақын, орыс қызы Татьянаға ғашық болады. (Олар «Дудар-ай» әнiнiң шығу тарихын жақсы бiлетiн). Татьяна да Абай десе жанын үзедi екен. Бiрақ, екi ғашық қосыла алмайды. Дiнiне берiк, қатал Құнанбай дiнi бөлек орыс қызын Абайға алдырмайды. Ғашықтықтан құса болған Абай тау-тас кезiп кетiптi дейдi. өздерi жанынан шығарып алған осы аңызға сенетiн жұрт «Татьянаның хатын» ерекше толқып, Абайға жаны ашып мұңданып отырып айтады.

Ғашығына қосыла алмай үздiккен жүрегi жаралы жiгiт:

Жарқ етпес қара көңiлiм неғылса да,

Аспанда айменен күн шағылса да.

Дүниеде сiрә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да, – деп сүйгенiне жазған хатын Абай сөзiмен бастайды. Абай сөзiмен арманын, шерiн айтады. Абайға қосылып мұңаяды, кеудесiн кере күрсiнедi.

Сәкен бiраз әннiң басын қайырып болған соң керуенбасы:

– Күлiмхан, балам, Сәкенжан шаршаған шығар, ендi сен де бiраз ән сал. Төркiндерiңдi сағынған шығарсың, қырғыздың әндерiн айт, – дедi.

Ән тiлеп делебесi қозып отырған келiншек бөгелмей, кең, әдемi даусымен қырғыз әндерiн шырқады. Оны домбырамен керуенбасының өзi сүйемелдеп отырды.

Ән толас тапқан бiр сәтте керуенбасы:

– Түн ортасы ауыпты, отауларыңа барып демалыңдар. Күн райы жақсы, тағы екi-үш күн еру боламыз. Қалған әндi ертең тыңдайсыңдар, – дедi.

– Осындай бұлбұлдай сайраған келiншегi бар Ынтықбай бақытты ғой. Мына Райхан апаларың арабтан туса да арабтың бiр әнiн де бiлмейдi. Анау отырған ұлдары да өзi сияқты ән- жырдан мақұрым, – дедi тағы да күле түсiп.

– Көке, Райханды алмасам, әмударияға ағып өлемiн деп бабамның зәресiн ұшырып, апамды Бұхарадан алып келiпсiз. өнерсiз екенiн бiлген соң неге төркiнiне қайта апарып тастамадыңыз. Арғын апамнан туғанымызда бәлкiм бiз де Сәкен сияқты әншi болар ма едiк, қайтер едiк, – дедi ойнақы мiнездi, сайқымазақтау Шалабай. Керуенбасы қарқылдап күлiп алып, әзiлге әзiлмен жауап бердi.

– Рас, аналарыңды бiр көргеннен-ақ ұнаттым. Осыны алмасам, әмударияға ағып өлемiн дегенiм де рас. Бұл қазақша, мен арабша бiлмеймiн. Мылқауларша ыммен түсiнiскен жайымыз бар. Тiлдеспеген соң даусының қандай екенiн мен қайдан бiлейiн. Күлкiсi сыңғыр, әдемi болған соң ала салып едiм, – дедi керуенбасы лекiте күлiп.

Көп сөйлемейтiн, көп күлмейтiн Райхан бәйбiше ыңғайсызданып, қызара түсiп, бетiн шымшып терiс қарады. Елдi бiраз күлдiрiп алған керуенбасы ендi салмақты сөзге көштi.

– Өз елiн, туған жерiн, ән-жырын сағынбайтын жан болмайды. Сыртқа айтпаса да iштей мүжiлiп жүрген сыңайын байқаймын. Мен қартайдым. Келесi көктемде үлкен ұлым Ынтықбайды керуенбасы етiп, батамды берiп, Тәшкен, Бұхара, Самарқан сапарына аттандырамын. Керуенге Күлiмханды қосып жiберемiн. әртүрлi құстың өзiне ғана тән үнi болатыны сияқты, әр халықтың басқаларға ұқсамайтын ән өрнегi, нақышы бар. Бұхарада араб саудагерлерi көп. Араларында әншiлерi де жеткiлiктi. Күлiмхан солардан араб әндерiн сөзiмен үйренiп қайтады. Сөйтiп, енесiн туған халқының ән-жырымен сусындатады. Бұл ой бұрын басыма келмегенiне өкiнiп отырмын. Бұған не дейсiң, бәйбiше, – дедi.

– Құзырыңызға құлдық, керуенбасы, сiздiң сөзiңiз тәңiрiнiң сөзi мен үшiн. Ниетiңiзге рахмет, мен оған қуанамын, – дедi бәйбiше оң қолын кеудесiне қойып.

Салмақты бәйбiшенiң сабырлы жүзi қуаныштан балбұл жанып тұрды. Бота көздерiнен жас моншақтары үзiлiп түстi.

– Атшаптырым жердегi төркiнiмiздi сағынып өлiп кете жаздаймыз. Бұл кiсi болаттай берiк қой. Торғай да өз ұясын сағынады ғой, қайтсiн-ай, – деп кексе әйелдер көздерiне жас алды.

«Алматыны азат етуге аттанып барамын»

Керуенбасының ауылы өздерiнiң ата қонысы Саржан тұмасындағы қыстауларына келiп қонды. Келесi күндерi Сәкен өмiртай мен молла Мұсабектi қасына ертiп Кеме тауының етегiндегi Ықыластың бейiтiне барып құран оқытты. Түсiпбектiң үйiнде бiр күн болып, ұлы абыздың күйлерiн тартқызды. Бұл Сәкеннiң Түсiпбектiң орындауындағы Ықылас күйлерiн соңғы тыңдауы екен. Осыдан тура 10 жыл өткенде Түсiпбек атышулы кәмпескеге iлiндi. Барлық малы тәркiленiп, өзi отбасымен Орал тауларына жер аударылды. Сол жақта жүрiп көз жұмды. Туған жердiң топырағы бұйырмады. Қара қобыз жандайшап белсендiлердiң көзiнен жасырылып, құрымға оралып, сандық түбiне түстi. Көп замандарға дейiн бұл өңiрде қобыз естiлген жоқ. Ықылас қыстауы құлап, үйiндiге айналды, қорымы жетiмсiреп жалғыз қалды.

Ертеңiне Түсiпбекпен қимай қоштасқан Сәкен тағы бiр 10 жыл өткенде өз қолымен орнатқан Қызыл империяның тозақ отына түсiп, нақақ күйiп кететiнiн бiлмей аттанды.

Бұл кезде Шу бойы да тынымсыз едi. Ойбай, ана жерде ақтар ауылды шауып барлық малын айдап кетiптi. Мына жерде қарсыласқандарды қылышпен турап кетiптi деген тосын, суық хабар елдiң есiн алып, жаман шошытты. Сәкен ендi бұл жерде бөгелуге болмайтынын түсiндi. Басында өзi нысанаға алған әулие-атаға аттанды. Бұл жерден әулие-атаға дейiн отыз көш жер. Жол алыс та қауiптi. Керуенбасы қасына серiк әрi қорған болсын деп өмiртай, Жәңкел және Борбастың Тәкiсiн қосып бердi. Кейiн Тәкi атамыз мынадай әңгiме айтты:

– Бiздер өмiртай, Жәңкел үшеумiз қос аттарымызға кезек мiнiп, жедел жүрiп отырып, Сәкендi әулие-атаға он бес күнде жеткiздiк. Ондағы қызыл әскер бастықтары Сәкендi құшақ жайып қарсы алды.

Мына кереметтi қараңыз, осыдан тура 10 жыл өткенде осы үшеумiз бiздiң елге мұғалiм болып келген Бауыржан Момышұлын әулие-атаға Сәкендi әкелген жолмен жеткiземiз деп кiм ойлаған? Сол кезде де қаһарлы қыс едi. Бауыржан бiздiң үйде екi жыл жатып, елдiң сауатын ашты. өкiнiшке орай, одан ұзақ бола алмады. Оны әскер қатарына шақырыпты. Арада 10 жыл өткенде Ұлы Отан соғысы басталды. Осы жылдың күзiнде iнiм Рахым екеумiз ойда жоқта Мәскеудi қорғап тұрған Бауыржанның батальонына тап болдық. Ол бiздi бiрден танып, қасына алды. Аға лейтенант Бауыржан дивизия командирi болғанда мен оның атшабары едiм. Қыста Рахым жараланып, елге қайтты. Бауыржан менi Саратов қаласындағы сержанттар мектебiне жiбердi. Сөйтiп, Бауыржанмен жолымыз екi айрылды. Мен соғысты Берлинде аяқтадым. Аман-есен елге оралдық. Тағы бiр 10 жыл өткенде Бауыржанның Алматыдағы үйiнде қайта қауыштық. әулие-атаға келген күннiң ертеңiне Сәкен үстiндегi тонын, саптама етiгiн, түлкi тымағын тастап, қызыл әскер командирiнiң киiмiн киiп, сыптай болып шыға келдi. Қоштасарда Жәңкелге Бәкен ағаңнан ескерткiш болсын деп алтыатар тапаншасын, өмiртай екеумiзге қызыл әскер қоймасынан көп оғымен екi винтовка алып бердi. Кейiн ашаршылық заман туғанда бiз осы винтовкалармен аң аулап, ауылымызды аштықтан арашалап қалдық. Сәкен бiздi шаһар шетiне шығарып салып тұрып:

– Ақтардың ақыры тақыр болатын күн таяу. Қызыл әскерлер оларды қыспаққа алып, тықсырып келедi. Бiрақ, олар жаралы аңдай әлi де қауiптi. Сақ болып жүрiңдер. Мен Тәшкеннен келген қызыл әскерге қосылып, ақ казактардың қоршауында тұрған Алматыны азат етуге аттанып барамын. Қара жерден хабар болмаса, әлi-ақ кездесермiз. Елге сәлем айтыңдар, – дедi.

Кеңес үкiметi барлық жерде нық орнағаннан кейiн Сәкен үлкен қызметтер атқарды. Қазақстан басшыларының бiрi болды. Сонда да бiздiң елдi ұмытқан жоқ, анда-санда ат iзiн салып тұрды. Бiр келгенде Бәкеннiң әкесi Серiкбайды болыс сайлап кеттi. Сондай Сәкендi, атпал азаматты оқпаны кең қызыл аждаһа жұтып тынды ғой…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *