«СҮЙІНБАЙ АҚЫННЫҢ БАСЫНА ЖАЯУ БАРА ЖАТЫРМЫЗ»

99Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша ертең Ж.Жабаев атындағы мемлекеттік филармонияның алдынан Алматыда тұратын бір топ ардагер қаламгер Жамбыл ауданына қарай жаяу жолға шығады. Осы сапар алдында ардагер қаламгерлер тобының жетекшісі, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Алматы қаласы бөлімінің қызметкері, байырғы журналист Мамадияр ЖАҚЫП ағамызға хабарласып, көңілдегі сауалымызды қойған едік.

 

— Мамадияр аға, кезекті сапар алдындағы көңіл-күйіңіз қалай?

— Аллаға шүкір, жақсы деп айтуға болады. Бұл — биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ақындардың атасы атанған Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына сәйкес келген, Алматы облысының әкімімен алдын-ала келісілген сапар болып тұр. Жақында Талдықорған қаласына барып қайтып, сапарымыз туралы облыс басшыларының есіне салған едім. Алматыдан шығатын жеті бірдей қаламгер жолға дайындалып жатыр­мыз. Олардың бәрі қарпайым жандар, танымал қаламгерлер деп айтуға болады. Алматыда тұратын көпшілік қаламгерлер Тараз қаласында өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойына баруға қам жасап жатыр. Бұған дейін біз Жамбыл Жабаев пен Шәкәрім Құдайбердиевтің 150 жылдығына, Махамбет Өтемі­сұлының 200 жылдығына, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың және Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына, Түркістан қаласының 1500 жылды­ғы­на, Семей атом полигоны жабыл­уы­ның 20 жылдығына арнап жаяу сапар ұйымдастырған едік.

— Жаяу сапарға шығатындардың құрамында кімдер бар?

— Бұл сапардың жетекшісі ретінде жүрген менің жасым биыл 78-ге келді. Сапарымызды күзге қалдырмай-ақ жаз маусымында өткізуіміз керек еді. Жаз кезінде науқастанып, операцияға түсіп, кешіктіріп алған жағдайым бар. Біздің бұрынғы сапарларымызға қатысқан Қазақстанның құрметті журналисі, «Егемен Қазақстанның» бұрынғы тілшісі Дәулет Сейсенұлы — сапардағы менің орынбасарым. Белгілі журналист-жазушы Орысбай Әбілдаев, осыдан бұрын Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналған сапарға қатысқан, қоғамшыл азамат Манарбек Ізбасаров, ғалым Жол­дасбек Мәмбетов, ақын Өмірбай Өмірзақов, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Нұрбол Әлдібаев деген жігіттер бар. Осы жеті қаламгер азаматтар жолға шығуға тас-түйін дайындалып отырған жайымыз бар.

— Сапарларыңыздың барысы туралы айтып берсеңіз?

— Сәтін салса, сәрсенбі күні та­ңер­тең Ж.Жабаев атындағы мем­лекеттік филармонияда бас қосамыз. Филармония алдындағы Сүйінбай Аронұлының жаңадан ашылған ескерткішіне гүл шоғын қоямыз. Одан шығып Райымбек бабамыздың басына барып, Құран бағыштаймыз. Ол жер­ден «Алтын орда» базарына барамыз. Қала ішіндегі сапарымыз көлік үстінде өтеді. Осыдан тура 20 жыл бұрын Жамбыл бабамыздың жатқан жеріне жаяу барған болатын­быз. Сол ізбен тағы да жолға шығып барамыз. «Алтын ордадан» ары қарай сапары­мыз жаяу жүріспен баста­лады. Қара­сай ауданында бізді қарсы алатын азаматтармен кездесеміз. Сәтін салса, 8 қазан күні Ұзын­ағашқа жетеміз. 9 қазан күні Сүйінбай бабамыздың басына барып, Құран бағыштаймыз. Қас­келеңде күтіп алушылар бізді қонақүйге орналас­тырады. Сол ауылға қонып, сенбі күні кері қайтамыз ба деген жоспарымыз бар. Бұл сапары­мыздың ұзақтығы — 85-90 шақы­рымды құрайды. Жол бойы мектеп оқушыларымен кезде­семіз, тарихи орындарға соғамыз, мешіт­терде дұға жасаймыз. Бұл сапардағы басты мақсатымыз — жаяу-жалпы жүріп, ұлы бабалары­мыздың рухына тағзым ету. Елбасы­мыздың жастық шағы өткен, оқыған жерлерін көреміз. Ұлылардың табанының ізі түскен жердің бәрінен ақырындап жүріп өтетін боламыз.

— Әңгімеңізге рахмет! Қазақ тарихында өшпес ізі бар бабалары­мыздың жүріп өткен соқпағымен жасайтын жаяу сапарларыңызға сәттілік тілейміз! 

 Әңгімелескен — Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *