СҮЙІНБАЙ АҚЫН ТҮРІК ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІ

50Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында түрік тілінде жарық көрген Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған кітаптың  тұсаукесері өтті. Жиынға Темірхан Тебегенов, Нұрдәулет Ақыш, Ахметжан Ашири, Мәлік Отарбаев, Ақан Әбдуәлі, Марат Тоқашбаев тәрізді қоғам қайраткерлері қатысты. 

Балнұр АХМЕТ

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­ның қолдауымен  жарық көрген ең­бекті түрік тіліне аударған – Мәдениет және спорт министрлігінің ТҮРКСОЙ-дағы арнаулы өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Серпер» және Жұмекен Нәжі­меденов атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы Мәлік Отарбаев. Жинаққа Сүйінбай бабамыздың бір топ өлеңдері, Қазақстан­ның Түр­кияда­ғы  елшісі Жансейіт Түйме­баевтың, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­ның Бас хатшысы  Дүйсен  Қасейі­новтің, Амандық Баталов­тың, Дархан Қыдырәлінің, Нағашыбек Қапалбекұлының, Нұрдәулет Ақыш­тың, Нұрғали Ораздың, Темірхан Тебегеновтің ақын туралы жазылған бірқатар мақалалары енген. Сондай-ақ, қазіргі таңда Сүйінбай баба­мыздың ғибратты ғұмырын насихат­тап жүрген түрік профессоры Нергис Бирай мен ғылым докторы Жәмилә Кына­жының ақын туралы қалам тербеген зерттеу мақалалары бар.

– Биылғы Сүйінбай баба­мыздың 200 жылдығы қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі дүниесі үшін ұлы той. Сүйінбай ата­мыздың өнегелі өмірі мен шығармашылығы түркі жұрт­шылығын қы­зық­тырады. Биыл Анкара қала­сында Сүйінбай баба­мыздың 200 жылдық мерейлі мерей­тойына арнал­ған жиын өтті. Сонымен қатар, Анкарада Сүйін­бай атын­дағы саябақ ашылды. ТҮРКСОЙ-дың қол­дауымен шығатын Еуразия Жазушы­лар одағы ұйымының түркі дүние­сінің әдеби байланыстарының нығаюы­на үлкен үлес қосып жатқан «Бауырлас қалам­дар» атты жур­налы­ның биылғы шілде айында жарық көрген тұтас бір саны Сүйінбай баба­мызға арналды.  Бұл – баршамыз үшін үлкен мақ­таныш, – деді Мәлік Отарбаев.

– Сүйінбай Аронұлы – қазақ сөз өнері тарихындағы азаматтық, отан­шылдық, ұлттық ұстанымдар мен наным-сенімдерді қалыптас­тыру­дағы көрнекті ақын болып саналады. Сүйінбай ақынның айтыстарын­да, толғауларында,  термелерінде халқы­мыз­дың ішкі болмысы, психология­лық хал-ахуалы, адамдармен қарым-қаты­нас мәде­ниеті мен тіл байлығы жан-жақты қамтыл­ған. Сүйінбай­дың мұралары  айтыс­тарында қазақ хал­қы­ның барлық ата-тегі мен әулет жүйелерінің, қазақ халқының атадан балаға жалғасқан игі дәстүрлерін, батырлық, елдік, еңбексүйгіштік, ауызбіршілік мәселелері қамтыл­ған­дығымен үлгі болып қалды. Сүйінбай мұралары қазір жоғарғы оқу орын­дарында, орта мектептерде және ар­наулы оқу орындарында оқытыл­уына айрықша мән береміз. Себебі, азаматтық, халқын сүю, жомарттық пен кеңпейілдікті ұстану деген адам­гершілік мәселелері осы Сүйінбай секілді ақындар арқылы жалғасып отыр. Қазақ өркениетінің сан ғасыр­лық тарихында Сүйінбай секілді тұлғаларымыз арқылы ұлты­мызды сақтап, ұрпақтарын тәрбиелеп келе жатырмыз. Сүйінбай Аронұлы тәрізді таудай тұлғалары­мызды ұлық­тау арқылы халқы­мыздың жарқын болашағын белгі­лейміз деп сенеміз, – деді филология ғылымдарының док­то­ры, про­фессор Темірхан Тебегенов.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *