СҮЙЕГІ АСЫЛ АҚЫШ ӘЖЕЙ

Ертеде біреу Бақтан: «Бақ, сен қайда барып қонасың?» деп сұрапты. Сонда Бақ: «ынтымағы мен бірлігі жарасқан жерге барып қонамын» депті. Осындай бақ қонған аналарымыздың бірі – бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен Ақыш Әлмаханқызы. 96 жыл өмір сүріп, соның 50 жылын асыл жары Тілеуқабыл ақсақалмен қол ұстасып бірге өткізіп, Амановтар әулетін мәуелі бақтай жайқалтқан Ақыш ананың өмір жолы көпке үлгі-өнеге.

Өмір бойы ұлын күтіп Өтті

Кішкентайынан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, таза жүрек, адал еңбекпен талапта­нып өскен Ақыш әжейдің кіндік қаны тамып, кең дүниеге көзін ашқан жері Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі бекеті, Заводская көшесі, 93 . Бір кездері бұл арада Қант зауыты орналасқан еді. Мұнда келетін қызылша қант өндіруге жіберілсе, оның ұзынша-шошағын кесіп, жем ретінде малға берілетін. Оны жеген ірі қаралардың еті шекер татитын.  Алатау­дың етегінде қоныс тепкен Меркенің ғажап табиғатын, жанға дауа саф ауасын айтпай кету мүмкін емес. «Табиғат пен адам егіз» дегендей, осындай сұлу табиғаттың баурайында өскен Ақыш әжейдің жан-дүниесі де, адами келбеті де керемет бір әдемілікке толы болатын. Мектепте оқу озаты болған Ақыш әжей орта білім алғаннан кейінгі өмірін білім алған ұясы­мен ұштастырып, ауыл мекте­бінде ұстаз болып, бастауыш сыныпқа сабақ берді. Кейін Құдай қосқан қосағы Тілеуқабыл ақсақалмен танысып, жастай тұрмысқа шығып, Кеңестік саудаға икемделіп, зайыбымен бірге Меркі Тұтынушылар Одағының автодүкенінде жұмысын жалғастырды. Бабаларымыздың «еңбектің қадірін тер төккен біледі» дегеніндей, ерімен қатар жүріп еңбек етіп, құрыштай мінез қалыптастырды. Сегіз құрсақ көтеріп, батыр ана атанды. Бүгінде сол ұрпағы бір қауым елге айналып, қанатын кең жайып отыр. Сегіз перзен­тінен неме­ре, шөбере сүйіп, бәйтеректей жапырақ жайды. Жасы тоқсанның орта белінен асқанымен ешкімге ауыртпалығын сал­май, бала-шағасының шаруасына қолға­быс жасауы кейуананың асқан қайрат­тылығын көрсетеді.

Әлемге айдаһардай ауыз ашқан сұм соғыс Ақыш әжейдің отбасын да айна­лып өтпеді. Жалғыз інісі Екінші дүние­жүзілік соғыстан оралмады. 90 жыл өмір сүрген анасы Бибіш әр жылдың 9 мамы­рында: «балам тірі, немістердің жерінде, баламның ұрпақтары да бар болар, келіп қалар» деген үмітпен өмір сүріп, сарғая күтумен көз жұмды. Ақыш әжейдің асыл жары Тілеуқабыл Аманов – екі рет соғысқа аттанып,  ерлікпен елге оралған соғыс ардагері. Ең алғаш рет,1939 жылы 30 қарашада КСРО мен Финляндия ара­сында тұтанған  соғысқа шақырту алып, қанды шайқасқа аттанды. 1940 жылдың соңында елге оралған Тілеуқабылды 1941  жылы Әскери Комиссариат қайта Екінші дүниежүзілік соғысқа жіберді. Жеті жылғы ғұмырын шайқас даласында қиян-кескі ұрыстың ішінде өткізді. 1945 жылы туған жеріне Ұлы жеңіспен оралды. Ақыш әжейді осы кезде кездес­тірді. Өзінен 20 жас кішілігі бар Ақышты бір көргеннен ұнатып, сезімін білдірді. Ақыш әжей сүйген жарына үш ұл, бес қыз перзент сыйлады. Тұла бойы тұңғыштары – Тұрғали, одан кейінгілері – Серік пен Ербол. Ал қыздың үлкені   Нәзира педа­гогика мамандығын таңдап, осы салада абыройлы  еңбек етті. КСРО кезінде Ком­сомол ұйымында хатшылық қызмет атқарды. Нәзираның аса күшті қабілет­тілігі мен біліктілігін жоғары бағалаған сол кездегі Мерке ауданының бірінші хатшысы Исахов Әлмұқан Әбдрахманұлы Нәзираны Луговой ауданындағы Асыл тұқымды қой зауыты – Ленинск ауылы­ның мектеп директоры қызметіне тағайын­дады. Кейін еліміз Тәуелсіздігін алған тұста бірінші хатшы қызметін әкімдер атқарған шақта Луговой ауданының алғашқы әкімі болып Садықов Сәбит Сұлтанұлы сайланып, Нәзираны Луговой аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындады. Кейін Нәзира отбасымен Алматыға көшіп келіп, жеке кәсібін ашты. Алайда, жұлдызы ерте сөнді. Артында Айнұр, Эльнура есімді қыз­дары қалды. Айнұр Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық универ­ситетін  бітіріп, анасының жолын жалғас­тырып, кәсіпкерлікпен айналысуда. Жолдасы Рүстем – Алматы қаласының №12 орталық қалалық клиникалық ауру­ханасының хирургия бөлімінің меңге­рушісі. Ақыш әжейдің екінші қызы – Макира. Ол  Қарағанды кооперативтік институтын бітірді. Макира бірінші курс оқып жүрген кезінде өзінің өмірлік жолдасы Мұсахан Иманқұловты жолық­тырып, 1979 жылы тұрмысқа шықты. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Макира әпкені түлеп ұшқан ұясы­нан алып шығып, Иманқұловтар әуле­тіне құтты келін етіп қондырған құр­метті азамат, Луговой ауданының «Авто­база» басшысы Байділдә Егембердиевтің орны бөлек.

Шаршауды білмейтін кейуана

Мұсахан ол кезде оң-солын ажырат­қан 4-курстың студенті болатын. Атам қазақтың «жүзі жылыдан түңілме» деге­ніндей, Мұсаханның жаңа жауған ұлпа қардай жүрегі күндей күлімдеген нұры жүзінен көрініп тұратын. Макира жар таңдауда қателеспеді. Мұсахан асыл жар бола білді. Өмірдің ауыры мен жеңілін, дауылы мен шуағын қатар жүріп, бірге өткерді. Қос жұп, екі ұл, бір қыз перзент сүйді. Тұла бойы тұңғыштары Ерлан ал­ғыр, зерек бала болып өсті. Мысырдың Каир қаласындағы «Айн-Шамс» универ­ситетіндегі Ағылшын тілі факультетінің аудит мамандығы бойынша білім алды. Сүт кенжесі Нұрлан Қытайдың Үрімші универитетінің Аудит мамандығында оқып, үздік бітірді. Ал ортаншы қыз – Эльмира Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің Қаржы мамандығын тәмамдады. Мұсахан аға мен Макира әпке бүгінде Мерей, Зере, Аяна есімді немере сүйіп отыр. Әрине, олар үшін кішкентайынан бауырларына басқан тұңғыш немерелері Мерейдің орны бөлек. Мерей Алматыдағы «Тамос Эдьюкейшн» физика-математика мектебінде төртінші сыныпта оқиды. Домбыра үйірмесіне қатысады, тенниспен шұғылданады. Тұңғыш немересін көзінің қарашығындай қастерлейтін Мұсахан аға ырымдап, Мерейге «Шұғыла» ықшамауданынан алты қанатты алып, зәулім үй тұрғызды. Зере биыл бұйырса, 7 жасқа толады. Дайындық мектебіне дәріс алады. Одан кейінгі Аяна – 4 жаста.

Саналы ғұмырын Кеңес саудасына арна­ған жұбайлар сол кездегі «Тұтыну­шылар Одағының озаты» деген жоғарғы мемлекеттік марапат алды. Әр адам ұрпағының өз жолын жалғастырғанын арман етеді. Бұл тұрғысында Мұсахан аға мен Макира әпкенің жолы болды. Ата­ларының жолын қуған Мұсахан аға атақты Олимпиада чемпионы Абсент – ғасыр тұлпары шыққан «Конный завод —97»   ауылына Сауда саласы бойынша бас маман болып жұмысқа  қабылданды. Осы кезде Мұсхан ағаға үлкен қолдау көр­сеткен Оңғар Айтқұлов болды. Жұмысын ұршықтай иірген Мұсахан аға көп ұзамай, Мерке Тұтынушылар Одағының төраға қызметіне тағайындалды. Макира әпке Мерке Тамақ өнеркәсіп комби­натына жұмысқа кірді. Бұл комбинат Кеңестер Одағында «мятная, барбарис» деген кәмпитімен әйгілі болатын. Ақыш әжейдің үшінші қызы Қапуза қырғыз жігітіне тұрмысқа шығып, сол отбасының түтінін түтетті.  Одан кейінгі егіз қыздар – Гүлнар мен  Динара. Гүлнар құқық сала­сын таңдады. Бүгінде полиция полковнигі қызметінен зейнетке шықты. Ал Динара – кәсіпкер.

 

Қартая білу де Өнер

Зейнеткерлікке шыққан Тілеуқабыл ақсақал мен Ақыш әжей бос отырмай, жер сатып алып, жеке шаруашылықпен айналысып, картоп өсірді. Күзде 5 тонна­дан астам картоп жинап, жеке-жеке отау тігіп кеткен бала-шағасына үлестіріп, мәре-сәре болып, берекелі еңбегіне бір марқайып қалатын. Қолы ашық, жомарт жан күзгі науқан кезінде көршілерін де құр қалдырған емес. Мінезі бір тоға ауыр болғанымен жүрегі жайсаң, көңілі кең болғандықтан ауыл адамдары ерекше жақсы көретін. Тілеуқабыл ақсақалдың ортаншы ұлы Серік Оля есімді орыс қызымен бас қосқан. Серіктің орыс қызына үйленем дегенін естіген ақсақал ашуға ерік беріп, қарсылық танытты. Осы кезде ақсақалға ерекше жақсы көретін күйеубаласы Мұсахан аға келіп:

– Оу, асқар таудай алып әке, өмірде көргеніңіз бен түйгеніңіз, естігеніңізден білгеніңіз көп. Екі соғысты бастан кешір­ген жайыңыз бар. Сол қанды майданда ешкімнің ұлтына қарамай, бір окопта жатып, бір жапырақ нанды бөлісіп жеп, Отан үшін, ел үшін шайқаста елімізді, жерімізді жаудан қорғап, жеңіс күніне бірге жеткен орыс достарыңызды қалай ұмыттыңыз? Мынауыңыз қалай, әкей?! – дегенде, күйеубаласының сөзіне жеңілген ақсақал:

– Балам, бұл айтқандарың орынды екен. Бердім келісімімді деп Серікке  ақ батасын беріп, орыс халқымен төс қағысып,  құда болды.

Осы күні Астана қаласының білдей бір кәсіпкерлері — Серік пен Оляның отбасы Амановтар әулеті тоқтайтын киелі қара­шаңырақтың біріне айналған. Адал еңбекпен абыройға жеткен ақсақал өзінің қарттығын мойындаған емес. 80 жасында жас жігіттермен қатар жүріп шөп шапты. Қайраты мен жігерін жасытпаған қария 85 жасқа толғанда ауырмай, сырқамай, бақилық өмірге аттанды. Ал Ақыш әжей мұсылманның бес парызын түгел өтеді. Бес уақыт намазын оқып, Умра қажы­лыққа барып, қажы атанды. Өмірінің соңына дейін діни мерекелерді әспеттеп, ораза айында ауызашар беріп, құрбан айтта құрбандық шалды. Мәуліт айында қажылыққа бірге барған адамдарды үйіне шақырып, дастарған жайды. Зекет, сада­қаларын беріп, сауап жинады. Ағынан жарылған күйеубалалары Мұсахан аға өзінің бір сөзінде: «Өз басым ата-енемнің  денсаулықтарына қайран қалумен келдім. Қанша жыл соғыста жүріп, сыз окопта жатса да, мына жерім ауырып тұр, шар­шап тұрмын» деген сөздерін естіген емес­пін», –  дегені бар. Міне, әдемі қартаю­дың, ұзақ жасаудың феномені – осы Тілеу­қабыл ақсақал мен Ақыш әжеміз болса керек. Осы ата мен әжемізге қарап, ұзақ жасаудың сыры еңбек етуде жатыр, ал қартая білудің өзі өнер дегіңіз келеді.

Алма СЕРІКҚАЛИ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *