Сәби иісін аңсаған жандардың алғысын алғаннан артық бақыт жоқ

 Нұржамал БАЙСАҚАЛ

 

Жұртшылық  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ләззат Кенжебайқызы Айтқожинаны  «Қазақстан» ұлттық телеарнасының  «Дауа» денсаулық  хабары арқылы жақсы  таниды. Ол шыққан сайын өзіміздің де  Малышовамыз бар екен ғой, деп Ләззаттың қиын тақырып­тардың бірі – денсаулық хабарын қазақ тілінде жетік жүргізетіндігіне сүйсініп, «жарайсың дәрігер қыз» деп жататын.   Өйткені, дәрігердің қазақ тілінде  еркін сөйлеуі сирек кездесетін жағдайлардың бірі.   Жуырда  Алмалы ауданы әкімдігі мен  С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірлесіп  «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаз­дарымен  кездесу ұйымдастырған   еді.   «Өзіміздің Малышова»  – Айтқожи­наны     осы  кездесуде   жолықтырдық. Сүп-сүйкімді дәрігер қыздың әңгімесі де тартымды, сүйкімді  болғандықтан, студенттерді бірден баурап әкетті.  Ләззаттың әр  сөзінен  мамандығына деген мақтаныш сезімді аңғару қиын емес.  Мені «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауында жеңіп шығуыма  менің пациенттерімнің көмегі көп болды, дейді   Ләззат.   2004 жылы Семей қаласындағы Медицина универ­ситетінің Емдеу ісі факультетін бітіріп, гинеколог-дәрігер мамандығын алған ол еңбек жолын Абай ауданындағы ауру­ханадан бастаған болатын. Төрт жылдай  аудандық ауруханада  қызмет атқарған ол  басынан небір қиын сәттерді өткер­ді.  Жолда, үйде босанып қалған әйел­дер­дің сәбилерін аман алып қалуға көмектесті.   Алдына  келген   әйел ана­лар­дың жылы сөзі мен рахметі Ләз­заттың қашанда мерейін арттыра түсетін-ді. Дәрігерлік   тәжірибесін жинақтай бастаған Ләззатты жас отбасылары арасындағы бедеулік мәселесімазалай бастады. Үйленген­деріне екі-үш жыл емес,  бес, он жыл болса да сәби сүюге зар болып жүрген ерлі-айыптыны көргенде  Ләззаттың жаны ауыратын. Жалпы, репродук­тология саласы  Ләззатты институтта оқып жүргенде қызықтыратын. Ол ойлана келе  жүкті әйелдердің денсау­лығын   қадағалау мен оларды  босанды­рып алуды   кез-келген акушер-гинеко­лог  дәрігердің қолынан келуі мүмкін, ал бедеулікті зерттеп, оны емдеу тәсілін қарастыру,  бір нәрестеге зар болып жүрген    ерлі-зайыптыға  сәби сүю бақы­тын сыйлау екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін түсінген ол  осы саланы меңгеруге бел буды. 2008  жылы Алматыға қоныс аударып келгенде гинеколгия бөлімінде, одан кейін Алматыдағы перенатальді орталықта да жұмыс істеп жүргенде  де ойынан шықпады.  Ақыры 2013 жылы Репро­дук­тивті медицина институтына  репро­дуктолог дәрігер болып жұмысқа орна­ласты. Міне, содан бері бес жылдай уақыт өте шығыпты.  Ләззат Айтқо­жинаны тек Алматы жұрты ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі сәби иісін аңсап жүрген  отбасылар жақсы тани­ды. Ләззат алдына келген әрбір емде­лушімен өзінің етжақынындай жылы сөйлесіп, жанына тарта біледі. Еңбек­қор қыз бұл орталықтан да өзіне лайық орнын тауып, бүгінде талай баланың кіндік шешесі атанды. Сәби иісін аңсап келген   аналарға ана болу бақытын бұйырт­қаннан артық қандай бақыт болсын, бірақ кейде қанша еңбектен­генмен  Жаратқан ие бұйыртпағанын бұйыртпай қойғанда, түсік тастаған әйелмен  жаны  бірге қиналатын. Отбасында бала болмай қалса, туыс­тары ең алдымен әйелді кінәлап шыға­тыны бар, ал репродуктолог  мамандар  қазір адамдар арасындағы осы бір ескі көзқарасты бұзып,  бала болмай қалған жағдайда ерлі-зайыптылардың екеуі де емделу керектігіне көптің көзін жет­кізді. Өйткені, қазір бедеулік дерті әйелдерден гөрі ер адамдарда көбірек кездесіп отырған жәйі бар.   Ләззатты бұл саладағы тағы толғандыратын мәсе­ленің бірі  ұрық доноры. Бір адамның ұрығы бірнеше әйелге қолданыла­тын­дықтан болашақта бір анадан, бір әкеден туған ұрпақ көбейіп, тектіліктің түбіне балта шаба ма деп үрейленеді. Сол бір анадан бір әкеден туған балалар есейіп ержеткенде үйленіп жатса, масқараның көкесі сонда болмай ма, деп алаңдайтын Ләззат  бүгінде ұрық  донор­ларының  ортақ базасын жасау және бір ұрпақ донорының бірқатар шет елдегідей төрт-бес әйелден артық адамға қолдануға тыйым салу мәселесін көтеріп жүр.  Квота мәселесі де Ләззат Кенжебайқызының арманы  болатын. 2010 жылдан бастап ЭКО бойынша квота бөлу қолға алынды. Сол 2010 жылдан бері 4783 жұп тегін медици­налық  көмекке жүгінген. Қазір жыл сайын  ЭКО бойынша 900 квота бөлі­неді. Бұл тым аз болғандықтан, Ләззат Айтқожина квота санын 2000-ға жет­кізуді армандайды. Елімізде жылына 150 мың жұп шаңырақ құрса, оның 20 мыңнан астамы сәби сүю бақытына зар болып жүргендердің қатарында. Көп  отбасыларының келіп тексеріліп, ЭКО жасатуға жағдайлары келе бермейтін­діктен, бөлінетін квота санын арттыру керек, дейді адам ұрпағын өрбіту ісінің білгір де білікті маманы Л.Айтқожина.  ЭКО орталықтары арқылы елімізде 14 мыңға жуық  сәби өмірге келіпті. Шүкір дейміз ғой, мұндайда бірақ Ләз­зат­ты мазалап жүрген   ұрық доно­ры­ның мәселесі барлығымызды  ойлан­дыруы тиісті. Италиядағыдай бір донор бес отбасына ғана  ұрығын ұсына ала­тын етіп заңмен тыйым салмаса, шы­нында да Ләззат қауіптеніп жүргендей бір анадан, бір әкеден туылатын сәби­лер саны көбейіп,   жиырма, жиырма бес жылдан кейін олар бір-бірімен үйленіп жатса, ол ұрпақтың бетіне қалай қараймыз. Ұлтымызды жойып, тектілігімізге балта шауып алармыз. Бұл тек  репродуктолог Л.Айтқожинаға қатысты мәселе емес, ел болып бірлесіп шешуге тиісті мәселе. Ұрпағымыз сау болсын десек, оны өмірге әкелетін аналар мен әкелердің де денсаулығын ойлауға тиістіміз дейді. Айтқожина ханым. Тегі Айтқожина болғандықтан ақын Марфуға Айтқожинамен жақын­дығың бар ма деп сұрағанбыз. Туыс болмаса да рухани туыс болып шықты. Адамға жылы сөйлегенді жақсы көретін Ләззаттың тек адам ұрпағын өрбітуге ғана емес,  анда-санда  өлең жазатын  да қасиеті бар  көрінеді. Жұмысымның бар жемісі  ананың бала сүюі болса, мен үшін сәби иісін аңсаған  ананың алғы­сын алғаннан артық бақыт жоқ дейді  Л.Кенжебайқызы. Сәби сүйер анала­рымыз көбейсін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close