СӘБЕҢНІҢ КӨЗІ, ӨЗІ ЖӘНЕ СӨЗІ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің ұйымдастыруымен «Мұқановтың хатханасы» атты кітабының тұсаукесері болды. Сәбит Мұқановтың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері мен мұражай қызметкерлері қатысқан ізгі шара «Бақшасарай» салтанат үйінің Картиналар галереясы залында өтті. Жиынның модераторы – аталған мұражай кешенінің жетекшісі, кітапты құрастырған, алғы сөзін жазған әрі жауапты редакторы, ақын Әділғазы Қайырбеков. Ізгі шара Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің ашылуына 40 жыл толуына орайластырылып отыр.   Жазушы хаттарының жинағынан құралған кітап «Ақниет» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Серік Қалықұлы Абдуллаевтың демеушілігімен жарық көрген. Шарада аталған қордың төрағасы Асқар Көкімов еліміздің әдеби-мәдени мұрасын сақтап, насихаттау қордың негізгі мақсаттарының бірі екенін айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде жазушы мұрасын насихаттауға үлес қосу үлкен мәртебе әрі қуаныш екенін жеткізді.   

  

Балнұр АХМЕТ

Бұл кітапқа қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы С.Мұқановтың 1924–1973 жылдар аралығында өзі жазған және басқалардан алған 300-ден астам хаты тұңғыш рет топтастырылған. Дені бұрын еш жерде жарық көрмеген хаттар хронологиялық тәртіппен берілген. Әр алуан сыр шертетін бұл хаттарда әр жылдардың бояу-бедері де, уақыт табының іздері де, қоғамдық-саяси өмірдің тынысы да, жеке тұлғаның қалыптасу, есею кезеңдерінің суреттері де сақталған. Кітап парасатты, пайымды оқыр­мандарға, әдебиет тарихын және жазушы шеберханасын зерттеу­шілерге арналған. Кітап мазмұнына қарап отырып-ақ оқырманның қызығушылығы еркінен тыс ояна бастайды. Өйткені, Сәбит Мұқановтың хат жазысқан адамдарының тізімінің өзі көз сүріндіреді. Қаламы қуатты жазушы кезінде А.Толстой, М.Шолохов, М.Жұмабаев, Ш.Құдай­бердіұлы, Д.Нұрпейісова, М.Әуезов, І.Жан­сүгіров, И.Сталин, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, К.Симонов, А.Фадеев, Н.Тихонов, Л.Соболев, И.Шухов, А.Храпченко, С.Құдаш, К.Яшин, І.Омаров, Н.Бажан, Ү.Балқашев, А.Тоқмағамбетов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, М.Ғабдуллин, Ж.Молдағалиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Н.Баймұратов, К.Оразалин, Т.Әлімқұлов, Ы.Уәлиханов, Н.Фазылов, Т.Нұртазин, З.Шашкин, В.Фармер, Е.Флейс, А.Бекон, И.Әлібаев, Х.Бекішев, Ғ.Малдыбаев, Ә.Шманов, Ж.Бектұров, Ә.Қоңыратбаев, Ж.Шалұлы тәрізді тұлға­лармен хат арқылы сырласып, өзінің жан сарайына үңілдірген.

Ұлт көгінде бейнесі биіктей беретін жазушының жылдар жаңғырығын жеткізетін, дәуір демін, замана сырын сездіретін сарғайған әрбір хаты саясат сахнасын, мезгіл мінезін көрсететін ақиқаттың айнасы іспетті. Тарих тұңғиығынан сыр шертетін әрбір хат көңіл терезесіне үңілдіріп, жазушының жүрек үнін жеткізеді, адамгершілік асыл қасиеттерін паш етеді. Жарқын күндердің сәулесі сезілген хаттар қазақы қасиеттің құндылығын көрсетеді. Тарихтан сыр ақтаратын сарғайған жапырақ хаттардағы әрбір жол ұлтын ұлықтаудың үлгісін көрсеткен жазушының жан-дүниесіне жақындататын  жол іспетті. Өмір жолы өнеге толы қаламгердің ұлт өмірін бейнелеген, сезім сырларымен өрілген, ойлы орамдарымен оралған әрбір хаты қазақ  даласының  дидарын көрсететін өмірдің айнасы тәрізді. Ақиқаттың астарын ашатын хаттардағы жазушының жан әлеміндегі ешқандай бояусыз бейнеленген кіршіксіз таза жүрек тебіреністері оқырман қауымның сезімін селт еткізетіні сөзсіз. Ойлы оқырман таным мен тағылымға, пайым мен парасатқа толы әрбір хаттан зердесі зерек сөз зергерінің жүрегінің лүпілін, тамы­рының бүлкілін сезеді. Уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін бұл кітаптағы әрбір хаттан қаламгердің қазақ халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің лебі еседі. Жан-дүниесі тіршілік тозаңынан таза, тұнық та тұңғиық жазушының қазақ көгіндегі биік бейнесі көрінеді. Сарғайған жапырақ хаттардан ұлттық руханиятымызда өшпес өнегесімен сөнбес сәуле қалдырған қаламгердің қоңыр үні естіледі. Тарихи сыр тұнған, астарынан ақиқат ақтарылған бұл хаттар ақ  қағазға  сиямен сырын төккен қаламгердің көзі әрі сөзі. Сондықтан өмір бояуын бейне­леген жазушы хаттарының жинағынан құралған бұл кітап келешекте де рухани құндылығын, тарихи маңыздылығын жоғалтпайтындығымен бағалы болып қалатыны күмәнсіз.

Ендігі жерде осы кітап тұсаукесеріне қатысқан белгілі ғалымдар, қаламгерлердің пікіріне ден қойсақ, тұлғаны одан әрі тани түскен болар едік.

Қазаққа қазақты танытқан алғашқы жазушыларымыздың бірі

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары:

– «Мұқановтың хатханасы» атты қазақ үшін бұл құнды кітап – қазақ әдебиеті мен тарих ғылымына қосылған үлкен бір сүбелі еңбек. Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің ашылғанына 40 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында аталған мұражайда Сәбит Мұқановтың мұраларын сақтауға әрі жастарға насихаттауға байланысты көптеген іргелі істер атқарылып  келеді. Сол игі шараның бірі – осы кітаптың жарық көруі. Сәбит Мұқанов алғашқы кәсіби жазушылардың бірі деп анық айтуға болады. Қазақ әдебиетінде жазушының қалам тербемеген жанры жоқ, жазбаған дүниесі жоқ, қазаққа байланысты зерттемеген тақырыбы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Сәбит Мұқанов қазаққа қазақты танытқан алғашқы жазушыларымыздың бірі деп есептейміз. Мен қаламгердің біраз  хаттарын оқығам. И.Сталинге жазған хатынан да, жалпы басқа хаттарынан да оның қазақ халқына деген ықыласы мен махаббаты айқын аңғарылып тұрады. Сондай-ақ, ол алғаш рет хат тани бастағаннан қазақтың әндері мен жырларын, тарихын ерекше зейінмен зерделеген зерттеуші ретінде де ерекшеленеді. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты 3 томдық мемуарлық романы  тарих пен әдебиет жағынан қазақ мектептерінің оқулығына жарайтын құнды қазына болып табылады. «Мұқановтың хатханасы» кітабы да жазушының «Өмір мектебі» романын қосымша маңызды  мағлұматтармен  толықтырып  тұрғандай  әсер береді. Бұл кітапты жарыққа шығаруға атсалысқан азаматтарға алғыс айтамыз. Осындай кітаптар көбейе берсе, қазақтың рухани жан-дүниесі жаңара береді, байи береді.

 

Тұлғаларымызды дәріптей берейік

Рафаэль НИЯЗБЕКОВ,

ақын:

– «Сәбит Мұқанов – мектеп. Мұхтар Әуезов – универ­ситет» дейтін еді Оралхан Бөкей. С.Мұқановтың жазған шығармаларын оқымаған қазақ жоқ, оның  туындыларын бүкіл қазақ оқыды. Сәбеңнің бойында бүкіл қазақтың қасиеті бар. Дәстүрі, қасиеті, ар-ожданы, намысы – бар­лығы бар. Қарапайым адаммен қарапайым болып, ал зиялы қауыммен зиялы болып сөйлеген. Жазушы хаттарынан жинақталған бұл кітаптан сол уақыттың тынысы сезіледі, сол дәуірдегі психология мен қарым-қатынас анық көрінеді. Қазіргі әлеуметтік желіге бет бұрып кеткен кезде мұндай құнды кітап шығару ерлікпен тең. Бұл – игілікті іс. Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір­дің өзі «Мен қаланы далаға, даланы молаға айналдырдым. Жарты  әлемді жауладым. Бірақ бұның бәрі мені тарихта қалдырмайды. Мені тарихта қалдыратын тек қана кітап» деген екен. «Бір адам құдық қазса, мың адам одан су ішеді» деген. Бұл кітапты мыңдаған оқырман оқып, Сәбең өмір сүрген кездің шындығына көз жеткізеді. Егемен елімізде ұлы тұлға­ларымызды дәріптеуді болашақта да жалғастыра берейік.

 

Кәкішевтің көкейінде кеткен ой болатын

 Күләш Садыққызы АХМЕТ,

филология ғылымының докторы, профессор:

– Сәбеңнің хаттары бас-аяғы жиналып жарыққа шығу керек деген ниет Тұрсынбек Кәкішевтің көкейінде кеткен ой болатын. Сондықтан бұл жағымды жаңалықты алғаш естіген кезде қуанышпен  қабылдап, Тұрсекеңнің көңілін­дегі қазақ руханиятына қатысты бір ісі жүзеге асты ғой деген ойда болдым. Сәбит Мұқановты қазақтан, қазақты халықтан, халықты Сәбит Мұқановтан бөлуге болмайды деген парасатты пікірді замандастары айтып кеткен еді. Жазушы хаттарының қазақ тарихындағы қадір-қасиеті ерекше. Алаш азаматтары ақталған 88-89 жылдарда Сәбеңнің хаттарының тарихтағы көмілген көп шындықтың шымылдығын ашқан тұстары бар. Соның нақты бір дәлелі, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихын 1929 жылы бастап, 1930 жылы шығарғанын білесіздер. Қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі зерттеуін Сәбит Мұқанов 1963 жылы Жазушылар одағына бір құлаш хат жаза отырып, өтініп, Әдебиет институтына, Жазушылар  одағының төрағасына арнайы тапсырған. Сол хат алдағы уақытта Сәбеңнің тарихи хаттарының қатарынан көрінеді деген ниеттемін. Себебі, ол хаттың тарихи мәні терең. Сол хатта Сәбең төгіліп айтады, шынын айтады. «Мен кезінде Алаш азаматтарын, ұлтшылдарды алғашқы басылымда өзгешелеу түсіндіріп едім» деп түсіндіріп отырып, «соны Жазушылар одағы, Әдебиет институты қарап, өздерінің пікірлерін білдіріп, толықтыратын тұстарын толықтырып берсе, мен үстінен бір қарап, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихын қайта шығарайын деп едім» дейді. Сол хатты да, Сәбеңнің машинкаға бастырып, алып барып берген ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихының бір данасын да, ізіне түсіп, шам алып іздеген­дердің бірі менмін Тұрсекеңнің қасында. Бірақ өкінішке орай, оны Жазушылар одағынан да, Орталық архивтен де тапқан жоқпыз. Жалпы, Сәбит Мұқанов Қазақстанның Мемлекеттік Орталық мұражай қорына 141 том хаттарды өз қолымен тапсырған.

Ғалымдарға таптырмайтын анықтамалық

Серікқазы ҚОРАБАЙ,

әдебиет зерттеуші, филология ғылымының кандидаты:

– Бұл – еліміздің өміріндегі елеулі оқиға. Әділғазы Қайыр­беков жетекшілік етіп отырған мұражай кешені ауқымды жұмыстар атқарып отырғанына ел куә. Жазу­шының рухани мұрасын жұртшылыққа насихаттау мақ­сатында тағылымға толы кештер жиі-жиі ұйымдастырылып жатыр. Академик-жазушының хаттары жеке жинақ болып жарық көруі құтты болсын! Араб, латын жазуындағы қол­жазбалармен жұмыс істеу оңай емес екенін баршамыз жақсы білеміз. Төл тарихымызға үңілсек, Мұхтар Әуезов­тің 50 томдық шығармалар  жинағының 1-ақ томын хаттар құрайды.  Осы орайда алғаш рет Сәбит Мұқановтың хат­тары жеке жинақ болып жарық көргенін айта кеткен абзал. Ұлы жазушының жан сыры, мөлдір мұңы, ұлтшылдық рухтағы арман-тілегі тұнған бұл кітапта еліміздің тарихы, шежіресі, мәдениеті түгел жарқын көрсетілген. Әлемдік деңгейдегі тұлғалармен, ұлт зиялыларымен жазысқан хаттары кейінгі келер ұрпаққа үлкен тәрбие, өшпес өнеге. Бұл кітап Әділғазы досымыздың алдағы үлкен жоспар­ларының жолашары іспетті болсын демекпіз. Ғылым-біліммен айналысқан ғалымдарға таптырмайтын анықтама­лық болатын  бұл кітаптың ғылыми маңызы зор. Алдағы уақытта да Сәбит Мұқановтың мұрасын зерттеу, насихат­тау жұмыстары жемісті болуына тілектеспіз. Осындай кітаптар көбейе берсін!

 

Бір хаттың өзіне бір кітап жазуға болады

Ғарифолла ӘНЕС,

филология ғылымының докторы, «Арыс» қорының президенті:

– Оқырманға жол тартқан бұл кітап – рухани қоржы­нымызға қосылған үлкен олжа! Бұл үлкен дүниенің басы деп ойлаймын. Достоевский мен Толстойдың хаттарының қаншама томы жарық көргені баршамызға белгілі. Мұхтар Әуезов кітаптарының тек бір-ақ томы хатқа арналған. Бір хаттың өзіне бір кітап жазуға болады. Сәбеңнің архивке тап­сырылған 141 том хаттарында қаншама өмір бар, әде­биеттің тарихы бар. Бұл хаттарда Мұқановтың, Әуезовтің басынан өткен өмірдегі оқиғалары боямасыз баяндалған. Шын мәнінде қабырғалы қазақ жазушыларының барлы­ғының хаттары жарық көруі керек. Өмір шындығы айтылғаны абзал.

 

Күнделікте адам шынын айтады

Әмірхан МЕҢДЕКЕ,

сыншы-жазушы:

– Бұл – керемет кітап! Құтты болсын! Біз жазушылар­дың күнделіктеріне, хаттарына көбінесе мән бермейміз. Күнделік деген керемет дүние ғой! Күнделікте адам шынын айтады. Өйткені, роман жазып отырғанда жазушы бәрібір оқырманға бейімделеді. «Мен мына жерін былай жазып жатырмын, оны оқырман қалай қабылдайды екен? Әй, соны олар қабылдай алмас, мен онда ол жерін былай деп жазайын» деп, сәл өзгертіп жібереді, оқырман ыңғайына қарай бейімделеді. Ал күнделік пен хат жазған кезде ешкімге бейімделмейді. Кәдімгі өзінің жан сырын суырып алып жазады. Ақын-жазушылардың күнделіктерін шығара алмай жүрміз. Осы уақытқа дейін Бауыржан Момышұлы мен Ғабит Мүсіреповтің күнделігі жарық көрді. Алайда, оның өзі түгел емес. Ал қалған жазушылардың күнделігі жарық көріп жатқан жоқ. Жазушылардың күнделіктерін шығарайын десеңіз, кейде олардың әйелдері мен балалары қарсы болып жатады. «Бауыржан Момышұлы – рамкаға сыймайтын адам. Біз неге оны көрсетпеуіміз керек?» деп батырдың күнделігін шығарғаны үшін Мекемтас  Мырзах­метұлына риза боламын. Бауыржан Момышұлының барлық кітабын оқыдым. Күнделігі кішкентай-ақ. Мен Бауыржан Момышұлын сол кішкентай күнделігінен таныдым. Күнделік беттеріне өзінің өмір шындығын жазған. «Жасым 60-тан асты. Осы алпыстан ассам да, әйел танымайды екенмін. Қанша әйел алдым. Бәрі де мені түсінбеді. Менің жанымды түсінбейді. Біреуі менің ақшама қызығыпты, біреуі менің атағыма қызығыпты» деп ол күнделіктегі жазбаларының бірінде өзінің трагедиясы туралы сыр бөлісіпті. Күнделігінің келесі беттерінің бірінде батыр бабамыз «Ұлы Отан соғысы туралы кинолар бастал­ған кезде теледидарды өшіріп тастаймын» дейді. Күнделігі керемет! Ғабит Мүсіреповтің күнделіктері де керемет, бірақ ол да түгел емес. Сәбит Мұқановтың хаттарының жинағы­нан құралған кітап шықты ғой, енді күнделіктерін, қалың қойын дәптердегі ойларын жарыққа шығаруды қолға алған абзал. Жазушының күнделігін жариялап, халыққа беруіміз керек. Себебі, Сәбит Мұқанов – қоғамның шындығын айтып кеткен алып жазушы.

 

Дәнешке айтқан сөзі есімнен кетпейді

Нұрдәулет АҚЫШ, 

жазушы,  филология ғылымының доқторы:

– Бұл кітаптың жарыққа шығуы шынында да ерекше оқиға. Сәбеңді тану үшін оның шығармаларын оқу керек, әрине. 1956 жылы жазушы бүгін ортамызда жүрген Ғаббас Қабышевқа хат жазған екен. Осының өзі үлкен жазушы­ның кісілігінің керемет екендігін білдірмей ме? Баяғыда «Сәбит Мұқанов» деген естеліктер жинағы жарық көрді. Кейбір жазушылар мен өнер адамдарының өмірбаяндық шығармаларында Сәбең туралы бір үзік пікірлер мен естеліктер кездеседі. Мысалы, әнші Дәнеш Рақышевтің бір кітабында сондай әдемі бір естелік айтылады. Сәбең Қытайға барған кезде Дәнештің әнін сүйсініп тыңдапты. Жаздыгүні тай сойған екен. Сәбеңнің келу құрметіне көкпар тартысы басталыпты. «Мен көкпар тартушы едім. Көкпарға қатысқым келді. Домбыраны қойып, шыдай алмай, тыпыршып тұрған атқа мінейін деп, үзеңгіме аяқты сала берген кезде, бір кісінің жұмсақ қолы білегімнен ұста­ды. Қарасам, жаңа ғана үйде тамақ ішіп, тайдың қазысын кертіп жеп отырған Сәбең екен. «Дәнеш, шырағым, сен тоқтай тұршы. Сен әншісің ғой, халықтың әнін айтып жүр­­сің. Ал көкпарды екі жігіттің бірі тартады ғой. Сен мына көкпарға қатысам деп, қазір мерт етіп қалсаң, Дәнеш қана емес, қазақтың өнері де мертігеді. Сен көкпарға қатыспа» деп айтты. Сөйтіп, содан сала берген аяғымды тартып, кейін қарай шегіндім», – деп жазған екен әйгілі әнші өзінің естелігінде. Бұл диалогтан Сәбеңнің сезімтал­дығы мен жанашырлығы айқын аңғарылады. Осындай мысалдар әр жерден кездесіп қалады. Міне, осындай ескірмейтін есте­ліктер жинағын кітап ретінде құрастыруға болады. Жазу­шы туралы естеліктер жинағы жарық көрсе игі іс болары анық. Бұл жинақ – жазушыны жас ұрпаққа жаңа бір қырынан көрсететін еңбек. Сәбеңнің көркемсөз шеберлігі туралы әлі де айту керек. Сәбеңнің тағылымы терең шығармаларын көбіміз сүйсініп оқимыз. Сәбит­танушы болмасам да, жазушыны жақсы көретін оқырман­ның бірімін.

Оларды ақтаудың керегі жоқ, олар өзін-өзі ақтап алады

Қали СӘРСЕНБАЙ,

«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы:

– Сәбит Мұқанов Кеңес үкіметінің кезінде ең көп оқылған жазушы. Өмір шындығы тұнып тұратын күнделік пен хаттар адамға кейде көркем шығармадан да қатты әсер ететін жағдайлар болады. «Алматы ақшамы» газетінде ең алғаш Қапан Бадыровтың күнделіктерін жарияладық. Кейіннен ол Сәбит Оразбайдың әңгімелері мен Асанәлі Әшімұлының күнделіктеріне жарасымды жалғасып кетті. Күнделікте жалған нәрсе жазылмайды, тек шындық қана жазылады. Сәбит Оразбаев басында бір-екі ауызша әңгіме атып жүрді. Кейіннен мен оған «Сіз осыған отырыңыз, әңгімеңізді жүйелеп айтыңыз. Қазір сіз айтпасаңыз, ертең біреулер өтірік айтады», – деген едім. Алайда, оның сәті келмей жүрді. Кейіннен белгілі бір тұлғаның әйелі газетімізге сұхбат берген еді. Сөйтсе, ол жерде көп нәрсе өтірік айтылған екен. Содан кейін Сәбит Оразбаев өнер мен өмір туралы оқырман қауымға көңілге түйген әңгімесін айта бастады. Мұндай дүниелердің құны ешқашан жоғалмайды. Мұның ішінен көп шындықты, тарихты табасыз. Күнделікте жәй ғана фактілер кездесуі мүмкін. Мысалы, Асанәлі Әшімұлының күнделіктерінде қазақ қоғамына қатысты көптеген маңызды мағлұматтар айтылады, тың деректер, тосын ой, оқиғалар көп кездеседі. Күнделіктің кереметі, міне, осында. Пришвиннің, Тургеневтің, Чеховтың күллі ғұмыры хаттарынан, күнделіктерінен тұрады. Олар сол арқылы тарихта қалды. Бізде де мұндай дүниелер бар. Соны іздеп тауып, дер кезінде жариялап отыру керек. Тарихқа керегі осы.

Сонда ғана белгілі тұлғалар туралы бөстекі сөз, бөгде ой айтылмайды. Ел шындықты өзі екшеп алады. Оларды ақтаудың керегі жоқ, олар өзін-өзі ақтап алады.

 

Әкеміздің эпистолярлық мұрасы мол

Баян Сәбитқызы МҰҚАНОВА:

– Басқосуда асқар таудай әкеміз туралы ыстық  ықы­ласын білдіріп, жүректегі жылы лебізін жеткізген жұрт­шылыққа алғыс айтамыз. Ғазиз әкеміздің адамгершілік асыл қасиеттері мен шығармашылығы жайлы айтқан естеліктеріңіз жүрегімізді жылытты. Бұл кітаптың жарық көруі – елеулі оқиға. Әкеміздің эпистолярлық мұрасы мол. Келешек ұрпақ үшін бұл мұраның рухани маңызы зор. Әкеміздің өз қолымен жазған хаттары көз алдымызда мұрағат қорына тапсырылған болатын. Әкеміздің қолтаң­басы қалған хаттарын жинақтап, кітап ретінде жарыққа шығаруға үлкен еңбек еткен азаматтарға және әкеміздің көзіндей болып қалған әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз.

Шынында да тұлғаны тану бұл бір күннің ісі емес. Уақыт озған сайын ол әр қырынан ашыла береді. Мәселен, әдебиеттің бар жанрында қалам тербеген Сәбит Мұқанов­ты одан әрі тани түсу үшін эпистолярлық мұра­сына да терең үңілген абзал. Бұл кітаптың маңыздылығының, көп қырының бірі осында.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *