РУМЫНИЯНЫҢ КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНГІСІ

Бұл елді неміс Клаус Йоханнес басқарады

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Чаушеску Кеңес Одағының  жетегіне жүрмеді

Кейінгі жастарды қайдам, аға буын Румы­ния  жайында азды-көпті біледі. Құлаққа сәл жағымдылау естілетіні бұл ел кезінде социа­листік мемлекеттер қатарында болып, СЭВ (Өзара экономикалық  көмек кеңесі) және  ВД (Варшава  келісім-шарт ұйымының ) құрамына кірді. Десек те, коммунист Николае Чаушес­кудің басқаруындағы  Румынияның  КСРО-ның айтқанына көніп, айдауына жүре бермей дербес саясат ұстанатыны байқалатын. Мыса­лы, Чаушеску  1965 жылы билік басына кел­ген бойда Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары румын үкіметі  Ресей империясына уақытша сақтауға берген алтын қорының  қалған бөлігін қайтаруды талап етті. Тіпті, 1968 жылғы көктемде Чехословкияға  кеңес  әскерлерінің кіргізілуін батыл айыптады. 1969 жылы Даман аралында  болған кеңес-қытай қарулы қақтығысында  ешкімді де жақтамай бейтараптық танытты. 1967 жылғы Израиль мен Египет, Сирия, Иордания, Ирак,  Алжир арасындағы алты күндік соғысқа байланысты  социалистік елдер  сырт айналғанда Румыния Израильмен, 1973 жылы генерал Аугусто Пиночеттің  төңкерісінен кейін  де Чилимен  дип­ломатиялық  байланысын үзбеді. 1979 жылы  Ауғанстанға  кеңес әскерлерінің кіргі­зілуіне де қарсылық білдірді. Өз жерінде  кеңес­тік әскери базаның  болуына келісім бермеді.  Күллі социалистік лагерь мақұлдап қолпаштап жатқанда Михаил Горбачевтің  «Қайта құру» саясатын қолдамады. Осы үшін «мұның зиянын тартасың, қиын болады» деген ескерту де  естіді. Орайы келмеді ме, әйтеуір  Кеңес Одағы қандай да бір қысым көрсету әрекетіне бармады.

Николае және Елена Чаушескулердің жұлдызы шағы.

Румыния коммунистік партиясының Бас хатшысы Николае Чаушескудің  басқару әдісі  әміршілдік-әкімшілік сипатта болғанымен кәсіпорындарға қаражаттық-экономикалық еркіндік беріліп, жұмысшылар мен қызмет­керлердің  еңбегіне қарай үстемелі жалақы  төлеуге, материалдық ынталандыру шарала­рына   рұқсат етілді.

Кеңес Одағы бастаған социалистік лагердің ұстанымына қарамай ФРГ (Германия Федеративтік  Республикасын)  ең бірінші болып мойындады. Басқа да  капиталистік  мемлекеттермен де байланыс орнатып, сауда-саттықта дамытты. 1975–1987 ж.ж. аралығында АҚШ пен батыс елдерінен тарапынан қолдау көрсетіліп, 22 млрд. доллар несие  берілуінің арқасында  елдің  экономикасы  ілгерілеп,  халықтың әлеуметтік жағдайы  жақсарды.  1972  жылы  социалистік елдердің ішінен Румыния бірінші болып,  МВФ (Халықаралық валюта қорына) және  МБРР (Халықаралық  рекон­струк­ция және даму банкіне)  мүшелікке қабылданды. Бірақ бәрібір румын кәсіпорын­дары шығарған  тауарлар мен өнімдер батыстық сапамен бәскелес бола алмады.

1980 жылға қарай елде  өндірілетін мұнай  қорының азаюынан және әлемдік  экономи­калық дағдарыстың әсерінен  Румынияның  дамуы біршама баяулап қалды. Батыс елдері  СЭВ пен ВД ұйымдарынан шыққан жағдайда Румынияға бұрынғыдан да көбірек  жеңілдікпен несие беріп, басқадай көмектер көрсетуге уәде етті.  Н.Чаушеску оны қабыл алып, иланбады, «батпақ құйрық көмекке» сақ­тықпен қарады. Себебі, «алмақтың да салмағы бар» демекші, бұрынғы алған   несиенің  қайтаратын  мезгілі таяп қалған еді.  Осыған байланысты елде  үнемшілдік саяса­тымен: жан басына 5 дана жұмыртқа, 2 фунттан  (1 фунт = 0,454 кг.) ұн мен  қант, жарты фунт маргарин, картоп, нан, аздаған ет пен сүт өнімдері, көлігі барларға айына 30 литр бензин  беру тәртібі енгізілді. Электр қуатын  мейлін­ше  аз қолданып, тоңазытқышты және шаң­сорғышты пайдалануға тыйым салынды. Әр үйдің бөлмелерінде  қуаты небәрі 15 ваттық  сығырайған лампочкалар жанып тұрды.

Осындай экономикалық қатаң тәртіп пен үнемшілдіктің арқасында 1988 жылы сырттан алынған қарыз толықтай қайтарылды. Келесі жылдың сәуіріне қарай  экспорттың үлесі  импортқа қарағанда 5 млрд. долларға  артты. Президент Н.Чаушескудің ұсынысымен  елде бүкілхалықтық референдум өткізіліп, бұдан былай  шет мемлекеттерден қарыз-несие алмау жөнінде шешім қабыланды.

Әйтсе де, елді  аграралық бағыттан индус­триалдық-өнеркәсіптік бағытқа көшіру  әрекетімен салынған  жаңа үлгідегі  зауыт-фабрикалар  толыққанды жұмыс істеуі үшін электр энергиясын көбірек қажет ете берді. Осынау индустрияландыру  бағдарламасының  аясында  Чернаводэде  канадалық  жобамен әрқайсысының қуаты 700 МВт-тық  бес энер­гоблоктан тұратын  АЭС салынды. Мұның өзі де қарқынды дамып отырған өндірістің сұранысын  қанағаттандыра алмады. Батыстың капиталистік елдерінен  келетін несие мен инвестиция  саябырсып, экономика  тұралап қалды.  Біртіндеп  халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық  деңгейі нашарлай берді. Мұндай экономикалық дағдарыс пен сәтсіздіктің себебін президент Н.Чаушеску айналасындағы басшылардан көріп, бар кінәні соларға артты. Осындай себеппен 1982 жылдың мамырында премьер-министр Илия Вердец қызметінен босатылды.

Николае Чаушескудің тұлғалық тағдырын зерттеуші мамандар: «дәл осы кезде ол үлкен  қателік жіберді. Бар кемшілік-қателікті  бас­қаларға жаппай елдің бірінші басшысы ретінде  өзі де мойнына алуы керек еді», – дейді.

Сондай-ақ, оның  өзін тым асыра мадақ­татып, жеке басқа табынуға  жол бергенін, отбасын: әйелі мен баласын және  ағайын-туыстарын басшылық қызметтерге қойғанын  айтады. Чаушескуді «Елдің әкесі»,  «Карпат данышпаны»,  «Сәуле-шуақтың көзі», «Батыр­дың – батыры», «Қызметкердің – қызметкері»  деген сияқты теңеу-дәріптеулер  Сталин, Мао-Цзэдун, Броз Титодан да асып кетті деседі.

Осындай келеңсіздіктердің бәрі жинақтала келе  халықтың бас көтеріп, наразылық білдіруіне, төңкеріс жасап, Чаушеску режимін  құлатуына апарып соқтырды.

…Мына бір жантүршігерлік көрініс әлі күнге менің көз алдымнан кетпейді. Мұны кезінде кешкілік Мәскеуден әйгілі «Время» ақпараттық жаңалықтар арнасы көрсетті. Иықтарына автомат асынған үш солдат  бронекөліктен егде тартқан  ер кісі мен әйелді  жұлқылап сыртқа шығарды. Сонан соң дереу екеуін де қабырғаның жанына апарып, жүрлеп отырған жерінде  дүркін-дүркін оқ шығарып  атып тастады. Жүргізуші  телекоментатор атал­ған екеудің Румынияның президенті Николае Чаушеску мен оны зайыбы Елена Чаушеску екенін хабарлады. Қандай аянышты оқиға еді!

Бұл 1989 жылдың 25 желтоқсаны  күні болатын. Осылайша  Румынияда  ширек ғасырға созылған  «Чаушеску дәуірі» аяқталды.  Оған оқ ату арқылы нүкте қойылды. Артынан шұғыл құрылған әскери трибуналдың қаулы­сымен Николае және Елена Чаушескулерге Румыния Социалистік  Ресубликасы (РСР) Қылмыстық кодексінің:

145-бабы – ұлттық экономиканы күйрету;

163-бабы – халық пен мемлекетке  қарумен қарсы шығу;

165-бабы – мемлекеттік институттарды қирату;

356-бабы –  геноцид  бойынша айыптар тағылып, ату жазасына  бұйырылғаны айтылды. Үкім шұғыл орындалды.

Әрине, Чаушескудің кемшілігі мен қате­ліктері туралы көп айтуға болады. Жетістігі мен жақсы жақтарын да теріске шығаруға болмайды. Әр іске әділетті бағаны тарих береді. Қазіргі күні  Николае Чаушеску хақында әрқилы көзқарас-пікірлер айтылады. Біреу ұлттық қайраткер десе, екінші біреу «дикта­тор» деп атайды. Бір қызығы, Румыния бағалау және стратегиялық зерттеулер институты 2010 жылы тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп көргенде: 84 пайызы оның атылғанына өкініш білдіріп, 49 пайызы қызметін оң бағалап, 41 пайызы  қазір президенттік сайлауға түссе  қолдайтынын айтып, 15 пайызы  қарсы шығып, 30 пайызы  қалыс қалған.

 

Ел еңсесін көтерді

«Чаушеску дәуірінен» бері де отыз жылдай уақыт өтті. Ел  дамудың  біраз бел-белесін бас­тан кешірді. Бұл кезең ішінде Румыния көп­теген қиындықтарды  еңсеріп,  едәуір ілгеріледі. 2004 жылы  НАТО құрамына, 2007 жылы   Еуропалық Одаққа қатарына кірді.

Бүгінде  Румынияның ЖІӨ 265 млрд. $-ға жетті, жан басына шаққанда 13664 $-дан айналады. 2019 жылдың 1 қаңтарында  ең тө­менгі жалақы 2080–2350  лей, яғни  445 еуро – 503 еуро  болып белгіленді.  Мұнай қоры  бір­тіндеп азайып келеді. 2000 жылдың ортасынан бері  оның экспортынан гөрі импорты  артуда. Елдің экономикасы біршама тұрақтанды,  құнсыз­да­ну  3,2 пайыз дең­гейін­де, сыртқы қарыз  аса көп емес.

Ал енді экономи­каның  кемшін тұста­рына тоқталсақ, ресурстық-шикізаттық қоры  жетіс­пейді. Нарықтық қатынас  реформасы әлі де баяу жүруде. Инфра­құрылым­дарға және елдің дамуына  қажетті  ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-кон­структорлық жұмыстарға тартылып жатқан инвес­тиция жеткіліксіз. Әдет­тегідей  бұл елде де   сы­бай­лас жемқор­лықтан  арылу қиын болып тұр. Еуропаның көптеген елдеріндегі сияқты  жылдан-жылға  жұмыс күшінің  тапшылығы сезілуде. Туудың көрсеткіші төмен, жастардың  көпшілігі  бақуат өмір сүруді көксеп  ЕО-тың  бай елдеріне  кетіп қалады. Зейнеткерлер саны артып барады. Осыған байланысты көптеген  кәсіпорындар мен фирмалар  жұмысшылары мен қызмет­керлеріне  жоғары  еңбекақы төлеуге мәжбүр. Бұл сайып келген  еңбек өнімділігі мен жала­қы арасында  сәйкессіз тудырып отырады.

Аграрлық секторда: өсімдік пен егін шаруашылығы жетекші салалар саналады.  Жүзім өсіру де тәуір дамыған.  Мал шаруа­шылығында қой мен ірі қара өсіріледі.  Тұрғын халықтың 30 пайызы – ауыл шаруашылы­ғында, 23 пайызы  – өнеркәсіпте, 47 пайызы  – қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Туризмге де жете көңіл бөліген. Шетелдіктер Румынияның Қара теңіз жағалауындағы   курорттарына  келіп демалады.

Экспортқа машина  жасау мен металлур­гия өнеркәсібі өнімдері шығарылады. Сырттан автокөліктер, түрлі шикізаттар,  мұнай мен газ, текстиль мен жеңіл өнеркәсіп  таурлары тасымалданады.  Сыртқы саудадағы  негізгі әріптестері:  Германия, Италия мен Франция елдері.

1990 жылы алғаш рет еркін президенттік және парламенттік сайлау өткізілді.  Содан бері  (1996–2000 ж.ж. есептемегенде) президенттік қызметті қатарынан үш рет  Ион Илеску атқарып, 2004 жылы ғана орнынан кетті.

Осы жылы «Әділеттілік және  ақиқат» партиясының атынан сайлауға  Бухаресттің мэрі Траян Бэсеску түсіп, 51,23 пайыз дауыспен президент қызметіне сайланды. Мамандығы жөнінен  теңізші, алыс сапарға шығатын кеме­лердің капитаны болған  Бэсеску мэр болғанға дейін көлік министрі қызметін  атқарған-тын.  Ол 2009 жылы  желтоқсанда екінші рет  бағын сынап,  басты  бақталасы болған Социал-демократиялық партияның үміткері  Мирча Джоанэден  артық дауыс жинап,  орнында қалды.

Жасыратыны жоқ,  Румыния  тілі, діні  бір, тарихи ортақ, туыстас  Молдовамен күрделі қаты­наста. Қиыны  екі елдің арасындағы шекара күні бүгінгі дейін  ресми түрде  белгі­ленбеген. 2013 жылдың қарашасында  Румы­ния президенті  Траян Бэсеску тарапынан  Мол­довамен  бірігіп, бір мемлекет құру жөнін­де ұсыныс жасалды. Бірақ оны  Молдавияның сол кездегі  премьер-министрі  Юрий  Лянкэ: «біз оған  әлі дайын емеспіз» деп қабыл алмады.  Сонда да  екі елде де  ортақ мемлекет құру идеясын жақтаушылар баршылық.  Олар ауық-ауық  ұран тастап, бас көтеріп қояды.

 

Румынияның қазіргі президенті Клаус Йоханнес.

Президент болуға кім лайық?

Қазір Румыния Республикасын мамандығы бойынша физик-педагог Клаус Йоханнес басқа­рады. Ол мұндай лауазымды қызметке бірқатар  «тар жол, тайғақ кешу»  сатыларынан  өтіп  келді.

Клаус 1959 жылы 13 маусымда  Румы­нияның солтүсік-батысындағы Трансильва­ниядағы этникалық немістер  Сусанна мен Густав  Хайнц Йоханнестер отбасында дүниеге келген. 1983 жылы   Клуж-Напоктағы Бабеш Бояи университетінің  Физика факультетін бітіріп, еңбек жолын  мектепте мұғалімдіктен бастаған. Әрі қарай  колледже, гимназияда  сабақ беріп, жудец (аудандық) оқу бөлімінде  бас инспектордың орынбасары және бас инспектор қызметтерін атқарған.

1990 жылы Клаус Йоханнес  Румыния немістерінің центристік  Демократиялық форум (ДФ) партиясының қатарына кіріп,  арада он  бір жыл өткенде осы партияның төрағалығына сайланды.

2000 жылы  ДФ партиясы  оны Сибиу қаласының мэрі қызметіне ұсынып, 69,18 пайыз  дауыспен оза шапты. Мұнан кейін де ол үш рет жоғары көрсеткішпен қала халқы­ның сеніміне ие болды.

Сибиуді басқарған он екі жыл ішінде Клаус  қаланың инфрақұрылымын жақсартып,  тарихи орындарын  қайта жабдықтап көркейт­ті, туристер жиі келетін  орталыққа  айнал­дырды. Автокөлік жолдары жөнделіп,  әуежай да реконструкцияланып, халықаралық мәртебе алды. Индустриалдық  аймақ құрылып, оған шет елдерден инвесторлар тартылды. 2007 жылы  Сибиу  қаласын көріп, тамашалауға  1 миллион турист келіп, сол жылы  Люксем­бург­пен бірге Еуропаның мәдени орталығы атанды. Осындай нәтижелі және жемісті қыз­метімен Клаус Йоханнес  қала тұрғындарының  алғысы мен құрметіне бөленді. Ел президенті Траян Бэсеску оны ең жоғарғы марапат  Румынияның Жұлдыз орденімен марапаттады.

2013 жылы Клаус Йоханнес Ұлттық либералдық партия (ҰЛП) қатарына өтіп, партияның сол жылы өткен кезектен тыс съезінде төрағаның бірінші орынбасарлығын иемденді.  Келесі жылы  95  пайызбен  оған  ҰЛП-сын  басқаруға сенім көрсетілді.

2014 жылдың  ортасында  ҰЛП мен  Демо­кратиялық либералдық партия  (ДЛП)  бірігіп, Христиандық либералдық альянсын  құрды. Сөйтіп, 2014 жылғы қараша айындағы  прези­денттік сайлауда альянс  Клаус Йоханнесті өз үміткері етіп ұсынды. Йоханнес алғашқы турда  30,37 % дауыс жинап, келесі кезеңге өтті. Екінші турда  сайлаушылардың  54,53 % оны жақтап дауыс беріп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ұлықтау рәсімі өтіп, ресми түрде қызметке кіріскен бойда өзінің ҰЛП-дағы мүшелігін тоқтатты. Өйткені, Румыния Конституция­сының талабына сәйкес мемлекет басшысы­ның қандай да бір саяси партияның қатарында  болуына тыйым салынған.

Дейтұрғанмен, ұлты неміс, діні протестант  Клаус Йоханнестің  Румынияның президенті  болып сайлануы  талайларды таңқалдырды. Бұл туралы кезінде әр түрлі  болжамдар айтыл­ды. Біреулер  оның  бұған дейін Сибиу қаласын басқарып, өзінің  қабілет-қарымын, іскерлігін, талантын көрсеткенін  алға тартса, екінші біреулер:  «көпшілікке Клаустың  заңнаманы күшейтіп, құқықтық жүйені жетілдіремін, жемқорлықты түп-тамырымен жоямын» деген  бағдарламасы ұнады», – десті. Әйтсе де, бәрінің  пікірі:  «ең бастысы – мемле­кет басшысының ұлты не діні емес, адалдығы, әділеттілігі мен іскерлік  қабілеті болуы керек» деген тұжырымға тоқайласты.

Йоханнестің өзі де  ел тұрғындарының  64 пайызы  сайлауға қатысып, басым бөлігінің  оны жақтап дауыс бергенінен ризашылық білдіріп,  күллі румын халқының, бүкіл  тұр­ғын­дардың мүдделерін қорғайтын президент болуға уәде берді. Сондай-ақ, Клаустың румын, неміс және ағылшын тілдерін еркін білетіндігі  де  ұпайын арттырды. Демокар­тия­лық  қағидаттары мен басқару институттары  орнығып, қалыптасқан  Румыния секілді елде  мемлекет басшысы ұлты  маңызды  фактор болмаса керек.

Әрине, Клаус Йоханнестің  президенттік қызметі  қалыпты және жайма-шуақ басталды деп айтуға болмас. Ә дегеннен-ақ  премьер-министр Виктор Понта екеуі ұстасып, ара­ларында қайшылық туды. Үкімет басшысы­ның  сыбайлас жемқорлыққа қатысы барын білген пре­зидент оған сыпайы түрде өз еркімен қыз­меттен кетуді ұсынды. Басында премьер ондай ұсынысты қабылдамады. Ақырында халықтың  қарсылығы және наразылығымен әрең  кетті.

Уақыт  әркез  шапшаң, арада төрт жыл да өте шықты.  Осы (2019) жылдың қарашасында  К.Йоханнестің  президенттік мерзімі аяқта­лады. Мемлекет басшысы қызметінде «ол не тындырды, қандай  істер атқарды?» деген сұраққа бір жақты жауап беру күпірлік болмақ. Себебі, оң баға берушілермен қатар қанағаттанбайтындар да табылып қалады. Қай кезде де,  қай елде де жұрттың бәрінің  көңілінен шығу қиын екені  бесенеден белгілі.

Жуырда шілде айының басында  үкімет пен парламент келісе отырып  алдағы 10 қарашаға  кезекті президенттік сайлау күнін белгіледі. Қажеттілік туған жағдайда екінші тур 24 қарашада өткізілетін болды.

Сондықтан да  қазіргі таңда  румын қоғамының алдында  алдағы  кезеңде  «елді  басқаруға кім лайық?» деген күрделілеу сауал тұр. Өткен 2018 жылдың  маусымында  Сибиу қаласына  сапарлап барған  сәтте  Клаус Йоханнес өзінің екінші рет  президенттік   сайлауға түсетінін  мәлімдеген. Оны тағы да президент болғанға дейін  өзі жетекшілік еткен ҰЛП-ның қолдайтыны  сөзсіз. Әзірге  бұлармен  329 мандаттық депутаттар  палата­сында  155-орынға ие  Социал демокартиялық партия (СДП) ғана тайталаса алады. Бір айта кететіні,  президент К.Йоханнес пен   СДП  көш­бас­шыларының  арасында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске байланысты  қайшылық және осы партияның атынан  премьерлікке сайланған Виорику Дэнчилэмен  бюджет саясаты мен қаржылық мәселелер бойынша  келіспеушілік  туындаған.

Бұған қоса, кешегі мамыр айында СДП көшбасшысы және депутаттар палатасының төрағасы Ливиу Драгня Жоғарғы соттың үкімімен (қызмет бабын теріс пайдаланды  деген айыппен)  үш жарым жылға сотталып,  электорат алдында партияның  абыройы едәуір түсіп  қалды.

Сондай-ақ,    Еуроодақ парламентіне депу­таттар  сайлауында  СДП – 22,5 пайыз,  ал ҰЛП – 27 пайыз  дауысқа ие болып,  жұрт­шылық арасындағы беделдерінің  қандай екені  байқалды. Бұдан бес жыл бұрын  олар тиісінше  37,6 пайыз және 15 пайыз  көрсет­кішке жеткен-тін.

Әйтсе де,  СДП партиясы босбелбеулік танытпай президенттікке Бухарест қаласының мэрі  бұрынғы журналист, танымал телехабар жүргізуші Габриэла Фиря ханымды ұсынуы мүмкін деген  болжамдар айтылуда. Алайда, оны  ел астанасын жөнді басқара алмай отыр деп  сынаушылар  табылуда. Соған қарамастан  Фиряның  студенттер мен зейнеткерлерге тегін  жолдамалар беру, велокөліктерді ақысыз пайда­лану, аналарға және  тұрмысы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсету жөніндегі әлеуметтік бағдарламасы   көпшілік­тің көңілінен шыққандай. Десек те,  Г.Фиря­ның өзі  президенттік  сайлауға түсуге  онша құлық танытпай отырған көрінеді.

2018 жылдың  желтоқсанында Medіafax ақпараттық агенттігі  әлеуметтік  зерттеу жүргізіп көргенде  оған қатысқандардың  50 пайызы – Ішкі істер министрллігіне қарасты  Төтенше жағдайлар департаментінің  бастығы Раед Арафатқа, 25 пайызы –  Бухарест мэрі Габриэла Фиряға және 24 пайызы – Клаус Йоханнеске қолдау білдірген.

Алдағы президенттік сайлауда жеңіске жетуден үмітті тағы бір саяси ұйым бар. Ол  – Румынияны құтқару одағы партиясы (РҚО). Бұл партия  Еркіндік, бірлік  және ынтымақ  ұйымымен  альянс құрып,  Еуропарламент сайла­уында  22,36 пайыз дауысқа қол жеткізді. Ендігі жерде  олар  бірлесе отырып,  прези­дент­тік  сайлауға  екі кандидаттың бірін:   РҚО жетекшісі  Дан Барнаны не  ЕБЫ  басшысы, бұрын да премьер-министр болған Дачиан Чолошты ұсынбақ. Барна мен Чолош ақыл­даса  отырып, ортақ  мәмілеге келіп,  лайықты кандидат ұсынатындықтарын, тіпті дуэт құрып, президент пен премьер қызметтерін жеңіп алуға үмітті  екендіктерін  жасырмайды.

Осыған қарағанда  Румыниядағы күздегі  кезекті президенттік дода қызу да тартысы болатын сыңайлы. Саяси сарапшылардың  болжамынша,  сайлау екінші  турға жалғасуы  ықтимал. Бір кездегі социалистік ел Румы­нияның  қазіргі жағдайы осындай.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *