Рухтың қалауы, жүректің сүйіспеншілігі көрінсе…

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ел іші-сыртын елең еткізді. Сабақты ине сәтімен деп, мезгілінен кешіктірмей мөлшерлі кезде ортаға қойылған оң сөз, пәрменді нұсқау болды. Қазақ халқы түркі ұлттарының бірі ретінде мыңдаған жылдар бойы тарихтың сынынан өткен, шыңдалып шыныққан, ұлт болып ұйып, халық болып қалыптасқан ел. Өскен өрісін, туған жерін қорғау жолында батырлықты ту етті.  Даналық пен ақылды алдыға салып, киелі тілге жүгінген қара сөздің қасиетін түсінген және әділдікті ұстанған қалтарысы жоқ, түркі жұртының қара шаңырағы. Жүйеге жығылатын, сөзге тоқтайтын дәстүрі бар жұрт. Шөп тақыр жерге шықпайды, ол құнарлы да құйқалы ортада қаулап өседі. Абай әне, сондай халықтың арасынан шыққан, арғы мен бергіні санасында саралай білетін толысқан кемеңгер еді. «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бөлімдері арқылы Абай хакімнің даналық сипаттары ашылыпты.  Ал енді мақаланың «Торқалы тойдың тағылымы» бөлімінде түйін жасалып 175 жылдықты не үшін атап өтеміз? Ол шара бізге несімен құнды деген аса маңызды мәселелерге жауап беріпті. Осындай бес бөліктен тұратын мақала мемлекеттік идеологияның өзегі, күллі жұмыстың күретамыры және үзілмес арқауы дер едім.    

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақалада ұлтқа керекті ұстындарымызға баса назар аударып, нақты талдаулар жасап, таңдану мен танудың арасын ашып көрсетеді. Абай хакімнің парасат шуағына жылынып отыра беру керек пе, әлде тәлімін тіршілігімізге енгізіп харекет ету керек пе деген күрмеуі қиын күрделі дүниеге шешім жасап беріпті.  «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды», – деп, атап өтіп, біздің өмірге келген ортамыз, тыныстайтын ауамыз, шөлімізді басар сусынымыз Абай әлемі болу керегін бүкпесіз жеткізеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында барынша нақты, жинақы тәсілмен айта келіп, Абай бізге тек мақтан үшін ғана керек емес, ол өміріміздің ажырамас бөлігі, іс-қимылымыздың бағыт беруші компасы болуға тиіс екенін ұғындырады. Онда: «Сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Біз егемен ел ретінде өсіп-өркен­деуі­міз үшін мемлекеттілігімізді нығай­туымыз керек», – дей келіп, Абайды тану, Абай жолымен жүру жай оқи салумен, жаттай салумен іске аспайтынын меңзеп, оның даналығын санамызға сіңіргенде ғана жаңғыра алатынымызды жария етеді.

«Сыбырдан басқа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті қадағалап отырмын. Міне, бұл сөзден түсінгеніміз, Президентіміз Абай бастауынан су ішуді өзінен әлдеқашан бастап кеткенін көрсетеді. Сол жолда мемлекеттік деңгейде жұмыстар жолға қойылғанын аңғарып отырмыз.

«Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қа­рым-қатынас міндетті түрде өзара жауап­кершілікті туғызады. Бұл жауапкер­шілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады». Біздің көз алдымыздағы қиын жағдай осы болатын. Мемлекеттік қызметкерлердің шыққан ортасы, алған тәлімі, қандық тегі әр алуан болғандықтан олар да өз тұрғысында сол сипаттарымен қызметке араласып, өз ерекшеліктерін көрсетпей қоймайды. Сондықтан да оларға Абай сияқты дұрыс өлшем салып отыратын, керек кезінде балқытып құйып отыратын  қалып болмаса, Аққу болып аспанға, Шортан болып көлге, Шаян болып құмға тартып кетуі бек мүмкін еді. Билік халықтан тамырын суырса, жұрттан алыстаса, алауыздық пен жік пайда болады. Сол үшін де Абай секілді алтын көпір төмен мен жоғарыны жалғап тұруға тиіс!

«Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі, «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз». Президенттің осы сөздерінен кейін ойымызға оралатыны, Абай тек әдебиеттің ғана, өнердің ғана адамы емес екенін, оның әлемнен, кәсіптен, ауқаттанудан (экономикадан) да хабарлы дала академигі екеніне көзіміз жетеді.

Абайдың аясын тарылтып, Қазақстанмен, Кеңестер Одағымен ғана шектеуіміз біздің дәрменсіздігіміз болар еді. Ол дәуірінен озып туған данышпан, дарабоз даңғайыр білімнің кені. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөздері куә. «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады». Ендеше, біз алдағы жерде оны еш қымсынбай жаюымыз, жария етуіміз керек.

Белгілі бір елді атай қалсақ, оның географиясы мен ол елден шыққан ұлыларын айтпай көз алдымызға елестете алмаймыз. Сол секілді Қазақстан десе Абайды, Абай десе Қазақстанды айтатын күнге жету елдіктің белгісі, ерлердің ісі болмақ. «Әлемдік мәдениетте Абайды қанша­лықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс». Әрине, бұл сөз талассыз ақиқат.

Той-тойлау қарын қамы мен атақ шығаруға ұласса ол ұзаққа бармай ұмытылады. Егер той ғибратқа, үлгі-өнегеге құрылса, одан алар сабақ та, жинайтын тәжірибе де орасан болмақ. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев бес саусақтың саласындай біліп отыр. «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз».

Мен – жазушымын, алпыс жылдан аса уақытымды қаламгерлік жолға сарп еттім. Таланттардың еңбегі мен шығар шыңы да ұлттық мақтаныштан тұруы керек, ол өнер иесін арқаландырып, арманын биіктетіп, еңсесін өсіреді. Қараңызшы: «Әдебиет және өнер саласын­дағы үздік шығармаларға берілетін мем­ле­кет­тік сыйлық енді Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлық деп аталатын болады», депті, Иә, баяғыдан бері осылай болып, осылай жалғасуы тиіс еді. Мейлі, ештен кеш жақсы, асықсаң жақсылыққа асық деген, дәл осы идеяны бірінші болып құптаймын.

«1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негі­зін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек», – депті Президентіміз. Мемлекет руханиятын аяққа тастаса өзін қорлағандық, халықтың қажеттілігін қараусыз қалдырғандық болар еді. Ішер ас, киер киіммен ғана өмір сүру жартыкеш адам болуға әкеледі. Оған қоса жан әлемімізге керек рухани азықты қатар іздемесек, әсте кемелдену кезеңіне жете алмас едік. Сол себепті, бірде жарық көріп, бірде тоқтап қалып бір жығылып, бір тұрып келе жатқан «Абай» журналының мүсәпір күйін  көптен бері білеміз… Сол олқылықты түзету үшін мынандай шешім шығару бәрекелді дегізбей қайтсін!.. Керек болса, сол журналдың еңсесін көтеріп, оны «Абайтану институтына» айналдырып мәртебесін өсіруге тиіспіз.

«Біз Абайдың 175 жылдық мерейто­йына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға сер­пін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз». Бұл сөз де ақылға қонады, айызымызды қандырады.  Қазақстандағы қазақ деген мемлекетті құраушы ұлттың айналасына топтасқанымыз секілді, бәріміз түркі халықтарына ортақ тұлғалар – кешегі Махмұт Қашқари, Әлішер Науаи, Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн секілді біз де Абайдың айтқанына құлақ асып, Абай ғылымына, Абай идеясына, Абай ұстанған дінге ұйысуға тиіспіз. Ол шынында біздің ұлттық мақтанышымыз, ұйтқымыз бола алатын әлемдік тұлға.

Президент сөзінде көп нәрселер қамтылған екен. Айталық, ел іші-сыртында 500-ден аса іс-шараларды жүзеге асыру нақты ұсынылыпты. Менің айтарым, осының бәріін науқаншылдыққа, өтпелі амалдарға айналдырып жібермей, ұлттық рухтың қалауынан, жүректің сүйіспеншілігінен туындатса, нұр үстіне нұр болар еді. Мен мақаламның соңын тың бастамалар көтеріп, елдің құрметіне бөленіп жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевтың мынадай тұжырымымен аяқтағым келіп отыр. «Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз».

Ахметжан АШИРИ,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close