«Рухани жаңғырумен» айшықталды

Таяуда Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесі Астананың 20 жылдығына орай «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында Наурыз мейрамын атап өтуді ұйғарды. Сөйтіп, олар өз қазанында өздері қай­най бермей, қалалық және өзге аудандар Ардагерлер кеңесіндегі әріптестерін «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиа­лының, Алматы құрылыс және халық­тық кәсіпшілік коллед­жінің директоры Камал Жаманкөзовтің, сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаты Дамир Шыныбековтің қолдауымен өткізілген мерекелік іс-шараға арнайы шақырды.

Бұл концерттік бағдарламада алдымен Әнұранымыз ойнап, сосын ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сәуле Қаниеваның басқаруымен «Ата дәстүрі» орталығының ұлт аспаптар оркестрі күмбірлетіп күй тартумен басталды. Сосын ортаға Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов  шығып, «рухани жаңғырудың» мәнін зерделей жеткізді. Сондай-ақ, ол тіл мен тарих, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар туралы да айта келіп, Астана тарихының бүге-шігесіне дейін тоқталып өтті. Ал колледж директоры Камал Жаманкөзов жиналған­дарды Наурыз мерекесімен құттықтап, Астанамыздың 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шараның мақсатына тоқталды.

Одан әрі сахнаға кимешек киген келіншектер шыға келгенде, бізге «Қыз Жібек»  көшіп келгендей әсер етті. Сосын Г.Сабитованың басқаруындағы «Ақсұң­қар» ансамблі «Айналдым Наурыз мерекесі» деген әнді шырқады. Әсіресе, бүгінгі «кимешек киген кемпірлер мен келін­шектер» көзден бұлбұл ұшқан заманда балалық шаққа саяхат жасағандай сезімде болдық. Содан да қазіргі апа-әжелерімнің, тіпті жүзге жетсе де кимешегін тастамаға­нын тілеймін. Өйткені, «Рухани жаңғыру­ды» – тілімізді тірілту, жоғымызды түгендеу, салт-дәстүрді сақтау, ұлттық киімдеріміз секілді ұлттық құндылық­тарды жоймау, «ұлттық кодымызды» келер ұрпақтарға жеткізу,  жаһандануға жұтылып кетпеу деп түсінеміз. Концерт одан әрі «Наурыз тойы» әнімен, «Ақсиса» күйімен, «Шашу» биімен және корей халқының «Жібек жолы» әнімен өріле түсті. Сондай-ақ, концертте Иманбек қария «Бақыт тілеймін» деген жыр жолдарын шашу етті.

Сөйтіп, іс-шара жеңімпаздарына Бостан­дық ауданы Ардагерлер кеңесі мен «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы Алғыс хаттар табыс етті және колледж директоры Камал Жаманкөзов жайған дастарханнан дәм татты. Ал мерекені Медеу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев пен наурызбайлық Төлеш ақсақал   ақ батасын беріп жапты.

Байғали ӘБДӘЛІҰЛЫ,

«Нұр Отан» партиясы Бостандық  аудандық филиалының кеңесшісі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *