«Рухани жаңғыруды әркім өзінен бастасын»

НЕМЕСЕ АЛЫП ШАҺАРДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл болып та қалыпты. «Осы уақыт ішінде бағдарламада көрсетілген нақты міндеттерді жүзеге асыру жолында қолға алынған іс бар ма?» десе, бізде қолған алынып жатқан игілікті істер жетерлік деп сеніммен айтуымызға негіз бар. Мұндай қолға алынып, орындалған істер мен орындауға бет алған ауқымды жоспарды Алматы қалалық әкімшілігі іс-жоспарынан көруге болады.

Жақын арада Алматы қалалық әкім­шілігінде қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру жол картасы» талқыға түскен. Сол  алқалы жиында қала ардагерлеріне қала әкімдігі  тарапынан көрсетіліп жатқан қамқор­лықтар мен әлеуметтік көмектер  аталып көрсетілген. Ал олар ауыз толтырып айтарлықтай. Мұның ішінде ең бастысы –  биылғы жылды  Алматы қаласында аға ұрпаққа қолдау көрсету мақсатында «Қарт­тарды қадірлеу жылы» деп жарияланған. Осының өзі-ақ қарттарға деген  жана­шырлықты көрсетсе керек.

Жобада жоспарланған «Белсенді өмір сүру» орталығының құрылуы, «агрокрау­д­синг» жобасы «Ata-ара» порталының құрылуы қуанарлық та, құптарлықты іс-шаралар.

«Жол картасының» ең басты да, маңызды бөлігі – жастар» мен егде адамдардың үйлесім табуы» деп атап көрсетілген. Бұл салада жүргізілетін іс-шаралар шын мәнінде ең маңызды дер едім. Осы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтуды жөн көрдім. Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, жастар мен егде адамдар арасы алшақтап кеткендей.

 

«Қазір жастар бұзылды. Оған заман кінәлі», – деп бар кінәні заманға жауып, өздерін  арашалап, сериалдарын көріп, жайбарақат отыра беретін болды. Сөйтіп, өздері жастарды тәрбиелеу борышынан аулақтады. Мұның өзі егде адамдар мен жастар арасын алшақтатып, араларының суық тартуына әкеліп соқтырады.

 

Салдарынан жастар арасында келеңсіз істер бел алуда. Әрине, бұл егде адам­дардың ар-ұятына кір келтіретін, кешірілмес күнә деп мойындауымыз керек. Ендігі жерде мынадай жақсы бағдарлама қолға алынып, абыройлы жұмыс істеп кетсе, егде адамдардың өздерінің қасиетті борышы – жастарды тәрбиелеу ісіне еркісіз бет бұрып, жастармен жақындасып, өзара үйлесім табатынына ешбір күмәнім жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қалалық әкімшіліктегі ұл-қыздарымыз рухани  жаңғыруға бастайтын игілікті істерді қолға алды. Ел Президенті «Рухани жаңғыруды әркім өзінен бастасын», – деді. Міне, Елбасының осы бастамасын басшылыққа алып,  қала әкімшілігі рухани жаңғыру бағдарламасын іске  асыру аясында, рухани жаңғыруды өздерінен бастап, үлкен, болашағынан үміт күттіретін іргелі істерге ұйытқы болып отыр. Абай атамыз «Адамның адамшылығы істі аяқтағанынан емес, оны бастағанынан  көрінеді», – деген. Атамыздың осы сөзін тілге тиек етіп,   зор құлшыныспен басталған қала әкімшілігіндегі игі істің абыроймен орындалатынына біздер, егде адамдар ешбір күмән келтірмейміз. Осындай игі істі қолға алған қала әкімшілігіндегі ұл-қыздарымызға зор денсаулық, отбасында бақыт, істеріне үлкен табыс тілейміз.

 

Ілияс САДЫҚОВ,

зейнеткер, қарт ұстаз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *